«Күнделік» пен «ONAY»: неге жеке холдингтерге төлейміз?

Неге білім беру мен көлік салаларындағы кейбір қызметтерді жеке компаниялар атқарады?

Неге білім беру мен көлік салаларындағы кейбір қызметтерді жеке компаниялар атқарады? Ата-аналар электрондық күнделік жүйесі «Күнделікке» қосымша ақылы функциялар үшін шағымданса, алматылық жолаушылар – «ONAY» төлем жүйесінің қолайсыздығы мен шектеулеріне наразылық білдіруде. Бұл екі жағдайдың ортақ сипаты бір: компаниялар жекеменшік болғанымен, мемлекеттік жүйеге соншалықты кіріктірілген, олардан бас тарту мүмкін емес.

Монополия деген не?

Монополия – нарықта белгілі бір қызметті тек бір ғана жеткізушінің ұсынуы. Тұтынушы үшін бұл әрқашан қауіпті: компания шарттарды да, бағаны да, ережені де өзі қояды, өйткені «бәсекелеске кету» мүмкін емес.

«Күнделік» те, ONAY да осыған мысал. Екі платформа да қоғамдық инфрақұрылымның міндетті бөлігіне айналды: оларсыз мектеп пен көлікті елестету қиын. Бірақ бақылау мемлекет емес, жеке фирмалардың қолында. Негізгі сұрақ: бұл мемлекет пен бизнестің серіктестігі ме, әлде халық есебінен қоғамдық қызметтердің жекешелендірілуі ме?

«Күнделік»: мемлекеттік сервердегі ақылы күнделік

Kundelik.kz жүйесі 2016 жылы құрылды. Акционерлердің арасында қазақстандық кәсіпкерлер мен ресейлік «Дневник.ру» компаниясы бар. Жеке мәртебесіне қарамастан, сервис миллиондаған оқушы мен мұғалімге қызмет көрсетеді, ал оқушылардың деректері АҚ «Ұлттық ақпараттық технологиялар» мемлекеттік серверлерінде сақталады.

Бұл бюджетке жыл сайын арзанға түспейді:

  • 2022 жыл – 259 млн теңге;
  • 2023 жыл – 309,9 млн теңге.

Компания болса мемлекеттен қаржы алмайтынын, тек өз қаражаты мен ақылы қызметтер есебінен жұмыс істейтінін алға тартады.

Мәселен, ата-аналар үшін бүгін мынадай ақылы опциялар бар:

  • баланың үлгерімін сыныптастарымен рейтингтік талдау;
  • жарнамасыз жазылым (жылына 7 788 теңге немесе айына 1 149 теңге);
  • мобильді қосымша (айына 480 теңге немесе жылына 3 500 теңге).

Ресми түрде күнделікке сайт арқылы тегін кіруге болады, алайда іс жүзінде көпшілік смартфон пайдаланады. Өйткені ноутбуктер мен компьютерлер әр отбасында жоқ (Қазақстан бойынша 700 мың баланың ноутбугі жоқ, оның 196,1 мыңы ауылдық жерде). Демек, ата-аналар жүйені пайдалану үшін амалсыздан ақша төлейді.

Қазақстанда оқушылар саны шамамен 4 миллион. Олардың бір бөлігі ғана ақша төлесе де, «Күнделік» миллиардтаған бизнеске айналады.

Сонымен қатар жүйеде жақында K.Bonus club бағдарламасы пайда болды: оқушылар жақсы бағалары үшін бонус алып, серіктес компаниялардаң сыйлыққа алмастыра алады. Бірақ оған қатысу үшін жылына 2 500 теңге төлеу қажет. Яғни жақсы оқуға ынталандырудың өзі бизнес-модельге айналған: оқушы жай ғана оқымайды, «элиталық қатысушы» болу үшін төлейді.

Сол себепті кей аймақтар балама іздеуде. Мысалы, Ақтөбе облысы «Күнделіктен» бас тартып, BilimClass платформасын таңдады. Онда цифрлық ресурстар мен сабақтарға тегін қол жеткізу қарастырылған. Бұл монополияның тек бәсекенің жоқтығынан туындайтынын дәлелдейді. Дегенмен BilimClass та – жеке білім беру холдингі BilimLand-ке тиесілі.

ONAY: инновация бейнесіндегі қолайсыздық

Мектептерде ата-аналар «Күнделікке» шағымданса, алматылықтар көліктегі ONAY жүйесіне риза емес. Ресми түрде бұл – қолма-қол ақшасыз төлемнің заманауи құралы. Іс жүзінде – елдегі ең жабық әрі қолайсыз жүйелердің бірі.

Айлық абонемент бағасы:

  • ересектерге – 9 900 теңге,
  • студенттерге – 4 200 теңге,
  • оқушыларға – 2 000 теңге,
  • зейнеткерлерге – 3 000 теңге.

Сонымен бірге қолма-қол төлем толықтай жойылды: жолаушылар тек ONAY картасымен, мобильді қосымшамен немесе SMS-төлем арқылы ғана төлей алады.

Билік мұны «қолайлылықты арттыру» және «көлікті заманауи ету» деп түсіндіреді, алайда тұрғындарда сұрақ көп. Біріншіден, тарифтердің өзі қымбат көрінеді: 9 900 теңге – көптеген отбасылар үшін айтарлықтай шығын, әсіресе әр отбасы мүшесіне жеке абонемент алу қажет екенін ескерсек. Екіншіден, төлем жүйесі қатты шектелген: Астанадағыдай Kaspi QR немесе банк картасымен төлеу мүмкін емес.

Қаланың қонақтары мен туристер де қиындыққа тап болады: қолма-қол қабылданбайды, ал ONAY картасын уақытша келушіге рәсімдеу мүмкін емес.

Айта кетейік, ONAY алғашында жеке пилоттық жоба ретінде енгізілген. Басқа қалаларда жүйелер өзгеше дамыды: Астанада бірден банктік сервистерге басымдық берілсе, өңірлерде қолма-қол төлем сақталды.

«Күнделік» пен ONAY оқиғалары мемлекеттің әлеуметтік мәселелерді бақылаусыз бизнеске ысырып, ал жеке компаниялардың оны әлеуметтік жауапкершіліксіз бизнес-модельге айналдырып отырғанын көрсетеді.

Бұл жөнінде сіз не ойлайсыз?

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз