Что такое отношения, секс и сексуальность

Разбираем с психологом в сфере сексуальности Асель Шаназаровой.

Сексуалдылық саласындағы психолог Асель Шаназаровамен талқылаймыз

Қарым-қатынас неден тұрады? 

Секс – оның маңызды бөлігі, бірақ екі адамның арасындағы қарым-қатынастың көрсеткіші, сипаттамасы болып табылатын тағы не бар?

Қарым-қатынас, ең алдымен, екі адамның осы қарым-қатынасты құруға деген қалауларынан тұрады. Өкінішке қарай, кейде серіктестердің бірінде осыған күш салу және бірге дамуға ниет болмай жатады.

Біріншіден, кез келген жыныстағы адамдардың балалық шақта қалыптасатын негізгі қажеттіліктері бар: қауіпсіздік, сенім, тиістілік, қабылдау және махаббат.

Дәл осы қажеттіліктер біздің серіктесті таңдауымызды анықтайды және бізде қандай да бір қарым-қатынас орнатуға деген ниет тудырады. Көбінесе бұл бейсаналы түрде жүреді, адам бастапқыда өзінің шынайы мотивациясын түсіне алмайды, сезімдерін қадағаламайды да, бұл сәтті өткізіп алады. Сондықтан өзіңізге мына сұрақты қою пайдалы болар еді: «Маған қазір қарым-қатынас не үшін керек, одан не күтемін? Өзімді қауіпсіз сезінемін бе, серіктеске сенемін бе, мені өз қалпымда қабылдай ма?»

Қарым-қатынастың кез келген кезеңінде, әсіресе алғашқы айларында өзіңізді тыңдап көріңіз: серіктеспен бірге болғанда осындай жағымды сезімдер бар ма? Бар болса, жақсы. Жоқ болса, қорытынды шығарыңыз.

Тағы бір жағы бар. Мысалы, егер менде қауіпсіздік немесе қабылдау сезімі жетіспесе, ішімде үлкен бос орын болса (тіпті сырттай бәрі жақсы болса да), ал мен оны серіктес пен қарым-қатынас арқылы толтыруға тырыссам, мұндай жағдайда қарым-қатынастың қаншалықты сау, тұрақты және ұзақ болатынын айту қиын. Сондықтан өзіңізге және серіктесіңізге мына сұрақты да қойыңыз: «Серіктесім болмаса да, осы қажеттілікті өзім қанағаттандыра аламын ба, әлде онсыз күйзеліске түсемін бе? Ішімде не бар және немен бөлісе аламын?»

Осылайша, қарым-қатынас қажеттіліктерге де, өзіңіздің ішкі тірегіңізге де сүйенеді.

Базалық қажеттіліктерден екінші маңызды элемент шығады – жеке шекаралар, солармен бірге өз болмысыңды сақтау: ашық көріну, әлсіздігіңді айту, қиындықтарды бірге еңсеру, түрлі эмоцияларды талқылау, бір-біріне көмектесу, қолдау көрсету, тыңдай білу. Әрқайсымыз жеке шекараларымызды сақтай аламыз ба? Екеуміз де өзгеріп, дами аламыз ба, әлде біріміз артта қалып қоямыз ба? Бұл реніштер, ұрыс-керістер мен кешірімге қатысты ережелерді қамтиды.

Билік қалай бөлінеді: теңбіз бе, әлде біреу үстем бе?

Егер бірге болуды шешсеңіздер, мұның бәрін талқылау қажет, себебі қарым-қатынас – даму мен өсу туралы, ал талқылаусыз ол тығырыққа тірелуі мүмкін.

Үшіншіден, қарым-қатынас мақсаттар мен құндылықтардан тұрады, олар бар ма, олар екі адам үшін ортақ па? Қарым-қатынаста жүрген жұп алда не күтіп тұрғанын, қайда бет алғанын түсінуі керек. Мақсаттар әртүрлі болуы мүмкін: ата-ананың алдында борышты өтеу, үйлену/тұрмыс құру, бала туу немесе жай ғана бірге болып, бір-біріне қуаныш сыйлау, қоғамға пайда әкелу. Ең бастысы – бағытты бірге анықтау.

