Бүкіл Қазақстанды кесіп өтіп, ауылға балаларға тіл үйретуге бару
Аяжан Асыл Қазақстанның оңтүстігінде дүниеге келген, елдің батысында білім алып, бүгінде отанымыздың өнеркәсіптік жүрегінде еңбек етіп жүр. Youth.kz Аяжанның не себепті қазақ тілі пәнінің мұғалімі болғанын және өз кәсіби миссиясын қалай көретінін білді.
– Өзіңіз туралы айтып өтсеңіз: қай өңірденсіз және бағдарламаға қатысушы болғанға дейін қай жерде тұрдыңыз?
– Мен Тараз қаласының тумасымын. 2-сыныпқа дейін ауылда тұрып, ауыл мектебінде білім алдым. Кейін Тараз қаласында 11-сыныпқа дейін оқыдым. Мектепті аяқтаған соң Ақтөбе қаласына оқуға түстім. Жалпы, бала кезімнен әр өңірдің мәдениетімен, өмір салтымен танысу маған әрдайым қызық болатын.
– Бағдарлама туралы қалай білдіңіз? Неліктен оған қатысуды қаладыңыз?
– 4-курста оқып жүргенде «оқу бітірген соң не істеймін?» деген сұрақ жиі мазалай бастады. Сол кезеңде Аралбек Берікұлының семинарына қатысып, ауылға барып жұмыс істеу туралы алғаш рет шындап ойландым. Бірақ нақты қалай, қай ауылға баратынымды анық елестете алмадым. Бір күні құрбыммен әңгіме барысында Teach For Qazaqstan бағдарламасы туралы білдім. Бағдарламаның құндылықтары, миссиясы және қоғамға берер әсері менің ішкі ұстанымдарыма өте жақын екенін түсіндім. Сол себепті өтініш беріп, іріктеуден өттім.
– Қазақ тілімен айналысқыңыз келетінін қашан және қалай түсіндіңіз? Бұған не түрткі болды?
– Қазақ тілімен айналысу мен үшін кездейсоқ таңдау емес. Мектеп кезінен бастап тілді тек пән ретінде емес, ұлттың жаны, болмысы ретінде қабылдадым. Әсіресе орыс тілді ортада қазақша сөйлеуге қиналатын балаларды көргенде, оларға көмектескім келетінін түсіндім. Университетте оқи жүріп, қазақ тілін үйрету арқылы баланың өзіне деген сенімін, ұлттық сәйкестігін қалыптастыруға болатынын сезіндім. Осы ой мені нақты осы бағытта жұмыс істеуге жетеледі.
– Бағдарлама аясында сізді қай жерге жұмысқа жіберді? Үйіңізден алысқа баруға тура келді ме?
– Бағдарлама аясында мені Қарағанды облысының Шахтинск қаласына жіберді. Бұл мен үшін өте жаңа әрі қызық тәжірибе болды, себебі бұған дейін Қарағанды өңірін жақсы білмейтінмін. Әрине, алғашында қорқыныш болды. Бірақ мен жаңашылдыққа ашық адаммын. Оңтүстіктен батысқа оқуға барып, кейін орталық Қазақстанға жұмыс істеуге келу – көп адамға қызық көрінеді. Ал маған дәл осындай өзгерістер ұнайды.
– Материалдық жағын аздап тарқатып өтсеңіз: шәкіртақы жұмыс орныңыздағы шығындарыңызды толық жаба ма?
– Бағдарлама аясында берілетін шәкіртақы негізгі қажеттіліктерімді жабуға жеткілікті. Әрине, мұғалім мамандығы үлкен байлық әкелмейді, бірақ Teach For Qazaqstan қатысушысы ретінде мен өзімді қаржылай тұрақты сезінемін. Ең бастысы – бұл жерде материалдық қолдаумен қатар, кәсіби және тұлғалық даму мүмкіндігі бар.
– Ауылдардағы балалардың қазақ тілін білу деңгейі қандай? Оқу басталғанға дейін тілді мүлде білмеген балалар бар ма?
– Мен таза орыс тілді мектепте жұмыс жасаймын, сондықтан балаларда қазақ тілі бойынша қиындықтардың болуы заңды. Қазіргі таңда мен 1–2 сынып оқушыларына сабақ беремін. Бұл жастағы балалармен біз қазақ тілін толықтай нөлден бастап үйреніп жатырмыз. Әр дыбыс, әр сөз, әр қарапайым сөйлем – бәрі алғаш рет қалыптасуда. Сол себепті мен әр балаға қазақ тілінен мықты база қалыптастыруды басты мақсатым деп санаймын. Бұл бағытта үнемі ізденіп, әдістерімді жаңартып, баланың жас ерекшелігіне сай түсіндіруге тырысамын.
– Қазіргі жұмыс орныңызда қанша уақыт еңбек еттіңіз? Көзге көрінерлік нәтиже болды ма? Сіз үшін сол нәтиже нені білдіреді?
– Қазіргі жұмыс орнымда 5 айдан бері еңбек етіп келемін. Мен үшін нәтиженің үлкені не кішісі болмайды. Әр сабағымда бір баланың өзін түсініп, қазақ тілінен бір жаңа нәрсені ұғынуы – мен үшін үлкен жетістік. Бұрын қазақша айтуға ұялатын баланың бүгін бір сөз айтуы, бір сөйлем құрауы – бұл нағыз прогресс. Мен үшін нәтиже – баланың бойында сенімнің пайда болуы және қазақ тіліне деген қорқыныштың біртіндеп жойылуы.