Темірлан бала кезінен батыл болды: Темірлан Енсебектің әкесі не дейді?
Темірлан Енсебек екі айдан бері тергеу изоляторында қамауда отыр. Оның бала кезінен әділдік іздегені рас па, әлде бұл қасиет кейін қалыптасты ма? Әзілге деген сүйіспеншілігі қайдан пайда болды? Әкесі ұлының қоғамдағы белсенділігіне қалай қарайды?
Бұл сұхбатта біз Темірланның балалық шағы, мінезі және қазіргі өміріне әсер еткен жайттар туралы оның әкесімен сөйлестік.
Балалық шағы: қандай қызығушылықтары болды?
Темірланның әкесі ұлының кішкентайынан жан-жақты, кез келген тақырыпқа өзіндік көзқарасы бар бала болғанын айтады. Ол отбасында кенже болғандықтан, ерке әрі еркін өскен. Бірақ сонымен бірге әділдікке жаны жақын, айналасындағы оқиғаларға бей-жай қарамайтын еді.
— Сатираға қызығатынын байқағаныммен, осындай парақшасы бар екенін жақында ғана білдім. Ол кішкентай кезінен өз ойын ашық айтатын. Бұрын сатиралық әзілі жоқ болатын, келе-келе достарымен, бізбен қалжыңдасатын болды. Еуропада оқыған соң, саясатқа қызығушылығы күшейе түскендей көрінді. Демалыста басқа елдерге барып, ұзақтау қалып қоятын. Кейін шетелден оралғанда елдегі жағдай көзіне бірден көрінген болуы керек. Мектеп жасынан-ақ саясатқа қатысты өзіндік ойы болатын, — дейді ол.
Сатираның күші: әлемдік тәжірибе не дейді?
Темірлан да әзіл арқылы қоғамдағы мәселелерді көрсетуді таңдады. Оның әкесі бұл шешімге таңғалмағанын айтады:
— Оқуын бітіріп келген соң бір жыл әкімшілік қызметте жұмыс істеді. Бірақ жүйені көріп, көңілі толмай, әрең шыдап жүрді де, ақыры кетіп қалды.
Жақындары оның әділеттілікке деген ұмтылысын қалай қабылдады?
Темірлан бала кезінен-ақ әділдікке жақын еді. Оның мінезі бауырмал, ақкөңіл болатын. Аға-әпкелеріне жанашыр, достарына адал. Бұл қасиеттер оны белсенді азаматқа айналдырды.
— Qaznews24 жайлы алғаш екі полиция қызметкері алып кеткенде ғана білдім. Бұрын білмесем де, қазір күнде оқып жүрмін. Баламның кінәсіз екенін білемін. Сатира – әдеби жанр ғой. Ол тек қоғамдағы әділетсіздікті көрсетуге тырысты. Күнара Маша екеуміз барып тұрамыз.
Темірланның әкесі баласының осы батыл қадамын мақтан тұтатынын жасырмайды:
— Баламды осындай батыл қадамдары үшін мақтан тұтамын. Екінің бірі айналыса алмайтын дүниені жасағаны дұрыс. Біз оны бала кезінен шыншылдық пен әділдікке үйреттік. Әділдік қай жерде болса да көзге көрінеді, оны халыққа көрсетудің айыбы жоқ.
Әке жүрегі баласын күтеді
Сөзінің соңында Темірланның әкесі бір сәт үнсіз қалды.
— Бар тілегіміз – Темірланымыз аман-есен бостандыққа шығуы. Мен сот үкімінің әділ болатынына сенемін. Ол міндетті түрде ортамызға оралады. Анасы қатты сағынып жүр. Күтеміз…