Төртіншіден, адамның ұрпақ жалғастыру қажеттілігі туралы да айта кету керек. Дегенмен қазіргі қоғамда бұл қажеттілік бәріне бірдей маңызды емес. Ал секс – қарым-қатынастың да маңызды бөлігі. Бірақ әр жұпта секс мәселесіне көзқарас әртүрлі. Жақсы немесе қанағаттандыратын секс болмайтын жұптар да бар. Егер сұрақтар туындаса, маманмен ашық талқылаудан ұялмау қажет.

Сексуалдылық дегеніміз не? Ол сексапилділіктен несімен ерекшеленеді?

Алдымен ДДСҰ анықтамасына сүйенейік: сексуалдылық – бұл өміріміздің ажырамас бөлігі. Ол бізге туғаннан бері берілген және өмір бойы бізбен бірге болады.

Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымы

«Сексуалдылық – адамның болмысындағы орталық аспектісі және оған жыныс, гендерлік сәйкестік пен рөлдер, сексуалдық бағдар, жыныстық инстинкт, ләззат, жақындық және ұрпақ жалғастыру жатады. Сексуалдылық ойда, қиялда, қалауда, сенімдерде, құндылықтарда, әрекеттерде, мінез-құлықта, рөлдерде және қарым-қатынаста көрінеді. Сексуалдылыққа биологиялық, психологиялық, әлеуметтік, экономикалық, саяси, мәдени, құқықтық, тарихи, діни және рухани факторлар әсер етеді».

Мен үшін сексуалдылық – бұл біздің сезімтал, дамыған денеміз. Бұл өзіңнен, денеңнен, өміріңнен ләззат алу қабілеті, серіктесің болса да, болмаса да. Бұл өмірлік энергия, қуанышпен өмір сүру және даму қабілеті.

Сексуалдылық – бұл ішкі күй, ал сексапилділік – сыртқы көрініс. Сексапилділік көбінесе әйел денесінің сексуализациясы мен объектенуіне байланысты. Ол өзіңді әлемге қаншалықты ашық, жарқын, батыл көрсете алатыныңа қатысты.

Әдетте адамдардан «Сексуалдылықпен қандай ассоциацияларыңыз бар?» деп сұрасақ, мүмкін біреу қызыл еріндерді, корсетті, қандай да бір шұлықтарды, қысқа юбканы айтар, ал жігіттерге қатысты болса, жалаңаш кеудені еске алар. Ер адамдарға қарағанда әйел денесімен байланысты ассоциациялар көбірек болады. Мұның өзінде әйел денесінің объективтендірілуі жатыр. Бірақ бұл сыртқы көрініс, ол да әртүрлі болуы мүмкін. Оның қаншалықты дауысты, жарқын, агрессивті болатыны да адамның ішкі күйіне байланысты, біз өткерген жарақаттардан, өмірлік мақсаттарымыздан, біз мұнымен нені дәлелдегіміз немесе көрсеткіміз келетінімізден шығады.

Өте маңызды атап өтер жайт: сексуалдылық – бұл әлеуметтік конструкт. Бұл қоғамның түсініктерінен, мәдени ерекшеліктерден, елде сексуалдық білімнің бар-жоғынан және сексуалдық денсаулықты қорғау қызметтерінің болуынан қалыптасатын ұғым.

Әрине, дәстүрлі қоғам адамның сексуалдылығының қалыптасуына әсер етіп, оған көп баға берушілікті, көп қабылдамаушылықты және көптеген тыйымдарды, табуларды, стереотиптерді енгізеді. Олар, әсіресе, адам жас әрі өзін енді ғана көрсете бастағанда, оның ішкі психо-эмоционалдық жағдайына өте қатты әсер етеді.

Сексуалды адамдар – бұл көп жыныстық қатынасқа түсетін адамдар ма?

