IT саласындағы қыздар саны артып жатыр

nFactorial

Бүгінде Қазақстанда ақпараттық технологиялар саласы қарқынды дамып, жыл сайын IT мамандардың саны артып жатыр. Олардың арасында бағдарламалаушы қыздар аз емес. Бүгін біз бұл саладағы қыздардың орны мен жұмысы туралы сөйлестік. 

IT саласындағы қыздар

Қазақстанда IT саласындағы мамандар инкубатордарға жиі қатысады. Инкубатор деген — IT саласындағы мамандарды не оған қызығатын адамдардың басын қосып, лекциядан өткізіп, кейін бірнеше апта бағдарламалауға, қосымша жасап шығаруға мүмкіндік беретін шара. Ол ақпараттық технологияларды қолданып, өзіндік өнім жасауға, тәжірибе жинап, біліктілікті арттыруға арналған. Қазақстанда инкубаторды үйлестіретін ұйымдардың бірі – бұл nFactorial school

nFactorial school-дың коммерциялық директоры Айым Сүлейменованың айтуынша, 2022 жылы өткен инкубаторда 2015-2017 жылдармен салыстырғанда қыздардың саны көбейді. Мысалы, 2015 жылы 3 бағдарламалаушы қыз ғана болды. Қазір олардың саны жалпы қатысушылардың 15%-на тең. 

«Қыздар егжей-тегжей нәрсеге ұқыпты. Олардың өнімі үнемі ең үздік қосымшалар қатарында тұрады. Олар көбіне әйелдер, балалар, денсаулық бағытында қосымша жасайды. Мысалы, былтыр 36 жастағы қатысушымыздың жасаған қосымшасы үздіктердің бірі атанды. Оның Loana AI қосымшасы балаларға жасанды зият арқылы ертегі құрастырып, кез келген дауыспен оқып береді. Енді тіпті, Анджелина Джоли сияқты танымал тұлғалардың аузынан ертегі тыңдауға болады.   

Назарбаев университетінде оқитын Мадина Амангельдинова деген қатысушымыз дауыстап айтқан әуенді нота етіп түсіретін Auen AI қосымшасын жасады. Бұл қосымша музыкамен айналысатын жандарға таптырмас құрал болары сөзсіз», — дейді Айым.

Инабат Ақан, инкубатор қатысушысы

Инабаттың пікірінше, қазір бағдарламалаушылар арасында әйелдер мен қыздардың саны артып жатыр. Қоғамда гендерлік догмалардан бас тартқандар легі анық көрінеді. Баяғыдан келе жатқан таптаурынды бағдарламалаушы бейнесі тарқағандай. Бұл жобадағы қыздардың санынан анық байқалады, жылдан жылға IT-саласындағы әйелдер қатары қарқынды өсіп жатыр.

«Әр әйелдің бұл салаға деген өзіндік қызығушылығы бар. Бір адам ол үлкен бейненің толық айнасы бола алмайды. Ал маған бұл салада әрдайым оқу, даму, және уақыт талаптарына сай білімімді арттыру ұнайды. Кішкентайымнан математика пәнін сүйіп оқып, ойын негіздерінде есептер шығаратынмын. Осы орайда, мектеп бітірер шақта таңдауымды жасау қиынға соқпады. Сонымен қатар, STEM саласындағы сексизммен, бейтараптықпен күресуді өзіндік парызым деп ойладым, әлі де солай ойлаймын. Бүгінгі күнмен өмір сүргенді жақсы көремін, бірақ бір жайт анық: елге қызмет етіп, пайдалы болғым келеді», — дейді Инабат. 

Қазір Инабат өзі жасаған «Таспа» қосымшасын дамытып жатыр. Бұл қосымша генеративті жасанды зият негізінде қазақ тілін немесе қазақ тілділерге ағылшын тілін үйренуге мүмкіндік береді.  

IT саласының бүгінгі маңызы

«Цифрлық сауат әр адамға керек, қазір ол маңызды. Себебі бүгінде ақпарат ағыны толассыз. Деректерді сүзгіден өткізіп, өз пайдасына қолдану амалын білетін адам көп жерде ұтады. Әсіресе, кәсіпкерлер қолындағы деректерді сараптай алса, табысты бола түсетініне күмән жоқ. Пайдалы әрі өнімді қосымша жасап, бағдарлама жазатын мамандарға да сұраныс артты. Сондықтан IT саласынан кез келген адамның хабары болуы керек деп ойлаймын, бүгінгі күннің талабы сол», — дейді Айым. 

«Жалпы, IT саласы — өте кең ұғым. Оған қызыққан әр адам бұл саладан өзін табатынына әрі икеміне қарай сан алуан қолданысын анықтайтынына сенемін. Ең бастысы — ниет, жасайтын ісіңді сүю», — дейді Инабат.

Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»