Адам құқықтары тақырыбын қозғайтын көркем әдебиет туындылары
Әлеуметтік теңсіздік, адам құқықтары мен бостандықтары мәселелерін тек ғылыми кітаптар мен мақалалардан ғана емес, әлемдік классика үлгілерінен де оқуға болады. Осы орайда түрлі өзекті мәселелерді қозғаған, дүниежүзі оқырмандары жүрегінен орын таба білген авторлар кітаптарынан топтама құрастырдық.
«Желмен ғайып болғандар», Маргарет Митчелл
Бұл туынды 1860 жылдарда Азамат соғысы кезіндегі Америкаданың оңтүстігіндегі адамдардың өмірін жан-жақты баяндайды. Әйел болғаны үшін әлсіз деп саналған Скарлетт О'Хара сан түрлі қиындықтарға тап болады. Роман сол замандағы әйел мәртебесі, адамдардың бостандығы, құқықтары мен мүмкіндіктері, әлеуметтік теңсіздік, құлдық тақырыптарын көтеріп, оқырманға біршама ой тастайды.
«1984», Джордж Оруэлл
Джордж Оруэллдің бұл дистопиялық романы – үкімет азаматтардың өмірін толықтай қадағалап, басқарып, ақпаратты бұрмалап беретін тоталитарлық әлемнің көрінісі. Адамдар ойын жеткізсе жазаланатын қиын-қыстау заман бейнеленеді. Өзегі – жеке өмірге қол сұғылмаушылық, сөз бостандығы, жеке бас бостандығы мәселелері.
«Аппеляция», Джон Гришэм
АҚШ-тағы ірі корпорациялардың сот жүйесіне ықпалының құқықтық және саяси аспектілеріне бағытталған роман. Ол сот төрелігі жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық, ақшаның сот шешіміне ықпалы, судья мен заңгердің күресінің тарихын көрсетеді. Сот тәуелсіздігі, демократияға қатысты мәселелер анық көтеріледі.
«Нақұрыс», Федор Достоевский
XIX ғасырда Санкт-Петербург қоғамына рухани бай, текті князь Мышкиннің келуін баяндайтын туынды. Ол – шынайылық пен пәктіктің символы. Адамдардың өміріне етене араласып, әлеуметтік теңсіздік, қоғамды сынау, рухани құндылықтар мен моральдық дилеммаларға тап болады.
«Жүз жылдық жалғыздық», Габриэль Гарсиа Маркес
Ойдан шығарылған Макондо қаласында болып жатқан оқиғалар бейнеленетін роман. Ол қаланың іргетасы қаланғаннан құлдырағанына дейінгі кезеңді қамтиды. Автор отбасылық дастан арқылы саяси тұрақсыздық, әлеуметтік теңсіздік, бостандық жолындағы күрес, адам құқықтары мен қадір-қасиеті сынды тақырыптарды қозғайды.
Әлеуметтік теңсіздік, адам құқықтары мен бостандықтары мәселелерін тек ғылыми кітаптар мен мақалалардан ғана емес, әлемдік классика үлгілерінен де оқуға болады. Осы орайда түрлі өзекті мәселелерді қозғаған, дүниежүзі оқырмандары жүрегінен орын таба білген авторлар кітаптарынан топтама құрастырдық.