ҰБТ-ны сәтсіз тапсырдым, не істеймін?
Баға білім көрсеткіші ме? Неліктен жастар әлі күнге дейін баға үшін депрессияға бой алдырып, өмірден түңіліп, өз-өзіне қол жұмсауға дайын тұрады? 25 мамырда Ақмола облысының колледж студенті емтиханнан үш алғаны үшін суицид жасады. Мұның өзі жастардың әлі күнге дейін төмен бағаны ауыр қабылдайтынын дәлелдейді.
Оқу жылы аяқталды. Демек, оқушылардың алдында маңызды сынақтардың бірі — ҰБТ келе жатыр. Тестілеуден кейін оқушы өз-өзіне деген сенімін жоғалтып, нашар балл жинаса, не істеу керек? Төмен балмен грантқа түсу мүмкін бе? ҰБТ — білім көрсеткіші ме? Бұл сұрақтарға кәсіптік бағдар беруші маман Гүлзия Байдалыдан жауап алып, журналист Мейірман Лестің өмірінен мысал келтірдік.
ҰБТ-дан аз балл жинап, жақсы университетке грантқа түсу мүмкін бе?
Гүлзия Байдалының сөзінше, мамандықтың түрі мен университеттің орналасқан жеріне, статусына қарай грантқа оқуға түсуге болады. Бастысы, жақсылап жоғары оқу орындарына, мамандықтарға бөлінген грант санына мониторинг жасап, мүмкіндікті болжау керек. Мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдіктер туралы хабардар болған да жөн.
«Бірақ негізі оқушының грант жеңіп алуына емес, оның ұнататын, қабілетіне сай мамандық табуға мән берген абзал. Қазір көбі грантты басты назарға алады, мемлекет сол үшін түрлі бағдарламалар да жасап отыр. Бірақ ҰБТ тапсырмастан бұрын оқушының қабілетін зерттеу маңызды. Оған қай сала жақын екенін алдын ала анықтау керек. Грант пен табысты мамандықты қуып, оқудан қиналғандар қазір аз емес», — дейді маман.
Мейірман Лестің ҰБТ тапсыру оқиғасы оған дәлел бола алады. Ол 2013 жылы Түркістан облысындағы Ықылас-Темір ауылында 11-сынып бітіріп, «Алтын белгіге» үміткер болған. Бірақ Мейірман ҰБТ-ны сәтсіз тапсырып, 78 балл жинады. Әдебиет таңдағандықтан ол Арқалықтағы педагогикалық институтқа ауыл квотасымен грантқа түсті. Бірақ бір семестрден кейін бұл оқуды ұнатпағандықтан университеттен шығып кетті.
«2014 жылы физика таңдап, қайтадан кешенді тестілеу тапсырдым. Содан 88 балл жинап, ЕҰУ-ға «Автоматтандыру және басқару» мамандығына ауыл квотасымен грантқа түстім. Бұл менің өмірімдегі ең қате шешім болған сияқты. Себебі физика мен математикаға қызыға қоймадым. Сөйтіп төрт жыл осы мамандықты игеріп, қиналдым. Группаластарымның басым бөлігі бұл салаға икемі бар, сабақты аса бас ауыртпай оқыды. Ал мен жоғары математикадан 70 алып, стипендиядан айрылдым. Сабақтарымның бәрі есепке, теңдеуге қатысты еді. Әйтеуір, осы оқуды әрең бітіріп шықтым», — дейді Мейірман.
Университетті бітірген соң Мейірман 2018 жылы Алматыға көшті. Мектеп кезінде ол газет-журналдарға мақала жазып, журналист болуды армандаған. Сондықтан журналистика бойынша арнайы білім алмаса да достары арқылы Baribar редакциясына келіп, өзін бұл салада сынап көруге бел буды.
«Baribar редакциясында журналистиканың маған жақын екенін түсіндім, жұмысым ұнады. 2019 жылы ҚазҰУ-ға «Журналистика» мамандығы бойынша магистратураға түстім. Оқу қызық әрі оңай болды. Сол кезде басынан бастап осылай істеу керек еді деп ойладым. Өз жолымды табу үшін маған 6 жыл керек болды», — дейді Мейірман.
«ҰБТ — білім көрсеткіші емес» дегенге келісесіз бе?
«Адамның түсінігі, білімі деген бір бөлек, нұсқа таңдау деген бір бөлек нәрсе. ҰБТ — тек Қазақстан университеттеріне түсуге арналған жүйе. Ал нағыз білімді бағалау үшін оқушыны тыңдап, сөйлесіп, оның ойын сұрап, түрлі емтихан өткізу керек. Кейбір жеке мектептер солай жасайды. Шетелдік университеттерге түсу үшін де мүлде басқа сынақтардан өту керек. Сондықтан ҰБТ адамның қаншалықты білімді екенін көрсетеді дегенге келіспеймін», — дейді Гүлзия.
«ҰБТ тапсыратын кездері бұрынғы түлектер «ҰБТ деген соңғы сынақ емес, ол ештеңе шешпейді» деп жиі айтатын. Оны түсінсем де, іштей бәрібір уайымдайсың ғой. Бірақ қазір ғана бұл сөздердің түпкі мағынасын түсіндім. Достарым 2-3 курстан бастап жұмыс істейтін. Университет бітіргенде бәрінің жұмысы болған. Соған қарап өзімді кем сезінетінмін. Қазір ол ойдың да қате екенін түсіндім. ҰБТ оқу жолыма психологиялық тұрғыдан әсер еткенімен, ештеңе шешпегеніне қазір анық көзім жетті», — дейді Мейірман.
ҰБТ-дан аз балл жинаған оқушыға қандай кеңес бересіз?
«Жалпы, өмірде мұндай емтихан көп болады. Сондықтан оқушыға да, ата-анаға да психологиялық, моралдық түрде оған төзе білу керек. Әркім жауапкершілікті өз мойнына алып, бұл сынақты өмірдің бір кезеңі ретінде қабылдағаны жөн. Оның үстіне кейінгі жылдары бірнеше рет ҰБТ тапсыруға мүмкіндіктің берілуі бекер емес. Екінші не үшінші рет тестілеуден өтіп, оқуға түсудің барлық амалын қарастыруға болады», — дейді Гүлзия.
Кәсіптік бағдар берушінің айтуынша, егер оқушы 11-сыныпта да өзіне жақын мамандықты таппаса, Gap year алуды да ойластырғаны жөн. Қазір бұл — жиі қолданылатын тәсіл. Қай саланы таңдарын білмей, әйтеуір тегін оқу үшін ұнамсыз мамандықты игергеннен гөрі, өзіне бір жыл арнаған әлдеқайда дұрыс емес пе? Қайта түрлі саланы сынап, портфолио жинап, өзінің не қалайтынын түсінуге уақыт арнаған адамның болашағы әлдеқайда жарқын болады. Жастық шағының ең керемет жылдарын максималды түрде тиімді пайдаланып, білім алуға аса көңіл бөлу керек. Грант не табысты мамандық деп тегін жерді іздегеннен гөрі, жақсы көретін мамандықты тапқаннан артық ештеңе жоқ.