Нұсқаулық: бейбіт жиынға хабарламаны қалай жазамыз?

Malika Autalipova / Adamdar CA

20 тамызда Нұр-Сұлтанда Талдыкөлді қорғау митиңі өтеді. Қала әкімдігі алғашында бейбіт жиынға рұқсат етпей, бірнеше хабарландырудан кейін ғана келісім берді. Қазақстанда әкімдікпен бейбіт жиын өткізуге келісу лотореяда ұтумен тең. Өйткені билік кімнің өтінішін қанағаттандырып, ал кімге рұқсат етпейтінін болжау өте қиын. Азаматтық белсенді Равкат Мухтаров бейбіт митинг ұйымдастыруға қатысты тәжірибесін бөлісіп, митинг туралы хабарламаны дұрыс толтыру әдістерін айтты.


2020 жылы қабылданған «Бейбіт митинг заңын» Қазақстан билігі прогрессивті, демократияға сай заң деп таныстырды. Биыл наурыз айындағы жолдауында президент Тоқаев осы пікірді тағы бір мәрте қайталап, заң бұдан әрі өзгермейтінін айтты. Дегенмен құқық қорғаушылар осы заң саяси билік түсіндіргендей демкоратиялы емес дейді. Адам Құқығының Жалпыға Бірдей Декларациясы, Азаматтық және Саяси Құқықтар туралы Халықаралық Пакт, Қазақстан Конституциясы – қай құжатты алып қарасақ та, бұлардың барлығы азаматтар бейбіт жиын өткізуге құқылы деп айтады. Бірақ жергілікті әкімдіктер «қаладағы жөндеу жұмыстары», «жоспарланған іс-шаралар», «профилактикалық амалдар», т.б. мыңдаған себепті алға тартып, бейбіт митинг өткізу құқығын жиі шектейді. Мысалы, астаналық белсенді Айгерім Шадеева Украинаны қолдау митингін өткізуге төрт мәрте өтініш берген – төртеуінде де түрлі себеппен өтініші қанағаттандырылмады. Тек бесінші өтінішке Нұр-Сұлтан әкімдігі келісім берді. Дегенмен кейінірек қаладағы Есіл ауданының әкімдігі ол жерде «жөндеу жұмыстары» жүретінін айтып, келісілген уақытта митинг өткізу мүмкін емес екенін түсіндірген. Айгерім Украинаны қолдап бейбіт жиын өткізуге рұқсат ала алмай жатқан сәтте, әкімдік Amanat партиясы мүшесінің Тоқаевты қолдауға шақыратын митингісіне
рұқсат еткен. Бір қызығы, ол адам бір уақытта екі түрлі орында митинг ұйымдастыруға келісім алған. 

Бейбіт жиындар несімен маңызды? Алматыда өткен лас ауаға қарсы митинг ұйымдастырушысы Равкат Мухтаров оны қоғамда диалог жүргізудің бір жолы деп қарастырады.

«Билік басындағылар диалог жасайтын өзге жолдың бәрін жауып тастаған, адамдар олармен осы құралды пайдаланып хабарласа алады. Өкінішке қарай, қазір қоғамның қолында билікке өз сұранысын жеткізетін құралдар тым аз: билік бізді тыңдаудан қалған»

– дейді Равкат

Ол бейбіт жиындар аймағымыздың, мемлекетіміздің менеджерлерімен диалог жүргізудегі маңызды тетіктердің бірі, сонымен қатар, бейбіт митингілер –  қоғамның әділетсіздікке қарсы табиғи реакциясы, өзгерістерді талап етуі деп есептейді.

«Митингілер үніміздің естілуі үшін маңызды – митингілер ақпаратты көпшілікке жеткізіп, адамдарды мәселені шешуге тартудың ең әсерлі әдісі болып қала береді»

– дейді жас белсенді

Электронды өтініштер сайты арқылы хабарлама жолдау

Равкат Мухтаров елімізде митинг жайлы хабарлама жіберетін өте жақсы әрі ыңғайлы жүйе бар екенін айтады.

