Жастар сөйлейді: Тарих мұғалімі аниме мен өнер арқылы сабақ өткізіп, оқушыларды қалай таңғалдырып жүр?
Алматылық Ануар Исаев мектепте тарихтан сабақ береді. Оның манга-аниме, әлеуметтік желідегі әзілдер, музыка мен арт жанрындағы элементтер қосылған видеосабақтары интернетте танымал. Перформанс пен жеке өмірден мысал келтіріп, тарихты үйрететін мұғаліммен сұхбаттастық.
Неге мұғалімдік?
Ануар Исаев — Алматы қаласының №135 жалпы білім беретін мектебінде тарих пәнінің мұғалімі. Оған дейін Ануар өзін түрлі салада іздеп, юрист, HR, коллектор, таксист, тамақ жеткізуші боп жұмыс істеген. Тіпті көне музыкалық аспаптарды игеріп, этно-рок музыканты да болған. Ең қызығы, ол Қаржы полициясы академиясына оқуға түсіп, кейін 3 жыл сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің тергеушісі болған. Алайда Ануардың айтуынша, құқық қорғау жүйесіндегі жұмыс оның ішкі дүниесіне жақпаған, содан ол қызметтен кеттен.
«Тарихқа деген қызығушылық ҚазҰУ-дың тарих факультетіне алып келді. «Археология және этнология» мамандығында магистратураны тәмамдадым. Педагогигалық практика кезінде сабақ беру өзіме қатты ұнағандықтан мектепте ұстаз болып өзімді сынап көрейін деп шештім. Нәтижесінде «Алматы Ұстазы» конкурсында гран-при иеленіп, еңбегімнің жемісін көріп отырмын. Жуырда Финляндия елінен ұстаздарға арналған академиялық тағылымдамадан өтіп келдім», — дейді Ануар.
Видеосабақ түсіруге не түрткі болды?
Ануар History sensei Youtube-арнасын жүргізеді. Ол оқушылардың жиі қолданатын әлеуметтік желілердің, компьютерлік ойындардың, манга-анимелердің, жастар қызығатын музыка мен арт жанрларының элементтерін саралап, тақырыпқа сай енгізіп сабақ өткізуге тырысады. Себебі оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын ояту үшін мұғалім алдымен балалардың назары мен құрметіне ие болуы керек. Жас ұрпақпен психологиялық байланысты сезіну, олардың мүдделерін түсіну және олармен бір арнада болу аса маңызды.
Мұғалімнің сөзінше, видеосабақ жасау идеясына COVID-19 пандемиясы себеп болған.
«Карантин уақытында оқушылардың сабаққа ынтасы күрт төмендеп кетті. Олардың қызығушылығын арттыру үшін креативті әдіс қолданғым келді. Балалардың қабылдауына жеңіл әрі қызықты болсын деп өзімді әртүрлі кейіпкерге салып, көмекшім ретінде мысығымды түсіріп, тарих пәніне қатысты видео жасадым», — дейді Ануар.
Сабақ беру әдістеріңіз қандай? Балалар оны қалай қабылдайды?
Қазіргі жас буын ақпаратты клиптік ойлау арқылы қабылдайтынын айтады Ануар. Яғни оларға қысқа, ыңғайлы, әрі санасында жарқ етіп қалатын бейнелер қажет. Сол себепті оның сабақта қолданатын негізгі әдістері: перформанс, жеке өмірімнен мысал және таңдау мүмкіндігін беру.
«Перформанс — ол жарқ ету сәті, оған сабақта аяқ астынан музыкалық аспап, би, өлең, қалжың, арнайы бейнеролик, кенеттен стандарттан тыс жағдай тудыру сияқты тәсілдер жатады. Оқушы санасында сондай сәттер жақсы сақталады, ал онымен бірге соған қатысты сабақтағы ақпарат та есте қалады.
Сабақ тақырыбына байланысты жеке өмірден мысал келтіру де өте ыңғайлы, өйткені оқушыға сонау замандағы алыс патшалықтағы тарихи тұлғаның тағдырына қарағанда алдында тұрған ұстазының өмірі қызығырақ. Сондай-ақ тақырып өту барысында оқушының ақпаратты, әдісті және тапсырманы таңдау мүмкіндігі болса, оның сабаққа деген ынтасы артады», — дейді Ануар.
Оқушыларыңызға қандай баға бересіз?
«Оқушыларымның барлығын жақсы көремін. Үлгерімі жағынан белгілі бір себептерге байланысты ақсаңдайтындары болса да, балалардың жан-дүниесі пәк. Кез келген игі бастамаға ашық. Оқу үдерісімен қатар балаларда өз-өзіне және қоршаған ортаға жауапкершілік сезімін оятып, қоғамға пайдалы жеке және ұжымдық әрекет арқылы өздерін дамыту жолдарын көрсетуге тырысамын.
2021 жылы мен сынып жетекшісі ретінде 5-сынып оқушыларыммен өз мектебімізде «Селективный сбор мусора в школе» жобасын жасап «Балалар бастауы» қалалық байқауында жүлдеге ие болдық. Осы жобаның арқасында мектеп оқушылары мектеп пен үйіндегі қоқысты сұрыптай отырып, қоршаған ортаны таза ұстауды ұғынып, оған қоса таудағы табиғатты аялап, қоқыс жинауға да белсене қатыса бастады», — дейді Ануар.
Қазақстанның жастар саясатына көзқарасыңыз қандай?
Ануар Қазақстанның жастарға қамқорлығы жақсы жаққа өзгеріп келе жатыр деп ойлайды. Жалпы, мемлекеттік жүйе деңгейінде жетілдіруді талап ететін мәселелер көп. Оны шешу үшін Финляндияның білім беру жолын үлгі етіп алуға болатынын айтты.
«Мысалы, Финляндиядағы оқушылардың білім көрсеткіштері халықаралық рейтингтерде алдыңғы қатарда. Неліктен? Себебі олардың білім жүйесі әр оқушының тең дәрежеде білім алуына жағдай жасауға негізделген. Яғни, оларда қала мен ауыл мектептерінің білім сапасы, құрал-жабдықтары, тамақтануы жағынан айырмашылығы жоқ: барлығы тегін, толық қамтамасыздандырылған. Мектептер беделі жағынан бөлінбейді. Оларда негізгі қағида — теңдік, бізде әзірге негізгі қағида — бәсекелестік», — дейді Ануар.
Оның айтуынша, Финляндияда мемлекет Білім басқармасына, Білім басқармасы мектептерге, мектеп ұстазға, ұстаз оқушыға сенеді. Бізде әзірге вертикалды жүйе, бұл жүйеде адамдар сенімге емес, тексеріске, статистикалық көрсеткіштерге сүйенеді. Соның негізінде біраз дүние тек қағаз жүзінде, есеп беру деңгейінде қалып қояды.
«Әрине, қазіргі жағдайда біздің қоғам сенім негізінде ғана болашақты қалауға дайын емес. Алайда біз бар байлығымызды жастардың тәрбиесіне, біліміне, әлеуметтік жағдайына жұмсауымыз керек. Сонда ғана оң мен солды ажырата алатын, еркін ойлайтын, игі құндылықтарға бай, саналы ұрпақ тәрбиелеп шығамыз деп сенемін», — дейді мұғалім.