Жұмыс беруші неге ақысыз еңбек талап ете алмайды?

Фото: Алекс Котлярский, unsplash.com

Тағылымдама көбіне жұмысқа орналасудың алғашқы қадамы болып есептеледі. Алайда кейбір жұмыс берушілер үміткерлерге «кәсіби қабілетін тексеру» үшін бірнеше апта тегін жұмыс істеуді ұсынады немесе қызметкерді ресми түрде жұмысқа қабылдамай, сынақ мерзімін белгілеуде. Нәтижесінде адам нақты еңбек міндеттерін орындаса да, жалақы алмай, еңбек заңнамасында көзделген кепілдіктерге ие болмайды. Youth.kz бұл мәселені қарастыруды шешті. 

Еңбек кодексінде не жазылған?

Ең алдымен, еңбек шарты жұмыс басталғанға дейін жасалуы керек. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 33-бабына сәйкес, еңбек шарты жазбаша немесе электрондық нысанда жасалады. Ал 24-бапта тараптардың негізгі міндеттері көрсетілген: қызметкер еңбек функциясын орындауға, ал жұмыс беруші жұмыспен қамтамасыз етуге, еңбек жағдайларын жасауға және жалақыны уақтылы төлеуге міндетті.

Сонымен қатар 33-бап бойынша адамды жұмысқа жіберу еңбек шарты жасалғаннан кейін ғана жүзеге асуы керек. Егер жұмыс берушінің кінәсінен шарт рәсімделмесе, бірақ адам іс жүзінде жұмысқа кіріссе, еңбек қатынастары жұмыс басталған сәттен бастап туындаған болып есептеледі. Демек, шарттың болмауы жұмыс берушіні өз міндеттерінен босатпайды.

Сонымен қатар, сынақ мерзімі ақысыз жұмыс істеу дегенді білдірмейді. Еңбек кодексінің 36-бабы еңбек шартын жасасу кезінде сынақ мерзімін белгілеуге мүмкіндік береді. Әдетте оның ұзақтығы үш айдан аспауы керек. Кейбір басшылық лауазымдар үшін арнайы ерекшеліктер қарастырылған.

Сынақ мерзімі кезінде қызметкерге еңбек заңнамасының барлық нормалары қолданылады. Оның жалақы алуға, демалуға, қауіпсіз еңбек жағдайларына және әлеуметтік кепілдіктерге құқығы бар. Сынақ мерзімінің болуы жұмыс берушіге жалақыны кешіктіруге немесе мүлде төлемеуге құқық бермейді. Егер еңбек шартында сынақ мерзімі туралы талап көрсетілмесе, қызметкер сынақ мерзімінсіз жұмысқа қабылданған болып есептеледі.

Жұмыс беруші еңбек қатынастарын ақысыз тағылымдама ретінде көрсете алмайтынын да атап өткен абзал. Қызметтің атауы немесе жұмыс кезеңінің қалай аталатыны еңбек қатынастарының құқықтық сипатын анықтамайды. Егер адам күн сайын кеңсеге келіп, басшының тапсырмаларын орындаса, белгіленген жұмыс кестесін сақтаса, материалдар әзірлесе, клиенттермен жұмыс істесе немесе компанияға қажетті басқа міндеттерді атқарса, мұндай қатынастар еңбек қатынастарының белгілеріне ие болуы мүмкін.

Мысалы, редакция жас журналистке бір ай бойы тегін мақала жазуды, редакциялық жиналыстарға қатысуды және тапсырмаларды орындауды ұсынып, содан кейін ғана жұмысқа қабылдау мәселесін шешетінін айтса, бұл тәжірибенің мақсатына қатысты сұрақ туындайды. Компания тағылымдама арқылы ақысыз еңбек күшін пайдаланып отырған жоқ па?

