Тоқал “сыйлау” - сән бе?
Кейінгі кездері әлеуметтік желіде тоқал алу, тоқал “сыйлау” деген тақырыппен көптеген видеоматериалдар таралып жатыр. Сәнге айналған тоқал алу тақырыбы туралы біз де тарқатып көрдік. Тоқал алу - салт-дәстүр ме әлде ислам дінімен келген бе? Тоқал алуға заң не дейді? Тоқал тақырыбы нормаға айналып бара ма?
Әуелден қазақ қоғамында тоқалды әмеңгерлік салтты орындағандықтан алатын еді. Отбасыға тоқал әкелудің өз тәртібі болатын. Алдымен, мынаны түсініп алайық, қиын қыстау заманда қазақтың саны көп болғаны өте маңызды болды. Өйткені, тұтқиылдан шабатын жау бар, одан қалды жауды шабуға аттанатындар бар, сол қырғыннан мерт болңандардың әйелдері қайда барушы еді? Ешқайда. Жесір қалған әйел тентіреп кетпес үшін келін болып түскен әулетінде қала береді. Кей жағдайда әмеңгерлік салтпен қаза болған ерінің бауырына қосылатын. Ендігі бір жағдайда сан жетпес мал-мүлкі бар бай-бағландар байлығын мұра ету үшін көп балалы болуға ұмтылған.
Әлеуметтік желіге жарияланып, өте көп қаралым жинаған бейнероликтер де жетерлік.
Мысалы, блогер Мереке Қалбаева өзінің күйеуіне той үстінде тоқал сыйлады. Келген қонақтар мұны қалжың көріп жан-жақтан түсіре бастады, ал есіктен басына ақ орамал таққан жас қыз кіріп келді. Бұл жағдайға қатты қуанған блогердің күйеуі болған жайтты әлеуметтік желіге жариялапты.
Әлеуметтік желіден “тоқал” деп іздей қалсаңыз, бұндай бейнероликтердің түр-түріне тап боласыз. Қорап ішінен тосын сый болып атып шығатын қыз-келіншектерді қызықтап жатқан жұртшылық та мәз.
Тоқал алуға заң не дейді?
Қазір қолданыстағы Неке және отбасы туралы заңға сәйкес, бұл жағдайлар заңсыз деп есептеледі. Өйткені Қазақстанда екі әйел алуға, бір басқа екі неке тіркеуге рұқсат жоқ. Заңды некеге бір ғана әйелмен отыруға болады. Демек, сәйкесінше тоқалды сыйлаушы да, алушы да Қазақстан заңын белшеден басып отыр деп есептеуге болады.
Зайырлы Қазақстанда көп әйел алуды кім қалыпқа келтіреді?
Жақында 2023 жылдың 1 желтоқсанында Н.Назарбаевтың екінші әйелі туралы ақпарат шықты.
“Біз мұсылман дәстүрі бойынша некемізді қидық. Әсел маған екі ұл туып берді. 2005 жылы Тауман өмірге келді, 2008 жылы Бәйкен туды,” – делінген “Менің өмірім” деген кітапбында.
Былтыр Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi Ұлттық комиссияның мүшесі, қоғам қайраткері, "HAQ" Қайырымдылық қорының негізін қалаушы Тоғжан Қожалы палата отырысында: “Қазақстанда көп әйел алу мәселесі эпидемияға айналып барады. Маған осы мәселе төңірегінде өте көп сұрақтар келеді. Заңды тұрғыда рұқсат беріңіздер немесе тыйым салыңыздар. Екеуінің біреуі”, – деп пікір білдірген болатын. Қоғам белсендісі бірнеше әйел алған ерлердің отбасында мұраның бөлінуі, екінші әйел мен оның балаларының статусы секілді көптеген заңды мәселелер туындайтынын тілге тиек етті.
“Біз бұл мәселе нүкте қоюуымыз қажет. Неке мен отбасылық институттарды заңды түрде қорғауымыз керек. Көршілес мемлекеттерге қарасаңыз, Қырғызстанда 2016 жылдан бері көп әйел алушыларды 2 жылға бас бостандығынан айыратын заң бар. Тәжікстанда да ресми түрде тыйым салынған. Өзбекстанда жақында ғана, 30 қыркүйек күні Сенат көп әйел алуға тыйым салатын заң жобасын қабылдады”.
Тоғжан Қожалының бұл бастамасына кей оқырмандары қолдау білдірсе, кейбірі көп әйел алудан мәселе көрмейтінін жазып жатты.
Көп әйел алу - Ислам дінімен келді ме?
Тоқал алу Ислам дінінде, шариғатта рұқсат етілген нәрсе. Бұған байланысты аяттарда айтылып кеткен. “Ан-Ниса” сүресінің 3-аятында: “Өздеріңе ұнаған әрі адал болған өзге әйелдердің екеуімен, үшеуімен немесе төртеуімен үйленіп, отау құруларыңа болады”, – деген екен.
Тоқал алушылардың ресми не бейресми статистикасы жоқ. Ал сіздің ойыңызша тоқал алудың сәнге айналуы - біздің қоғамдағы жаппай исламизацияның әсері ме, қалай ойлайсыз?