Отан қорғаушы күні. Тек ерлер үшін бе?

Қазақстанда жыл сайын 7 мамырда Отан қорғаушылар күні атап өтіледі. Бұл мереке қарсаңында балабақшадағы ұл балалардан бастап егде жастағы қарияларды құттықтап жатады. Елін қорғау үшін жанын берген, сонымен бірге бүгінде әскери қызмет етіп жатқан әйелдердің еңбегі елеусіз қалып жатқан жоқ па? Қарастырып көрейік. 

Мерекенің тарихы қандай?

1992 жылдың 7 мамырында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды. 2012 жылы бұл күн мемлекеттік мереке деп танылып, әскери саладағы үздіктерді марапаттау күніне айналды. Яғни, аталмыш мереке – тек ер адамдарды емес, жалпы әскери қызметкерлерді құттықтайтын күн.

Қазақстан әскерінде қанша әйел қызмет етеді?

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың айтуынша, Қазақстан әскерінде 12 мыңнан астам әйел жұмыс істейді. Ал Global Firepower дерегінше, Қазақстанда 2024 жылы 110 мың белсенді әскери кадр бар. Олардың ішінде 800-ге жуығы – офицер, 6 мыңнан астамы – келісімшарт бойынша әскери қызметкер, 5 мыңы – азаматтық персонал. 25 әйел «полковник» шенін иеленсе, 11-і басшылық лауазымдарында жұмыс істейді, ал мемлекеттік наградалармен марапатталғандар саны – 55 әйел. 

Әйелдер және бітімгерлік

Әскери қызметтегі әйелдер бітімгерлікке де араласады. Осы жылдың 14 наурызында Таяу Шығыстағы даулы аймақ – Голан биіктеріне қазақстандық 139 бітімгер аттанды. Оның 14-і әйел. Олардың ішінде Ардак Куртибаева есімді әскери дәрігер де бар. Бітімгерлік жайында ол orda.kz-ке берген сұхбатында былай дейді:

«Біз баратын жер – әйелдердің ер адамдармен сөйлесуіне тыйым салынған дәстүрлі, діни қоғам… Ұрыс аймақтарында әйелдер мен балалар осал екенін есте ұстаған жөн, ал мұнда әскери әйел психологиялық қолдау көрсетіп, амал таба алады. Адамдар форма киген және қару ұстаған еркектерге қарағанда әйелге көбірек сенеді». 

БҰҰ операцияларындағы қазақстандық әйелдер

Қазақстандық әйел әскерилер БҰҰ операцияларына қатысады. Олардың саны 7 адамға дейін өсті. Негізінен дәрігерлер, аудармашылар және техникалық қызметкерлер жұмыс істейді. Ал «Көгілдір каскалар» құрамында қазір қазақстандық 1 офицер-әйел қызмет етуде. Ол Батыс Сахарада референдум өткізу жөніндегі БҰҰ миссиясында әскери бақылаушы міндетін атқарып жатыр.  

Соғысқа қатысқан әйелдер

Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағының армиясы құрамында әйелдер де шайқасып, тылда да тынбай еңбек етті. Кеңес Одағының Батыры атағын 500 қазақстандық алды, оның ішіне Әлия Молдағұлова және Мәншүк Мәметова бар. Халық Қаһарманы атағына ие болған ұшқыш Хиуаз Доспанованы да ұмытпаған жөн. Сонымен қатар Қиыр Шығыс майданына да қазақ қыздары шайқасқан. Майдангер Қаламсия Ермекова, Мүслима Үмбетова, Әзима Ниязғалиева – Қиыр Шығыс майданына аттанған қазақ қыздарының бірі. 

 

Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»