Айнаш Мұстоапова: Қазақстанды отарлау – бұл қалай болды және неге бітпейді?
- Алдымен өзіңізді оқырмандарымызға жан-жақты таныстырудан бастасақ деймін. Постколониалдық зерттеулермен айналысуды қай кезден бастап қолға алдыңыз, қазір немен айналысып жүрсіз, осы туралы айтып беріңізші?
- Постколониалдық зерттеулермен айналысу идеясы басынан болды деп айта алмаймын. Оған менің мамандығым түрткі болды. Мамандығым бойынша мен оқытушымын, университетте әлем әдебиеті тарихы бойынша курс оқимын. 1990-жылдың аяғында «Мария Эджворттың Ирланд романдары» тақырыбында кандидаттық диссертациямды қорғағам. Мария Эджворт – 19 ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген және Ирландияның бүкіл болмысын төрт романға сыйғыза білген ағылшын жазушысы.
Яғни ол Ирландия мәселесін төрт романға қамтыған. Және олар арқылы сол кездің Ирландия болмысын жан-жақты сипаттап береді. Бұл кезде, атап айтсақ, 1801 жылы Уния туралы келісімге қол қойғаннан кейін, британ парламентін құру мақсатында Ирландия парламенті саяси тәуелсіздік қалдығынан түбегейлі бас тартқан Британия Ирландияны жан-жақты отарлау процессін белсенді түрде бастап кеткен болатын. Ирландықтарды өзгерткен, олардың сана-сезіміне айтарлықтай әсер еткен осы процесті Мария Эджворт өз романына арқау етеді. Дәл осы кезде мен адамның өздік бағасын және тағы басқаларды төмендететін, өзімізге таныс кейбір құбылыстарды байқадым.
Сол кезде өзіме мынадай сұрақ қойған едім: Біз өзімізді басқаларға қалай көрсетеміз? Басымдыққа ие орыс мәдениетімен, орыс тілі мен орыс әдебиетімен салыстырсақ өз мәдениетімізді қаншалықты бағалаймыз? Бұларды алғашқы қарлығаштар десек те болады.
Бұл кезде біз Эавард Саидты, Чакраворти Гаятри Спивакты білмедік. Франц Фанон туралы да, Стюард Холл туралы да хабарымыз болмады. Яғни, тоқсаныншы жылдары бұл еңбектердің біреуі де бізге таныс емес еді. Екі мыңыншы жылдары мен 20 ғасырдың екінші жартысына тиесілі Жапон романдарын зерттей бастадым. Мұндайда, қандай да бір жазушының шығармашылығын зерттеген кезде, тарихи контексті де, әлеуметтік контексті де айналып өте алмайтынымыз белгілі.
Осылайша, Ирландияны зерттеген сияқты, Жапонияның да 19-20 ғасыр тарихын зерттеп, өзім үшін аса маңызды құбылысты ашқандай болдым: Жапондықтар пост-индустриалдық мемлекет құрған кезде ұлттық бірегейлігін, этикетті, ұжымдық сананы, мораль мен құндылықты да сақтап қалыпты.
Бұл мен үшін үлкен жаңалық болды. Өйткені, модернизация дегеніміз патриархалды деп аталатынның бәрінен, яғни салтымыздан, дәстүрімізден және тағы басқалардан бас тарту деп санамызға құйып қойған болатын. Жалпы қазақ мәдениеті мен қазақ тілін еуропа мәдениетімен, еуропа тілімен және тағысын тағылармен салыстырғанда кезде оны көнерген, жанама дүние ретінде көрсетіп келді. Ал, бұл - патриархалдық, дәстүр, қазіргі заман және пост-индустриализмнің өзара тоғысып отырғанының айқын көрінісі. Бұл – маған ой салған екінші бір мәселе-тұғын.
Содан кейін, 2009 жылы Қазақстанда жерге байланысты шерулер өткізіле бастады. Әсіресе Алматыда бұл мәселеге ерекше көңіл бөлді. Ал мен бұған «Мәңгүртстан» деген пост-колониалдық роман арқылы үлес қосқым келді. Бірақ бұл мүлде басқа тақырып.
Екі мың оныншы жылы түрлі оқиғалар әр жерде орын ала бастады. Путиннің бастамасымен Ресей Кеңес одағының күйреуін трагедия ретінде көрсетті. Жүре келе аталарымызды еске алу күніне ауысып кеткен Жеңіс маршы тұрақты түрде өткізілді. Мұндай победобези, марш аяқталғасын қоқысқа лақтырып тасталатын тақтайға ілінген портреттер және тағы басқалар енді сұмдық еді. Ал, 2017-2019жылдар шамасында Сталиннің, тіпті Геббельстің портретін алып шыға бастады. Яғни, бұл жағдай вакханалияға айналып кетті.
«Өлмес полк» идеясының авторының өзі бұдан бас тартты. Өйткені ол өзі барын салған жоғарғы, гуманистік ойдың қалай бұрмаланып кеткенін жақсы түсінді. Ол бұл акцияны ойлап тапқан кезде аталарымыздың қандай құрбанға барғанын, оны қайталауға болмайтынын біз ескерсе екен деді. Өкінішке орай, оны милитаристік акцияға айналдырып жіберді. Ресейде балаларға пилотка мен гимнастерка кигізді. Ал бұның бәрі 2009 жылғы Грузиямен болған қақтығыс, 2014 жылы Донбас, Луганск мен Қырымды басып алу қарсаңында болып отыр.
Дәл осы жерде риторика күрт өзгереді: көршілер кеңес одағын қалпына келтіру, Ресейдегі гегемония туралы сөз қозғай бастады. Әрине, бұның бәрі қорқынышты ойларға жетелейді. Бұның қорқыныш пен қауіп екені айтпаса да түсінікті.
Қалай бұлай болуы мүмкін дегенді біз де ойлана бастадық. Өйткені біз тәуелсіз екенімізді сезіне бастадық. Ал бұл дегеніңіз, мызғымайтын дүние. Демек артқа жол жоқ. Сөйтсек, тұрақты ештеме де жоқ екен. Ал, ерік-жігеріміз, қарсы тұра аларлықтай мүмкіндігіміз жоқ болса, қандай жағдайға тап болғанымызды, алдымызда қандай қауіп бар екенін түсіне алмасақ, қандай да бір құдіретті күш бас көтерер болса, бәрін де бұрынғы қалпына қайта келтірмек. Билік басында кімдер отыр? Кеш болса да билігіміздің идеологиялық құрамдас бөлігі туралы ойлана бастадық. Ең қызығы, онда ешқандай да идея жоқ екен. Оның риторикасында ел тәуелсіздігі, деколонизация, дербес жол туралы, тіпті этникалық шығу тегіне қарамастан адамдарға, Қазақстан халқына ортақ боп келетін құндылықтар туралы, яғни бізді не біріктіретіні туралы бір де бір сөз жоқ.
Кенет біз биліктің бәрін керісінше істеп келгенін түсіндік: Ол бізді ұлтымызға, дінімізге, тұратын жеріміз бен өңірімізге қарай, яғни қала мен ауылды, орыс пен қазақты бөліп көрсетті. Біз өзіміздің аса қауіпті жағдайда тұрғанымызды түсіндік. Біз көзіміздің түсіне, діни наным-сенімімізге, түрлі саяси көзқарасымызға қарамастан бір, ортақ ұлт құруға қажетті уақытты жоғалтып алғанымызды түсіндік.
Өйткені, бәріміз бірдей аттап өте алмайтын ортақ бір нәрсе болуы керек қой? Яғни, осы жағдай қандай да бір қиындыққа бастайды-ау деген ұғым бәріміз үшін ортақ болуы керек. Яғни бәріміз бірдей орынымыздан қаз-қатар болып көтерілетін ортақ мәселе болу керек. Көріп отырғанымыздай, ол бізде жоқ екен.
Осыдан кейін Украинадағы жағдайлар, олардың ізін ала әлеуметтік желідегі баталия басталып кетті. Тек осы кезде ғана біз қоғамның бөлініп кеткенін, біреулер әлі де кеңес одағынан шыға алмай жүргенін немесе кеңес одағын қайта құру идеясын белсенді түрде алға тартатынын, ал тағы біреулер ұлттық ерекшелікті, тәуелсіздікті қолдаса, біреулер өзін космополит ретінде қабылдап, АҚШ-та өмір сүріп жатқанын түсіндік. Біреулер шектен шыққан исламист, біреуі құдайға сенбейді. Бүлінбеген ештеме қалмады. Өте ауыр жағдай.
Сол кезде мен қолымызда не болғанын, мұндай жағдайға қалай тап болғанымызды, біз үшін басты құндылық не екенін, ненің қажет емес екенін, қай кезде күшімізден айырылатынымызды, керісінше бізге не күш-жігер беретінін түсінбейінше жаңадан ештеме ойлап таба алмайтынымызды түсіндім. Демек, осы сұрақтарды қоюымыз керек еді. Артымызға көз тастап, тарихымызға, өзіміз бен айталық, бұрынғы метрополия ретінде Ресейдің өзара қарым-қатынасы тарихына көз салуымыз керек еді. Бұның бәрі деколонизация мәселесінің өзектілігін арттырар еді. Бұл мәселе бұрыннан бар, ол ешқайда кеткен жоқ. Тек билік оған көңіл бөлгісі келмеді.
Естеріңізде болса, Назарбаев алдымен экономика, тек содан кейін ғана саясат деген болатын. Назарбаев билігінің ақырында экономика да, саясат та жоқ екенін көрдік. Осылайша, не анда жоқ, не мында жоқ екі ортада қалдық. Олай болса, бұны біз өте тез арада іске асыра бастауымыз керек.
Қысқаша айтсақ, менің бұл жолға келуім осылай. Бұл аралықта мен постмодернистік еңбектерді оқыдым, түрлі зерттеулермен таныстым. Олар негізінен ағылшын тілінде жазылған академиялық зерттеулер, жоғарғы мектеп еңбектері болды. Өйткені, ресей кеңістігінде бұл тақырыпты айналып өтеді. Оның неге екенін түсінуге болады. Біздің қазақ академиялық ортасында бұл тақырыпқа тыйым салынған деуге келмес. Бірақ ол айтарлықтай өзекті емес еді.
Қоғам бұрқ-сарқ қайнап, сұрақтар қоя бастады. Әлеуметтік желілерде түрлі талқылаулар өткізіп, таласып, тартысып, қаншама күн бойы ұзын-сонар комментарийлер жазып жатты. Қазақтардың тарихты жақсы көретінін өзіңіз білесіз. Кез келген ер адамды тоқтатып сұрасаңыз, отбасы тарихын жеті атасына дейін айтып бере алады. Бұл деген елдің нағыз тарихы деген сөз. Бұл да тарихи талас-тұғын. Сол кезде тарихшыларымыздың кей мәселеге жіті назар салмай отырғаны айқын болды. Олар қоғам әлдеқашан дайын болған, тарихқа жаңаша көзқараспен қарау, тарихи деректерді жаңаша түсіндіру, кеңестік тарих мектебінің сыңаржақ тарихынан бас тарту сияқты мәселлерді көтере алмады. Ал біздің тарихшыларымыз кеңестік тарих мектебі шеңберінен шыға алмаса, академиктеріміз тарихқа кеңестік көзқарасты таңумен келеді. Жас тарихшылардың ауызын жауып, ойын білдіруіне мүмкіндік бермеді. Алайда, төменнен шыққан толқын мұның бәрінің быт-шытын шығарды. Адамдар әр түрлі тілде жазылған ортағасырлық түпнұсқалардан бастап өздері түсіндіріп, 19 және 20-ғасырларда қазақ даласына табан тіреген ресейлік және басқа да этнографтардың мәтіндерін деконструкциялай бастады. 20-ғасырдың шынайы тарихын қалпына келтірді. Қысқасы, сең қозғалды.
- Биліктегілер бұл тақырыптан неге қашқақтайды деп ойлайсыз? Олар метрополиямен арадағы байланысты неге әлі күнге дейін үзбей отыр?
- Олар жалпы деколонизация, постколониалдық зерттеу тақырыптарына жоламайды. Өйткені бұл отарлаумен, метрополиямен, бұрынғы метрополиямен, ал бұл Ресеймен, атап айтсақ, Мәскеумен тікелей байланысты. Ал біздің билік болса әлі де оларға тәуелді.Қандай тәуелділік туралы айтып отыр дейсіз бе? Саяси және экономикалық. Иә, ең алдымен ол саяси тәуелділік. Бұл биліктің тұрақсыз екенін, оның қаншалықты заңды екенін түсіну. Екінші, бұл бәріміздің ортақ өткеніміз. Өйткені, тәуелсіз Қазақстан билігі Кеңестік партноменклатурадан шыққан. Ал олар ресейлік номенклатура мен арнайы қызметпен тығыз байланыста болды. Демек, олар қаласа да, қаламаса да бағынышты. Бұл тығыз қарым-қатынас сақталып қалды.
Колониалдық байланыстан қол үзуді елімізде реформа жүргізуден бастау керек болатын. Мысалы, НКВД тарихы арқылы ресей арнайы қызметтерімен байланысты болған соттар мен полицияны реформалау.
Өкінішке қарай, олай болмады. Іс жүзінде арнай қызметтер мен соттар дәстүрі сақталып қалды. Ал, жабайы, бақылаусыз жекешелендіру кезеңі басталған кезде сансыз көп ақша пайда болды. Оларды басып қалды, ұрлады. Көп мөлшерде пара бере бастағанда, менің ойымша, ресей арнайы қызметі оларды біздің шенеуніктерге қарсы «компромат» ретінде қолдана бастады. Осылайша, оларды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстады.
Назарбаевты жақсы танып білдік. Тоқаев та ресей билігіне тәуелді болып шықты. Өйткені, қаңтар оқиғасы кезінде халықты емес, Тоқаевты құтқаруға барын салды. Олар оның билігін, 2022 жылдың қаңтары кезінде оның жағдайын құтқаруға тырысты. Сондықтан да, мен басқа да тәуелділікпен қатар, жеке, дербес тәуелділік те бар деп ойлаймын. Оның отбасының Ресейде тұратынын, олардың иелігінде не барын айтып жатқым да келмейді.
Алайда, осы саяси тәуелділіктің экономикалық тәуелділікке бастайтыны қорқынышты: бұл – кедендік одақ. Осы одаққа біз кеден салығының 75%-ын беріп отырмыз. Бұл, әрине, бізге еш керегі жоқ ҰҚШҰ (ОДКБ). Бұл сондай-ақ бізге ауыртпашылық салып, ашылған алғашқы жылдың өзінде кіші және орта бизнестің қалтасын қағып алған, демпингтің көмегімен ет-сүт өндірісі сияқты істеп тұрған бірнеше өндірісті құрдымға кетірген эуразиялық экономикалық одақ. Ресейліктер бізді орташа өндірістен айырды. Ал Тоқаев болса әлі де ресей бизнесіне басымдық беріп, оның бәр жерге етене енуіне жол беріп отыр. Уран мен қазақмысты бердік. Енді карметке басшылыққа біреулерді алып жатыр. Қысқасы, саяси, экономикалық, тіптен ақпараттық тәуелділік. Азаматтық қоғамның милитаризмді, тіпті ашықтан ашық шовинизмді ұлықтайтын ресей теле арналарын жапсын деген талабына қарамастан, бізде ол заңмен қудаланады. Бұл арналарды жабуға, олардың ақпарат таратуын тоқтатуға билік дәрменсіз.
Билік мәселені және осыған байланысты туындауы мүмкін қауіпті жақсы түсінеді деп ойлаймын. Бірақ, аяқ-қолы байлаулы болғандықтан, олардан қол үзіп кете алмайды.
Осылайша, еліміз заң жүзінде тәуелсіз болғанымен, іс жүзінде, экономикалық, саяси, ақпараттық, идеологиялық тұрғыдан бұрынғы метрополия, ресей федерациясына тәуелді.
- Деколонизация тақырыбына көшпес бұрын, кей терминдерді анықтап алсақ деймін. Колониализм деген не? Метрополия, пост-колониалдық кезең, деколонизация, постколониализм, неоколониализм дегендер нені білдіреді? Әңгімемізді ары қарай жалғастыру үшін осыларды түсіндіріп берсеңіз?
- Иә, қарастырайық. Түсінікті де қарапайым тілмен жеткізуге тырысайын. Алдымен негізгі анықтамаларды қарастырып алайық. Қалғандары, осылардан туындайды. Көріп отырғанымыздай, бұл анықтамалардың бәрін «колон» түбірі біріктіріп тұр. Демек, ол колониямен байланысты деген сөз. Колонизация дегеніміз, белгілі бір аумақты игеру. Игеру сөзі бір нәрсеге иелік ету, өз меншігіне алу дегенді білдіреді. Ал, колония немесе отар деген не? Колония, бұл – қандай да бір адам өз меншігіне алған аумақ. Метрополияға келсек, бұл – белгілі бір елді, аумақты, жерді, өңірді отарлайтын ел немесе мемлекет. Отарлау мен басып алудың арасындағы айырмашылыққа келсек, басып алу кезінде елге әскер кіргізіп, сол елдің ресурстары мен адамдарын пайдалана бастайды. Ал отарлау кезінде метрополия басқару формасын күшпен таңып қана қоймайды, ол сондай-ақ, онда тұратын адамдардың белгілі бір тобын басқа жаққа жер аударады. Басқаша айтсақ, бұл елге метрополия тұрғындары келіп, қоныстана бастайды. Колония немесе отар, басқа жерге қоныстану осылайша іске асады.
Ал, колониализм деген не?
