Мұхтар Жәкішевтің қызы Лондонда шетелдікке тұрмысқа шықты
«Қазатомөнеркәсіп» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің қызының Лондонда шетелдікке тұрмысқа шыққаны желіде қызу талқыланып жатыр. Әсіресе, оның қара нәсілді азаматпен шаңырақ көтергені көпшілікті таң қалдырды. Бұндай неке қазақ қоғамында алғаш рет болмағанымен, әлі де қазақ қоғамына жат, көпшілік оған көз үйретпеген. Әсіресе, қазақ қызының қара нәсілді азаматты өмірлік серік ретінде таңдауы ұлттық менталитетке жат дүние секілді. Youth.kz әлеуметтік желідегі көпшіліктің пікірлеріне шолу жасап, аралас неке мәселесіне қатысты құқық қорғаушының пікірін сұрап білді.
Желіде екі түрлі пікір байқалады. Бір топ қолданушы жас жұбайларды құттықтап, адамның ұлты емес, оның адамгершілігі мен отбасындағы тәрбиесі маңызды екенін айтады. Екінші топ қазақ қызының өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шыққанын сынап, ұлттық болмыс пен дәстүр мәселесін көтерген.
«Қазақ тек қазаққа ғана жарасады», «Өте өкінішті бір қазақ таппағаны, өзге ұлтқа қор болған қайран қазақ қыздары-ай, өмірі өкінішпен өтеді», «Қазақ жігітіне бұйырмады», «Сорлаған қазақ», «Мына қыз өзінің қазақ екенін ұмытқан», «Қызды өзгеге бермеу керек», қызға қазақи тәрбие беріп, ұлт, қан тазалығын алға қойып өсіру керек», «Қазақ қызын басқа ұлтқа бермеген» деген секілді пікірлер жиі кездеседі.
Бұл пікірлерден қазақтың ежелден қыз тәрбиесіне, қан тазалығына ерекше мән бергенін аңғаруға болады. «Қызға қырық жерден тыйым» деген сөз содан шықса керек. Алайда заман жаңарған сайын қазақ қыздары өзге ұлт өкілдеріне тұрмысқа шығудан қымсынбайтын болды. Сондақтан, Мұхтар Жәкішевтің қызы Алтынай қара нәсілді азаматты таңдауы көпшілік үшін жаңалық та емес.
Ұлттың жаманы болмайды, жаман адамдар болады
Желідегі сыннан кейін Мұхтар Жәкішев тұрмысққа шыққан қызына қатысты жазба жариялады. Айтуынша, қызы әкесіз бой жетіп, қиындықтарды бастан өткерген.
«5 маусым күні қызым Алтынайдың ұзату тойы өтті. Бұл – әрбір әке үшін ерекше әрі толқынысқа толы күн. Мен Алтынай үшін шексіз бақыттымын. Оның таңдауы кездейсоқ емес. Карл екеуі алты жылдан бері бірге, екі жыл бұрын ол арнайы келіп, менен батасын алған еді. Карлдың адамгершілігіне, еңбекқорлығы мен мақсаткерлігіне сенемін. Ең бастысы – қызымды шын жүректен сүйеді. Бұл тойдың мен үшін маңызы ерекше. Үлкен қызым тұрмысқа шыққанда түрмеде болдым, оған тек хат арқылы ақ тілегімді жолдай алдым. Ал бұл жолы қызымды өз қолыммен ұзатып, жүрекжарды сөзімді айту бақыты бұйырды. Мені тұтқындағанда Алтынай небәрі 9 жаста еді. Ол менсіз есейді, қиындықтарды бастан өткерді. Соған қарамастан білім алып, кәсіби журналист әрі табысты модель ретінде қалыптасты. Қызымның жетістіктерін мақтан тұтамын», – деп жазды ол.
Сондай-ақ ол күйеу баласын сынағандарға жауап берді.
«Ұлтқа қарап емес, адамға қарап бағалау керек. Ұлттың жаманы болмайды, жаман адамдар болады. Карлдың отбасы маған жақсы әсер қалдырды. Олардың қызыма деген құрметі мен қамқорлығына ризамын. Мен үшін ең маңыздысы – қызымның бақытты болуы. Балаларымның таңдауын әрдайым құрметтеймін және қолдаймын. Өмірлерің ұзақ, адал әрі бақытты болсын! Қандай жағдай болса да, әкелерің әрқашан сендермен бірге», – дейді Жәкішев.
