Жыныстық сауаттылық – «дəстүрлі емес құндылықтарды таңу» ма?

Мектептерде жыныстық сауаттылық туралы сөз қозғалғанда, мұндай білім беру бағдарламасы балаларды «дəстүрлі емес» құндылықтарға “баулиды” деген пікірлер жиі айтылады. Мұндай көзқарасты консервативті қозғалыстар мен кейбір медиа өкілдері де ұстанады. Мысалы, «Қазақстан ата-аналар одағы» өз əлеуметтік желілерінде бірнеше рет жыныстық білім беру арқылы оқушыларға «гендерді таңдау» идеялары сіңіріледі, жынысты ауыстыру қалыпты құбылыс ретінде көрсетіліп, азғындық насихатталады деп мəлімдеген. Олардың айтуынша, бұл ата-аналардың келісімінсіз, қоғамның мəдени жəне діни нормаларына қайшы түрде жасалып жатыр.

Жыныстық сауаттылық қандай мақсаттарды көздейді? Ол расында да дəстүрлі емес құндылықтарды таңуды білдіре ме – материалда толығырақ талдап көрейік.

Жыныстық сауаттылық деген не?

Жыныстық сауаттылық – бұл секс пен сексуалдылыққа қатысты тақырыптардың кең ауқымын қамтитын білім беру үдерісі. Қазіргі таңда Қазақстанда жыныстық сауаттылықтың бірыңғай бағдарламасы жоқ, себебі ол əлі əзірленбеген. Алайда ДДСҰ, ЮНЕСКО, ЮНИСЕФ жəне басқа да ұйымдардың бірлескен еңбегімен жасалған «Сексуалдық білім беру жөніндегі халықаралық техникалық нұсқаулық» бар (бұдан əрі – БҰҰ нұсқаулығы).

Құжат ғылыми дəлелдерге негізделген жəне өскелең ұрпаққа жыныстық сауаттылықты қалай жəне не үшін жеткізу керегін түсіндіреді.

ДДСҰ сайтына сүйенсек, БҰҰ нұсқаулығы мұндай бағдарламалардың ғылыми деректерге негізделіп, балалар мен жасөспірімдерге бейімделуі керегін жазған.

Жыныстық білім беру мынадай тақырыптарды қамтиды:

  • отбасы жəне қарым-қатынастар;
  • құрмет, келісім жəне өз денесіне иелік ету құқығы;
  • анатомия, жыныстық жетілу жəне етеккір;
  • контрацепция жəне жүктілік;
  • жыныстық жолмен берілетін инфекциялар, соның ішінде АИТВ.

Айта кету керек, БҰҰ нұсқаулығы жыныстық білім беруді 5 жастан бастауды ұсынады. Себебі балалар сексуалдық қатынастарға қарағанда дене жəне жеке шекараға қатысты мəселелермен ертерек бетпе-бет келеді.

Ал 5–8 жастағы балаларды зорлық-зомбылық пен қорлауды ажыратуға жəне оның дұрыс емес екенін түсінуге үйреткен жөн. 12–15 жаста жасөспірімдерге сексуалдық зорлық-зомбылық, қысым көрсету жəне буллиң адам құқықтарын бұзу екенін жəне бұған ешқашан жəбірленуші кінəлі емесін түсіндіреді. 15–18 жаста келісімнің кез келген интимдік қарым-қатынастың міндетті шарты екеніне ерекше мəн беріледі. Сондай-ақ көмек қажет болса қайда жүгіну керегі айтылады.

БҰҰ нұсқаулығы оқыту мақсаттарын əр елдің жергілікті жағдайына, оқу бағдарламасына бейімдеуді жəне жергілікті сарапшылармен, ата-аналармен, жастармен кеңесуді ұсынады.

Анықтама

Қазақстандағы мектептерге жыныстық сауаттылық міндетті жеке пəн ретінде енгізілмеген. Бірнеше жыл бұрын 5–11 сыныптарға арналған «Жаһандық құзыреттілік» пəнінде гендерлік рөлдер туралы бөлім болған, алайда ата-аналар одағының сынынан кейін ол алынып тасталды.

2025 жылдың мамыр айында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жеке пəн енгізу жоспарланбағанын айтып, бұл мəселеде ата-аналардың жауапкершілігін атап өтті. Дегенмен бұл тақырып аясында бірнеше азаматтық бастама бар. Соның бірі – UyatEmes.kz жобасы. Бұл – жасөспірімдер мен ата-аналарға арналған ағартушылық сайт, онда мақалалар мен подкасттар жинақталған. Жоба командасы Telegram желісінде Aspan чат-ботын да іске қосты.

Жыныстық сауаттылық азғындықты, мастурбацияны жəне жыныс ауыстыруды насихаттай ма?

Жыныстық сауаттылық жыныстық қатынасқа үйретпейді жəне «азғындықты» насихаттамайды. Оның мақсаты – балалар мен жасөспірімдерге жас ерекшелігіне сай дене, эмоциялар, жеке шекаралар, қарым-қатынастар жəне қауіпсіздік туралы білім беру. Зерттеулер көрсеткендей, мұндай білім беру бағдарламалары жауапты мінез-құлықпен тікелей байланысты: жақсы ақпараттанған жастар кейінірек қауіпсіз жыныстық қатынасқа түсе алады; зорлық-зомбылық деңгейі төмендейді жəне бала зорлық фактісі болған жағдайда оны бірден хабарлауға бейім келеді.

