«Халық парламенті» деген не?
Биыл 19 наурызда өткен сайлаудан кейін «Халық парламенті» пайда болды. Ол қалай құрылды? Жоспарлары қандай? Оған кім мүше бола алады? «Халық парламентінің» мүшесі әрі саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлымен сөйлесіп, құқық қорғаушы Евгений Жовтистің пікірін білдік.
«Халық парламентінің» құрамында кім бар?
Биыл 19 наурызда өткен Парламент сайлауында депутаттыққа кандидат болғандар, журналистер, экономистер, тәуелсіз бақылаушылар мен құқық қорғаушылар бірігіп, «Халық парламентін» құрды. Олар: Рысбек Сәрсенбай, Мұхтар Тайжан, Арман Шораев, Нұржан Әлтаев, Лұқпан Ахмедияров, Айман Тұрсынхан, Оразалы Ержанов, Ерлан Қалиев, Арайлым Назарова, Инга Иманбай, Санжар Боқаев және тағы басқалар.
«Халық парламентінің» басты талабы қандай?
«Халық парламенті» 1 сәуір күні Алматыда алғаш отырысын өткізді. Белсенділердің ең басты талабы өткен сайлауды заңсыз екенін мойындап, қайтадан әділ сайлау ұйымдастыру болды.
«Біз сайлаудың қорытындысымен келіспейміз. Көптеген тәуелсіз кандидат Орталық сайлау комитетіне, Бас прокуратураға, сотқа арыз берді. Енді солардың мәселесін әлі де талқылаймыз… Сайлау комиссиялары тапсырмамен заң бұзды. Оларды билік бүркемелеп, жасырып, жауып қояды. Оларға (Комиссияның заң бұзуына — ред.) прокуратура, жоғарғы сот көз жұмып қарайтын болса, бұрмаласа, қандай мемлекет құрғалы отырмыз? Өте қауіпті мемлекет. Міне, солардың бетпердесін ашатын әлі де шынайы жиын өткізу керек боп тұр» — дейді Рысбек Сәрсенбайұлы.
Олар митингіде қандай талаптар қойды?
9 сәуірде «Халық парламенті» Алматыда Республика алаңында митинг өткізді. Олар наурызда өткен Парламент сайлауын легитимсіз деп танып, биліктен әділдікті талап етті.
«Митинг барысында үкіметтің жасақталу құрамына сенімсіздік білдірдік. Парламентті таратуды талап еттік. Әрине, олар заңды түрде сондай шешім қабылдамайтыны түсінікті. Жасағысы келгенін жасап отыр. Ал бірақ қоғамның, халықтың қабылдауы бар. Ол — басқа нәрсе... Митингіге жиналған адамдардан Қанды қырғынның халықты үрейлендіріп тастағанын байқауға болады. Сондықтан біз мемлекеттің халықты атуға, күш қолдануына тыйым салдыруды негізге алдық. Кеше (биліктің — ред.) қайта-қайта ескертуіне қарамастан митинг өткіздік. Жазаласа жазаласын, біз дайынбыз. Оның үстіне, митинг алаңы саябақта не жатын аудандарда емес, Республика алаңы болуы керек. Ондай да талап қойдық » — дейді Рысбек Сәрсенбайұлы.
Саясаткердің сөзінше, азаматтардың құқығын қорғайтын өркениетті елдің бәрінде алаңдар осындай мақсатқа пайдаланылады. Билікті де, халықты да митингіге үйрету керек. Халық билікті мойындата отырып, сондай өркениетке ұмтылуы керек.
Жаңа Конституция жасау мақсаты
«Алдағы уақытта қолға алатын тағы бір міндеттеріміздің бірі – Конституцияның жаңа жобасын жасау. Қайта-қайта өзгерте бермейтіндей, тұрақты қызмет атқаратын нағыз шынайы демократиялық мемлекет құруға негізделген Конституция жасауымыз керек. Ол бір патша – Назарбаевтың тұсындағы Конституция емес, 1993 жылғы конституцияның негізінде жасалады деп айтуға болады. Себебі көптеген дұрыс мәселелер сол Конституцияда көрініс тапқан. Бұл мақсатта өз үлесін қосып, атсалысқысы келетін адамдармен бірігіп, Конституциямызды жетілдіретін, толықтыратын, өзгертетін тұстарын өзгертіп, оны жаңалаймыз» — дейді «Халық Парламентінің» мүшесі.
«Халық парламентіне» кім мүше бола алады?
Рысбек Сәрсенбайұлының айтуынша, бүгінде «Халық парламентінің» құрамында шамамен 30 адам бар. Олар – Мәжіліс пен мәслихатқа өте алмаған кандидаттар, қоғам белсенділері, саясаткерлер. Сондай-ақ «Халық парламентінің» мақсат-міндеттерін атқаруға шынайы ниеті мен ықыласы бар адам бұл ұйым қатарына қосыла алады. Мүше болу үшін арнайы заң жоқ.
