Құқық Қорғаушы: «мемлекет полиция арасынан кінәлілерді тауып, оларды жазаға тартуға мүдделі емес»

Қаңтар кезінде жүздеген адам тергеу изоляторында азапталып, кемінде алты адам қайтыс болды. Азаптау бойынша көптеген тергеу «дәлел жеткіліксіз» деп тоқтатылды, қылмысқа қатысқандардың көбі жауапқа тартылмады. Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Қаңтар ісі бойынша рақымшылық заңының үзіндісін жариялаған. Үзіндіде азаматтарға оқ атып, абайсызда адам өлтірген полиция қызметкерлерінің кешірімге ілігетіні айтылған. Қазақстандағы азаптау қылмыстары туралы айтып, азаптау жасаған адамдар неліктен жазаға тартылуға тиіс екенін түсіндіреміз.

Азаптау Қылмыстық кодекстің 146-бабы бойынша реттеледі. Заңға сәйкес, азаптауға тергеушiнiң я өзге лауазымды адамның азапталушыға қасақана тән зардабын және/немесе психикалық зардап шектiруi жатады. Яғни азаптау байқаусызда жасалуы мүмкін емес. Мысалы, адам абайсызда көлікпен біреуді қағып кетуі мүмкін, бірақ ешқашан абайсызда біреуді азаптап қоя алмады. Себебі азаптау мақсатты түрде басқа бір адамды қорлап, қинау үшін жасалады. Құқық қорғаушы Татьяна Чернобиль азаптаудың тағы бір ерекшелігі ретінде оның белгілі бір себеппен, мысалы, айыпты мойындату, ақпарат алу немесе жазалау үшін жасалатынын түсіндірді. 

Біріккен Ұлттар ұйымы 1984 жылы Азаптауларға және өзге де зорлық-зомбылықтарға қарсы Конвенцияны қабылдады. Қазақстан бұл Конвенцияға 1998 жылы ресми түрде қосылды. 2008 жылдан бері Қазақстан билігі «нөлдік төзім» саясатын ұстанатынын мәлімдеді. Алайда Азаптауларға қарсы Коалицияның координаторы Роза Ақылбекованың айтуынша, жағдай іс жүзінде олай емес. Әсіресе Қаңтар оқиғасы түрлі шындықтың бетін ашты.

Азаптаудан еркін болу – абсолютті құқық

Үтік басқан, түрлі жарақат алған азаматтардың видеосы мен суреттері Қаңтар оқиғасынан кейін әлеуметтік желіде көптеп тарады. Бұған құзырлы органдар да назар аударды. Өйткені фактілердің саны тым көп еді. Құқық қорғаушы Роза Ақылбекова азаптаулардың барлық елде бар екенін және осыған дейін де болғанын айтады.    

«Маңыздысы – мемлекеттер азаптаулармен күресіп жатыр ма, әділ сот, жүйе, зерттеу механизмі бар ма? Азаптаудан еркін болу – бұл әрбір азаматтың абсолютті құқығы. Бұл құқық сақталуға тиіс. 1998 жылы Қазақстан өзіне осы міндетті алды», – деп түсіндірді маман. 

Азаптау мәселесі Қаңтардан кейін қоғамда жиі талқыланса да, Қазақстанда бұған дейін де мұндай фактілер болған. Елімізде бұл мәселемен айналысатын негізгі азаматтық ұйымның бірі – Халықаралық адам құқықтары бюросына қарасты Азаптауларға қарсы Коалиция. 2017-2019 жылдар арасында ұйымға азаптау бойынша 624 өтініш келіп түскен. Жыл сайын шамамен екі жүзге жуық шағым түседі. Алайда түрлі статистикаға сәйкес, шағымдардың тек екі пайызы сотқа дейін жетеді. Коалиция мемлекеттік органдармен бірігіп те жұмыс істеп көрген.  

