Жаңаөзендіктер неге көтеріліске шықты?
Әлеуметтік желілерде жаңаөзендіктердің 700 мың теңгелік табысқа келіспегенін айтып, қаралап жатқандар көп. Бірақ олардың бұл мүмкіндіктен бас тартуына не себеп болды? Жаңаөзеннің әлеуметтік-экономикалық жағдайы қандай? Мамандармен сөйлесіп, мұнайшылардың наразы болуына не себеп болғанын білдік.
«Жұмысшылар 700 мыңға емес, тұрақсыздыққа наразы»
Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев жаңаөзендіктердің көтеріліске шығуына бірнеше себеп бар екенін айтты. Оның ең біріншісі — тұрақсыздық. Жұмысшылардың 700 мың теңгелік айлыққа емес, тұрақсыз келісім шартқа көңілі толмайды. Сол үшін де олар наразы.
«Бұл жердегі мәселе табыстың көлеміне қатысты туындаған дау емес. Түп тамырында жергілікті компания тендер ұтып алып, жұмысшыларды жұмысқа орналастыру талабын көтерген болатын. Бұл жердегі мәселе — жұмысшылардың тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілмеуінде. Қазіргі қалыптасқан жүйе бойынша адамдар тек қысқа мерзімді жұмыспен қамтылады да, қалған уақытта жұмыссыз қалады. Жұмысшылар сол мәселені шешуді талап еткен. Ол орынды. Себебі кез келген адам жұмысқа тұрғанда тұрақтылықты қалайды. Бір жылға емес, одан да ұзақ қаржылық жоспар жасайды. Міне сондай психологиялық-материалдық тұрақтылықты сезіну үшін мұнайшылар қалыптасқан тендердік жүйені өзгертуді сұрап отыр», — дейді Серік.
Әлеуметтанушының сөзінше, бұл проблема жұмыс беруші мен жұмысшының арасында белгілі бір мәмілеге келу арқылы шешілетін еді. Бірақ біздегі жағдайда, өкінішке қарай, «ҚазМұнайГаз» сияқты үлкен корпорацияның жұмысшылармен диалог құруға, компромистік шешімге келуге ынтасы жоқ. Заң негізінде біздікі дұрыс, сіздер ұтылып қалдыңыз деген позиция ғана бар. Сәйкесінше, жұмысшылардың басқа амалы болмағандықтан олар Астанаға барып, осылайша өзіне назар аударғысы келді. Екі тарап арасында диалог болмаса, кикілжің осылай ушығып кетеді.
«Әлеуметтік-экономикалық теңсіздікті ескеру керек»
«Екінші мәселе тереңірек, ол — әлеуметтік теңсіздік мәселесі. Біздің елде, соның ішінде Жаңаөзен қаласында әлеуметтік-экономикалық теңсіздік өте айқын көрініс табады. Онда мұнай өндірілетіндіктен халықтың бір бөлігінің әл ауқаты жоғары, ал екінші бөлігінің жағдайы нашар. Осындай қарама-қайшылық — үнемі конфликтілердің туындауына тағы бір себеп. Сол себептен Жаңаөзеннен келген жұмысшыларды бірінші кезекте мемлекеттік пропаганданың нұсқаулығымен қаралап жатыр. Екіншіден, кейбір сарапшылар контекстіні ескермей пікір бөлісіп жүр. Яғни мұндағы әлеуметтік-экономикалық теңсіздік контекстіні негізге алған жөн», — дейді әлеуметтанушы.
Әлеуметтік-экономикалық теңсіздік орын алған қалаларда наразылықтың болуы — заңды құбылыс дейді Серік Бейсембаев. Сондықтан бұл мәселе — тек жұмысшылардың проблемасы емес, Маңғыстауда қалыптасқан әлеуметтік теңсіздіктің көрінісі. Сәйкесінше, атқарылатын іс-әрекет те осы контекстіні есепке ала отырып жасалуы керек. Бұл — тек бір жұмысшылар тобы не бір компанияның мәселесі емес, Жаңаөзендегі көптеген әлеуметтік-экономикалық проблемаларды жоспарлы түрде жүйелі шешу мәселесі.
«Жергілікті билік дұрыс жұмыс істесе, жергілікті проблема республикаға тарамайтын еді»
«Сонымен қатар, мемлекет жұмыс істейтін мемлекеттік институттарды қалыптастыруы керек еді. Мемлекеттік институт дегеніміз — сол елдімекендегі халықтың сеніміне ие билік қалыптастырған институттар. Мысалы, сот немесе әкімдік, мәслихат сияқты жергілікті басқару органдары дұрыс жұмыс істемесе, осындай жергілікті проблемалар мемлекет деңгейіне шыға береді.
