Қандай қазақстандық ЖОО-лар әлемдік рейтингке кіреді?

Біз қандай қазақстандық университеттер беделді әлемдік білім беру рейтингтеріне кіретінін анықтадық.

Мамандық таңдау – түлектер мен олардың ата-аналары үшін ең өзекті мәселелердің бірі. Соңғы жылдары университетті таңдау кезінде тек ел ішіндегі беделге ғана емес, сонымен қатар жоғары оқу орындарының халықаралық рейтингтердегі орнына да назар аударылуда. Өйткені мұндай рейтингтер студентке қандай академиялық және мансаптық мүмкіндіктер ашылатынын көрсетеді. Осы материалда біз халықаралық беделді білім беру рейтингтеріне енген қазақстандық университеттерді, халықаралық аккредитацияның не екенін және неге оны қабылдау комиссиясынан сұрау маңызды екенін қарастырдық.

Қандай қазақстандық ЖОО-лар әлемдік рейтингке кіреді?

2024 жылдың қорытындысы бойынша жоғары білім саласындағы сараптамалық QS Quacquarelli Symonds агенттігі QS World University Rankings 2025 рейтингін жариялады. Бұл рейтинг тарихтағы ең ауқымдысы болды: 105 елдің 1500-ден астам университеті ұсынылды. Қазақстаннан бұл тізімге 21 университет енді.

QS World University Rankings – әлемдегі ең беделді университеттік рейтингтердің бірі. Ол келесі критерийлерге негізделген: академиялық бедел (30%), жұмыс берушілер арасындағы бедел (15%), оқытушыға шаққандағы ғылыми жарияланымдардың дәйексөз саны (20%), студенттер мен оқытушылардың арақатынасы (10%), халықаралық ғылыми ынтымақтастық (5%), шетелдік оқытушылар мен студенттердің үлесі (әрқайсысы 5%) және тұрақты даму көрсеткіші (5%).

QS рейтингіндегі қазақстандық университеттер тізімі төмендегідей:

  • 163 орын: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Алматы
  • 321 орын: Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана
  • 405 орын: Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Алматы
  • 621–630 орын: М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Шымкент
  • 671–680 орын: Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Алматы
  • 671–680 орын: Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, Алматы
  • 801–850 орын: Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Түркістан
  • 851–900 орын: А. Сагинов атындағы Қарағанды техникалық университеті, Қарағанды
  • 901–950 орын: Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Қарағанды
  • 951–1000 орын: Алматы технологиялық университеті, Алматы
  • 951–1000 орын: Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, Өскемен
  • 951–1000 орын: С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Алматы
  • 1001–1200 орын: Қазақстан-Британ техникалық университеті, Алматы
  • 1001–1200 орын: Нархоз университеті, Алматы
  • 1001–1200 орын: КИМЭП университеті, Алматы
  • 1201–1400 орын: Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Алматы
  • 1201–1400 орын: С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Астана
  • 1201–1400 орын: Сүлеймен Демирел университеті, Алматы
  • 1201–1400 орын: С. Торайғыров атындағы Павлодар университеті, Павлодар
  • 1401 орын: Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті, Қызылорда
  • 1401 орын: М. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, Тараз

Халықаралық рейтингтерден бөлек, университет пен оның бағдарламалары қандай аккредитациядан өткеніне де назар аударған жөн. Бұл туралы ақпаратты университеттің сайтынан немесе қабылдау комиссиясынан білуге болады.

Аккредитация деген не және ол неге маңызды?

Халықаралық аккредитация – бұл білім беру бағдарламасының сапасының халықаралық деңгейде танылуы. Оны арнайы тәуелсіз агенттік бағдарламаның халықаралық стандарттарға сәйкестігін тексеру арқылы жүзеге асырады.

Аккредитация барысында мыналар қарастырылады:

  • бағдарламаның мазмұны мен оның заманауилығы
  • оқытушылардың біліктілігі мен ғылыми қызметі
  • студенттердің дайындық деңгейі мен олардың еңбек нарығындағы дайындығы
  • университеттің материалдық-техникалық базасы
  • сапаны бақылау жүйесі мен студенттерден кері байланыс алу механизмдері

Қазақстанда бұл тәжірибе енді дамып келе жатқанымен, кейбір университеттерде халықаралық аккредитацияға ие бағдарламалар бар. Мысалы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ және Сәтбаев университеті ASIIN, ENQA, EQAR сияқты аккредитацияларды иеленген. ASIIN (Германия) – инженерлік және жаратылыстану ғылымдарына маманданған, ENQA – Еуропалық сапаны қамтамасыз ету қауымдастығы, EQAR – Еуропалық сапаны бағалау агенттіктерінің тізімі.

КИМЭП университетінің (Алматы) қаржы бағдарламасы EFMD (Еуропалық басқару дамуы қоры) аккредитациясына ие. Айта кетсек, мұндай аккредитацияға Қытайдағы HSBC серіктестігінің қатысуымен құрылған Пекин университеті де ие.

Қазақстанда қандай диплом алуға болады?

Қазақстандағы көптеген университеттер мемлекеттік үлгідегі диплом береді. Сонымен қатар, кейбір университеттер шетелдік ЖОО-лармен серіктестікте жұмыс істейді және қос дипломды бағдарламалар ұсынады. Бұл дегеніміз – төрт жыл ішінде студент бірден екі диплом алады, оның бірі – шетелдік университеттің дипломы.

Мысалы, Нархоз университеті (Алматы) бизнес бағыты бойынша екі қос диплом бағдарламасын жүзеге асырады. Халықаралық серіктестері: Mykolas Romeris University (Литва), Excelia Group (Франция), Queen’s University Belfast (Ұлыбритания), Illinois Tech және Penn State Law (АҚШ). Сонымен қатар, университет FIBAA, CIA, CIM, ACCA секілді халықаралық агенттіктердің аккредитацияларына ие. Бұл Нархоз университетін Қазақстандағы жеке жоғары оқу орындары арасында түлектерді жұмысқа орналастыру деңгейі бойынша көшбасшы етеді.

Назарбаев Университетінде (Астана) оқу ағылшын тілінде өтеді. Академиялық серіктестері – Duke University, University of Cambridge, National University of Singapore және т.б. Университет 2024 жылғы Times Higher Education (THE WUR) рейтингі бойынша әлемдегі ең үздік зерттеу университеттерінің 24–29% қатарына енді, THE жас университеттер рейтингінде – 106 орын, ал 2025 жылы Азиядағы ең үздік 150 университеттің қатарына кірді.

Қос дипломды бағдарламалары бар мемлекеттік университеттер

Мемлекеттік ЖОО-лар да шетелдік университеттермен бірлескен бағдарламаларды жүзеге асырады.
Мысалы, ҚБТУ (Алматы) инженерия, ІТ және мұнай-газ саласы бойынша мықты бағдарламаларымен танымал. Мұнда 2005 жылдан бастап Лондон университетінің білім беру орталығымен серіктестік негізінде Халықаралық экономика мектебінің қос диплом бағдарламасы жұмыс істейді.

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті (Петропавл) 2022 жылдан бастап АҚШ-тағы беделді Аризона университетімен стратегиялық серіктестік орнатты. Осы аясында студенттер қос диплом бойынша білім алып, қазақстандық және американдық дипломға ие бола алады.

Сонымен қатар, А. Байтұрсынов атындағы Қостанай университетінде де 2024 жылдың қыркүйегінде Миннесота университетімен (АҚШ) «Ақпараттық технологиялар» мамандығы бойынша қос диплом бағдарламасы бойынша ресми меморандумға қол қойылды.

Солай-ақ, қазіргі таңда қазақстандық университеттер халықаралық стандарттарға сай болуға ұмтылып, жаһандық рейтингтерге қатысуда, аккредитациялар алуда және шетелдік серіктестермен қос диплом бағдарламаларын дамытуда. Бұл өз кезегінде студенттерге жоғары сапалы білім алып, халықаралық еңбек нарығында сұранысқа ие болуға жол ашады. Бүгінде әлемдік деңгейдегі білім алу үшін шетелге кетудің қажеті жоқ – мұндай мүмкіндіктер Қазақстанда да бар.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз