Жастар белсенділікпен неге айналысады?
Қаңтардың 9-ы және 18-і күндері Oyan, Qazaqstan! қозғалысының 6 мүшесі «Бейбіт жиналыстар, митингілер және шерулер туралы заңды» бұзды деген айыппен 15 тәулікке қамалып, бостандыққа шықты. Олар мұндай жаза қолданылатынын біле тұра өз ойын жеткізу үшін митингіге шықты. Белсенділер нені жеткізгісі келеді? Төнген қауіпке қарамастан, неліктен бұл іспен айналысады?
Белсенділік – спринт емес, марафон
Oyan, Qazaqstan! қозғалысының мүшесі Дархан Шарипов белсенділікке 2019 жылы келді:
«Оған елімізде болған түрлі саяси өзгерістер түрткі болды. Әрине, оған дейін де үнемі жаңалықтарды оқып, саясатқа мән беріп жүретінмін. Бірақ дәл сол кезеңдегі Назарбаевтың кетуі, Астананың аты өзгеруі менің белсенділікпен айналысуыма түрткі болды”.
Дархан белсенділікпен неге айналысатыны туралы бұлай дейді:
«Мұның бәрін қоғамды өзгерту үшін істеймін. Құқықты, зайырлы, толерантты қоғамда өмір сүру мақсатында айналысамын. Адамның өмірі маңызды, сөз бостандығы, бас бостандығы бар мемлекетте өмір сүрү үшін жасаймын. Азаматтардың құқығы қорғалатын ортада тұрғым келеді».
Белсенділік акцияларына жиі қатысуына жас жігіттің түрлі себептері болған. Бүгін ол саяси тұтқындардың саны артып келетініне назар аударады:
«Олардың ішінде Айгерім Тілеужан, Думан Мұхаммедкәрім, Марат Жыланбаевтар бар. Оның бәріне куә болып отырмыз. Oyan, Qazaqstan! мүшелерін атаулы, маңызы бар күндер қарсаңында жиі аңдиды. Мысалы: 16 желтоқсан, Қаңтар сынды елеулі оқиғалар. Ұялы телефонды тыңдай ма, жоқ па, ол жағын білмеймін. Бұған қарамастан, жанымда жүрген достарым, басқа да белсенділерге қарап, күш аламын. Олар болмаса, бәлкім саяси активизмнен кетіп қалар ма едім».
Белсенділікте болатын «выгорание» да Дарханға бос сөз емес. Бүгін ол белсенділікті жеке өмірі мен жұмысымен біріктіріп, баланс табуға тырысады:
«Шыны керек, активизм көп ресурс болуды талап етеді. Ол – спринт емес, марафон. Біздің істеп жатқанымыздың бәрі – ұзақ мерзімді ойын. Оның нәтижесін көрмеуіміз де мүмкін. Ал мен азамат ретінде қолымнан келгеннің бәрін жасадым: үндемей отырған жоқпын, өз көзқарасымды ашық жеткіздім, митингілерге шықтым, өзге де белсенділерге көмектестім. Ертең Қазақстанның азаматы ретінде елім үшін ештеңе істеген жоқпын деп өкінбейтінім анық».
Дарханның ойынша, саяси өзгерістерге қол жеткізу үшін қоғам ең алдымен белсенділерді қолдауы керек, өзінің саяси білімін арттыруы керек және өз құқықтарын талап етуі керек.
Белсенді азаматтық қоғамсыз еш өзгеріс келмейді
Бота Шәріпжан, Oyan, Qazaqstan! қозғалысының мүшесі, өзгерістерге қалай жетуге болатынын бөлісті:
«Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша біз – зайырлы, құқықтық мемлекетпіз. Тек қағаз емес, іс жүзінде де солай болса жақсы еді. Адам құқықтары дәріптеліп, өмір сүру құқығы, сөз бостандығы сақталса ғой. Мұның бәрі болмаса, алға жылжу да болмайды».
Бота үшін белсенділік – өмір сүру және ойлау салты, «адамның өзіне және жақындарына жасайтын қамқорлығы». Әрине, Қазақстанда белсенділік қауіп-қатерлерге толы жұмыспен жиі салыстырмалы:
«Белсенділерді ұлттық қауіпсіздік органдары мен интернет-боттар жиі бақылайды. Ұялы телефондарды Pegasus және Hermit арқылы тыңдаған кездер болған. Сонымен қатар бірлесе жұмыс істеу үшін ақша ұсынған, бопсалаған жайттар да болды».
Бірақ белсенділіктің «қауіпсіз» әдістерін де таңдауға болады. Мысалы: E-otinish, OpenAlmaty арқылы әкімдікке қала мәселелері жайлы жазуға болады:
«Егер адам бүкіл подъезден лифтіні немесе шамдарды жөндеуге қол жинап шықса, ол да азаматтық белсенділікке жатады. Бүкіл тұрғын үй кешені болып наразылыққа шыққандар да – белсенділер».
