Шүкіршілік немесе аймақтар еркінсіздігі
Қостанай, Талдықорған және Орал тұрғындары тозған жол, сапасыз медицина, жұмыссыздық пен қымбатшылыққа шағымданады. Бұл біздегі барлық аймақтардың бүгінгі күйі. Алайда халық барға шүкіршілік етеді. Мұның себеп-салдары мен шешімі туралы Oydetox подкасында зерттеуші Ғалым Жүсіпбек пен Серік Бейсембаев ой қозғайды. Сарапшылар әңгімесіне шолуымызды ұсынамыз.
Шүкірлік тенденциясы
Oydetox авторы, журналист Әйнел Әмірхан мен әлеуметтанушы Серік Бейсембаев «Аймақтар» жобасы аясында Қостанай, Талдықорған және Орал қала тұрғындарымен кездесіп, өңірдегі мәселелерді талқылаған.
Халық инфрақұрылым нашарлығына, жұмыс орындар аздығы мен әлеуметтік қолдаудың жеткіліксіздігіне қарамастан, аса наразылық білдірмейді. Мысалы, фокус-топқа қатысқан талдықорғандықтар жұмыс іздеп Алматыға баратынын айтқан. Ұлттық статистика бюро мәліметі бойынша, Жетісу облысынан 2022 жылы 28 мың адам, 2023 жылы 35 мың адам, ал былтыр 44 мың адам көшіп кеткен.
Серік Бейсембаевтың айтуынша, жергілікті тұрғындарда талап ету қасиеті төмен, барға шүкірлік ету басым.
«Адамдар әуелі жақсы нәрселерді айтады, содан кейін ғана “дегенмен бізде осындай мәселелер бар” деп проблемаға көшеді. Олардың күтетін дүниесі өте аз. Мысалы, “Қалаңызда соңғы жылдары қандай жағымды өзгеріс болды?” деп сұрасаң, “жаңа үйлер салынып жатыр, керемет” деп соны мақтанышпен айтады. Бірақ ол үйлерді сатып алуға олардың шамасы жетпейді. “Әкім келіп еді, жол салды, саябақ салды” дейді. Бірақ бұл – әкімнің тікелей міндеті. Мұны адамдар артықшылық ретінде қабылдамауы керек», - дейді зерттеуші.
«Тәуелсіздік нәтижесі: халық тек өз-өзіне сенеді»
Аталған үш аймақта соңғы жылдары халықтың үлкен қалаларға көшуі үдейген. Оралдықтар көрші Ресейге қоныс аударады. 2024 жылғы дерек бойынша өңірге 47928 адам көшіп келсе, 50674 адам көшіп кеткен. Көші-қон айырымы 2002 жылдан бері тек теріс мәнде өсіп келеді.
«30 жыл тәуелсіздіктің нәтижесінде адамдар өзіне сенуді үйренген. Әлеуметтік мәселелердің шешімін сұрасаң, “мен қосымша жұмыс істеймін, білім аламын, болмаса, басқа қалаға көшіп кетемін” дейді. Жұрт Алматы, Астана сияқты ірі қалаларға ұмтылады. Себебі аймақта айлық өте төмен. Орташа жалақы - 100-150 мың теңге. Бұл күнкөріске жетпейді. Ал баға өсіп жатыр. Саяси құқықтар, бостандық дейміз, ол өте маңызды. Дегенмен адамдарда күнкөріс мәселесі бірінші проблема», - деген пікірде Серік Бейсембаев.
«Қадір-қасиет және күнкөріс»
Ал қостанайлықтар қалада жұмыс бар, бірақ жалақы аз дейді. Аймақта 2025 жылдың алғашқы тоқсанында орташа айлық 358 873 теңгені құрады. Алайда халықтың көбі табатын табыс орташа жалақыдан әлдеқайда төмен екенін ескеру керек. Сонымен қатар, өткен жылы өңірде инфляция 8,9 пайыз(республика бойынша 9,5%) өсім көрсеткен.
Зерттеуші Ғалым Жүсіпбек мұны саяси контекст жағынан қарастырып, авторитарлы жүйедегі биліктің мақсаты туралы айтады.
«Еуропа социал демократтарының шығарған бір тұжырымдамасы бар: егер бір табыс көзі адамша өмір сүруге жетпесе, біз еркін емеспіз, бұл заманауи еркінсіздік (unfreedom). Демек, біздің қоғамның жартысынан астамы еркін емес. Саяси және әлеуметтік проблема астасып жатыр. Адамдарды қысқа уақытта авторитарлық саяси жүйеге көндірудің жолы - күнкөріспен әуре қылып қою», - дейді ол.
