Зейнетақы жинағының жеткіліктілік шегі өсті

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2026 жылға арналған зейнетақы жинақтарының жаңа ең төменгі жеткіліктілік шегін жариялады. Шек бір жыл ішінде екінші рет өсіп отыр. youth.kz жеткіліктілік шегінің өсуі жастарға қалай әсер ететінін зерделеп, сарапшы пікірін сұрап білді. 

Енді зейнетақы жинағының артық бөлігін алу үшін 20 жастағы қазақстандыққа кемінде 6 670 000 теңге, 30 жастағы азаматқа – 9 750 000 теңге, ал 40 жастағы тұрғынға – 13 370 000 теңге керек. Егер шоттағы сома бұл межеден аз болса, жинақты пайдалану мүмкін емес.

Жаңа жеткіліктілік шегі

20 жас - 6 670 000 теңге;

21 жас - 6 960 000 теңге;

22 жас - 7 250 000 теңге;

23 жас - 7 540 000 теңге;

24 жас - 7 840 000 теңге;

25 жас - 8 150 000 теңге;

26 жас - 8 460 000 теңге;

27 жас - 8 770 000 теңге;

28 жас - 9 090 000 теңге;

29 жас - 9 420 000 теңге;

30 жас - 9 750 000 теңге;

31 жас - 10 090 000 теңге;

32 жас - 10 430 000 теңге;

33 жас - 10 780 000 теңге;

34 жас - 11 130 000 теңге;

35 жас - 11 490 000 теңге;

36 жас - 11 850 000 теңге;

37 жас - 12 220 000 теңге;

38 жас - 12 600 000 теңге;

39 жас - 12 980 000 теңге;

40 жас - 13 370 000 теңге;

41 жас - 13 760 000 теңге;

42 жас - 14 160 000 теңге;

43 жас - 14 560 000 теңге;

44 жас - 14 980 000 теңге;

45 жас - 15 400 000 теңге;

46 жас - 15 820 000 теңге;

47 жас - 16 250 000 теңге;

48 жас - 16 690 000 теңге;

49 жас - 17 140 000 теңге;

50 жас - 17 590 000 теңге;

51 жас - 18 050 000 теңге;

52 жас - 18 510 000 теңге;

53 жас - 18 980 000 теңге;

54 жас - 19 460 000 теңге;

55 жас - 19 950 000 теңге;

56 жас - 20 450 000 теңге;

57 жас - 20 950 000 теңге;

58 жас - 21 460 000 теңге;

59 жас - 21 970 000 теңге;

60 жас - 22 500 000 теңге;

61 жас - 23 030 000 теңге;

62 жас - 23 570 000 теңге.

Бір жылда екінші рет өсті

Бұл – 2026 жылы жеткілікті шегінің осымен екінші рет өсуі. Қаңтарда 10 пайыз өсті. Ол кезде бұл үйреншікті, кезекті индексация болатын. Сол жолғы өсімнен кейін зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану үшін қажет ең төменгі сома мынадай болған:

20 жастағылар үшін – 3,72 миллион теңге;

30 жастағылар үшін – 5,12 миллион теңге;

40 жастағылар үшін – 6,72 миллион теңге;

50 жастағылар үшін – 8,57 миллион теңге;

60 жастағылар үшін – 10,7 миллион теңге.

Жарты жылдан соң есептеудің жаңа әдістемесіне байланысты шекті деңгей тағы да жоғарылады. 

Жаңа есептеу әдістемесі

Бұл жолы шектер жаңа формула бойынша есептелді. Ол бұрынғы әдіске қарағанда күрделірек. Енді есептеу кезінде азаматтың жасы, зейнетке шығуына дейінгі уақыт, өмір сүру ұзақтығы, болашақ зейнетақы жарналары және инвестициялық табысы ескеріледі.

Осылайша мемлекет адамның зейнетке шыққаннан кейінгі өміріне қанша қаражат қажет болатынын анықтауға тырысады. Ал осы деңгейден асатын қаражат бұрынғыдай “артық жинақ” болып есептеліп, оны пайдалануға мүмкіндік беріледі.

Қарттықты қамтамасыз ету

Жеткіліктілік шегін есептеудің жаңа тәсілі туралы Үкіметте наурыз айынан бастап айтыла бастады. Сол кезде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Аскарбек Ертаев соңғы бес жылда қазақстандықтар зейнетақы қорынан шамамен 5 триллион теңге шешіп алғанын, оның басым бөлігі жастардың үлесіне тиесілі екенін мәлімдеген.

Министрдің айтуынша, бұл үрдіс болашақ зейнетақы мөлшеріне кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан билік жеткіліктілік шегін есептеу тәсілін қайта қарауға шешім қабылдаған. Мақсат – азаматтардың зейнетақы жинағын сақтап, зейнет жасына жеткеннен кейін лайықты табыс алуына мүмкіндік жасау.

«Кейбір азаматтардың жинағы жеткіліксіз. Болашақта олар тек 35 мыңнан 80 мың теңгеге дейінгі ең төменгі базалық зейнетақымен ғана күн көруге мәжбүр болады. Мұндай қаражатпен өмір сүру қиын», – деген еді министр.

Сонымен қатар зейнетақы жинағын пайдалануға болатын мақсаттардың тізімі де қысқарып келеді. 4 желтоқсаннан бастап Қазақстанда зейнетақы қоры қаражатын офтальмологиялық емге жұмсауға тыйым салынды. Бұған дейін стоматологиялық қызметтерге қатысты да шектеулер енгізілген еді. 

Жастардың тұрғын үй сатып алу мүмкіндігі төмендейді

Экономист Бауыржан Ысқақов жеткіліктілік шегінің өсуі жастардың баспаналы болу мәселесін қиындатып, жалдамалы үйге тәуелділігін арттыратынын айтады. 

«Жақында зейнетақы қорындағы жеткіліктілік шегі екі есе өсті. Бұл тұрғын үй алу немесе емделу үшін зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалануды шектейді. Әсіресе 35 жасқа дейінгі жастарға әсері зор. Бұған дейін жастардың едәуір бөлігі бұл қаражатты тұрғын үйдің бастапқы жарнасына немесе ипотеканы өтеуге жұмсап келген. Енді олардың үй сатып алу мүмкіндігі азайып, ипотекалық несиеге тәуелділігі артуы мүмкін.  

Бұл шешім халықтың өмір сүру ұзақтығының артуына және болашақта жеткілікті зейнетақы төлемдерін қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты қабылданды. Дегенмен, жеткіліктілік шегінің өсуі жастардың тұрғын үй мәселесін күрделендіріп, жалдамалы баспанаға тәуелділігін арттыруы ықтимал.  

Осы орайда, мемлекет жастарға арналған жеңілдігі бар ипотека, жалдамалы тұрғын үй, тұрғын үй жинақ жүйесін дамыту секілді баламалы құралдарды да күшейтуі керек. Әйтпесе, шектің өсуі үй сатып алуды әбден қиындатып жібереді», – дейді сарапшы. 

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз