Оқушқыздарға мектепте қандай шектеулер қойылады?
Қыркүйектің басында казнетте «қыздар жиналысы» деген pov видеолар тарай бастады. Видеоға пікір жазғандардың сөзінше, жиналыста көбіне «қыз тәртібі, мінез-құлқы, гигиенасы» сыналады екен. Google-дан «қыздар жиналысы» кілт сөзімен іздеу жасағанымызда, кей мектептердің ресми сайтында осындай жиналыстарды «қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі», «қызға қырық үйден тыйым» тақырыптарына арнағаны жазылған. Youth.kz оқушы қыздардан мұндай жиналыстар олардың өміріне, ой-пікірі мен өзін-өзі қабылдауына қалай әсер еткенін сұрап көрді.
Әмина Кемелбай – 21 жаста, 2021 жылғы мектеп түлегі
Қыздар жиналысында мұғалімдер «қыз тыныш жүрсе, қасындағы бала да тыныш жүреді», «ашық-шашық жүрмеңдер», «шаштарыңды өріңдер», «артық қылмыңдамаңдар» деп бізді әрдайым бір стандартқа салуға тырысатын. Мектеп ішінде қыз бен ұлдың бірге тұрғанын көріп қалса, әуелі қыздарға «қырындаған өздерің» деп ұрса жөнелетін.
Бірде анам көк матадан көйлек тігіп берген. Апайым мектепте бүкіл қыздың көзінше «неге мұндай киім киесің?», – деп сөкті. Тағы бірде дене шынықтыру сабағына қара легинс шалбар киіп жаттығу жасап жүрегенімде, сыныптасым жамбасымнан ұрып жіберді. Не дерімді білмедім. Мұғалімдерге не отбасыма айтсам, керісінше «неге сондай тар киім кидің?» деп ұрсатын сияқты көрінді. Осы оқиғадан кейін біреу тиісе қалса, бірден «мен кінәлі шығармын» деп ойлайтын болдым. Жаңалықтарда біреуді зорлап кетті десе, бейсаналы түрде қыз кінәлі деуді шығардым. Бірақ есейіп, түрлі ақпарат оқи келе, зорлық, харассментте әрқашан кінәні жәбірленушіге емес, соны істеген адамға артуым керегін түсіндім. Қазір де кінәні жәбірленушіге сілтейтіндер бар, оларды еш сөкпеймін. Өйткені осындай стереоптитердің кең тарауына мектептегі қыздар жиналысы сынды шаралар сеп болған сияқты. Солар арқылы санаға ерте жастан кінәні әйелден көру сіңіп қалған.
Әлия (кейіпкер есімін өзгертуді сұрады) – мектеп оқушысы
Осындай жиналыстардың бірінде бір топ қызды мектеп мінберіне шығарып бәрінің көзінше қысқа киім кигені үшін айыптаған. Неге дегенімізге «баспалдақтардың астынан бәрі көрінеді, ересек ағайлар, сыныптағы ұлдар сендерге қарайды, ұялмайсыңдар ма?» деп жауап беретін. Үнемі сырт келбетімізді сөз қылатын. Бір мұғалім шашымызды өрмесек, сабаққа кіргізбей қояған. Енді бірі сіңілімнің телефонын тартып алып, суреттерін ақтарған. Шашымызды тексеріп, бүкіл жұрттың көзінше қай қызда бит бар/жоққа дейін айтады. Негізі қыздарға арналған жиналыстар аптасына бір рет психолог, мектеп дәрігері мен тәрбие ісінің меңгерушісінің жетекшілігімен өтеді. Біздің мұндай ескертулерге етіміз үйреніп қалған, ештеңе демейміз. Құтылудың амалын іздейміз. Мектепте ай сайын министрлік жіберетін психологиялық, суицидке қатысты тест тапсырамыз. Психолог бәрін бақылап, дұрыс жауабын айтып отырады. Бәрі мектептің рейтиңі түсіп кетпесін дегендң ғана ойлайды.
Алуа Утебаева – 21 жаста, 2021 жылғы мектеп түлегі
Мектеп жиналысы ұлдармен бірге өтетін. Онда жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың себебін түсіндіріп, тәртіп пен мінез-құлқымыз талқыланатын. Мұғалім мен мектеп дәрігері не айтса да, жауапкершілікті ұлдардан гөрі қыздарға көбірек жүктейтін. «Қыз инабатты, ұяң боп, қарапайым әрі сыпайы өмір салтын ұстануы керек» деген сөз жиі айтылатын. Ал ұлдар қолымен нұқып, «әне, тыңдаңдар» деп мазақтайтын.
Үйде де «қыз бала жинақы киінуі керек, аяғыңды көтерме» дегенді жиі естіп өстім. Ал мен аздап тентек едім. Меніңше, мизогиния осылай қалыптасады. Өйткені оқушы кезімде жігіттермен сөйлесіп, қысқа белдемше киетін не боянып жүретін қыздарды «жігіттердің назарын аударғысы келеді, ақымақтар» деп іштей қатты айыптайтын едім. Ал өзімді тәртіпті, үлгілі адам санадым. Үлкендердің сөзіне іштей қарсылық болса да, айтқандары дұрыс боп көрінетін. Сіңіліме отбасылы еркектердің тесіле қарағанынан жиіркенгенім сонша, қыз екеніме өкінген сәттерім де болды. Еркектердің осындай көзқарастарынан қорғану үшін әдейі шашымды жинап, боянбай, кең киім киіп, өзімді ұл сияқты ұстайтын едім.