Даяшы болып жұмыс істегенде нені білу керек?

Даяшы болу жас талғамайды. Дегенмен мейрамхана мен дәмхана басшыларының өзіндік қоятын талаптарына сай даяшылар жас ерекшелігіне байланысты қабылданады. Олардың қатарындағы жасөспірімдер шамадан тыс жұмысқа жегіліп, ақысы желінсе, кімге барып шағымданған дұрыс? Құқығы тапталса, не істеуге болады? Мұндайда кім қорған? Заңгер Мақсат Бақытбекұлы жауап берді.

Заң бойынша неше жастан бастап даяшы болып жұмыс істеген дұрыс?

Заңгердің сөзінше, әр адам өз бетінше 16 жастан бастап еңбек етуге толық құқылы. Егер жасөспірім 15 жаста болса, онда ата-анасының рұқсатымен, сенім хатын алып жұмыс істеуіне болады. Жасөспірімдер 14-15-16 жасынан бастап жұмыс істеуге қабілетті. Бірақ жұмыс беруші мекемелер қажет құжатты сұрату арқылы ғана жұмысқа қабылдауы керек. Сонымен қатар бұл жастағы балалар мектеп жасында болғандықтан, сабақтан тыс уақытта жұмыс істегендері дұрыс.

Қай жастан бастап даяшыларға банкет, тойханаларда түнгі ауысымға шығуға болады?

«Жасөспірімдерді 15-16 жастан бастап тамақтану орындары даяшы ретінде жұмысқа қабылдап жатады. Мейрамхана мен дәмханалар бекіткен жұмыс режиміне сәйкес даяшылар таңғы 9.00 ден түнгі 00.00-де қайтады. Заң бойынша, мұндай жұмыс режиміне жасы 18 жасқа толған жастарды алу қажет», — дейді Мақсат. 

Сабақ уақытында жұмыс істегені үшін студентке айыппұл салына ма?

«Иә, бұл сабақтан қалу фактісімен қарала отырып, сабақ уақытында өзге мекемеде жұмыс істеу әрекеті бойынша табылған жағдайда 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап айыппұл 3 АЕК (қазір бұл 10 350 теңге) құрайды», — дейді заңгер. 

Мейрамханаларда даяшының қызыметі үшін 10 пайыз ақы алынады. Бұл қаншалықты заңды?

Мақсаттың айтуынша, көп жағдайда тамақтану орындарында тұтынушыдан 10 пайыз алынатыны жайлы түбіртекте көрсетіледі. Көрсетілмеген жағдайда даяшы төлемді алмас бұрын ескертсе, заңсыз болмайды. Егер мүлдем ескертілмей ақы алынса, тұтынушы алдын ала ескертілмегенін алға тартып, бас тартуға құқылы.

Даяшыға қызметі үшін 10 пайыз ақысы берілмесе немесе ол клиентке әкелген тағамның кемшіліктері үшін айлығы азайса, не істеу керек? Осыған ұқсас әділетсіздік бойынша кімге шағымданған дұрыс?

  1. «Мұндай мәселелер туындамауы үшін алдымен еңбек шарты бойынша жұмыс берушімен шарт жасасу керек. Келісім шарт жасасуға келісетін дұрыс мейрамхана не басқа да тамақтану орындарын таңдаған дұрыс.

  2. Келісім шарт жасасу үшін екеуара қажеттіліктеріңізді тізіп, қол қоясыз. Жұмыс берушінің өз мөрі мен қол қойғанын қадағалаңыз. Келісім шарт екі дана болуы керек. Бірі жұмыс берушіде, екіншісі өзіңізде болады. Қандай да бір құқық бұзушылық болса, келісім шарт негізінде құқығыңызды қорғай аласыз.

  3. Келісім шарт жасасу барысында болуы мүмкін әділетсіздіктердің алдын алыңыз. Мысалы: даяшының қызметі үшін берілетін 10 пайыздық төлем толықтай даяшыға берілуі керек; тапсырыс берілген тағам шикі не басқа да кемшіліктерінен кері қайтарылса, тек аспазға шағымдану; бекітілген жұмыс режимінен артық уақыт жұмыс істемеу; даяшыға жүктелген міндеттерден бөлек жұмыстарды жасауға міндеттемеу және тағы сол сияқты жағдаяттар болуы мүмкін. Егер ақыңыз желініп, құқығыңыз тапталса, өз қалаңыздағы еңбек инспекциясына жүгіне аласыз.

  4. Құқығыңыз тапталғаны жөнінде шағымдану үшін келісім шарттан бөлек дәлелді айғақтар болса, шағымыңыз екі есе нәтижесін береді. Видео, фото, куәгерлер немесе аудио жазба жасап, дәлелдер жинағаныңыз жөн», — дейді Мақсат. 

Жұмыс беруші келісім шартты елемесе немесе мойындаудан бас тартса, не істеу керек?

Заңгердің сөзінше, жұмыс беруші дау кезінде келісім шартты жыртып тастауы мүмкін. Мұндай жағдайда өзіңізде бар данасын алып, заңгердің көмегіне жүгінесіз. Қолыңызда бар келісім шартпен сотқа дейін бара аласыз. Сотқа жүгінбес бұрын жұмыс берушімен бейбіт түрде ортақ мәмілеге келуге тырысып көрген абзал.

Жұмыс беруші жұмысқа қабылдау кезінде келісім шарт жасасудан жалтарса, не істеу керек?

Маманның айтуына қарағанда, келісім шарттың маңызын, екі жаққа да тиімді екенін еске салған дұрыс. Егер сіздің айлығыңызды толық бермесе келісім шарт арқылы заңға жүгініп, ала алсыз. Ал егер сіз мекеменің қандай да бір мүлкіне залал келтірсеңіз, ол келісім шарт бойынша келтірілген шығынды заңды түрде өндіре алады. Оған да көнбесе, басқа жерден жұмыс қарастырған дұрыс.

Жалақыңызды толық өндіріп алу үшін қайда бару керек?

«Өз қалаңызда еңбек инспекциясының көмегіне жүгіне аласыз. Ол үшін 1414 нөміріне шағымданып, хабарласуға болады. Қоңырау шалу тегін. Не болмаса, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтына шағымыңызды жаза аласыз. Шағымыңызда мына нәрселер қамтылуы керек: шағымның себептері, талаптарыңыз, байланыс деректері және даяшы болып істеген мекеменің мекенжайы. Егер сізде шағымыңызды растайтын құжаттар болса, көшірмесін қосыңыз», — дейді Мақсат. 

Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»