Темірлан Еңсебектін анасы: ұлымның кінәсіз екеніне сенімдімін

Осы аптада Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы, белсенді Темірлан Еңсебектің ісі бойынша Алматыда сот жалғасады. Бізге берге сұқбатында Темірланның анасы Ельмира Тұрғымбаева бұл жағдай оған ауыр тигенін, алайда ұлының кінәсіз екеніне сенімді екенін айтады.

Елмира ханымның сөзінше, ұлы бала кезінен зерек болған.

«Темірлан – менің кенжем, үлкен ағасы мен әпкесі бар. Солардың ортасында еркелеп өсті. Тілі ерте шықты. Бала күнінде өте ширақ, гиперактивті болғандықтан, балабақшада өзінен бір жас үлкен балалар тобына бердік. Солардан қалыспай, барлық жағынан тең болды.

Мектепте де белсенді болды, жақсы оқыды, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары ед і Мектепті тәмамдаған соң Темірлан саясаттану мамандығын таңдады, UIB университетіне оқуға түсіп, сол жерде білім алды. Кейін Польшаға оқуға кетті», – деп бастады әңгімесін Елмира апай.

Ол кісінің сөзінше баласы жан жақты, көп нәрсеге құштар.   

«Балам кез келген адаммен әртүрлі тақырыпта әңгіме қозғай алады: саясат, тарих, өнер, шетел жаңалықтары, дін, басқасы болсын. Кейде мен: «Осының бәрін қайдан білесің, балам?», – деп оны еркелетіп, әзілдейтінмін. Көп адам біле бермейтін шығар, бірақ Темірлан қазақ тілінің нағыз жанашыры. Ол орыс, ағылшын тілімен қатар қазақшаны да жетік біледі», - дейді Ельмира Тұрғымбаева. 

Апай баласының мінезі туралы да айтып берді. 

«Темірлан жүрген ортасында адамдармен тез тіл табысып кетеді. Мейрімді, мінезі өте ашық. Бауырларының балаларымен ойнап, жиі серуенге шығатын. Әкесінің мінезі жұмсақ, біреуге бетке ештеңе айта қоймайды. Ал Темірлан өте шыншыл, өткір мінезді, ойын жасырмай, тура айтады. Осы қасиетін өзіме ұқсатамын, мен де сондаймын. 

Тағы бір ерекшелігі – жомарттығы, қолы ашық, қалтасында соңғы тиыны қалса да, сұраған адамға бере салады. Тез ашуланып, тез қайтады. Қазақта «Жақсы адамның ашуы шай орамал кепкенше» дейді ғой, бұл сөз дәл Темірланға арналғандай. Бір сәт ашуланып, артынан күліп, ойнап кетеді», – дейді анасы.

Баласының басына түскен жағдай анасына ауыр соққы болғаны сөзсіз, қамауға алынғаннан бері ол Темірланды көрмеген.

«Сатира жазатынын білетінмін, кейде көріп те жүрдім. Абай болуын сұрап, сақ болшы деп айтатынмын. Ол маған әрдайым қалжыңдап, «Уайымдамаңыз» дейтін. Бірақ Qaznews24 туралы әкесі екеуіміз кейін білдік.

Темірланымның қазіргі жағдайы жүрегімді ауыртады. Баламды көрмегелі екі ай болды, менімен кездесуге рұқсат берілмеді. Әкесімен кездескен сайын мені сұрайды… Сыртым бүтін болғанымен, ішім түтін». Баламды қатты сағындым…», - дейді Ельмира ханым. 

Темірланның анасы сот әділ өтеді деп үміттенеді және істін ашық қаралуын қалайды.

«Мен баламның кінәсіз екеніне, оның жақында бостандыққа шығатынына сенімдімін. Тәуелсіз мемлекетте сатира мен сөз бостандығы болуы керек. Баламды қолдаймын. Сот әділ әрі ашық өтсе екен ойлаймын. Анасы ретінде күні-түні оның бостандығын тілеп отырмын. Ол еркіндікке шыққан күні қатты құшақтап, бауырыма басып, иіскеп, үнсіз көзіме жас алатын шығармын….

Әкесі екеуіміздің арманымыз – баламыз бостандыққа шығып, отбасылы болғанын көру. Темірлан бізге немере сүйгізсе екен дейміз. Сол күн туғанда бізден бақытты адам болмайтын шығар…», - деп аяқтады әңгімесін Елмира Тұрғымбаева.

Еске сала кетейік, Темірлан Еңсебек 17 қаңтар күні қамауға алынды. Темірланға Qaznews24 паблигінде сатиралық пост жариялағаны үшін “ұлтаралық алауыздық қоздырды” деген айып тағылды. Бұл бап бойынша айыппұл,  2-7 жыл аралығындағы мерзімге бостандығынан айыру немесе еркіндікті  шектеу жазасы қарастырылған. 

Сот 9 сәуір күні, Алматы қаласы, Наурызбай аудандық сотта сағат 11.00 өтеді.  

Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»