«Мемлекет кешірім сұраса да көзім көріп кетпейді, күресті әлі де жалғастырамын»
1 маусымда Алматы прокуратурасы Қаңтар оқиғасынан кейін көз жанарынан айрылған Ермек Әбдірешовтен кешірім сұрады. Былтыр 20 қыркүйекте ол кінәсіз деп танылып, ақталған еді. Енді Ермек мемлекеттен материалдық өтемақы талап етіп, әділеттік үшін күресін жалғастырып жатыр.
Ермек Әбдірешовтің қаңтарда алаңға шығуына не себеп болды? Оның көзіне қалай оқ тиді? Қаңтар оқиғасы туралы ол не ойлайды? Біз Ермекпен сұхбаттасып, оның ойын білдік.
Қаңтар оқиғасы Ермек Әбдірешов үшін неден басталды? Оны алаңға шығуға не итермеледі?
«Қаңтар оқиғасынан бір ай бұрын досым екеуіміз Қазақстанда бірдеңені өзгертуге болып-болмайтынын талқылап, пікір таластырып қалдық. Мен қоғамымызда өзгеріс енгізу мүмкін емес деп, оған сенгенім жоқ. Ал досым болса, керісінше, жарқын болашақ болатынына үміттенетін, ол 2021-де шыққан «Отыздан асып барамын» фильмін көруге кеңес берді. Мен көрдім. Шыны керек, ол фильм маған қатты әсер етті. Жаңа Қазақстан болатынына үмітім пайда болды. Ішімдегі патриоттық сезім күшейе түсті. Бір айдан кейін алаңға баруыма да сол себеп болған сияқты», — дейді Ермек.
5 қаңтарда Ермек алаңға шыққан. Оның айтуынша, ол кезде көшеде небір кикілжіңдер, зорлық болып жатыр деген ресми ақпарат тараған. Оны Ермек өтірік дейді. «Иә, бағдаршамдарды, орындықтарды қозғау сияқты құқықбұзушылықтар болды. Қымбат зат сататын дүкендерді де тонап жатқандар кездесті. Бірақ оның бәрін халық жасады деу қисынсыз. Арамызда жүрген арандатушылардың ісі бұл. Халық тек өзгерісті қалады, әділ қоғам орнатуды ойлады», — дейді ол.
Ермектің көзіне қалай оқ тиді?
«Құрманғазы мен Фурманов көшелерінің қиылысында жол бойындағы бағдаршамды шайқап жатқан бір топ адамды кездестірдім. Оларға ұмтылып барып, «қойсаңдаршы» деп айта берген кезімде көз алдым жарқ етіп, айналам аппақ болып кетті. Бірден басым ауырды. Өмірімде ең қатты ауырған кезім сол болған шығар. Жерге құлап, қатты айқайлап жібердім. Содан кейін шок жағдайында адреналин көп бөлініп кетті ме, ештеңе сезбей қалдым. Жердің суық ызғары денеме өтіп жатты. Көзімді жыпылықтатып едім, айналам қап-қараңғы болып, ештеңе көрмей қалдым. Қақ алдымда жарық пен шу шығаратын граната жарылды деп ойладым. Көзіме оқ тигенін кейін ата-анам нейрохирургке апарған кезде білдім», — дейді Ермек.
Емханадан алып кеткен кезі
Жарақат алғаннан кейін Ермек №7 қалалық емханаға түсті. Бірнеше күн жансақтау бөлімінде комада жатты. Оянған соң ол дәрігер мен медбикелердің сұлбасын, қимыл-қозғалысын көретін. 8 қаңтарда ОМОН-дар келіп, Ермекті алып кеткен. Сол кезде де ол далаға шыққанда жарықты көргенін, көзінің әлі де қабілеті болғанын айтады.
ОМОН-дықтар Ермектің нашар көрсетініне сенген жоқ, тек шыға берістегі баспалдақтан құлай жаздағанда да ғана оның сөзінің шын екеніне көздері жетті. Бірақ ОМОН-ның Ермекті емханадан алып кетуіне ол кедергі болған жоқ.
«Тергеу изоляторында 11 күн болдым. Азаптаудың түрін көрсетті. Бәрімізді тізіп, аяқтан, желкеден ұратын. Артымнан келіп суық су құя салған кездер болды. Бізді қорғау керек болған адамдар балағаттап, мені төрт аяқтап жүргізіп те қойған. Соншалық азап көретіндей қандай қылмыс жасағанымды түсінбедім. Ақыры көзім ештеңе көрмей қалды», — дейді Ермек.
Қаңтарға дейін Қазақстанның болашағына деген пайда болған сенімге не болды?
«Қаңтарға дейін ішімде оянған патриоттық сезім жоғалды, өзгеріс орнайды деген сенім өлді. Жаңа Қазақстан орнауы үшін жаңа билік болуы керек, жаңа адамдар келуі керек. Ал бізде баяғы жартас — сол жартас. Жаңа Қазақстан деген жай сөз боп қалды», — дейді ол.
«Өкінішке қарай, қазір қазақ бұрынғы батыр жүрегінен айрылған. Алдымен 70 жыл Кеңес үкіметі, кейін 30 жыл авторитар билеушінің кесірінен соңғы 100 жылда қазақтың қанына құлдық сана әбден сіңіп кеткен, санасына берік орнап алған. Қазіргі жағдайымыздың мүшкіл болып тұрғаны да осыдан. Қаңтарда жеңіліске ұшырауымызға осы құлдық сана әсер етіп отыр. Санасыз бауырларымыздың саны көзі ашық, көкірегі ояу бауырларымыздан көп боп шықты. Кешегі Қаңтар оқиғасында бізді тергеп, азаптаған да өзіміздің қазақ жігіттер. Осыдан кейін қалай ашынбайсың?», — дейді Ермек.
Қаңтар оқиғасына не себеп болды?
Ермектің айтуынша, бұл ашынған халықтың көтерілісі болды. Себебі билікке оның еш қажеті жоқ. Әрі көтерілген аймақтардың билік үшін ешқандай саяси маңызы болмаған. Астананың аты қайта Астана деп өзгеруі де халықтың көтерілуінен сақтану шарасы секілді.
Енді Ермек күресті қалай жалғастырады?
«Біздің халық ресми ақпаратқа қатты сенгіш. Сол себептен мен бір жарым жыл бойы тым-тырыс жүрдім, қарқынды күрескен жоқпын. Оқиғамды айтсам, мені қаралайтын білгіштердің аузына қақпақ болу үшін ақталуым маңызды еді. Былтыр күзде маған қатысты іс тоқтатылып, ақталдым. Енді қазір күресті қарқындата түсетін ойым бар. Басқа белсенділер сияқты бейбіт шеруге барып, белсенді түрде қоғам өміріне қатысамын деп айта алмаймын. Бірақ мүмкіндігінше халқыммен бірге болуға, тілегін тілеп, айтарын айтуға тырысамын», — дейді ол.
Қазір Ермек материалдық өтемақы алу үшін арызданып, сотқа жүгінді. Қоғам белсендісі әрі құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова оның жағдайымен заң жүзінде айналысып жатыр.
Азаттық Радиосының хабарлауынша, қаңтарда жазықсыз қамалған төрт адамнан прокуратура кешіріп сұраған. Тағы төрт адамға материалдық өтемақы тағайындалған.