Биыл адам құқықтарымен, сөз бостандығымен, таңдау еркіндігмен қандай мәселе болды? Жылдық статистикаға шолу

Қазақстанда адам құқықтары маңызды тақырып болып қала береді. Биыл заңнамалық өзгерістер болса да, түйткілдер сақталуда.

Қазақстандағы адам құқықтарының жағдайы әрдайым қоғам назарында. Биылғы жыл бірқатар маңызды оқиғалар мен заңнамалық өзгерістерге толы болды. Дегенмен, әлі де шешімін таппаған түйткілдер халықаралық ұйымдар тарапынан сынға алынып келеді. 

Биыл алғашқы 9 айдың қорытындысы нәтижесінде 5000-ға жуық қазақстандық құқығы бұзылғанын айтып шағым түсірген. Бұл өткен жылдағы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 10%-ға артық. Бұл - Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі омбудсмен жариялаған баяндамасындағы статистика. Осы деректің өзі адам құқықтарының шектеліп жатқанына дәлел. Бұған дейін мұндай оқиғалардың көлеңкесі көрінбегенімен, «Қанды Қаңтар» сырды ашып, жазықсыз ажал құшқан 200-ден аса адамның аяусыз өлімін әшкереледі. Елдегі құқықтың құрықталуына жасалған қадам қанша артсада, оны жасыруға жасалған жымысқы тірлік тоқтаусыз боп тұр. 

Алдымен ғаламтор жайына келсек. Freedom House ұйымының 2024 жылғы «Интернет еркіндігі» есебінде Қазақстанның көрсеткіші 34 индекспен өлшенді. Елдегі киберқылмыстың көбейгенін осы зерттеуден байқасақ та болады. 72 елдегі интернет еркіндігі зерттелген деректе еліміз «еркін емес» статусы берілген 21 мемлекеттің қатарынан көрінді. 

Зерттеуде «2023 жылғы маусым мен 2024 жылғы мамыр аралығында Қазақстандағы интернет еркіндігіне ауыр шектеулер сақталды. "Онлайн платформалар мен жарнама туралы" заң қабылданып, күнделікті 100 000 қолданушысы бар платформаларға өкілдік ашу және жалған ақпаратты жою талабы қойылды, орындалмаған жағдайда бұғаттау қаупі төнеді. Сонымен қатар, "МАСС-МЕДИА туралы" заң бұқаралық ақпарат құралдарына ұлттық құндылықтарды бұзған жағдайда үкіметтік бақылауды күшейтті. Тәуелсіз журналистер кибершабуылдарға және құрылғыларының бұзылуына жиі ұшырады. 2024 жылдың ақпанында Қытайдың мемлекеттік қолдауындағы APT41 хакерлік тобының екі жылдан астам уақыт бойы Қазақстанның телекоммуникация инфрақұрылымына қол жеткізгені анықталды» делінген. 

Сонымен қатар, Халықаралық ұйым елдегі саяси ахуалға баға беріп, мынадай пікір білдірген.

«Парламенттік және президенттік сайлаулар еркін және әділ өтпейді, ал билік шынайы оппозиция өкілдерін үнемі шеттетіп немесе қамауға алады. БАҚ-тың басым бөлігі мемлекеттік бақылауда немесе үкіметке жақын бизнесмендерге тиесілі. Сөз және жиналу бостандығы шектеліп, оған қарсы шаралар қабылдануда, ал сыбайлас жемқорлық кеңінен тараған» делінеді.

Сөз бостандығы бойынша жағдайдың жақсаруына қарамастан, жыл бойы тәуелсіз БАҚ пен журналистерге қатысты қысым байқалды. Журналистерге жасалған шабуылдар, ақпарат құралдарының қызметіне кедергілер сөз бостандығының толық қамтамасыз етілмегенін көрсетеді.

Reporters Without Borders ұйымының 2024 жылғы «БАҚ еркіндігі индексінде» Қазақстанның көрсеткіші төмендеді. Бұл қоғамның ақпаратқа қолжетімділігі мен журналистердің қауіпсіздігіне алаңдаушылық тудырады. 