«2016 жылы Азаптауларға қарсы коалиция үкіметтік емес ұйымы Ішкі істер министрлігі және Бас прокуратурамен бірігіп «Азаптаусыз қоғам» деген концепцияны құрды. Біз сол сәтте азаптау деген жауыздық аяқталады деп сенгенбіз. Көп жұмыс істеліп, жоспар жасалды, кей пунктері мемлекет тарапынан орындалды. Ішкі істер министрлігі бұл туралы жиі айтып жүреді, шыны кабинеттер, жабық мекемелердегі сотталушылардан арыз қабылдайтын телетайп сияқты жүйелер айтылды», – дей келе, маман мәселенің бәрібір толыққанды шешілмегенін айтады. 2009 жылы БҰҰ-ның арнайы баяндамышысы Қазақстанда мониторинг жүргізген соң, азаптаулар елдегі жекелеген жағдай емес екенін ескерткен.  

Татьяна Чернобиль азаптау істері көбіне тіпті тіркеуге дейін жетпейтінін айтады: тергеу үшін ақпарат жеткіліксіз деп танылады. Алайда маман мұның таңғаларлық жағдай емес екенін түсіндірді.  

«Азаптау сәтінде көбіне жәбірлеуші мен жәбірленушіден басқа ешкім болмайды. Азаптау іздері тез арада өшіп қалуы мүмкін, құрбандар өздері де айыпты болған соң, жазадан құтылу мақсатымен арыз жазуға келіспейді. Яғни мұның себептері көп», - дейді маман. Құқық қорғаушы елімізде азаптау кей мемлекеттегідей емес, бөлек қылмыс екенін де түсіндірді. Жәбірленушінің қандай қылмыс үшін сотталғаны бұған әсер етпеуі керек. Бастысы, жәбірлеуші жасайтын бұл әрекеттің заң бойынша азаптау деп саналуы. 

Сондай-ақ, құқық қорғаушы алдағы уақытта заңнамаға өзгерістер енгізіліп, азаптауларды қазіргідей Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет (антикор) пен полиция емес, Арнайы прокурорлар тергейтінін айтты. Бұған қоса, мұндай істерде екі жақ татуласуы мүмкін емес, оның мерзімі жоқ, айыптыға амнистия қолданылуы мүмкін емес.     

Қаңтар азаптаулар бар екенін көрсетті

Татьяна Чернобиль қаңтардағы азаптауларды көрмеу мүмкін емес болды дейді. Өйткені азаптаулар жаппай орын алды және өте қатігез сипатқа ие болды. Полицияның мұндай әрекеті қоғамды қатты алаңдатты. Қаңтар оқиғасынан соң он мыңға жуық адам ұсталып, кейін олардың көпшілігі босатылды. Сол сәтте сарапшылар Айман Омарова, Абзал Құспан және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Азимованың басшылығымен түрлі комиссия құрылды. Нәтижесінде көп азамат босатылды, жақында ғана президент Қаңтардың кей қатысушыларына амнистия жарияланатынын айтты. Алайда кейінгі шараларға қарамастан, азаптаулар азаматтар ұсталған уақытта орын алды. 

Евгений Жовтис бастаған Халықаралық адам құқықтары бюросы тамыздың ортасында 63 респондент қатысқан сауалнаманың қорытынды есебін жариялады. Зерттеудің азаптаулар мен зорлық-зомбылыққа қатысты негізгі нәтижелері мынадай:  

  • 60% жағдайда ұсталған азаматтарға медициналық тексеріс жүргізілмеген;

  • 55% ұсталғандар (мекемеге) жеткізу барысында соққы алған;

  • 71% адам азаптауға ұшыраған;

  • 83% жағдайда адвокаттар арызы қарауға алынып, тексерістер жүрзігілген;

  • 77% жағдайда күтіктілерді анықтау мүмкін болған. 

Сарапшылар азаптаулардың алдын-алып, күресу үшін тиімді шаралар қолдану керектігін айтып, бірнеше ұсыныс айтқан. Соның ішінде «азаптау» сияқты түсініктерді халықаралық стандартқа сай бейімдеу, азаптаудың зерттеу механизміне заңнамалық өзгерістер енгізу және өзге де шараларды қолдану. 

