Мемдер философиясы: күрделі ойды әзілмен жеткізу
Бүгінде мемдер ғаламторда өз алдына бір бөлек жанрға айналып отыр. Бұл бір сурет пен бір сөйлем арқылы ғасырлар бойы талқыланып келе жатқан идея немесе ойды жеткізіудің оңай жолы. Youth.kz танымал философиялық мемдер топтамасын жинап, олардың мағынасын және концепциясын түсіндіреді.
«Жоқ, бәрі жақсы»
2013 жылы пайда болған бұл мемде жанып жатқан үйді ішінен тыныш бақылап тұрған ит бейнеленген.
Мем авторы адам өзінің бақылауынан тыс нәрсені қабылдауы керек деген стоицизм философиясына сілтеме жасап отырғаны анық. Дегенмен, мем стоицизмнің мәнін біршама бұрмалап көрсетеді. Өйткені, мем әрекетсіздік, мәселені шешімге құлықсыздықты және бәрі жақсы деген сылтауды бейнелейді.
«Кеңейіп жатқан ми»
Бұл мем шамамен 2017 жылдары Reddit пен Twitter- де тараған. Бұл мемде «Даналық деңгейі» деп аталатын нәрсе көрсетіледі. Онда ой неғұрлым алысқа созылса, соғұрлым ол абсурдтық шегіне жетеді.
Софистік Протагордың заманынан бері «адам – барлық нәрсенің өлшемі» деген идея бар. Бұл релятивизм ілімінің дамуына әкелді. Яғни, барлық ойлар субъективті және салыстырмалы. Бірақ бұл мем ойдың өзгешілігі мен бірегейлігімен ақталған жалған интеллектуалдық сандырақтарды мазақ етеді.
«Думер»
«Думер» 2018-2019 жылдары интернет субмәдениетінде пайда болды. Мемде қараңғы қаланың алдында жалғыз тұрған адам бейнеленген. Мем жалғыздықты және өмірдің мәнсіздігін көрсетеді.
Бұл Альбер Камюдің идеясымен үйлеседі. Бірақ Камю өмірдің абсурдты және мағынасыз екендігі туралы айтқанына қарамастан, адамдар өмірде өз мағынасын табады деп атап өткен жөн.
«NPC»
2018 жылдан бері кеңінен қолданыла бастаған мем біздің өміріміз белгілі бағдарламаға негізделген, сондықтан өз тағдырынды қолыңа алудың керегі жоқ деген философияны жеткізеді. Адамдардың өмірлік жоспарын және үстірт ойларды келеке етеді.
Бұл детерминизм идеясының мәнін көрсетеді. Оның негізгі сұрағының бірі: адамда таңдау еркіндігі бар ма әлде біз алдын-ала белгіленген сценарий бойынша өмір сүреміз бе?
«Түнгі 3-тегі ойлар»
Нақты бір бастау нүктесі жоқ болғанымен, шамамен 2010-жылдардың ортасында трендке айналған. Бұл мем ұйықтай алмай, өмір туралы ойлана бастаған адамды бейнелейді. Суреттегі мәтіндер әдетте таңдау, жауапкершілік және шектеу туралы экзистенциалды сұрақтарды көтереді. Кейбір жағдайларда, мысалы, «даналық деңгейі» меміндегідей, абсурдтық, жалған интеллектуалды әзілдер мен сұрақтар қойылады.
Неге бұл мемдер философиялық
Бұл мемдер адам ойындағы ең базалық сұрақтарды қозғайды: «Өмірдің мәні неде?», «Менде еркіндік бар ма», «Неге бәрі кейде бекер сияқты?».
Белгілі бір уақыттың өнімі болғанымен, олар экзистенциалдық-өмірлік философияны қарапайым тілге аударып жіберді. Сондықтан да мемдер ескірмей, тек жаңа мағына мен контекст алып отырады.