Жоқ, мұнда мүлдем ешқандай байланыс жоқ. Сексуалдылық жыныстық қатынассыз да бар. Дене бар жерде сексуалдылық бар. Адамның сексуалдылығы біздің сезімдеріміздің, эмоцияларымыздың болуымен, оларды бақылап, өзімізді ұстай алуымызбен, осы сезімдер мен эмоцияларды білдіре алуымызбен және бір-бірімізге белгілі бір жақындық орната алуымызбен сипатталады. Эмоционалды компонент адамның сексуалдылығында өте маңызды.

Сексуалдылықтың немесе сексапильділіктің деңгейі неге байланысты? Сыртқы келбеттен, мінезден, гормондардан ба?

«Деңгей» деген сөз өте субъективті. Өзін сексуалды сезіну, менің ойымша, ең алдымен, сенімділікке байланысты. Адам өзін қаншалықты жақсы біледі, түсінеді, қабылдайды, өзін әлемге көрсете алады, өзін жақсы көреді, гормондар мен физикалық денсаулық қаншалықты дұрыс жұмыс істейді, бәрі соған байланысты.

Ал егер адамның өзімен байланысы жоқ болса немесе өзін-өзі бағалауы өте төмен болса, онда киім, сыртқы келбет бұл күйге қатты әсер етеді. Бірақ бәрінен бұрын – бұл өзіне сенімділік, өзін бағалай білу және сексуалдық сауаттылық.

Неге адамдар соншалықты сексуалды болуға ұмтылады, ол не береді?

Менің ойымша, мұның түбінде танылуға, көрінуге, қалаулы болуға деген бейсаналы қажеттілік жатыр. Ал мүмкін бұл – қалаулы болуға, тартымды болуға, бір-біріне тиесілі болуға, біреумен ортақтасуға деген саналы қажеттілік шығар.
Өзіңе жар тауып, толыққанды сезіну үшін не істеу керек? Дене сексуалдылығы және сыртқы келбет арқылы мұны жүзеге асыру ең оңай жол. Ол құрал секілді. Адамдар көбіне ішкі күйіне қамқорлық жасағаннан гөрі сыртқы көрініске көбірек мән береді.

Сексуалдылық пен азғындықтың арасындағы шек қайда?

Бұл сұрақ, менің ойымша, «норма» мен «норма еместің» ұғымына байланысты. Ал бұл өте субъективті, шекарасы бұлыңғыр ұғым, өйткені ол норманы әр адам өзінің санасында, өзінің құндылықтары мен өмірлік басымдықтарына сүйене отырып қалыптастырады.

Мысалы, біреу үшін менің мінез-құлқым азғындық болып көрінуі мүмкін, ал мен үшін бұл қалыпты сексуалдылық, қоғамдағы табиғи көрініс. Сондықтан бұл шекараны айқындау өте қиын, әсіресе бір адамның басқа адамды бағалауы тұрғысынан. Бәлкім, ортақ өлшем  жасаған ісің үшін өкінбеу, өзіңді қалай көрсетсең де, ұялмау болар. Әрине, норманы анықтайтын тағы бір фактор – сіз тұратын елдің заңнамасы. Мысалы, біздің елде 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас құқық бұзушылық болып саналады, жыныстық қолсұғылмаушылықты бұзады және қылмыстық жауапкершілікке тартады.

Сексуалдылықты дамытуға бола ма? Қазір әйелдің сексуалдық энергиясын ашу курстары көп. Бұған ғылыми негіз бар ма, әлде бұл нәтиже бермейтін манипуляция ма?

Сексуалдылықты дамытуға болады, өйткені біз дамимыз, есейеміз, қартаямыз. Біздің денсаулығымыз қалыптасады: әрі сексуалдық, әрі жалпы физикалық денсаулық шамамен 25 жасқа дейін орнығады, одан кейін, өкінішке қарай, қартаю процесі басталады. Ал осы үдерістің өзінде біздің сексуалдылығымыз да дамиды.