Азаптау мәселесі неліктен шешілмей келеді? 

Қазақстан ресми түрде қабылдаған түрлі халықаралық келісімге қарамастан мәселе шешілмей келеді. Татьяна Чернобиль мұны конвенциялардың жұмыс істемеуімен емес, айыптылардың тек аз бөлігі жазаға тартылатынымен байланыстырады. 

«Қазақстанда сотқа азаптаулар бойынша істердің тек 1-2 пайызы ғана жетеді. Неліктен? Өйткені азаптауларды дәлелдеу қиын, ведомствоаралық сыбайластық кең жайылған, мемлекет полиция арасынан кінәлілерді тауып, оларды жазаға тартуға мүдделі емес», – деп түсіндірді маман. 

Құқық қорғаушының айтуынша, азаптау жасайтын полиция қызметкерлері ар-намыс кодексін үлгі тұтпайды, тәртіп сақшысы деген атағын мақтан етпейді және бұған қоса, өзгелердің бұл үшін жазаға тартылып жатпағанын көріп, өкілеттігін батыл түрде қолданады. Яғни мұның негізгі себебі – жазасыздық. 

Роза Ақылбекова да мәселенің шешілуін тежеп тұрған ең негізгі себеп жазасыздық және сыбайластық деп түсіндіреді. Жазасыздық жаңа қылмыстарға жол ашады. Осы себептен де құқық қорғаушы әділдік орнауының маңызды екенін айтты. 

«Қоғам азаптау мен зорлық-зомбылыққа төзімен қарайды деп айта алмаймын. Бәлкім бұл туралы көпшілік алдында айтпауы мүмкін. Өйткені қорқады. Алайда азаптаудан көп адам зиян шеккені белгілі. Тергеу изоляторларында аяусыз азаптауға ұшырағандар бір-бірден емес, 50-60 адамды бірден соққыға жыққанын айтады. Бұл жағдайлар ресми мекемелерге жеткенге дейін де орын алған», – деп, құқық қорғаушы бұл адамдардың туыстары бар екенін, олардың жағдайды білетінін айтады. 

Маман ересектерден бөлек, Қаңтар кезінде жасөспірімдерге де күш қолданылғанын атап өтті. Айтуынша,  кішкентай баланы соққыға жығып жатқанын көрген өзге полицей бұған тосқауыл қойып, оның босап шығуына жәрдемдескен. Сарапшы сол сәттегі төтенше жағдай режиміне байланысты, баланың үйіне қалай жеткені де маңызды еді дейді. 

«Оны өзге кезекші полицейлер қайтадан алып кетуі мүмкін еді. Бала да, анасы да сотқа жүгініп, арыз жазғысы келмейді. Полицияның есімін бәрін біледі. Бірақ олардың жапа шеккені соншалықты, оларды жазаға тарқысы келмейді. Қорқады», – деп, маман бостандықта жүрген азаптаушылардың оларға қоқан-лоқы көрсетуі мүмкін екендігін де ескертті.  

Сондай-ақ, Роза Ақылбекова ұсталғандың көпшілігі әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар екенін, мысалы, арасында қандастардың көп болғанын атап өтті. Олар қазір материалды көмекке мұқтаж; өйткені ұлдарына көмектесу үшін жақындары адвокат жалдаған. Кей жәбірленуші қазіргі сәтте құқық қорғаушылардың көмегімен ем алып жатыр. Сарапшының сөзінше, кейбірін «террорист» болғаны үшін жұмыстан шығарып жіберген. «Олардың дауысының естілуі маңызды. Әділдік орнауға тиіс» дейді сарапшы.     

Татьяна Чернобиль жағдайды өзгерту үшін тиімді тергеу механизмін қалыптастыру, халықаралық қауымдастықтың ұсыныстарына құлақ асу, халықаралық келісімшарттардағы міндеттерді орындау және азаптаудан еркін болу кепілдігін беру маңызды дейді. Мұның бәрі, түптеп келгенде, азаптауға қарсы нөлдік төзім саясаты деген ұғымға кіреді.

 

Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»