Сhat GPT пайдалану есте сақтау мен ойлау процесін бұзады

MIT университеті жасанды интеллект адамның ойлау қабілеттеріне әсерін зерттеді.

MIT университеті жасанды интеллект адамның ойлау қабілеттеріне әсерін зерттеді. Chat GPT сияқты бағдарламаларды қолдану когнитивті атрофияны тудыратыны анықталды — бұл адамның есте сақтау, шоғырлану, талдау және ойлау сияқты ақыл-ой функцияларының баяулауы немесе әлсіреуі. Біз сізге егжей-тегжейлі айтып береміз.

Есте сақтау қабілетінің төмендеуі

Зерттеуге қатысқандардың ми белсенділігіне магниттік-резонанстық томография (МРТ) арқылы бақылау жасалды. Тәжірибе кезінде адамдарға эссе жазу тапсырылды: бір топ ChatGPT-ді қолданса, екінші топ өз бетімен жазды. Нәтижесінде, ChatGPT қолданғандардың 83,3 пайызы бірнеше минут бұрын жазған мәтінінен бірде-бір сөйлемді есіне түсіре алмады. Ал өз бетімен жұмыс жасаған қатысушыларда мұндай мәселе байқалмады. Бұл дерек жасанды интеллектіні пассивті пайдалану адамның жад жүйесіне теріс әсер етуі мүмкін екенін көрсетті.

Ми белсенділігінің төмендеуі

Ми жұмысы кезінде нейрондар арасындағы байланыс (нейрондық желінің байланыстығы) 79 пайыздан 42 пайызға дейін түскен. Нейрондық желі — ми жасушаларының (нейрондардың) ақпарат алмасуы үшін құратын байланыс жүйесі. Бұл желінің белсенділігі – адамның ойлау, есте сақтау, шешім қабылдау қабілетінің көрсеткіші. Бұл — нейрондық активтіліктің (нейрондардың өзара әрекеттесу деңгейі) 37 пайызға азаюын білдіреді. Бұл тәжиребедегі ең төмен көрсеткіш. 

Тіпті ChatGPT қолдануға тыйым салынғаннан кейін де, жасанды интеллектке жиі жүгінген қатысушылардың ми белсенділігі төмен күйінде қалды. Олардың нейрондық және ойлау процестері әлсіз болды, бұл тапсырмаларды орындау барысында айқын байқалды: олар ЖИ мүлде қолданбаған адамдарға қарағанда нашар нәтиже көрсетті. Ғалымдар бұл құбылысты когнитивтік атрофия* деп сипаттады.

Когнитивтік атрофия — адамның есте сақтау, назар шоғырландыру, талдау және ойлау секілді ақыл-ой функцияларының баяулауы немесе әлсіреуі. Бұл бұлшық етті жаттықтырмаса әлсірейтіні сияқты, ми да үнемі ойланбаса "жалқауланып" қалады. ЖИ-ға тым көп сүйену адамның өз бетімен ойлау қабілетін тежейді.

Тек көмекші құрал

Зерттеу көрсеткендей, ChatGPT секілді жасанды интеллект құралдары тапсырмаларды орындау уақытын шамамен 60 пайызға қысқартады. Алайда бұл жеңілдікпен қатар, адамның тиімді оқуына қажет пайдалы ақыл-ой жүктемесі* 32 пайызға төмендейді. Басқаша айтқанда, тапсырма тез орындалғанымен, адам миы аз жұмыс істейді, ал бұл жаңа білім мен дағдыны меңгеруге кедергі келтіреді.

Когнитивтік жүктеме — бұл ақпаратты түсіну, талдау және жадыда сақтау үшін миға түсетін интеллектуалдық күш. Ол шынайы үйренудің негізгі құралы болып табылады.

Сондықтан жасанды интеллекттің көмегімен бір нәрсені жылдам орындауға болады, бірақ терең меңгеру мен шынайы даму үшін адам өзі ойлануы, салыстыруы және қорытынды жасауы тиіс. ЖИ — тек көмекші құрал, бірақ үйрену процесінің өзегі бола алмайды.

ЖИ қай кезде пайдалы болуы мүмкін?

Алайда зерттеу нәтижелері көрсеткендей, ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген топ — алдымен тапсырманы өз бетімен орындап, тек кейін ғана жасанды интеллектті қосқан қатысушылар болды. Бұл қатысушылардың есте сақтау қабілеті жоғары, нейрондық белсенділігі жақсы және бағалары да үздік болған. ChatGPT алғашында пайдалы болып көрінгенімен, ол біртіндеп адамның өздігінен ойлау қабілетін тежейді. Дайын жауапты алғаннан кейін адам өз бетімен ойлануға онша ұмтылмайды. Сол себепті жаңа ақпаратты терең түсіну мен есте сақтау қабілеті қиындай түседі.

Сондықтан мәселе жасанды интеллектті қолдануына тыйым салуда емес, оны саналы және мақсатты қолдануда. Таңдау әрбір қолданушының өз қолында: когнитивтік борыш жинап, технологияға тәуелді болу немесе керісінше, ойлау қабілетін дамытып, ЖИ-ті тек көмекші құрал ретінде қолдану. Бұл зерттеу бір нәрсені анық көрсетті — қандай жағдайда да адам өз ойын қолдануды үйренуі тиіс. Жасанды интеллект жауап бере алады, бірақ ойлану қабілетін тек адам өзі дамытады.

Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»