Сексуалдылықты дамытуға болады әрі дамыту керек, өйткені ол өмір сапасын жақсартуға әсер етеді. Басқа сұрақ – мұны қалай жасауға болады. Шынында да, курстар көп. Неге екенін білмеймін, бірақ бұл жерде басымдық көбінесе «әйел энергиясына» беріледі. Әйелдерге арналған курстардың көбірек болуы да бекер емес: бір жағынан, әйел сексуалдылығы – әйелдердің мақсаттарына жету құралы, манипуляция тәсіліне айналды; екінші жағынан, ол ерлер тарапынан пайдаланылды: әйел денесін объективтендіру, оны өз қалауына, қиялына қолдану, соған байланысты секс-қызметтер, эскорт және тағы басқа.

Сіздің сұрап отырған курстарыңыздың түрлері әртүрлі. Олар психотерапиялық болуы мүмкін, яғни ғылыми негізге сүйенген. Эзотерикалық та болуы мүмкін. Әркімнің өз сенімі мен негізі бар. Нәтижесі болады ма, болмай ма, бәрі адамның өзіне байланысты: ол қаншалықты еңбектенеді, сенеді және алдына қандай мақсат қояды.

Әйелдерде де, ерлерде де энергия бар. Мен оны «әйелдік» немесе «ерлік» деп бөлуді ұнатпаймын. Энергия – ол өмірлік энергия, біз оны қаншалықты дамытамыз, онымен қаншалықты жұмыс жасаймыз, ол соншалықты бізге өмірімізді жақсартуға немесе мақсаттарымызға жетуге көмектеседі.

Қыздар мен жігіттерге қарым-қатынас пен сексуалдылық саласында қандай кеңес беруге болады?

Біріншіден, өзіңді тану. Өзіңнің жынысыңның физиологиясын, қарсы жыныстың физиологиясын білу, яғни сенің қалай құрылғаныңды және қарсы жыныстың қалай құрылғанын түсіну маңызды.

Екіншіден, әрине, психоэмоционалдық саланы дамыту: өз сезімдерің мен эмоцияларыңды байқай білу, оларды қадағалау, денеңмен байланыс орнату. Өзiңдi неғұрлым жақсырақ түсінген сайын, соғұрлым жақсы сезінесің, жақсы қабылдайсың.

Үшіншіден, бұл туралы серігіңмен сөйлесуді үйрену керек. Өз қалауларыңды, мүмкіндіктеріңді, өкпелеріңді айтуға үйрену. Тағы бір маңызды қадам – серігіңді тыңдауды үйрену және диалог құру. Көбіне бұл процестер қатар дамиды.

Оқу үшін «Uyat emes» білім беру жобасын, «Аспан» чат-ботын, Денсаулық сақтау министрлігінің «Shyn.kz» чат-ботын пайдалануға болады. Көптеген қалаларда жастар денсаулығы орталықтары бар, онда психологтан, гинекологтан, урологтан тегін кеңес алуға мүмкіндік бар.

Сондай-ақ, мен фильм көруге кеңес берер едім, бірақ порно емес, қарым-қатынас, махаббат туралы, ішінде аздап эротикалық элементі бар көркем фильмдер. Содан кейін сол фильм туралы ойлану, серігіңмен, достарыңмен талқылау: өзіңді қалай сезіндің, ол сенде қандай сезім тудырды, қандай әсер қалдырды, осылайша сен өзінің эмоциялық әрі сезімдік әлеміңді дамытасың.

Ал жасөспірімдер үшін физиология, жыныстық қатынас деген не, балалар қалай дүниеге келеді деген тақырыптағы энциклопедияларды оқуға болады. Мұнда Харрис Р.Г. және Эмберли М. авторларының әр түрлі жасқа арналған үш бөлімнен тұратын кітаптарын ұсына аламын. Ал егер біреу бұл тақырыпқа тереңірек үңілгісі келсе, сексолог Лев Щегловтың «Записки сексолога» атты кітабын оқуды ұсынамын, онда сексуалдылық ұғымының қаншалықты кең екені жақсы түсіндіріледі.

Подкаст Асель Шаназаровой о подростковой сексуальности
Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»