Ал тек қана тыйым мен бас тартуға негізделген бағдарламалардың тиімсіз əрі сексуалдық жəне репродуктивтік денсаулыққа зиян болуы мүмкін екені дəлелденген. Жыныстық сауаттылық ерте немесе қауіпті тəжірибелерді қолдамайды. Керісінше, жасөспірімдерді саналы шешім қабылдауға жəне қауіпті азайтуға дайындайды. Ал бұл өз кезегінде контрацепция кеңірек қолданылып, жыныстық жолмен берілетін аурулардың азаюына сеп болар еді.

Жыныстық сауаттылық мастурбацияға баулымайды. БҰҰ нұсқаулығы балалардың ерте жаста өз денесін зерттей алатынын тек даму фактісі ретінде мойындайды. Білім беру бағдарламалары мифтерді (мысалы, мастурбация зиян деген түсінікті) түзетуге жəне ең бастысы, жас ерекшелігіне сай дене туралы, жеке шекаралар мен жеке өмір туралы білім қалыптастыруға бағытталған.

Ал балаларға гендерлік мəселелер туралы не үшін айту қажет? Зерттеулерге сəйкес, гендерлік теңсіздік ерте жаста қалыптасып, қыздарға да, ұлдарға да зиян келтіреді. Зорлық-зомбылық, кемсітушілік жəне психологиялық мəселелер қаупін арттырады. Сондықтан БҰҰ нұсқаулығы балалар жəне жасөспірімдермен гендерлік рөлдер мен гендерлік зорлық туралы сөйлесуді ұсынады. Бұл «кімдікті таңу» үшін емес, əділетсіз жəне агрессивті мінез-құлық үлгілерін тануға көмектесу үшін жасалады. Сексуалдық бағдарлар тақырыбы да осыған ұқсас: олардың бар екенін факт ретінде мойындау – ең алдымен мектеп ортасында буллиңнің, оқшаулаудың жəне зорлықтың алдын алу үшін қажет. Балаларға адамдардың əртүрлі болатынын жəне бұл агрессияға себеп емес екенін түсіндіргенде, қорлау мен өзін-өзі зақымдау деңгейі төмендейді. Бұл тұрғыда гендер туралы əңгіме – «насихат» емес, балалардың психикалық денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғау туралы болып отыр.

Қатаң тыйым салынса, балалар бəрібір ақпаратты өздігінен іздейді. Ал бұл мифтер мен жалған ақпаратқа тап болу қаупін арттырады.

Қорытынды

Жалпы алғанда, жыныстық сауаттылық мынадай əмбебап қағидаттарға негізделеді:

  • денсаулық пен қауіпсіздік;
  • дене автономиясы мен жеке шекараларды құрметтеу;
  • еріктілік пен келісім;
  • зорлық-зомбылық пен мəжбүрлеуге жол бермеу;
  • сапалы білімге қол жеткізу құқығы.

Жыныстық сауаттылықтың мақсаты – жыныстық құбылыстар мен қауіптер туралы ақпаратты жас ерекшелігіне сай жəне заманауи ғылыми білімге сүйене отырып жеткізу. Ал «дəстүрлі емес құндылықтар» – нақты анықтамасы жоқ, көбіне «дəстүрлі құндылықтарға» қарсы қойылатын бұлыңғыр ұғым.

Бұл жерде «дəстүрлі» дегеннің өзі нақты айқындалмайды: қай дəстүр, қай кезең, неліктен норма екені айтылмайды. Іс жүзінде консервативті топтар «дəстүрлі емес құндылықтарды» трансгендерлік, чайлдфри жəне “азғын өмір салты” ұғымдарымен теңестіреді. Алайда сексуалдық ағарту ерте жыныстық белсенділікті, бағдарды өзгертуді немесе отбасылық құндылықтардан бас тартуды талап етпейді.

Құндылық шеңберлерінің (денсаулық, келісім, қауіпсіздік) болуы жəне ақпарат беру (əртүрлі сексуалдық бағдарлардың, контрацепцияның, «ішкиім ережесінің» бар екені) – бұл таңу емес. Дəл сол сияқты жол ережелері көлік жүргізуді «таңбайды», ал өмір қауіпсіздігі жазатайым оқиғаларға «итермелемейді».

Жыныстық сауаттылықты жат құндылықтарды таңу деп қарастырудың өзі – ұғымдарды алмастыруға негізделген логикалық қате: ақпарат пен қауіпсіздік ережелері идеологиялық қысым ретінде көрсетіледі.

Post Scriptum

2024 жылы жыныстық білімнің жоқтығы мəселелеріне арналған республикалық форумда акушер-гинеколог А. Туреханова Қазақстан жастарының 70%-ы 15 жасқа дейін алғашқы жыныстық қатынасқа түсетінін мəлімдеді.
2025 жылы «соңғы бес жылда елде 18 жасқа дейінгі қыздар арасында шамамен 12 мың жүктілік жағдайы тіркелгені» айтылды.

Ranking.kz дерегінше, 2025 жылы кəмелетке толмағандарға қатысты 176 зорлау фактісі жəне 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу немесе өзге де сексуалдық сипаттағы 247 жағдай тіркелген.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз