Қазақстанда инфокурстың ақшасын қайтарып алуға бола ма?

Карантинде әлеуметтік желілер дамып, онлайн сабақ алу жиіледі. Әсіресе, білгенін бөлісетін мамандар көбейді. Қазір әлеуметтік желіде парақша жүргізетін көптеген маман ақылы түрде тәжірибесін бөлісіп, оқырмандарын жаңа дағдыға үйретіп жүр. 

Адамның жан-жақтылығын арттырып, таным көкжиегін кеңейтуге бұл жақсы, әрине. Бірақ ақша табу мақсатында өтірік курс сататындарға тап болсаңыз, не істей аласыз? Бұл туралы заңгер Арстан Уахиповтан (@arstan_lawyer) сұрадық. 

Қандай жағдайда инфокурстың ақшасын қайтарып алуға болады?

Заңгердің айтуынша, егер курс толық берілмесе, не болмаса сапасыз болса, оған сіз қанағаттанбасаңыз, ақысын қайтарып ала аласыз. ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 35-бабына сәйкес, көрсетілген қызметте кемшіліктер болса, тұтынушы мыналардың бірін талап ете алады: 

  1. көрсетілген қызметтегі кемшіліктерді дұрыстауды; 

  2. көрсетілген қызметтің ақысын тиісті деңгейде азайтуды; 

  3. қайтадан қызмет көрсетуді.

«Бірақ бұл жағдайда курстың сізге ұнамағанын айтып қана қоймай, не үшін пайдасыз болғанын дәлелдеу керек. Мысалы, сізге құжаттар шаблонын беру керек болды бірақ бермеген болуы мүмкін», — дейді Арстан. 

Арстанның айтуынша, одан бөлек, ҚР Азаматтық кодексінің 686-бабы бойынша да тапсырыс беруші іс-жүзінде шыққан шығынның ғана ақысын төлеп, келісімшартты орындаудан бас тарта алады. Ол не деген сөз? Егер сізге курс толық берілмесе немесе курстың жартысын өтсеңіз не мүлде бастамасаңыз, толық ақысын төлемеуге құқылысыз. 

Курс ақысын қайтару үшін не істеу керек? 

«Алдымен қызмет көрсетушіге немесе оның call-орталығы, техникалық қызметіне хабарласып, ақшаңызды қайтарғыңыз келетінін айту керек. Одан нәтиже болмаса, сотқа дейінгі талап-арыз түрінде қызмет көрсетушіге өтініш жазуға болады. Жауап болмаса, Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетіне хабарласқан жөн. Оны офлайн да, e-Otinish порталы арқылы онлайн да жасауға мүмкіндік бар. Әрі қарай құқығыңызды қорғау үшін сот органдарына жүгінуге болады», — дейді маман.

Тұтынушы ретінде құқығым бұзылмауы үшін не істеу керек? 

«Ең алдымен, курс бағдарламасымен мұқият танысу керек. Келісімшартты, ұсынысты жақсылап зерделеген абзал. Барлық чекті, чатты, келісім шартты сақтап алған жөн. Төлемді үшінші адамның шотына жібермеңіз. Жеке кәсіпкерлікті немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестікті тіркеу туралы құжатын сұраңыз. Курсты тек тексерілген адамдардан алыңыз. Басқа қатысушылардың пікірін ізеп, саралаған да артық етпейді», — дейді заңгер.

Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»