Үш жыл орындалмаған уәделер: азаматтық қоғамдағы жылдың (жоқ) нәтижелері

Сайлауалды науқанның аясында президент 2023 жылы орындалатын көп уәде берді. Біз ол уәделердің денсаулық сақтау мен білім беру саласында қаншалықты іске асқанын бұған дейін талдадық. Бүгін енді тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, жемқорлыққа қатысты қандай іс-шаралар жүзеге асқанын, азаптау үшін жауапкершіліктің қалай күшейтілгенін, мемлекет қызметкерлерінің қаншалықты өнімді жұмыс атқарғанын қарастырғымыз келіп отыр. 

Спойлер: Берілген уәденің көбі орындалған жоқ, кейбіріне қатысты тіптен ешқандай жұмыс жүргізілмеген де.

Партияаралық диалогты дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау, салауатты саяси бәсекелестікті қамтамасыз ету және жетілген, жауапты сайлау мәдениетін қалыптастыру.

Нәтиже

2023 жылы Қазақстан кезектен тыс парламент сайлауын өткізіп, мәжіліс депутаттарын анықтады. Партия тізімдері бойынша сайлауға 7 саяси партия қатысты, олардың тек біреуі – Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – оппозициялық болды. Одан бөлек, өзін-өзі депутаттыққа ұсынғандар кездесті. Бірақ бұл сайлауда салауатты саяси бәсекелестіктің иісі де шыққан жоқ. Мысалы, Аманат партиясының үгіт-насихат жұмыстары сайлау науқанына дейін-ақ басталып кеткен: «Мердігер сыртқы жарнаманы уақытынан бұрын шығарып қойды». Кейін бірқатар тәуелсіз кандидат сайлаудан шеттетілді. Олардың қатарында «Алға, Қазақстан!» тіркелмеген оппозиция партиясының мүшесі әрі марафоншы – Марат Жыланбаев та болды. 

 Журналист Динара Егеубаева өзіне, баласына шабуыл жасалғанына қарамастан парламент мәжілісінің депутаты болуға өз кандидатурасын ұсынды. Сайлауға қатысу тәжірибесіне сүйеніп отырып, ол президенттік сайлау алдында берген уәдесі орындалмағанын айтты:  

«Аймақтық комиссиялардың хаттамасын бермей, сайлау учаскелерінде ашықтан-ашық бюллетендердің заңсыз лақтырылғанына, нәтижелердің ұятсыз әрі өрескел түрде бұрмаланғанына бәріміз куә болдық. Біздің есептеуіміз бен ОСК берген нәтижесі қиыспай қалды. Тоқаев қандай уәде берсе де, ештеңені өзгертпейді. Оған сайлауды бақылауда ұстау маңызды. Әйтпесе, билігін жоғалтып алады, ал бұл – оның ең үлкен қорқынышы». 

ЕҚЫҰ есебіне сәйкес, сайлау күні Бас прокуратура 66 шағым мен хабарлама алып, бөтен адамның атынан дауыс беру айыбы бойынша 25 іс қозғаған. 128 учаскенің 56-сында дауыс санау үрдісі бұзылған. 49 сайлау учаскесінде бақылаушыларға дауыс санау үрдісін бақылауға кедергі келтірілген.

Нәтижесінде, салауатты саяси бәсекелестікке жеттік деу қиын: Билік кандидаттарды түрлі себептермен сайлауға қатыстырған жоқ, дауыс санау үрдісін бұзды, ал Марат Жыланбаев саяси белсенділігі үшін 7 жылға сотталды.

Қылмыстық қудалау орбитасында қалған азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту.

Нәтиже:

2023 жылдың басынан бері 45 адам азаптау айыбы бойынша жауапқа тартылды. Билік азаптау үшін қылмыстық жауапкершілікті қатаң ете түсті (енді осы бап бойынша қылмыскер ең жоғары жаза – 12 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін). Бірақ 2023 жылдың қыркүйегінде әлеуметтік желіде азаматтық белсенді Тимур Данебаевты колония қызметкерлерінің ұрып-соққан видеосы тарады. Билік оған байланысты қызметтік тексерістің басталғанын мәлімдеп, Тимурды Астанадағы тергеу изоляторына ауыстырды. Алайда тексеріс нәтижелері әлі жоқ. Бұдан басқа да азаптау ісі бойынша кездесетін жағдайлар аз емес: Қаңтар оқиғасының құрбандарына қатысты тергеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. 