Колониализм дегеніміз, отарланған аумақтарға қатысты метрополия ісе асыратын процесс. Уақыт жағынан алғанда бұл процесс ұзақ жүріледі және іске асыру тәртібі мен құралы тұрғысынан алсақ өте күрделі. Өйткені бұл – саяси, экономикалық, ақыл-ой, мәдени, тіпті кейде діни тұрғыдан әсер ету; бұл – аумақ пен ресурстарды басып алу.
Колониалдылық, колониалдық ұғымына келейік. Колониализм, бұл — отарлаупроцессі. Ал колониалдық, бұл — салдар. Айталық, ол 1991-жылы аяқталғанымен, біз әлі де өзімізге тән колониалдық сана туралы айтып келеміз. Бұны отарлау кезінде қадағалап отырған процестердің ұзақ уақытқа жалғасатын салдары деуге болады. Бұл, айтып отырған процесс аяқталғаннан кейін де ойлауымызға, бірегейлікті трансформациялауға әсер етуін жалғастыра береді. Өйткені, бұл процестің колониалдық салдары сақталып қалады. Ойлау мен стереотиптік білімдер, тіптен бойымызға сіңіріп тастаған орынсыз ұялшақтық, бәрі де колониалдық сипатта.
Енді деколонизацияға келсек. де-деген не? Де- префиксі қандай да бір кері процесс орын алғанын білдіреді. Бізді колонизациялады немесе отарлады, яғни қандай-да бір құрылымға енгізді, түрлендірді, өзгертті, белгілі бір дәрежеде әсер етті. Енді, бұрынғы қалпымызға қайта оралып, бізге таңған дүниелердің бәрінен арылу үшін біз кері процесті бастан өткеруіміз керек. Яғни, де-колонизация процесі іске асуы керек.
Бұл дегеніміз, бізді колонияға айналдырған, отарландырған орынсыз ұялшақтықтан, бізге таңып қойған стереотиптерден, білім мен институттардан және тағы басқалардан арылуымыз керек деген сөз. Қоғамымыз дәл осы деколонизация процессінде тұр. Біз өзімізге не болғанын, қандай құралдың көмегімен бізге әсер еткенін түсінгіміз келеді. Бұдан құтылудың жолын іздестіріп жатырмыз. Бұндай жолдар мен құралдар өте көп.
Ал, енді де-колониалдылық деген не? Постколониалдық кезең деген не? Қазақстан қазір постколониалдық кезеңде жүрген шығар дейтіндер де бар. Постколониалдық кезең деп деколонизация іске асқан кезеңді айтамыз. Яғни біз тазардық, еркіндік алдық. Бұл – колонизация, яғни отарлау салдарын жою үшін бар күш-жігерімізді жұмсағанымызды түсінген кезең. Осыдан кейін ғана біз постколониалдық кезеңге аяқ басамыз.
Біз қазір постколониалдық кезеңге жеттік пе? Меніңше, жоқ. Өйткені, билік әлі де біз отар болдық, бізге сырттан ықпал етті деген ойды қабылдаудан қорқады, осылайша, бұл әңгімені, бұл тақырыпты айналып өтеді.
- Постколониалдық кезеңге жетпесек әлі де колония немесе отар шығармыз?
- Қараңыз, ресми тұрғыда біз отар емеспіз. Ал, іс жүзінде, иә, отармыз. Бұған дейін айтып өткенімдей, экономикалық, саяси, ақпараттық және тағы да басқа ықпал, басымдық бәрі де колониалдық тәжірибеден бастау алады.
Жақсы, Назарбаевты бұрынғы кеңес одағы басшылығы мақұлдады, ол сол жақтан шыққан. Тоқаевты, былай қарасаңыз, Назарбаевтың ізбасары ретінде тағайындаған сияқты еді. Бірақ қазіргі күннің өзінде оны Қазақстан басшысы етіп қаңтар кезінде әскерін кіргізу арқылы Путин тағайындаған сияқты сезінеміз. Яғни, тағы да сол бұрынғы метрополия өз билігін бекітіп, қолын қойған сияқты. Бұл жерден осындай колониалдық тәжірибені көптеп байқауға болады.
Неоколониализм деген жаңа термин бар. Бұл – колониализмнің жаңа кезеңі немесе жаңа түрі. Бұл біз колонизациядан толықтай арылмаған, әлі де шынымен тәуелсіз мемлекет бола қоймаған, соған қарамастан, тәуелділіктің жаңаша түрін қабылдап бұл жолы РЕсейге емес, айталық, батысқа, Қытайға тәуелді бола бастаған, отарлаудан кейін орын алатын кезең.
