БҰҰ Адам құқықтары кеңесі жасанды интеллектке қатысты жаңа қарарлар қабылдады
БҰҰ Адам құқықтары кеңесі жасанды интеллекттің адам құқықтарына әсері және цифрлық технологиялар дәуірінде әйелдер мен қыздардың құқықтарын қорғау мәселелеріне арналған екі жаңа қарар қабылдады. Сонымен қатар, Кеңес балалардың құнарлы тағамға қолжетімділігі, жастардың баспанамен қамтылуы, кибербуллингке қарсы күрес және көші-қон мәселелерін қарады. Бұл туралы БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесі хабарлады.
БҰҰ Адам құқықтары кеңесінің 63-тұрақты сессиясы 2026 жылғы 7 қыркүйек пен 7 қазан аралығында өтті. Сессия қорытындысы бойынша 34 қарар, екі шешім және бір президенттік мәлімдеме қабылданды. Кеңес сондай-ақ бірқатар елдер мен тақырыптық бағыттар бойынша арнайы мандаттардың мерзімін ұзарту туралы шешім шығарды.
Жасанды интеллект пен адам құқықтары мәселесі
Сессия барысында қабылданған екі қарардың бірі цифрлық технологиялар жағдайында әйелдер мен қыздардың құқықтарын ілгерілету және қорғау үшін халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға арналған. Екінші қарар жасанды интеллекттің адам құқықтарын ілгерілету мен қорғауға ықпалын қарастырады.
Бұл мәселелер бойынша халықаралық деңгейде одан әрі талқылау жүргізу жоспарланған. Кеңес жасанды интеллект пен адам құқықтары тақырыбын өзінің 65-сессиясында қарастырып, панельдік талқылау өткізуді көздейді. Сондай-ақ, БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасына осы тақырып бойынша есеп дайындау міндеті жүктелді.
Әйелдер мен қыздардың цифрлық технологиялар аясындағы құқықтарына қатысты мәселе де күн тәртібінде қалады. Кеңес өзінің 68-сессиясында осы тақырыпқа арналған панельдік талқылау өткізуді, ал оның қорытындысы бойынша 71-сессияға есеп ұсынуды қарастырды.
Кеңес жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың дамуы жағдайында адам құқықтарын қорғауға қатысты халықаралық ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.
Балалардың тамақтануы және жастардың баспана мәселесі
Адам құқықтары кеңесі балалардың жеткілікті әрі құнарлы тағамға тең қолжетімділігін арттыру туралы да жаңа қарар қабылдады.
Бұдан бөлек, жастардың құқықтары мен қолжетімді баспана мәселесіне қатысты құжаттар қаралды. Кеңес даму құқығы, адам құқықтарын қорғаудағы тиімді басқару, жергілікті халықтардың құқықтары және барлық адамның негізгі құқықтарды толық пайдалануына мүмкіндік жасау тақырыптарына да назар аударды.
Сессия барысында кибербуллингке қарсы күрес, мигранттардың құқықтарын қорғау, қауіпсіз ауыз су мен санитарияға қолжетімділік, адам құқықтары және өтпелі кезеңдегі әділеттілік мәселелері бойынша да қарарлар қабылданды.
Сонымен қатар, Кеңес жаяу әскерге қарсы миналардың адам құқықтарын толық пайдалануға тигізетін әсерін қарастырып, зардап шеккендерге көмек көрсетуді күшейту мәселесін көтерді. Нәсілшілдікке, нәсілдік кемсітушілікке, ксенофобияға және төзімсіздікке қарсы нақты шаралар қабылдауға шақыратын қарар да мақұлданды.
Ауғанстан мен Судандағы жағдайға қатысты мандаттар ұзартылды
Кеңес бірқатар елдердегі адам құқықтарының ахуалын бақылауға арналған арнайы мандаттардың мерзімін ұзартты.
Ауғанстандағы адам құқықтары жағдайы жөніндегі арнайы баяндамашының мандаты тағы бір жылға ұзартылды. Арнайы баяндамашыға елдегі ұлттық, этностық, діни және тілдік азшылықтарға жататын адамдардың құқықтық жағдайын зерттеу тапсырылды.