«Өкінішке қарай, жақсы жүйенің болуы - бейбіт жиын өткізу құқығымыздың қорғалуына әлі де кепіл емес»

– дейді Равкат

Ол осыдан біраз бұрын митинг өткізуге өтінішті қалай сауатты толтыру керектігі жайлы шағын нұсқаулық жазған. Біз белсендінің нұқсаулығына сүйене отырып, бейбіт жиынға өтінішті толтыру тәртібін ұсынамыз:

  1. Ең алдымен, электронды өтініштер сайтына (eotinish.gov.kz) кіріп, авторизациядан өту қажет. Ол үшін ЭЦҚ (электронды цифрлы қолтаңба) және NCALayer плагині қажет болады. (E-gov электронды үкімет порталына бұрынырақта тіркелген болсаңыз, сол жердегі құпиясөз және SMS код арқылы да кіре аласыз).
  2. Одан әрі «Өтініш беру»Арыз
  3. Мемлекеттік орган ретінде қалаңыздың әкімдігін таңдайсыз
  4. «Сипаттама» деген бөлімге митинг туралы хабарлама мәтінін орналастырасыз (мәтіннің үлгісі төменде)
  5. «Картадан көрсету» және «Файлдар» деген тұсқа ештеңе жазудың қажеті жоқ, оларды бос қалдыруға болады
  6.  Сонымен қатар, «Нақты тұрғылықты мекенжайы» бөлімін толтыру да маңызды (болашақта полициямен ыңғайсыз қарым-қатынас болмас үшін тіркелген мекенжайыңызды көрсетуге де болады). Равкаттың астанадағы митинг жайлы өтінішіне тұрғылықты мекенжайын көрсетпегені үшін теріс жауап келген. Сондықтан ол хабарлама мәтініне мекенжайды да қосқан. 
  7. Осылардың бәрін орындаған соң ЭЦҚ арқылы қол қойып, арызды әкімшілікке жолдайсыз.

 

Митинг жайлы хабарламаның мәтіні

Билік органдары хабарламадағы болмашы бір қатені немесе хабарландыруда ақпараттың толық ұсынылмауын сылтауратып, митинг өткізуге рұқсат етпейтін жағдайлар жиі кездеседі. Сондықтан бүкіл құжатты талапқа сай толтыру маңызды. Төменде Равкат ұсынған үлгіні (жақша ішіндегі түсіндірмелерімен) бірге ұсынып отырмыз.

«Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне (бейбіт жиынды қай қалада өткізуді жоспарласаңыз, хабарламаны сол қаланың әкімдігіне бағыттайсыз) »митингтің атауы және себебі» (мысалы, Таза ауа құқығы митингі) бейбіт жиынын өткізу жайлы хабарлама 

Жиналыс формасы: митинг (немесе бір адамдық пикет)

Ұйымдастырушы: толық аты-жөні

Нақты тұрғылықты мекенжайы: _______

ЖСН: _________

Митинг өтетін орын: «қала мәслихатының шешіміне сай орынның атауы» (Астана: adilet.zan.kz  Алматы: adilet.zan.kz осы құжаттарда көрсетілмеген орынды жазсаңыз, әкімдік бейбіт жиынға рұқсат етпеуі мүмкін)

Басталу уақыты: нақты күн және сағат

Аяқталу уақыты: нақты күн және сағат

Қатысушылар саны: шамамен неше адам қатысатынын жазасыз (қатысатын адамдар саны митинг өтетін орын ауданына шақ болуын есепке алу керек. Мысалы, Алматыдағы Уәлиханов алаңына 1000 адам сыяды, ал астанадағы цирк маңындағы алаң шамамен 500 адамға арналған. Қатысатын адамдар хабарламада көрсетілген алаңға сыймайтын болса, әкімдік бейбіт жиынға келісім бермеуі мүмкін).

Митингіде қолданылатын құралдар: Баннерлер, плакаттар, транспаранттар мен басқа да агитациялық материалдар және дыбыс күшейткіш құралдар - микрофон, колонкалар және/немесе дыбыскүшейткіш пайдалану жоспарланған. Сондай-ақ, сахна құру жоспарланып отыр. Киіз үйлер, шатырлар және басқа да сахнадан бөлек құрылыстарды пайдалану жоспарланбаған (осы тұсқа митинг кезінде не нәрселерді қолданатыныңызды және не нәрселерді қолданбайтыныңызды түгелімен, оның ішінде, киіз үй жайлы міндетті түрде жазған жөн).