Бұл кезде халықтың белгілі бір тобын олардың метрополиясынан басқа жаққа көшіру міндетті емес. Бұл кезде экономикалық сияқты тәуелділіктің түрлі формалары орын алады. Солардың ішінен, Қазақстанның әлі күнге дейін дамыған елдер үшін шикізатпен қамтамасыз ететін ел ретінде қалып қойғанын айтуға болады. Бұрын ол Ресейді шикізатпен қамтамасыз етіп келсе, енді Батыс, Қытай, Ресей үшеуі бірігіп, Қазақстанның шикізатын кенедей сорып келеді. Мен батыс және қытай компанияларының шикізат шығаруға қатысуына қарсы емеспін. Бірақ, шығарған шикізатты Қазақстанда өңдеп, дайын өнім сатудың орнына, тек шикізат қана шығарып, сосын ғана арзан бағаға сатып отырғанымызға қарсымын. Бірінші, бұл – қосалқы құн, жұмыс орыны, салғастырмалы түрде өз бетімен жұмыс істеу және тағысын тағылар.
Яғни, бір ғана мұнай саласына қатысты үлкен өндіріс салуға болады: пластик ыдыстар шығарумен, целлофан дорбалар сияқты қаншама өндіріс ашуға мүмкіндік туар еді.
Мысалға келтіргенім үшін кешірім сұраймын. Біз де сол баяғы алтынды алқаға айырбастаған папуастар сияқтымыз. Тура солар сияқты долларды аламыз да, жей саламыз. Олардың тең жартысы алған пара немесе олигархтар жымқырған қаражат ретінде елден шығып кетеді. Еліміз айтарлықтай бай деп айта алмаймыз. Соған қарамастан, орны толмас байлықты басқаларға бере салып жатырмыз. Әрине, біз – неоколониямыз.
- Қазақстан аумағында ресей халқы қоныстанды деп айтып өттіңіз. Бұл процеске ретроспективті тұрғыдан қарар болсақ, оның тамыры қайда? Ол қай кезде басталды? Қандай кезеңді біз бастан өткердік?
- Отарлау процессін мен екі кезеңге бөліп қарастырамын.
Бірінші кезең, бұл – патшалық кезең, Ресейдегі патша дәуірі кезінде орын алған. Екінші кезең – кеңестік кезең. Кей ғалымдар кеңестік кезең колониалдық болды дегенмен келіспейді. Мысалы, Ресей профессоры Сергей Абашин колониализмнің қандай да бір белгісі болғанымен, оны колониализм деуге болмайды деп есептейді. Ал, мен оны колонизация деймін. Неге екенін түсіндіре кетейін.
Алдымен, қазақ-жоңғар соғысы кезеңінен бастасақ. Қазақтар жоңғарлармен соғысып әуре болып жатқан кезде, Ресей шекара бойымен қамалдар тұрғыза бастады. Ол кезде башқұрттар, татарлар мен ноғайлар және басқа да көршілеріміз әлдеқашан Ресей отарына айналған болатын. Сөйтіп, шекарамыздың бойымен Ресей қамал сала бастайды. Даламызға кіріп кетпесе де бұған алаңдаған қазақтарға ол шекараны жоңғарлардан сақтану үшін салып жатқанын, осылайша жоңғарларды тоқтатқысы келетінін айтып, жауап береді. Бұл жан-жақты ойластырылған зымиян тактика еді. Ол бір ғасыр бойы, қазақтар жоңғарлармен соғысып, соғыс қазақтардың жеңісімен аяқталғанға дейін жалғасты.
Ең соңғы екі көшпелі империяның бұл соғысында жоңғарлар жеңілді. Оларды қытайлар жойып жіберді. Бірақ, жеңіске жеткен Қазақстан да көп ұта қойған жоқ. Ол бір ғасырға жуық жалғасқан бұл соғыста қатты әлсіреді. Ал бұл еуропалық жүз жылдық соғыстан да ауыр.
Осылайша, әлсіреген қазақтар ары қарай соғыса алмады. Күш жинап, аумағын сақтап қалу қажет еді. Бірақ оларда бас қосып, бірігіп, солтүстік көршісіне қарсылық танытарлықтай пассионарлық талпыныс болмады. Оның сыртында, ол кезде ешкім де бұның отарлау екенін, оның немен аяқталатынын білмеді. Өйткені, Ресей әскер кіргізбеді, ол бұны ақырындап іске асырды. «Иә, бұлар жай ғана қамал, біз форпост салып жатырмыз». Сосын ресей қамалдарының бойымен жайлап ені он километрдей болатын сызықтар пайда болды. Ол жерге қазақтар көшіп-қона алмайтын. Бұл алғаш Оралда, батыс Қазақстан аумағында пайда болды. Сол кезде, осы жерде Сырым Датұлының алғашқы көтерілісі орын алған еді.