Активизм нәтижесі айқын көріне бермейді, сондықтан біраз шаршатады. Бірақ Бота күнделікті өмірде әрбір адам аз да болса белсенділік танытуы керектігіне сенімді.
«Белсенді азаматтық қоғамсыз еш өзгеріс келмейді. Ол үшін оқу, есте сақтау, бөлісу, талқылау керек, үндемей қалмау керек. Ешкімде дайын рецепті жоқ, бірақ бұлар әрбіріміздің қолымыздан келетін дүниелер», – дейді белсенді.
Белсенді болғаным үшін оқудан шығарғысы келген сәттер болды
Белсенді Карина Ниязбекова активизммен өзім үшін айналысамын дейді. Оның ойынша, саясат барлық жерде жүреді:
«2019-да марқұм Бәйімбет есімді досыммен танысқанмын. Көзі ашық, көкірегі ояу, эмпат жан өзі. Тоқаев билікке келгенде ол ойын бөлісіп, 20 жылдан кейін Қазақстанның нағыз демократиялық мемлекет болуын тілеп, болашақта ол үшін жұмыс істегісі келген ойлары шабыттандырды. Шай алысып, ой бөлісіп, жанымыз ашыған кезімізден бастап ізденіп, түрлі әділетсіздіктерді байқамағанымды түсіндім. Яғни саясат барлық жерде екенін ұйғардым».
Белсенділікпен айналысу көп күш талап етеді:
«Паранойя, үрей бары жасырын емес. Әсіресе белгісіз жандар жазса, қоңырау шалса пайда болады. Колледжде оқыған кезде жиі болатын. Оқудан шығарғысы да келген сәттер, қорқыту жиі болды».
Осыған қарамастан, Карина құқықтық ел құру ойымен белсенділіктен шабыт алуға тырысады:
«Белсенділікпен айналысуға күш-жігерді күресіп жүрген достарымнан, 15 тәулікке бостандықтан айырылған, қақаған суықта 7 сағаттан астам кеттлингте тұрған, аңду мен түрлі полиция қызметкерлер тарапынан көрсетілген әділетсіздікке бой жазбаған адамдардан аламын».
Тек болашақ үшін үміт қана көмектеседі
Бейбарыс Толымбеков саясатқа қызығушылық тарқанынан Oyan Qazaqstan! қозғалысына кірді:
«Мектептен бастап теледидардан жаңалықтарды әрдайым қарап, өзімнің ойымды қалыптастыруға тырысатынмын. Солай кейін саяси кітаптарды оқып, белсенділік пен саясатқа көзқарас қаныма сіңіп кетті».
Белсендінің ойынша, мемлекеттің азаматтық қоғамға көрсететін қысымынан соң бүгінгі қазақ халқының шын жай-күйін анықтауға қиын:
«Авторитаризм кезінде, мемлекет пен халық арасында байланыс жоқ, оған қоса авторитаризм сөз бостандығын шектейді, сол үшін біз қандай елміз, қайда ұмтылу керектігін де нақты біле алмаймыз».
Бейбарыс мемлекет халықтың салығын қысымға құртуына өкінеді:
«Жай ғана телефонды бұзып ашудың өзі талай қаражат. Сол ақшаны құрта тұра, олар бізден не ақпарат алғысы келетінін түсінбеймін, біз қарапайым адамбыз ғой, белсенділіктен басқа жай ғана жұмыс істеп, күн көріп жатырмыз. Оны тыңдайтындай біз қылмыскер немесе террорист емеспіз ғой».
Осы қысым ешкімнен қорықпауды және өз күшіңе сенуді үйретеді:
«Қысым деген, әрине, жағымды нәрсе емес. Бірақ сонда да үйреніп кетеді екенсің. Бүгінгі таңда мемлекет қысымы шынымен де күшейіп, митиңге шыққан әр адамды 15 тәулікке қамап жатыр. Жақында Oyan Qazaqstan белсенділері де жаңа жылды қамауда қарсы алды. Сонда да ең қуанытыным, ешқайсысы да қорқып, не белсенділіктен кетем деп шешкен жоқ. Керісінше, рухы көтеріліп, жаңа күшпен оралды».
«Сондықтан Қазақстанды өзгерткіңіз келсе, биліктің қысымымен соқтығысасыз. Тек болашақ үшін үміт қана көмектеседі», – дейді Бейбарыс.
Белсенділікпен айналысудың маңызы туралы айтты:
«Саяси өзгерістерге қол жеткізу үшін қоғам өз ойын еркін айтып, көлеңкесінен қорықпау керек. Оған қоса, мемлекеттің саясаты әр түрлі топтарды шағыстырып, бөлінгенді бөрі жейді деген қағидамен жүреді. Сондықтан, біз қоғам ретінде ондай нәрселерге көңіл бөлмей, ең бірінші өзіміздің құндылықтарымызды алға қоюымыз керек: ол адам құқығы, демократия және ел тәуелсіздігі».