Мұндай жағдайда вакансиядағы атауға емес, жұмыстың нақты шарттарына назар аудару қажет. Егер іс жүзінде еңбек қатынастары қалыптасса, жұмыс беруші Еңбек кодексінің талаптарын орындауға міндетті.

Жұмыс берушіге қандай жауапкершілік қарастырылған?

Еңбек шартын жасаспай адамды жұмысқа жібергені үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 86-бабында әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Айыппұл мөлшері жұмыс берушінің санатына байланысты.

 

Бір жыл ішінде қайталанған құқық бұзушылық үшін айыппұл мөлшері артады. Жалақыны төлемеуге байланысты заң бұзушылықтар үшін ӘҚБтК-нің 87-бабында жеке жауапкершілік көзделген.

Тегін тағылымдамадан өту әрдайым заңсыз ба?

Жоқ. Қазақстан заңнамасы білім беру бағдарламасының бір бөлігі болып табылатын кәсіби практиканы жалақы төлемей өткізуге мүмкіндік береді. «Білім туралы» заңның 38-бабына сәйкес, білім алушылардың кәсіптік практикасы теориялық білімді бекітуге және практикалық дағдыларды қалыптастыруға бағытталған. Оның мерзімі, мазмұны мен шарттары оқу жоспарлары және білім беру ұйымы мен кәсіпорын арасындағы келісімдер арқылы айқындалады.

Еңбек кодексінің 118-бабында жұмыс берушілердің кәсіптік практика мен өндірістік оқытуды ұйымдастыруға қатысуы қарастырылған. Ал 119-бап дуальды оқыту аясында білім алушыларға өтемақы төлеу мүмкіндігін көздейді. Осыған байланысты екі жағдайды ажырату қажет:

Оқу практикасы. Студент білім беру бағдарламасы аясында практикадан өтеді, ұйымның жұмысымен танысады және кәсіби дағдыларын жетілдіреді. Практика тиісті келісімдер негізінде ұйымдастырылады. Мұндай практика ақысыз болуы мүмкін.
Тағылымдама түрінде көрсетілген нақты еңбек. Адам тұрақты түрде қызметкердің міндеттерін орындайды, басшының тапсырмаларын алады, жұмыс кестесін сақтайды және компания пайдаланатын нақты нәтижелерді өндіреді. Мұндай жағдайда қатынастар еңбек қатынастары деп танылуы мүмкін. Демек, жұмыс беруші еңбек шартын рәсімдеп, жалақы төлеуге міндетті.


Жұмыс беруші еңбек шартынсыз жұмыс істеуді ұсынса, не істеу керек?

Егер жұмысқа орналасуға үміткерге ақысыз сынақ мерзімінен өту немесе бірнеше апта жұмыс істегеннен кейін ғана еңбек шартын жасасу ұсынылса, бірнеше жайтқа назар аудару қажет.

Біріншіден, жұмыс берушіден қандай келісім немесе шарт жасалатынын және тағылымдамадан өтушінің міндеттері қандай болатынын нақтылау керек. Екіншіден, хат алмасуды, жұмыс тапсырмаларын, кестені, құжаттарды және нақты жұмыс істегенін дәлелдейтін басқа материалдарды сақтап қойған жөн.

Егер еңбек қатынастары басталып кетсе, бірақ жұмыс беруші шарт жасасудан немесе жалақы төлеуден бас тартса, аумақтық еңбек инспекциясы департаментіне жүгінуге болады. Сондай-ақ өтінішті e-Otinish платформасы арқылы беруге немесе сотқа жүгінуге мүмкіндік бар. Еңбек шарты рәсімделмеген жағдайда жұмыс беруші тарапынан нақты жұмыс істегенін дәлелдейтін материалдарды сақтау маңызды.

Осыған дейін, Youth.kz жұмыстан қалай дұрыс шығуға болатынын, қанша уақыт жұмыс істеу керектігін және заң бойынша қандай төлемдер қарастырылғанын қарастырған болатын.

 

Читайте также


Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»