Менің ойымша, отарлау белсенді түрде 24 жылы басталды. Бұл кезде обылыс құрылымы, әкімшілік билік сияқты орыс империясының іске асырылуы қажет ережелері енгізіле бастаған болатын. Бұл кезде қарқаралы округі пайда болды. Бұл 22-24 жылдар аралығы. Дәл осы кезде орталық Қазақстан көтеріледі. Абылайханның ұлы Қасым хан көтерілісшілерді бастап, Ресеймен жеке, колаборанттық келісімге қол қойған сұлтандарды жазалайды. Оның ұлы, Санжарды, кейін оларды өлтіреді. Бірақ бұл басқа әңгіме. Қасым ханның ұлы Кенесары-хан көтерілісшілерді бастап, соғысқа аттанады. Қарсылық Кенесары-ханды өлтірген 37-47 жылға дейін жалғасады. Одан кейін біраз үзіліс болады. Бірақ бұны бір ғана көтеріліс деуге болмайды. Өйткені, батыста, Торғайда, осы сияқты бірқатар көтеріліс орын алады.
19-ғасырдың 80-жылдарына дейін, яғни көтеріліс Оңтүстік Қазақстанға, Түркістанға жеткенге дейін жалғаса берді. Тек 18-ғасырдың 50-жылдарына қарай орыс колонизациясы оңтүстіке қарай ауысады. Жалпы, 19-ғасыр әскери қақтығыстар ғасыры болды. 19 және 20-ғасырлар арасында қазақтар алғаш рет Еуропадан білім ала бастайды. Олар Украинадан, Ресейден, Сібір жоғары оқу орындарынан, Томск мен Ыстамбұлдан, кейінірек Каирден, 20-жылдары Германиядан білім ала бастайды. Еуропадан білім алған, Қазақстанда не болып жатқанын түсінетін адамдар қатары көбейе бастайды. Олар бұның жай ғана ары-бері көшу немесе қақтығыстар немесе жеке форпостар емес, отарлау екенін, оған тән механизмдер мен құралдары бар екенін, ал отарлау ақырында тек экономикалық басып алуға ғана емес, қазақтарды құлға айналдырып, бірегейлік пен мәдениетті құртатынын түсінеді. Яғни, білімді, көзі ашық адам ретінде олар бәрін түсініп, ресей империясы заңына сүйене отырып, қарусыз күресті бастап кетеді.
1861 жылы Ресейде крепостнойлық құқық жойылғаннан кейін, жері жоқ шаруаларды қайда жібереміз деген сұрақ туындайды. Әрине, біреулер оброк төлей отырып, помещиктерде жұмыс істеуін жалғастыра береді. Соған қарамастан, өте көп жерсіз шаруаларды апаратын жер болмайды. Біреулер далаға қашады. Осындай тасқынды жасанды түрде тоқтатуға бағытталған патша жарлығына қарамастан, 1905 жылы бірнеше соғыс болады. Бірінші және екінші думаны тарату кезінде Столыпин өз реформасын ұсынады.
Бұл – аграрлық мәселені шешуге бағытталған аграрлық реформа болатын. Алдымен жер мәселесіне көңіл аударады. Өйткені, 1905 жылғы революция миллиондаған орыс шаруаларының барар жері болмағандықтын орын алған еді. Оларда жер де, өндіріспен айналысуға ақша да болмағандықтан, оларға жер беру қажет болды. Орыс помещиктерінің жері көп болса да, олар жерінен айырылғысы келмеді. Сол кезде Столыпин Сібір мен Орта Азия елдерінде шаруаны отарлау процессін бастау қажет деген байламға келеді.
Столыпин реформасынан 5 немесе 7 жыл өткеннен кейін, тек Қазақстанға ғана Ресейдің ішкі губернияларынан, Украина мен Белоруссиядан, тіпті Балтық елдерінен миллиондаған адам келіп қоныстанды.
Дәл осы кезде Сібірге де қоныстана бастады. Өйткені, 19 ғасырдың соңында Сібірді жат мекен ретінде қабылдайтын. Ресейде оны көрші мемлекет, алыс жатқан елдімекен ретінде қарастыратын.
1916 жыл шықты. Қазақтың білімді жастары 1905 жылы Қарқара петициясын жазып, онда шешуді қажет ететін негізгі мәселелерді атап көрсетеді. Қоныстанушы шаруалар мен жергілікті халықтың бейбіт, бірлесе өмір сүруі үшін жағдай жасау керектігін айтады.
