Университетте пара сұраса, не істеймін?

2021 жылы 44 мың алматылық жемқорлыққа қатысты сауалнамаға жауап берген. Нәтижесінде респонденттер білім беру саласын ең жемқор органдардың бірі деп атаған. Олардың антирейтингінде бұл сала 3-орында тұр. 

Мысалы, биыл Атыраудағы Хәлел Досмұхамедов университетінде 8 оқытушының жемқорлықпен ұсталғаны әрі жұмыстан шығарылғаны белгілі болды. Мамыр — емтихандар кезі болғандықтан жемқорлық көбейе түсуі мүмкін. Сондықтан біз заң ғылымдарының магистрі, заңгер Бахтияр Ғалымжановтан жемқорлыққа тап болғанда не істеу керегін сұрадық. Парақорлардың қалай жазаланатынын да білдік. 

Комиссияға дастархан жаю пара болып есептеле ме?

Заңгердің айтуынша, комиссия алдын ала дастархан жаю керегін айтса әрі ол туралы студенттер мен комиссияның арасында келісім болса, бұл жемқорлық болып есептеледі. Ал комиссия мен студенттер арасында дастархан жаю алдын ала келісілмесе, студенттер өз бетімен жалпы сомасы 2 АЕК, яғни 6 900 теңгеден аспайтын дастархан жайса, бұл әрекетті жемқорлыққа жатқызбауға болады. Бірақ комиссия емтихан кезінде ешқандай заңсыз іс-әрекет жасамауы керек. Соның өзінде адамдар тәртіптік немесе әкімшілік түрде қудалануы мүмкін. Бұл туралы ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабында жазылған. 

Оқытушыға гүл не сыйлық беру пара ма?

«Студент өз еркімен жалпы сомасы 6 900 теңгеден (2 АЕК) аспайтын сыйлық не гүл сыйласа әрі бұл сыйлық бір рет берілсе, оқытушы ол студенттің білім деңгейіне оң әсер ететін заңсыз әрекеттерге бармаса, бұл «Пара беруге» жатпайды. Қалған жағдайдың бәрінде бұл — жемқорлық», — дейді заңгер.

Мен емтиханда жемқорлыққа тап болсам, не істей аламын?
«Құқық қорғау органдарына пара беру не бопсалау әрекеттерінің болғанын хабарлай аласыз. Пара берген адам құқық қорғау органдарына жемқорлық туралы өзі хабарласа, қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. 

Пара беруден бас тарту — жағдайды шешетін ең дұрыс әрі заңды жол. Оқытушы не университеттің басқа қызметкерлері сізден ешқандай жағдайда ақша талап ете алмайды. Сондықтан бұл туралы университеттің басқармасына да, Ғылым және жоғары білім министрлігіне де шағым жаза аласыз. Бастысы, сізді біреу бопсаласа, оны видео немесе аудиоға жазып алған жөн. Өз сөзіңізге дәлел келтіру үшін бұл қажет», — дейді маман. 

Жемқорлық туралы хабарлау жолдары

  1. Жемқорлық туралы Egov порталында шағым жазып, хабарлай аласыз. Сілтемесі мынау: https://egov.kz/cms/ru/services/job_search/pass29_gp

  2. «Ашық диалог» сайтында да Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысына хат жолдауға болады. Сілтемесі: https://dialog.egov.kz/blogs 

  3. 010000, Астана қаласы, Сейфуллин көшесі, 37 мекенжайы бойынша Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне немесе жемқорлықтың болған жері бойынша өңірлік департаменттерге жазбаша өтініш жасауға да болады. Жазбаша өтініш шаблоны мына сілтемеде: 

  4. Сонымен қатар, Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің сall-орталығы 1424 номері бойынша тәулік бойы жұмыс істейтінін еске сала кеткен жөн. Қоңырау шалу тегін.

Пара бергендер қалай жазаланады?

«Ал ҚР Қылмыстық кодекстің «Пара беру» 367-бабы бойынша, мемлекеттік лауазымды тұлғалардың немесе оларға теңестірілгендердің өзіне не делдал арқылы пара берген адамның мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымды атқаруға тыйым салынады әрі берген пара сомасының жиырма еседен бастап отыз есеге дейінгі мөлшерде айыппұл төлейді. Олай болмаса, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады. 

Коммерциялық университеттерде жемқорлықпен ұсталғандар ҚР Қылмыстық кодексінің 253-бабы бойынша жазаланады. Коммерциялық не басқа да ұйымдарда басқару қызметін атқаратын тұлғаға пара берген адам 5000 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл төлейді немесе түзету жұмыстарына салынады. Не болмаса, 1200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады немесе бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығы шектеледі не дәл сондай мерзімге түрмеге қамалады», — дейді заңгер.

Бахтиярдың айтуынша, парақорлыққа делдал болғандар ҚР Қылмыстық кодекстің 368-бабы бойынша, өмір бойы белгілі бір қызметте жұмыс істеуге тыйым салынады. Сонымен қатар, оның мүлкі тәркіленіп, пара сомасының он еседен жиырма есеге дейінгі мөлшерде айыппұл төлейді. Не болмаса, үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады. 

Алдын ала келісілген, аса үлкен мөлшерде пара берген не бірнеше рет жемқорлыққа барған адамдар тобына жаза күшейтіледі.

Пара алғандар қалай жазаланады?

«ҚР Қылмыстық кодексінің «Пара алу» 366-бабы бойынша, жемқорлардың мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымды атқаруға өмір бойына тыйым салынады әрі алған пара сомасының жиырма еседен бастап елу есеге дейінгі сомасын айыппұл ретінде төлейді. Не болмаса, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады. 

Ал коммерциялық не басқа да ұйымдарда лауазымды тұлға пара алса, оның мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымды қызметті атқаруына екі жылға дейінгі мерзімге тыйым салынады. Сонымен қатар, 5000 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл төлейді немесе түзету жұмыстарына салынады. Не болмаса, 1200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады немесе бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығы шектеледі не дәл сондай мерзімге түрмеге қамалады.

Бірнеше рет немесе алдын ала сөз байласқан, аса ірі мөлшерде парамен ұсталған жемқорлардың жазасы ауырлайды», — дейді ол.

Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»