Нұсқаулық: Көршілеріңіз балаларына жиі қол көтереді, не істеу керек? 

Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, биыл сәуірде әкесі 6 жастағы баласын үйге шақырғанда келмегені үшін ұрып-соққан. Нәтижесінде бала емханаға түскен. Мұндай жағдайлар қоғамда жиі кездеседі. Тіпті қабырғаның ар жағынан көршілердің баласына қол көтергенін естіп жатамыз. Ондай кезде не істеу керек? Бұл туралы халықаралық құқық саласындағы заңгер Анастасия Холодовадан сұрадық.

Көршілеріңіздің баласын жиі ұрып-соғатынын байқасаңыз, қандай шара қолдануға болады?

«Халықаралық қауымдастық қана емес, мемлекет те, тіпті кез келген адам да балалардың зорлық-зомбылық көрмеуіне қарсы тұра алады. Сол себепті «Көршілерім балаларын ұрып жатқанын естісем, не істеймін?» сұрағының жауабы өте қарапайым: әрекет ету керек әрі құқық бұзатын қылықтарды заң жүзінде тоқтату қажет. Балаларды қорғау тетіктері бар әрі олар жұмыс істейді. Бастысы, заң сіздің жақта екенін ұмытпай, шетте қалмау керек!», — дейді заңгер.

Анастасияның айтуынша, балаға қауіп төніп тұрғанын түсінген сәтте, яғни не болып жатқанын көрмесеңіз де, тікелей куә болмасаңыз да, баланың айқайы мен түрлі дыбыстарды естісеңіз, 102 номеріне хабарласып, жағдайды айта аласыз. ҚР Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 17 шілдедегі № 439 бұйрығына сәйкес, құқық қорғау қызметкерлері түскен шағым-өтініштерге көңіл аударуы тиіс. 

102-ге хабарласқан кезде сіз толық ақпарат беріп, нақты адресті айтуыңыз керек. Ең бастысы, жүйеде қалып, оператордың жауабын күтіңіз. Себебі полиция бөлімшелерінде көпарналы номер қолданылады. Телефонды қойып, қайтадан хабарлассаңыз кезектің соңына түсесіз. Сондықтан сабыр сақтап, оператордың жауабын күткен дұрыс. 

«2021 жылдың 1 ақпанында «102» мобильді қосымшасы іске қосылды. Оны қолданып, сіз фото, видео, аудиоларыңызды, мекенжайыңызды тіркеп, не үшін хабарласқаныңызды жазып, полиция көмегіне жүгіне аласыз. 

Сондай-ақ, өзіңіздің аудандағы полиция бөліміне барып, барлық мән-жайды сипаттап, аудио, видео, фото болса, тіркеп, шағым қалдыруға болады. Бұл жағдайда талон нөмірін сақтау маңызды. Талонда тіркеу нөмірі мен күні көрсетіледі, сол арқылы шағымыңыздың қалай қаралып жатқанын білуге болады. Егер шағымды қандай да бір себептермен полицейлер қабылдағысы келмесе, онда сол полиция бөлімінің басшысына жүгіне аласыз», — дейді заңгер.

Басқа көршілер сіздің шағымға көз жұмып қараса, не істеу керек?

Анастасияның айтуынша, баланың жәбірленуін тоқтату үшін сіздің шағымыңыз ғана жеткілікті. Алайда бала, қарт, науқас сияқты өзін-өзі қорғай алмайтын адамдарға өзге адам мүмкiндiгi бола тұра көмектеспесе, Қылмыстық кодекстің 119-бабының 1-тармағы бойынша жазаланатынын ескерген жөн. 

Полицейлер қол қусырып отырса, не істеу керек? 

Заңгердің айтуынша, полиция қызметкерлері ештеңе істемесе, онда eOtinish.kz веб-порталы арқылы прокуратураға шағым жібере аласыз. Порталда өтініш түріне «шағымды» таңдап, мемлекеттік орган түріне «Прокуратураны» белгілеп, сіздің бұған дейін шағымыңызды қарамаған орган атауын жазасыз. Шағымда мән-жайды сипаттасаңыз жеткілікті. Егер полиция бөлімшесінің берген талоны болса, оның номерін де жазу керек. eOtinish.kz веб-поталы өтініштерді 14 жұмыс күн ішінде қарайды. 

Прокуратураның жауабына қанағаттанбасаңыз, онда қалалық, облыстық не соңғы сатыға — Бас прокуратураға жүгіне аласыз. Соның өзінде шағымдарыңыз еленбесе, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге жүгінуге болады әрі орын алған жағдай бойынша бала құқықтары жөніндегі Омбудсменнен қолдау сұрай аласыз. Бүгінде бұл әрекеттің бәрін смартфон мен интернеттің көмегімен жасауға болады.

Қазақстанның бас обудсмені Аружан Саин мен қалалық обудсмендердің телефондары мен контактілері мына жерде көрсетілген. 

Бала құқықтарын қандай заң қорғайды? Оны бұзған адамдарды не күтіп тұр?

«Бала құқықтары бірталай құқықтық актілер арқылы қорғалады. БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясы мен ҚР Конституциясынан бастап, әртүрлі нормативтік құқықтық актілердегі жекелеген баптарға дейін заңдар баланың құқығын қорғайды.  

Баланы жәбірлеген ата-анаға не болуы мүмкін? Бәрі зорлық-зомбылық әрекетінің қаншалықты ауыр болғанына әрі қандай жағдайға әкелгеніне байланысты. Егер зорлық-зомбылық нәтижесінде бала физикалық ауыртпалық сезініп, бірақ денсаулыққа жеңіл зиян келмесе, онда жәбірлеушіге 10 АЕК, яғни 34 500 теңге мөлшерінде айыппұл салынады, не болмаса ол 10 тәулікке дейінгі мерзімге қамалады. Бұл туралы ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінде жазылған. 

Егер мұндай құқықбұзушылық бір жылдың ішінде қайталанса, жәбірлеуші 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алынады. Ал әкімшілік қамаққа алуға болмайтын топтар — жүкті әйелдер, 14 жасқа дейінгі балалары бар әйелдер, 18 жасқа толмағандар, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, 58 жастан асқан әйелдер, 63 жастан асқан еркектер мен 14 жасқа толмаған балаларын өзі тәрбиелеп отырған еркектерге 30 АЕК, яғни 103 500 теңге көлемінде айыппұл салынады», — дейді Анастасия.

Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»