Іс-шараның уақыт регламенті: 

мысалы, 12:00 - 12:10 - _____

12:10 - 13:00 - ______

13:00 - 14:20 - ______

Ұйымдастырушының электронды почтасы: ________

Ұйымдастырушының ұялы телефон нөмірі:  _________

Мен осы хабарламадағы деректерді жинауға және өңдеуге келісемін.

Қаржыландыру көзі: өз жинақтарым және Қазақстан азаматтарының ерікті қайырымдылықтары. (Бейбіт жиналыстар туралы заңға қайшы болмас үшін қаржыландыру көзін де жазған жөн: adilet.zan.kz )

Хабарламаның жіберілген уақыты: _______,

Қолы: Хабарлаушының толық аты-жөні 

Сонымен қатар хабарламаның соңына мынадай өтініш қосуға болады: Қала әкімдігінен бейбіт жиынды өткізуге көмектесуін: дыбыс күшейткіштер үшін электр қуаты көзін беруді, сондай-ақ жиналғандардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз етуге көмек көрсетуін сұраймыз.

 

Митингіні сапалы ұйымдастыру 

Митингіні ұйымдастыру әкімдікке хабарлама жіберумен бітпейді.

«Кез келген митингіні жақсы өткізу үшін апталар бойы тынымсыз еңбектену қажет. Әрине, ең алдымен мықты ұйымдастыру тобы керек, өйткені мұншама жұмысқа жалғыз адам үлгермеуі мүмкін»

– дейді Равкат

Оның айтуынша, ұйымдастыру тобы митингіде көтерілетін мәселеге көпшіліктің назарын аударумен айналысуға тиіс: әлеуметтік желіге жазбалар жариялап, БАҚ-пен байланысуы, танымал адамдарды тартып, іс-шараны өткізу регламентін құрастыруы керек.

«Соңғы тәжірибеме сүйенсек, ұйымдастырушылар митингінің дұрыс форматын таңдағаны өте маңызды – бұл 2 сағаттық сөз сөйлеу болсын, әлде бірнеше сағаттық ұрандар, әндер және басқалары болсын. Бұл жерде адамдарға не маңызды екенін және қоғам сұранысын қалай қанағаттандыру керегін алдын ала ойластырған жөн»

– дейді белсенді

Равкат Мухтаров шетелде оқып жүргенде бірнеше мәрте бейбіт жиынға қатысқанын айтты. Ол демократиялы мемлекеттегі өзі қатысқан бейбіт митингілерден мынадай ерекшеліктер байқаған: 

  1. Адамдардың көп келуі:   мектеп оқушылары, кішкентай баласын жетектеген ата-аналар, студенттердің көптеп қатысуы;

  2. Қала басшылығы мен полицияның рөлі: мемлекет құрылымдары наразылыққа шыққан халыққа барынша қауіпсіз жағдай жасауға тырысады – көшелерді босатып, митинг қатысушыларына агрессиялы топтан қорғап, көше қозғалысындағы өзгерістер жайлы хабарлап отырған.

  3. Ірі басылымдардың рөлі:  Бір де бір ірі акция БАҚ-тың назарынан тыс қалмайды - журналистер тұрғындарға маңызды болуы мүмкін оқиға жайлы хабарлап, өз кәсіби міндетін атқарады. 

Университеттердің ұстанымы: олар наразылыққа қатысқан студенттерді оқудан, жатақханадан шығармайды, жазаламайды.

«Қазақстанда бейбіт жиындар ұйымдастырған кезде шыдамды болу және заңды білу өте маңызды – әкімдік қызметкерлері әдетте конституциялық құқықтарымызға қайшы келетін түрлі кедергілерді қойғанды ​​ұнатады. Оның үстіне әкімдік қызметкерлері әдетте митингілерге рұқсат бермейді, сондықтан шыдамдылық танытып, қатаң заң аясында әрекет ету керек (бұл жерде, әрине, «келісілген» митингілер туралы сөз болса). Әйтпесе, заң әдетте біздің жағымызда емес»

– дейді ол
Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»