Алтынай Жәкішева кім?
Айта кетейік, Мұхтар Жәкішевтің қызы Алтынай Лондонда тұрады және модельдік бизнеспен айналысады. Оның жұбайы – Карл Оби. Жігіттің LinkedIn парақшасында көрсетілген мәліметке сәйкес, ол Манчестер университетін тәмамдап, инвестициялық салада жұмыс істейді. Ал Instagram парақшасы жабық.
Алтынай әлеуметтік желідегі парақшасында Лондонда өткен отбасылық рәсімнен фотосуреттер жариялаған. Кадрларда көп қонақ пен үлкен той дастарханы байқалмайды, сондықтан жұп некені тіркеу рәсімін жақындары арасында ғана өткізген болуы мүмкін.
Қалыңдық қарапайым көйлек таңдаған. Ол сондай-ақ бургунд түсті калла гүлдерінен құралған ерекше гүл шоғын ұстаған. Мамандар мұндай түсті калла гүлдері сенім мен өзара түсіністікті білдіретінін айтады.
«9 мамыр, сенбі күні Лондондағы ратушада отбасымыздың қатысуымен некеміз ресми түрде тіркелді. Жаңбыр жауады деп еді, бірақ күн ашық болды. Сол күні мен ресми түрде Mrs OJ атандым», – деп жазды ол Instagram-да.
Нәсілшілдікті талқылау – сөз бостандығының көрінісі
Құқық қорғаушы Татьяна Чернобиль көпшіліктің пікірін нәсілшілдік тұрғысынан бағалауға қатысты пікір білдірді.
Оның айтуынша, егер пікірлер өшпенділік сипатында болса, онда иә, бұл белгілі бір белгі бойынша, нақты жағдайда нәсіліне байланысты өшпенділік тілі болып табылады. Ал егер әңгіме нәсіларалық одақты айыптау емес, жай ғана талқылау туралы болса, онда бұл сөз бостандығының көрінісі. Талқылау мен айыптауды қалай ажыратуға болады? Бұл қиын емес. Онда қорлайтын салыстырулар, нәсілдік артықшылық туралы пайымдаулар, жақтырмауды білдіретін пікірлер және осыған ұқсас нәрселер болмауы керек.
«Алтынай Жәкішеваның тұрмысқа шығуына қатысты айтсақ, қоғамның жас жұбайларға осыншалықты ерекше назар аударуының өзі талқылауға тұрарлық мәселе. Тіпті бұл назар, оң ниет білдірген жағдайда да оның себептері мен астарына назар аударуға болады. Өйткені адамды немесе белгілі бір топты «ерекше», «таңғаларлық», «экзотикалық» нәрсе ретінде көрсету де нәсілшілдіктің бір түрі болып саналады. Бұл – жасырын түрде көрінетін нәсілшілдік», – дейді маман.
Құқық қорғаушының пікірінше, экзотизация адамдардың «ерекшелігін» алға шығара отырып, олардың өзгешелігін шамадан тыс көрсетеді және стереотиптерге, яғни алдын ала қалыптасқан теріс немесе біржақты көзқарастарға негізделген түсініктерді жасырады. Соның нәтижесінде қоғамда «біз» және «олар» деген бөлініс нығая түседі.
«Кемсітушіліктен және оның ең шектен шыққан түрі – өшпенділік тілі мен жеккөрушіліктен айырмашылығы экзотизация, фетишизация және микроагрессия деп аталатын басқа да құбылыстар (бұл жағдайда нәсілдік микроагрессия) қылмыстық жауапкершілікке әкелмейді, яғни сөз бостандығы аясында қарастырылады. Алайда бұл адамның жеке моральдық жауапкершілігін жоққа шығармайды. Керісінше, бұл өз көзқарасыңды, дәлірек айтқанда, алдын ала қалыптасқан жаңсақ пікірлерің мен біржақты ұстанымдарыңды қайта ой елегінен өткізіп, олармен жұмыс істеуге себеп болуы керек», – дейді ол.