Жазықсыз ұстап әкету: «митинг» қалай өтті?

Елімізде экстремистік деп танылған «Қазақстанның Демократиялық таңдауы» оппозияциялық қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязов 25 қазанда митинг болатынын хабарлаған. Қазақстанның ірі қалаларында жоспарланған рұқсатсыз митингілердің орнына адамдарды себепсіз ұстап әкету байқалды.

Митинг талабы

Мұхтар Әблязов өз парақшасында талаптарды жариялады. Олар: экспорттық кәсіпорындардағы жалақыны арттыру, зейнеткерлерге жинақ жүйесі арқылы қосымша ақы төлеу, жәрдемақыларды арттыру, барлық тұтынушылық несиелерді есептен шығару, тегін медицина және білім беру, қайта өңдеу ақысын жою және саяси тұтқындарға бостандық беру. Сонымен қатар митинг өтетін орны мен уақыты да көрсетілді.

«Митинг» қалай өтті?

Алматы қаласында Орталық мәдениет және демалыс саябағында полиция қызметкерлері таңертеңнен кезекшілікте тұрған. Саябақта және оның маңайында интернет өшіріліп, әлеуметтік желілер де, браузерлер де қолжетімді болған жоқ.

Orda.kz мәліметінше, дәл осы саябақта полиция қызметкерлері 6-ға жуық адамды ұстап әкеткен. Олардың ешбірі плакат ұстап, ұран айтпаған. Сондай-ақ Гоголь көшесіндегі кварталдардың бірінде терезеден «Алға, Қазақстан!» деп айқайлаған ер адамды алып кеткен. Оған қоса, орындықта сабақ оқып отырған екі студент те белгісіз себептермен ұсталынған.

88 жастағы әже митинг болады дегенді естіп, Орталық саябаққа барған. Әкімдік қызметкері оны белгісіз жаққа алып кеткен.

Митинг жоспарланған Алматының басқа жерлері тыныш болды. Интернет өшірілген жоқ. Қала тұрғындары балаларымен Арбатты жағалап, көше жәрмеңкесіне қатысты. Жібек жолы көшесіне еркін жүруге болды. Дегенмен тәртіп сақшылары периметрі күзетуді тоқтатпады.

Астанада Орталық жағалау мен Кенесары ескерткішін полицейлер күзеткен. Қала әкімдігінің ішкі саясат басқармасының өкілдері де болған. Интернет өшіретін құрылғылары бар көліктер байқалған. Азаттық тілшісінің айтуынша, Астанада полиция кемі төрт адамды ұстап әкеткен. Бұдан бөлек, астаналық белсенді Нұрбол Өнерхан Facebook парақшасында тікелей эфирге шығып, өзін полиция бөлімшесіне әкетіп бара жатқанын айтты.

Оралдағы орталық алаңда белсенді Болат Жармұхамедов ұсталды.  Жартысы азаматтық киім киген сегіз тәртіп сақшысы Жармұхамедовті жерге құлатып, аяқ-қолынан ұстап, полиция көлігіне қарай алып кеткен.

Өскемен, Тараз, Павлодар, Қарағанды, Ақтау қалаларында митинг байқалған жоқ.

Сонымен бірге митинг қарсаңында бірқатар белсенді қамауға алынды.

“Ұжымдық Назарбаевпен” күрес

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел арасына іріткі салып, тұрақтылыққа қауіп төндіретін кез келген сөз бен әрекет қатаң жазаланатынын жеткізген еді. 

Осы орайда журналист Дина Елгезек желіде былай деп пікір білдірді:

«...Президент мырза! Халықтың мұңын мұңдалап жүрген қоғамдық лидермен күрескенше, 30 жыл елдің быт-шытын шығарған жемқорлар мен діни экстремистер, елді қайыршылыққа жеткізген “ұжымдық Назарбаевпен” күресіңіз! Тісіңізді соларға қайраңыз! Солармен өштесіңіз! Бүлікті жасап, билікке таласып жүрген саяси күрескерлер емес, солар. “Кланмен соғыс” тым созылып барады. Не бүк, не шік қылыңыз! Жедел шешім қабылдап, нақты іске көшіңіз! 30 жыл елді дамытуға білім-қайраттары жетпеген қасыңыздағы былшылбайларды қуыңыз! Мықты команда жасақтаңыз! Елдегі ішкі проблемамен айналысатын уақыт келді».

Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»