Феминизм дегеніміз не?
Феминизм ұғымы көпшілік үшін тек «еуропалық құндылықтармен» байланысты болғанымен, шын мәнінде, ол әйелдердің құқықтары мен теңдігі үшін күрескен қозғалыс. Бірақ қазақ қоғамында феминизм жиі ұят, тіпті қорқынышты түсінік ретінде қабылданады. Неліктен бұл тақырып әлі де соншалықты түсініксіз? Біз феминизмнің әлемдік қоғамдардағы көріністерін, сондай-ақ қазақ тарихы мен бейнелеу өнеріндегі мысалдарын қарастырамыз.
Феминизм тарихы тереңде
Ежелгі Мысырда әйелдер заңды түрде ерлермен тең құқықтар мен мәртебеге ие болған. Олардың құқықтары мынадай маңызды тармақтарды қамтыған:
- Жеке меншікке иелік ету – мысырлық әйелдер жер, мал, құл немесе қызметші сияқты жеке мүліктерге толық иелік ете алатын.
- Мұрагерлік және өсиет құқығы – әйелдер өздеріне өсиет етіп қалдырылған мүлікті мұраға ала алатын, сондай-ақ өз мүлкін басқаларға өсиет етіп қалдыру құқығы болған.
- Некені бұзу құқығы – әйелдер күйеуімен ажырасуға құқылы еді. Бұл жағдайда барлық жеке мүлкі, соның ішінде жасауы да, өзіне қайтарылатын.
- Сотқа жүгіну құқығы – әйелдер заң бұзушылықтар үшін сотқа шағым түсіре алатын.
- Күйеуін жазалау құқығы – егер ер адам әйелін ұрса, оған айыппұл салынатын немесе дүре соғылатын.
Қазақ жері феминизмнен алыс болмаған. Тарихи фактілерге сүйенсек 1883 жылы Бөкей ордасында тек әйелге арналған алғашқы білім ордасы бой көтерген. 1887 жылы Ибрай Алтынсариннің күш-жігерімен Иргізде қыздар училищесі ашылды. Әуелгі қарқындар мен ереуілдер ХХ ғасырда бой ала бастаған.1902 жылы Назипа Құлжанова мәжбүрлі некеге қарсы шығып, білім алу жолын таңдады, бұл оның кейіннен журналист және феминистік қозғалыс белсендісі болуына әкелді .
XX ғасырдың басында «Алаш» партиясының қайраткерлері (Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов) әйелдердің теңдігін насихаттады. Алашорда үкіметінің бағдарламасында әйелдерге сайлау құқығы берілді. Бірақ көптеген белсенді әйелдер (Гайнижамал Дулатова, Бадрисафа Байтұрсынова) тек "алашордалықтардың жұбайлары" ретінде тарихта қалды .
Әйелдер мен ерлердің құқықтары тең бе? Шын мәнінде, бұл мәселе күрделі.
Дүниежүзілік экономикалық форумның "Жаһандық гендерлік алшақтық 2022" баяндамасына сәйкес, Қазақстан жаһандық рейтингте 80-ші орыннан 65-ші орынға көтеріліп, гендерлік теңсіздік бойынша өз көрсеткіштерін жақсартты. Осы жетістікке қарамастан, толық теңдік туралы айту әлі қиын, өйткені ол тек заңдармен ғана емес, сонымен бірге қоғамдық қатынастармен де қамтамасыз етіледі. Қазақстанда ерлер мен әйелдердің құқықтары заңды түрде тең деп танылғанымен, күнделікті өмірде әйелдер кемсітушіліктің әртүрлі түрлерімен бетпе-бет келуді жалғастыруда. Мысалы, қазақстандықтардың 40% - дан азы "гендерлік теңдік"деген не екенін біледі. Бұл тек заңнамалық шаралар ғана емес, сонымен қатар шынайы гендерлік теңдікке қол жеткізу үшін қоғамдық қабылдауды өзгерту қажеттілігін көрсетеді.
Неліктен феминизм «ұят» деп қабылданады?
Бұл сұрақтың жауабы қоғамдағы патриархалды көзқарастар мен стереотиптерде жатыр. Көп адам феминизмді тек әйелдер үшін емес, ерлерге қарсы қозғалыс ретінде көреді, сондықтан оны «ұят» деп ойлайды. “Феминизм ұят па? Бұл сұрақты қазіргі қоғамда жиі естиміз. Әсіресе, қазақ қоғамында феминизмнің мәні мен мақсаты туралы көптеген қате түсініктер мен стереотиптер бар. Бірақ феминизм шынымен не? Ол әйелдер мен ерлер арасындағы теңдікке ұмтылған қозғалыс па, әлде біржақты, шектелген көзқарас па?”
XX ғасырдың басында-ақ әйел теңсіздігі тақырыбын көтерген ұлы тұлға – Әбілхан Қастеев. Суретші 1930-1940 жылдары жаппай алып қашу мен әйел теңсіздігіне наразылығын әйгілі «Қызды еріксіз әкету» мен «Қалыңмалға сатылған қалыңдық» туындыларынан көрсек болады.
«Қызды еріксіз әкету» картинасы 1937 жылы салынған. Картинада қызды күштеп алып бара жатқан көрініс тым ауыр бейнеленген. Ескі салтты көрсету үшін қолданылған күңгірт, көңілсіз түстер сол атмосфераны сақтай алған.
«Қалыңмалға сатылған қалыңдық» картинасы 1938 жылы майлы бояумен салынған. Суретте нақты кімдер екені белгісіз. Бірақ, қарияның мәз екендігін көре аламыз. Айта кетейік, қалыңмалмен күштеп беру салттары көбінде егде жастағы қарияға жас қыздарды айттыру мақсатында қолданылған.
Феминизм – тек батыстық құндылық емес, ол әлемнің әр түкпірінде әйелдер теңдігі үшін күрестің көрінісі. Қазақ қоғамында бұл ұғымға қатысты әлі де түсініспеушіліктер мен теріс көзқарастар бар. Дегенмен, тарихымызға көз жүгіртсек, әйелдердің білім алуы, өз таңдауын жасау құқығы және теңдік үшін күресі біздің мәдениетімізден алыс емес. Феминизмнің маңыздылығын түсіну – қоғамның әділетті әрі теңгерімді дамуына қадам жасау. Әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту тек әйелдер үшін ғана емес, бүкіл қоғамның игілігі үшін қажет. Қазіргі заманда бұл тақырыпқа деген көзқарасты өзгерту – баршамыздың ортақ міндетіміз.