Жемқорлыққа қарсы күрес бойынша кейінгі іс-шаралар қабылдау.

Нәтиже:

2022 жылы жемқорлық жөніндегі сотқа дейінгі аяқталған істер бойынша тергеп-тексеру нәтижесінде бюджетке келтірілген залалдың 108 млрд теңгесі қайтарылды. Жалпы, мемлекет 653 млрд теңгеге жуық мүліктік активтер мен ақшалай қаражатын қайтарып алды. 

2023 жылдың статистикасы әлі толық шыққан жоқ, бірақ әр айдың мәліметін бөлек-бөлек салыстырсақ, жемқорлықтың артқанын байқауға болады. Мысалы, 2023 жылдың тамызында жемқорлықтың материалдық залалы 60,8 млрд теңге, ал 2022 жылдың тамызында бұл көрсеткіш 2,3 млрд теңге болған. Яғни бір жылда жемқорлық шамамен 30 есеге арта түскен. Қараша айы бойынша да статистика бұған ұқсас: 2023-тің қарашасында бұл қылмыс бойынша залал көрсеткіші 47,4 млрд теңгеге жетіп, одан бір жыл бұрынғы қараша көрсеткішінен 7,6 есе асып түскен. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, 2023 жылдың алғаш 10 айында елімізде 1500 қылмыс тіркелген, оның 1100-ден астамы әшкереленді. Жемқорлық бойынша ұсталғандардың 158-і – әртүрлі деңгейдегі басшылар. Салыстырмалы түрде қарастыратын болсақ, 2022 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында 1,6 мың жемқорлық қылмысы тіркелді, оның 118-і әкімдер мен құрылымдық бөлімшелердің қызметкерлері болған. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тағы бір «нәтижесі» – Қазақстан жемқорлық бойынша құрылған рейтингіде 87 елдің арасында Гватемала мен Камбоджаждан кейін 75-орында тұр. Бұл туралы US News хабарлады. Рейтингі елдің қарапайым тұрғындары мен қонақтарының көзқарасы бойынша жаһандық қабылдауына негізделген.

Статистикалық мәліметтерге сүйене отырып, екі қарама-қайшы қорытынды жасауға болады: Қазақстанда не жемқорлық артты, не жемқорлықты анықтау жұмыстары жақсарды. Алайда тұрғындардың пікірінше, елде жемқорлық гүлдеп тұр. Оған Қазақстанның халықаралық рейтингілерде төмен орналасуы себеп.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту.

Нәтиже:

Бір жылда заңнамалық өзгерістер болған жоқ. Бірақ 1 шілдеден бастап полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін «тіркеу» әдісінен «анықтау» әдісіне көшкен. Демек, енді іс қозғау үшін зардап шеккен адам арыз жазбайды, полицейлердің хаттама жасауына куәгерлердің не көршілердің, видеобақылау камерасындағы жазбалардың болғаны жеткілікті. 

Соған қарамастан қылмыстың бұл түріне назар аударылып жатқаны шамалы. Қазандағы қайғылы жағдайдың өзі оған мысал бола алады. Алматыдағы бар күзетшісі құрбанын пышақпен қорқытып, зорлаған. Жапа шеккен қыз полицияға жүгінгенде «қызметкерлер оны қорғаудың орнына қорқытып, мәлімдемесінен айнытуға тырысты».  

Бас прокуратураның хабарлауынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі бойынша полицияға күніне 300 арыз түседі. 2023 жылдың 9 айында әкімшілік жауапкершілікке тек 50 мың адам, ал қылмыстық жауапкершілікке бар болғаны 700 адам тартылған. 

Президенттің бұдан басқа да берген уәдесі аз емес. Оларды бағалау аса қиын. Мысалы, қазақстандықтарға теңдестірілген сыртқы саясат уәде етілді, бірақ оның нақты не білдіретіні түсініксіз. Жастар арасында патриоттық деңгейді арттыру іс-шараларының қабылданып-қабылданбағанын да анықтау қиын болып тұр.

Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»