Ұлттық статистика бюросының 2025 жылдың қаңтар және наурыз айларындағы дерегі бойынша, ел ішінде қоныс аударғандар саны 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,4 пайызға артқан. Сыртқы миграция бойынша Қазақстан азаматтарының басым бөлігі көршілес елдерге көшкен. 1122 адам елден көшіп кетсе, 4932 адам көшіп келген.
Ғалым Жүсіпбек көші-қон үздіксіз үдеріс екенін атап өтеді.
«Авторитарлық билік халықты көрмейді, естімейді. Бұл жерде саяси құқықтардан бұрын, адам құқығының ең негізгі фундаменті - адами қадір-қасиетті аяқ-асты ету бар. Мысалы, мен айтып жатырмын “маған анау жетпейді, мынау керек” деп, мені ешкім тыңдамаса, бұл менің қадір-қасиетімнің аяқ-асты болғаны. Қазақстанда қазба байлық бар. Айналдырған 20 миллион халықтың жағдайын жасай алмай, адамдар капуста жинау үшін Англияға, көше сыпыру үшін Кореяға кетсе - масқара ғой. Адам елде қадір-қасиетінің жоқтығын сезінсе, ол оны басқа жақтан тауып, бақытты болады. Біздің “ол Қазақстанды тастап кетті” деп айтуға ешқандай құқығымыз жоқ», - дейді сарапшы.
«Жалған нарықтық экономика теңсіздікке әкеледі»
Зерттеушілер айтуынша, адамға “тұрмысым нашар, жағдайым қиын” деп өмір сүру психологиялық тұрғыда өте ауыр. Сәйкесінше олар өз өміріндегі проблемаларды “бұл уақытша, қалыпты нәрсе” деп қабылдауды жөн көреді.
«Кей адамдар “90-жылдарға қарағанда әлдеқайда жақсымыз” деп санайды. Халықаралық жағдаймен салыстырады. “Ана жақта соғыс болып жатыр, ал бізде бейбітшілік” дейді. Түрлі-түрлі осындай себептер арқылы, өзінің жағдайы жаман емес деген позиция ұстанады», - дейді Серік Бейсембаев.
Тәуелсіздік алғалы 30 жылдан астам уақыт өтсе де, Қазақстан әлі күнге дейін аймақтар дамуына толық мүмкіндік жасай алмай келеді. КСРО-дан қалған орталықтан басқару моделі нарықтық экономиканың талабына сай бейімделмеген. Салдарынан аймақтардағы әлеуметтік-экономикалық теңсіздіктің тереңдегені байқалады.
Ғалым Жүсіпбектің айтуынша, реттелмеген нарықтық экономика халықтың емес, ақшасы көптің билігіне әкеледі.
«Қазақстан 2022 жылға дейін осының дәлелі болды. Мұндай түсінікпен жүретіндер эмпатиясы бұзылады. Олар “әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарды (мүгедектігі бар, зейнеткер және т.б) “неудачники” деп ойлайды. Оларға жанымыз ашып қайтеді, экономика осыны қалап отыр ғой дейді. Бұл - әлеуметтік дарвинизм. 21 ғасырдағы мемлекет философиясы - қарапайым адамдардың әл-әуқаты. Сонда ғана Қазақстан дамыған елге айналады», - деген пікірде зерттеуші.
*Әлеуметтік дарвинизм – Чарльз Дарвиннің биологиялық эволюция теориясын қоғамға қолданатын идея. Ол бойынша, қоғамдағы адамдар бір-бірімен бәсекелеседі, "мықты" немесе "бейімделген" топтар ғана өркендеп, "әлсіздер" табиғи түрде ығыстырылады деген көзқарас.
Halyk Finance мәліметі бойынша, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстан экономикасы 6 пайызға өскен, бірақ халықтың нақты жалақысы 1,2 пайызға ғана артқан. Ұлттық экономика министрлігі жариялаған «2025–2030 жылдарға арналған өңірлік саясат тұжырымдамасынан» елдегі экономика әлеуметтік теңсіздікпен қатар өсіп жатқаны байқалады.
Батыс және Оңтүстік аймақтағы жұмыссыздық деңгейі орташа деңгейден жоғары - 4,7 пайыз, оңтүстік өңір тұрғындарының 9 пайызының табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен. Ел бойынша 400 мыңға жуық адам NEET санатына ( оқымайтын және жұмыс істемейтін жастар) кіреді.