Оның құрылымы қандай?
«Халық парламенті» құрылымы жағынан бірнеше топтан тұрады. Әр топта жұмыс істеуге ниет білдіру мен жұмыс ауқымына қарай адам саны да әртүрлі: үш, бес тіпті он болуы мүмкін. Қазір парламентте жеті топ бар. Олар: «Заңдық мәселелер тобы», «Биліктің жұмысын қадағалау тобы», «Ұрланған қаражатты қайтару тобы», «Қаңтар 2022 тобы», «Экономика және әлеумет тобы», «Тіл және жер мәселесі тобы», және қоғамдық іс-шараларды, митингілерді ұйымдастыратын «Жұмылдырушы топ». Осы топтардың жетекшілері Үйлестіру кеңесін құрайды. Жетекшілерін топ мүшелері өздері сайлап алады. Қаралатын күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты әрбір топ жетекшісі ақылдасу, кеңесу, жұмыс жоспарын бекіту, тағы басқа іс-шараларға ұйытқы болады» — дейді саясаткер.
«Қазақстанға бірлік керек»
Рысбек Сәрбенбайұлының айтуынша, алдағы уақытта «Халық парламенті» елдің басқа аймақтарына барып, жергілікті проблемаларды көтеруге атсалысады. Қоғамдық-саяси тұрғыдан ақпараттық қолдау көрсетуді де жоспарлап отыр. Себебі бұл ұйымның негізгі мақсаттарының бірі — қоғамды біріктіру. Жер-жердегі түрлі тіркелмеген партиялар, қозғалыстар, бірлестіктер, жеке адамдар, белсенділер мен бақылаушылардың бәрін жұмылдырып, Қазақстанды саяси-құқықтық дағдарыстан шығарып, кедейліктен, жемқорлықтан, әділетсіздіктен құтқару керек. Қазақстанға бірлік қажет дейді саясаткер.
Ал құқық қорғаушы әрі қоғам қайраткері Евгений Жовтис бұл парламенттің құрылуына билікте оппозицияның орын таппауы себеп болғанын айтты.
«Халық парламенті» Қазақстандағы плюралистік саяси ортаның жоқ екенінін айқын көрсетіп отыр. Өйткені қазіргі биліктің көзқарасын қолдамайтын адамдар мен оппозиция саяси құрылым деңгейінде яғни парламентте, мәслихатта болуы керек. Мысалы, 90-жылдары қазақстандық парламенттің 30% оппозиция болған. Онда демократиялық та, коммунистік те көзқарасты ұстанатындар, тіпті Адам құқықтары бойынша комитет те кіретін. Қазір ондай ештеңе жоқ, оппозиция ешқандай көрініс таппайды. Соңғы сайлау нәтижесіне қарап, халықтың едәуір бөлігі парламентте сөзін сөйлейтін өкілін ұсына алмағанын байқауға болады. Яғни оппозиция
маргиналданған әрі саяси жүйеге кірмейді. Сондықтан парламентке өтпей қалған кандидаттар бастамашыл топтарының қолдауымен бұл олқылықты осылайша өтеуге тырысып жатыр.
Бұл Қазақстанда құрылған бірінші оппозициялық бастама емес. Парламенттегі оппозицияның орнын өтеуге тырысқан демократиялық күш формалары мен қоғамдық құрылым түрлері бұған дейін де болды. Осылайша саяси альтернатива қалыптастыруға тырысты
Әрине, заң жүзінде ол расталмайды, бірақ мұндай бастамаларға заңдық роль аса маңызсыз. Оған лигитимдік, яғни оны халықтың мойындағаны маңызды. Демек, егер «Халық парламентінде» қандай да бір қоғамдық қолдау болса, онда олардың саяси ықпалы осы қолдауға байланысты болады. Бұл саяси қолдаудың заң жүзінде күші болмаса да “Халық парламенті” саяси процесс үшін аса маңызды. Қоршаған ортаға деген оның саяси ықпалының деңгейі қоғамдық қолдау мен халықтың оның құрамындағы мүшелерін мойындауымен тікелей байланысты.
«Халық парламентінің» құрамында Мұхтар Тайжан, Рысбек Сәрсенбайұлы, Инга Иманбай, Динара Егеубаева, Санжар Боқаев сияқты ықпалды тұлғалар барда бұл бастаманың әжептәуір қолдауға ие болағанын көріп отырмыз. Бұл парламент тұрақты түрде белсенді қызметін жалғастырса, құрамындағы саясаткерлердің саяси карьерасының дамуына әрі олардың келесі сайлауға әлдеқайда белсенді қатысуына түрткі болатынын айта кеткен жөн» — дейді Евгений.