Жалпы, адамдардың наразы болуы, конфликтінің туындауы — қалыпты нәрсе. Кез келген мемлекетте бірдеңеге көңілі толмайтын топ болады. Үнемі конфликті болады. Ал осы конфликтіні шешетін тетіктерді мемлекет қалыптастырады. Негізгі мәселе осы жерде жатыр. Ол тетіктер жұмыс істесе, онда мұнайшылар наразданып, адвокат жалдап, соттың әділ шешіміне жүгінер еді әрі ол шешімді екі тарап та мойындайтын еді. Бірақ біздің жағдайда жұмысшылар сотқа сенбейді, оған бармайды да. Халықта ақша кімнің жағында сот соған ыңғайлап шешім шығарып береді деген түсінік бар. Сондықтан қанша жерден әлеуметтік мәселені шешіп, экономикалық жағдайды дұрыстағыңыз келсе де, халықты қайта оқытсаңыз да, әр адамның мүддесі қорғалмаса, кішігірім проблеманың өзі осындай үлкен наразылыққа әкелетін болады», — дейді әлеуметтанушы.
Маңғыстаудың экономикалық жағдайы қандай?
Public Policy Research Center директоры әрі экономист Меруерт Махмұтова Қазақстанда бойынша инфляция Маңғыстау облысында ең жоғары деңгейде екенін айтты. Былтыр желтоқсан айында республика бойынша азық-түлік бағасы орташа есеппен 25% өссе, Маңғыстау облысында ол 31% көтерілген. Ақылы қызмет бағасы да Қазақстан бойынша орташа есеппен 14% өссе, Маңғыстауда 17,8% көтерілген.
«Жалпы, Маңғыстау облысында ауыз су мәселесі бар, сондықтан ауыл шаруашылыққа бұл аймақ қолайсыз. Азық-түлік пен ақылы қызмет бағасының өсіп отырғаны ба осыдан деп ойлаймын. Сол үшін халыққа тұрақты жұмыс пен табыс керек. Келісім шарт бойынша жұмыспен қамтылып, зейнетақы қорына 10% төленетіндей, тұрмыс жағдайын жақсартатындай табыспен қамту керек», — дейді Меруерт Махмұтова.
Экономистің сөзінше, 2005 жылы Қазақстанда соңғы рет кедейлікке байланысты UNDP зерттеу жасаған. Онда да ең жоғары кедейлік ауылдық жерде — Маңғыстау (63%) мен Атырау (55%) облыстарында болған.
«Қазір Қазақстан мүлде кедейлікті мойындамай оған қатысты зерттеу өткізбейді. Статистикалық ақпаратпен бүкіл республика көлемінде 4-5% кедейлік бар дейді. Бірақ шындыққа қарасақ, 2005 жылдан бері көп ештеңе өзгерген жоқ. Әлі күнге дейін ауылдық жерлерде, әсіресе Маңғыстау өңірінде адамдардың тұрмысы нашар», — дейді сарапшы.
«Халыққа қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік болмаса, онда Жаңаөзенді кеңейту стратегиясы үлкен қате болды»
Қаржыгер Расул Рысмамбетовтың айтуынша, мұнай өндіру саласында сервис қызметіне жыл сайын тендер жарияланады. Сервис қызметіне тікелей мұнай қазу жұмыстары емес, жүк машинасын айдау, арнайы техникалық қызмет көрсету сияқты жұмыс жатады. Не үшін олар бұл тендер жүйесіне қарсы? Жұмысшы бір компанияда істейді, бірақ биыл тендерді басқа компания ұтып алса, ол жұмыссыз қалады. Ал Жаңаөзенде еңбек нарығының кішкентай болғаны соншалық, не «ӨзенМұнайГаз», не сервистік компанияда ғана жұмыс бар. Бұл Жаңаөзендегі жұмыс күшінің тым көп, ал жұмыс орындарының аз екенін көрсетеді. Аймақтағы жағдайды жақсарту үшін базалық қолайлы жағдай жасай бастау керек шығар. Ал халыққа қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік болмаса, онда Жаңаөзенді кеңейту стратегиясы үлкен қате болды.
«Әр тендерден соң жұмыссыз қалғысы келмейтін мұнайшылармен келісемін. Қазақстан 10-15 жылдан бері мұнай саласынан басқа салаларды дамытқан жоқ, еңбек нарығын кеңіте алмай отыр. Енді қазір онда құм, мұнай мен наразы халық қана қалды. Ауыл шаруашылығы да, туризм де дамыған жоқ. Басқа жұмыс орындарын жасақтаудың орнына, Жаңаөзен мұнай саласына ғана бейімделіп қалған. Әрине, бұл — орталық биліктің емес, халықпен диалогқа түспеген, қалауын сұрамаған жергілікті атқарушы органдардың қатесі», — дейді Расул.