Ал Amnesty International құқық қорғау ұйымы жыл ортасында жариялаған адам құқықтары жөніндегі баяндамасында «2023 жылы күллі әлемде адам құқықтары ахуалы бойынша кері кету байқалды. Қазақстанда пікір білдіру, бейбіт жиын өткізу мен бірлесу құқығы бұрынғыдай негізсіз шектелді» деп жазды. Ұйым 155 елдегі адам құқықтарының өткен жылғы статистикасына шолу жасап, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасында жазықсыз қиналып, қудаланған белсенділердің жай-күйіне талдау жасады. Сонымен бірге, бейбіт жиын өткізу құқығына баға беріп, жасалған шектеулерді сынады. Өйткені, соңғы заңнамаға сәйкес, тұрғындар пикетке шығатын болса да, құзырлы органдардан рұқсат алу қажет болды. Олай болмаған жағдайда ұйымдастырушылар 15 күнде қамауға алынады. 

Қазақстанда діни ұйымдардың тіркеу талаптары мен әйелдер құқықтарына қатысты мәселелер әлі де қоғамның назарында. Amnesty International ұйымының мәліметі бойынша, елде тіркелмеген діни конфессияларға тыйым салынған, ал миссионерлік қызметке тек тіркелген діни ұйымдардың мүшелері ғана рұқсат ала алады. Мұндай ұйымдарды тіркеу үшін мүшелер санына қатаң шектеулер қойылған, жергілікті ұйымдар үшін кемі 50 адам, аймақтық ұйымдар үшін 500 адам, республикалық деңгейде 5 мың адам болуы тиіс.

Гендерлік теңдік пен отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі жыл бойы қоғамда қызу талқыланды. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңға өзгерістер енгізіліп, жаза қатаңдатылғанымен, нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін жүйелі шаралар қажет.

Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау бойынша Amnesty International және басқа ұйымдар Қазақстанды бұл бағытта қарқынды жұмыстар жүргізуге шақырды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың сәуірінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңды қатаңдатуға бағытталған құжатқа қол қойды. Бұл заң ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру әрекеттерін қылмыстық құқықбұзушылық санатына енгізуді көздейді. Жаңа шаралар, соның ішінде жазаны қатаңдату, қоғамда әйелдер мен балаларға қарсы зорлық-зомбылық деңгейін азайтуға бағытталған. Заңның қабылдануы қоғамдағы әйелдер құқығын қорғауды күшейтуге деген үмітті арттырып отыр.

Енді, адам құқықтарын шектеуге қарсы атқарылып жатқан жұмыстар мен, заң жобаларын талдайық. 2024 жылы Қазақстанда адам құқықтарын қорғау және сот жүйесін жетілдіру бағытында маңызды заңнамалық өзгерістер енгізілді. «Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға енгізілген түзетулер облыстық соттардың өкілеттіктерін кеңейтіп, судьялардың тәртіптік жауапкершілігіне қатысты шешімдердің жасырын дауыс беру арқылы қабылдануын қамтамасыз етті. Бұл шаралар сот жүйесінің ашықтығы мен әділдігін арттыруға бағытталды. Сонымен қатар, адам құқықтары жөніндегі омбудсмен институты конституциялық мәртебеге ие болып, қызмет аясы кеңейтілді. Бала құқықтары және ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқықтары жөніндегі омбудсмендер тағайындалды. Конституциялық Сот қайта құрылып, азаматтарға тікелей жүгіну мүмкіндігі берілді, бұл құқықтық қорғау механизмдерін айтарлықтай нығайтты.

Осындай жайттарға орай қызылордалық саясаттанушы Мұрат Насимов, елдегі адам құқықтарының ахуалы, саяси реформалардың тұрақтылыққа ықпалын қалай бағалайтыны жайында, қандай қадамдар жасалуы тиістігін айтып берді. 

- “Ең алдымен ел тұрғындарының негізгі өз құқықтарын дұрыс біле ма, соны анықтап алуымыз қажет. Фейк ақпараттарға сенеміз, кейде заңсыз болса да таратамыз. Кибералаяқтарға сеніп қалатынымыз тағы бар. Демократия деп заңға қайшы кез келген әрекетке барамыз. Сондықтан Қазақстандағы адам құқықтарының жағдайы ілгерілеумен де, қиындықтармен де сипаттауға болады. Билікті орталықсыздандыру, азаматтардың саяси қатысуын арттыру және саяси бостандықтарды кеңейтуге бағытталған соңғы саяси реформалар қоғамдық мәселелерді шешуге ұмтылысты көрсетеді. Саяси реформалар қатарында конституциялық өзгерістер, саяси партияларды реформалау және сайлаудың ашықтығын жақсарту шаралары бар. Бұл реформалардың қоғамдағы сенім мен тұрақтылыққа әсері жан-жақты. Бір жағынан, реформалар қоғамдық мәселелерді шешуге дайындығының белгісі, бұл сенімнің қалыптасуына ықпал жасайды. Екінші жағынан, егер реформалар үстірт жүргізілсе және терең жүйелі проблемаларды шешпесе, қоғам сеніміне нұқсан келтіріп, сенімсіздікті күшейтуі мүмкін” - деді ол.