Сондай-ақ, Ауғанстандағы әйелдер мен қыздардың жағдайы туралы ауызша ақпарат ұсыну және Талибан қозғалысының елдің құқықтық әрі сот жүйесін өзгертуінің салдарын қамтитын жан-жақты есеп дайындау көзделді.
Судандағы қарулы қақтығыстан туындаған адам құқықтары мен гуманитарлық дағдарысқа қатысты тәуелсіз халықаралық фактілерді анықтау миссиясының мандаты бір жылға ұзартылды. Миссия Кеңестің келесі сессияларында өз жұмысы туралы ақпарат ұсынып, елдегі адам құқықтарының жағдайы мен қақтығысқа қатысушы тараптар жасаған бұзушылықтар жөнінде есеп дайындауы тиіс.
Кеңес Ресей Федерациясындағы және Бурундидегі адам құқықтары жағдайы жөніндегі арнайы баяндамашылардың мандаттарын да бір жылға ұзартты. Ал Венесуэла Боливарлық Республикасындағы жағдайды зерттейтін тәуелсіз халықаралық фактілерді анықтау миссиясының мандаты екі жылға ұзартылды.
Орталық Африка Республикасындағы адам құқықтары жағдайы бойынша тәуелсіз сарапшының мандаты тағы бір жылға ұзартылды.
Конго, Грузия, Маршалл аралдары және Йеменге қатысты шешімдер
Кеңес адам құқықтары саласындағы техникалық көмек пен мемлекеттік органдардың мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған бірқатар қарар қабылдады.
Конго Демократиялық Республикасына қатысты құжатта ел үкіметіне өтпелі әділет саясатын жүзеге асыруда, адам құқықтарының ауыр бұзылуы туралы мәлімдемелерді тергеуде және сот-медициналық мүмкіндіктерді дамытуда техникалық қолдау көрсету мәселесі қарастырылды.
Грузияға қатысты қарар Абхазия мен Цхинвали аймағындағы, яғни Оңтүстік Осетиядағы адам құқықтарының ахуалын бақылау үшін халықаралық және өңірлік тетіктерге кедергісіз қолжетімділік беру мәселесін қамтыды.
Маршалл аралдары бойынша ядролық сынақтардың тарихи мұрасының адам құқықтарына әсерін жоюға бағытталған техникалық көмек қарастырылды. Кеңес елдің үкіметі және Ұлттық ядролық комиссиясымен ынтымақтастықты жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Йеменге қатысты қарарда қақтығыс тараптарын БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2216 (2015) қарарын толық орындауға және жан-жақты келісімге қол жеткізуге шақыру мәселесі көтерілді. Сондай-ақ әйелдердің саяси үдерістер мен бейбітшілік орнатуға тиімді қатысуының маңыздылығы атап өтілді.
Даму құқығы және халықаралық тәртіп
Сессия барысында даму құқығы туралы қарар 28 мемлекеттің қолдауымен, 14 мемлекеттің қарсылығымен және бес мемлекеттің қалыс қалуымен қабылданды.
Қарарда даму құқығын жүзеге асыруға кедергі келтіретін мәселелерді талдау, оларды шешу жолдарын ұсыну және осы бағыттағы халықаралық жұмысты қолдау қарастырылды. Кеңес даму құқығы бойынша панельдік талқылау ұйымдастырып, оның нәтижелері туралы есеп дайындауды да көздейді.
Бұдан бөлек, біржақты мәжбүрлеу шараларының адам құқықтарын пайдалануға теріс әсері жөніндегі арнайы баяндамашының мандаты үш жылға ұзартылды. Бұл қарар 27 мемлекеттің қолдауымен, 16 мемлекеттің қарсылығымен және төрт мемлекеттің қалыс қалуымен қабылданды.
Демократиялық әрі әділетті халықаралық тәртіпті ілгерілету жөніндегі тәуелсіз сарапшының мандаты да үш жылға жаңартылды.
