Гарвард қалай түсу: Гарвард түлегі, жас ұстаз Лес Шадиярдың әңгімесі
Біз Алматы қаласының жас мұғалімі, Гарвард университетінің түлегі Лес Шадиярмен сұхбаттастық. Ол бізге өзінің ұстаздық жолы, әлемнің ең беделді университетіндегі тәжірибесі және жас мамандарға берер кеңестері туралы әңгімелеп берді. Шадиярдың айтуынша, оқушы мен ұстаз арасындағы ең басты құндылық – эмпатия мен сенім.
Ұстаздыққа апарған жол
Шадияр – Шымкент қаласының тумасы. Өз оқуын ол Назарбаев Зияткерлік мектебінде бастап, кейін жоғары білімін Сүлейман Демирель атындағы университетінде жалғастырды. Ал магистратураны екі мәрте тәмамдап, алдымен КИМЭП университетінде, кейін Гарвард университетінде білім алды. Оның барлық таңдауы – педагогика саласына бағытталған.
«Мен ешқашан бала кезімде мұғалім болуды армандаған емеспін, – дейді Шадияр. – Мектепте техникалық және ғылыми пәндер маған ауыр тиетін. Сол себепті ағылшын тілін таңдадым. СДУ-ге түскен соң қосымша тіл орталығында жұмыс істеп, алғаш рет балаларға сабақ бердім. Сол кезде мен балалардың алғашқы жеңістеріне куә болып, ерекше қуаныш сезіндім. Осы сәттен бастап ұстаздық менің өмірлік жолым екенін түсіндім».
Шадияр әрдайым ең алдымен өзін дамытып, өзгеге үлгі болуға тырысқан: «Өзіңнің жетістігің арқылы ғана өзгеге сенім сыйлай аласың».
Қазіргі және бұрынғы мұғалімдердің айырмашылығы
Өз тәжірибесіне сүйене отырып, Шадияр мұғалімдердің жаңа буыны бұрынғыдан өзгеше болуы тиіс дейді:
«Бұрын мұғалімдер оқушыға "сенен ештеңе шықпайды" деп кесіп айта салатын немесе жазалау әдістерін қолданатын. Қазір біз басқа жолды ұстануымыз керек: оқушыны түсіну, оның жағдайын ескеру маңызды. Егер сен оның сеніміне кірмесең, ол сені тыңдамайды. Әрине, субординация сақталуы тиіс, бірақ диалог пен сенім – ұстаз бен оқушы арасындағы алтын көпір».
Гарвардқа қалай түсуге болады?
«Гарвардқа түсемін деп сенген жоқпын, – дейді ол. – Бірақ арман мен ішкі мотивация алға жетеледі. НИШ-та жұмыс істегенде жақсы портфолио жинадым: оқушыларды олимпиадаларға дайындадым, Model UN-ға қатыстырып, кәсіби тұрғыда өстім. Гарвардқа өтініш жазғанда ең бастысы – шынайы болдым. Өз жолымды, қателігімді де, жеңістерімді де жасырмай жаздым».
Айтпақшы, біз бұған дейін ұсыным хатты қалай жазу керек туралы материал жариялағанбыз, егер Гарвардқа немесе басқа шетелдік оқу орындарына баруды армандасаңыз, соған көз жүгіртіп көруге кеңес береміз.
Оның Гарвардта үйренген ең үлкен сабағы – сәтсіздіктен қорықпау:
«Профессорым әрдайым: "Алдымен құлауды үйрен, содан кейін ғана шынымен өсе аласың" дейтін. Сәтсіздік – дамудың ең басты кілті».
Сонымен қатар ол ешқашан оқудан ұялмау керектігін ерекше атап өтті:
«Гарвардтағы көптеген курстастарым үшін бұл алғашқы магистратура емес еді. Бірақ олардың әрқайсысы өз арманымен жүрді. Сондықтан оқу ешқашан кеш емес, әрі ұят емес».
Қазақстан мен Гарвард: екі жүйенің айырмашылығы
Шадияр алғаш Гарвардқа келгенде профессорлардың қаталдығынан қорыққанын айтады. Бірақ шындық мүлде басқаша болып шыққан:
«Керісінше, профессорлар түсіністікпен қарады. Олар бізге бейімделуге көмектесті, ашық сөйлесуге мүмкіндік берді. Нетворкинг кештерін ұйымдастырып, "қорықпаңдар, біз сендермен біргеміз" деп қолдау білдірді. Бұл маған үлкен көмек болды».
Ол Қазақстандағы университеттерді салыстырғанда үлкен айырмашылықты байқаған:
«Біздің профессорлар студенттен белгілі бір қашықтық сақтайды. Біз сұрақ қоюға қорқатынбыз. Ал Гарвардта керісінше, ашықтық пен қолдау болды. Бұл – мәдени айырмашылық, бірақ студент үшін өте маңызды нәрсе».
Жас ұстаздар мен мамандарға кеңес
Шадиярдың пікірінше, ең бастысы – жұмыс істеуден қорықпау:
«Менің айлығым алғаш 30 мың теңге болды. Бұл күлкілі естілуі мүмкін, бірақ ол тәжірибе маған үлкен сабақ болды. Жоғары жалақы да, құрмет те бірден келмейді. Әр адам осы кезеңнен өтуі тиіс».
Шадияр ұстаздықты мансап емес, қоғам алдындағы жауапкершілік деп біледі. Оның ойынша, жас мұғалімдер ең алдымен өз ісін сүйіп, дамуға дайын болуы керек.
«Ең бастысы – жалақыға қарап қашпау. Өзіңді дамыту үшін тәжірибе керек. Ұстаз ешқашан бәрін білемін деп айта алмайды. Әрдайым жаңа нәрсе үйреніп, оқушылардың деңгейінде болуға тырысу керек. Әсіресе оларды түсінуге ұмтылу маңызды», – дейді ол.
Ол ұстаздарға арналған басты кеңесін де бөлісті:
- әрдайым дамуды тоқтатпау;
- оқушыны түсінуге тырысу;
- өзіңді тәжірибе арқылы шыңдау.
Болашақтағы жоспарлар
Магистратураны аяқтаған соң Шадияр өзін әлі де білім жолындамын деп санайды:
«Қазір басты мақсатым – мектепте жұмыс істеу. Екі жылдық тәжірибем жеткіліксіз. НИШ-та жұмыс істедім, енді жеке мектептерді де көргім келеді. Әртүрлі жүйелерді салыстырып, оқушылардың психологиялық ерекшеліктерін зерттегім келеді. Болашақта осы тәжірибелерді жинақтап, докторлық зерттеу жүргізуді жоспарлап отырмын», – дейді ол.