Сонымен бірге, Мұрат Насимов қоғамдық кері байланыс тетіктерін институционализациялауды жалғастыру қажет екенін баса ескертті.

“Азаматтар мен саясаткерлер арасында тұрақты және мазмұнды диалог орнату үкіметтің әрекеттері мен қоғамдық үміттер арасындағы алшақтықты азайтады. Басқарудағы ашықтықты ілгерілету де маңызды. Қолжетімді қоғамдық қабылдау сияқты шаралар есептілікті көрсету арқылы сенімді арттырады. Сондықтан еліміздегі демократиялық модель Орталық Азия мемлекеттеріне үлгі бола алады деп ойлаймын.  Жаңғыру бағытындағы реформалар мен қоғамдық келісімді сақтаудың тепе-теңдігі үшін тұрақты күш-жігер қажет” - деді өз сөзінде. 

Саясаттанушылан мемлекеттік бақылаудағы БАҚ пен сөз бостандығы шектеулерінің саяси процестерге және билік пен қоғам арасындағы диалогқа әсерін, оны жақсарту үшін қандай қадамдар жасау қажеттігін сұрағанымызда, жазбалар заң қағидаларына сәйкес келу керек екенін есімізге салды. 

“Айтылып отырған аухал билік пен қоғам арасындағы диалог сапасына әсер етеді. Тек билік жұмыстары мақтала беретін медиа-ортада азаматтар арасындағы күмән мен сенімсіздікті тудырады. Бұл билік пен тұрғындар арасындағы алшақтықты тереңдетіп, саясатқа араласпауды күшейтеді, тіпті, әлеуметтік толқуларға әкелуі ықтимал.

Онлайн платформалар мен әлеуметтік желілерге шектеусіз қолжетімділік азаматтарға өз пікірлерін білдіруге және пікірлес адамдармен байланысуға мүмкіндік беріп отырғаны баршамызға белгілі. Сандық кеңістікте еркіндік және демократиялылық сақталған. Тек жазбалар заң қағидаларына сәйкес келуі керек. Тұрғындар өз медиасауаттылығына ерекше мән берулері қажет. Азаматтардың ақпаратты сыни тұрғыдан бағалауға үйренуі оларға белсенді әрі мәдениетті саяси қатысуға мүмкіндік береді” - деді саясаттанушы.

Биылғы жылы Қазақстанның халықаралық индекс рейтингтеріндегі көрсеткіштерін атап өтетін болсақ. 

Reporters Without Bordersтің есебінше,  БАҚ еркіндігі индексі елімізде төмендеген. Ал Transparency International болса сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде, позиция тұрақты болғанымен, нақты ілгерілеу жоқ, деп көрсетеді. Сондай-ақ, Демократия индексінде (The Economist Intelligence Unit) Қазақстан «авторитарлық» елдер қатарында қалған.

Қазақстандағы адам құқықтарының қорғалуына қатысты бірқатар қадамдар жасалғанымен, халықаралық рейтингтерде оң өзгерістер аз екені белгілі. Сөз бостандығы, бейбіт жиналыстар және гендерлік теңдік салаларына әлі де реформалар қажет екендігі көрініп тұр.

Адам құқықтарын қорғау – тек мемлекеттің емес, бүкіл қоғамның басты міндеті. Бұл, ең алдымен, мемлекеттің жауапкершілігі болғанымен, қоғам оның бұл міндетті қалай орындап жатқанын қатаң бақылауда ұстауы тиіс.

Оны қамтамасыз етуде заң үстемдігі мен халықаралық стандарттарға сай реформалар маңызды рөл атқарады. 

Болашақта елдегі адам құқықтарының дамуы қоғамның белсенділігі мен биліктің саяси ерік-жігеріне байланысты болмақ. Бұл тұрғыда сіз өз қалаңыздағы мемлекеттік органдардың қызметін қадағалап жүрсіз бе?

Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»