Кеңес жалдамалы әскерлерді адам құқықтарын бұзу және халықтардың өзін-өзі анықтау құқығын жүзеге асыруына кедергі келтіру құралы ретінде пайдалануға қатысты мәселені де қарады.
Нәсілшілдік пен кемсітушілікке қарсы күрес
Кеңес нәсілшілдікке, нәсілдік кемсітушілікке, ксенофобияға және төзімсіздіктің басқа да түрлеріне қарсы күрес мәселесін қарастырды.
Африкалық текті адамдар жөніндегі сарапшылар жұмыс тобының мандаты тағы үш жылға ұзартылды. Жұмыс тобына өз қызметі туралы жыл сайын Кеңеске есеп беру міндеті жүктелді.
«Риторикадан шындыққа дейін: нәсілшілдік, нәсілдік кемсітушілік, ксенофобия және байланысты төзімсіздікке қарсы нақты әрекет етуге жаһандық шақыру» атты қарар да қабылданды.
Құжатта БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасына Дурбан декларациясы мен Іс-қимыл бағдарламасының қабылданғанына 25 жыл толуына арналған ақпараттық жұмысты жалғастыру ұсынылды. Сондай-ақ нәсілшілдікке қарсы күрес жөніндегі материалдарды кеңінен тарату және халықаралық ұйымдар аясындағы ақпараттандыру шараларын күшейту мәселесі қамтылды.
Ұлттық адам құқықтары институттары мен әмбебап мерзімді шолу
Кеңес ұлттық адам құқықтары институттарының қызметін қолдау туралы қарарды дауыс бермей қабылдады. Құжатта БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасына осы институттардың жұмысын дамытуға қажетті шаралар мен бюджеттік ресурстарды қамтамасыз ету ұсынылды.
Сессия барысында 14 елдің Әмбебап мерзімді шолуының нәтижелері де қабылданды. Олардың қатарында Намибия, Нигер, Мозамбик, Эстония, Парагвай, Бельгия, Дания, Палау, Сомали, Сейшел аралдары, Соломон аралдары, Латвия, Сьерра-Леоне және Сингапур бар.
Әмбебап мерзімді шолу – БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің адам құқықтары саласындағы жағдайын кезең-кезеңімен қарастыратын тетік.
Кеңес екі шешім де қабылдады. Бірі Бала құқықтары туралы конвенцияға ерте жастағы білім беру, тегін мектепке дейінгі білім және тегін орта білім алу құқықтарына қатысты ерікті хаттама әзірлеу жөніндегі ашық мерзімді үкіметаралық жұмыс тобына қатысты болды. Екінші шешім мемлекеттердің Әмбебап мерзімді шолу тетігімен ынтымақтастықты жалғастырмауына байланысты қабылданды.
Кеңестің келесі сессиясы қашан өтеді?
Адам құқықтары кеңесі 63-сессияның соңғы күнінде Консультативтік комитеттің алты мүшесін сайлап, жеті мандат иесін тағайындады. Сондай-ақ, сессия есебінің жобасын қабылдады.
Кеңес вице-президенті әрі баяндамашысы Маркос Гомес Мартинестің мәліметінше, сессия барысында 34 қарар, екі шешім және бір президенттік мәлімдеме қабылданған. Бұдан бөлек, 39 интерактивті диалог, төрт кеңейтілген интерактивті диалог, алты панельдік талқылау және бір жабық отырыс өткізілген.
Кеңес президенті Сидхарто Реза Сурьодипуро қорытынды сөзінде сессияның өтуіне үлес қосқан Кеңес бюросы мен хатшылығының мүшелеріне, БҰҰ қызметкерлеріне, мүше мемлекеттерге және азаматтық қоғам өкілдеріне алғыс айтты.
БҰҰ Адам құқықтары кеңесінің 63-тұрақты сессиясы 2026 жылғы 7 қыркүйек пен 7 қазан аралығында өтті. Келесі, 64-сессия 2027 жылғы 22 ақпан мен 2 сәуір аралығында өтеді деп жоспарланған.
Бұған дейін БҰҰ комитеті әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғаудағы олқылықтарды көрсеткенін жазған едік.