Енді қазақтардан жерді қалай тартып алғаны туралы айтайын. Бұны әсіресе түркістанда көшпенділердің, егіншілердің, қазақтар мен қырғыздардың құқықтарын аяққа таптау саясаты деуге болады. Олардың құнарлы жерлері мен қыстауларын тартып алып, оларды егін өсіріп, малмен айналысуға келмейтін таулы, тастақ жерлерге жіберді.
Осылайша, проблема көбейген үстіне көбейе берді. Оған қоса орыс-қазақ мектептерінде оқитын балаларға діни ықпал етіп, қазақтарға тән билер соты мен олардың қолданыс аясын қысқартты. Іс жүргізу мен сот орыс тілін мүлде түсінбейтін, осыдан болып құқықтарын қорғай алмайтын қазақтар арасында да орыс тілінде іске асты. Осыған байланысты, көзі ашық оқыған жастар петиция жазып, онда қазақтардың өз өкілі болуы керегін атап көрсетеді.
Бұл мүмкіндікке олар тек 1905-жылы, ІІ Николай мелекеттік думаны құруға шешім қабылдаған кезде ғана қол жеткізеді. Дума орыс халқының түрлі топтары мен отар халықтар аумағының мүддесін қорғауды мақсат етеді. Осы кезде қазақтар да бірнеше жерге қол жеткізеді. Әрине, көтерілген мәселелердің алғашқылары жер мәселесі болатын. Қоныстану кезінде жергілікті халық мүддесі де ескерілуі керек екені баса көрсетілді. Алайда, дума ұзаққа бармай тарап кетті. Өйткені ІІ Николай дума тым революцияшыл болып кетті деп қорықты. Өйткені онда Ресей империясын толығымен реформалау мәселесі көтеріле бастаған болатын. Ол бекер олай жасаған екен, олай дейтінім, мәселені бәрібір де революцияның көмегімен шешті. Одан да оның мәселені эволюциялық жолмен шешкені жөн еді.
Тура осы кезде, яғни бірінші және екінші дума арасында Столлыпин өз реформасын іске асырады. Одан кейін екінші дума шақырылғанымен, ол 72 күн ғана өмір сүреді. Одан кейін оны да таратып жібереді. Өйткені ІІ Николай да, Столлыпин де, басқалары да оны тым белсенді, тым радикалдыдеп табады.
Осылайша, қазақтар үшінші думаға дайындалып жатқан кезде қазақтар мемлекеттік думаға өз өкілін қатыстыра алмайды деген жарлық шығады. Патша үкіметі қазақтың жан айқайына құлақ салмаудың бар амалын жасап бағады.
Бөкейханов сол кезде былай жазған болатын:ресурстарын, жерін метрополия белсенді түрде пайдаланып отырса да, дауысы ескерілмеген 6 миллион қазақ. Олар мәселелерін шамасынша жеткізу мүмкіндігінен айырылған 6 миллион қазақты тыңдағылары келмейді.
Диалог болмаған жерде тек революциялық жол ғана қалады. 1917 жылға дейін, қазақтар проблемаларын татарлар мен Ресей мұсылмандары кіретін мұсылман фракциялары арқылы жеткізіп отырған. Олар онда өз газеттерін, типографияларын ашу сияқты ұсақ-түйек мәселелерін алға тартатын. Осылайша, Қазақстан проблемаларын жеткізу мүмкіндігінен айырылды.
16 жыл шығып, қазақтардан содат алу жөнінде шешім қабылданады. Оны мүлікті немесе малды тіркеп алатыны сияқты реквизиция деп атайды. Яғни, бұл қазақтарды реквизициялау еді. Оларды алдыңғы шепке апарып, окоп қаздырайық.
Бұл жерде, алғашқы екі жылы қазақтардың фронтты малмен, киізбен, киіз үймен қанымдап тұрғанын айта кету керек. Бұны жері мен жайылымынан айрылып, қалған азғантай мүлкін фронтқа, жеңіс үшін жинап берген қазақтар дайындап беретін. Енді міне, қазақтардың өздерін де алып кеткелі жатыр.
Қазақтардың неге бас көтергенін түсіну аса маңызды. 19-45 жас аралығындағы қазақтарды әскерге шақырады. Олар түсіп жатқан бомбаға, атылып жатқан пулеметқа қарамай, окоп қазып, екі армияның ортасында, шептің алдында жүруі керек. Екінші, 19 бен 45 жас аралығындағы репродуктивтік жастағы қазақтар әскерге алынса, тек балалар, қарттар мен әйелдер ғана қалады. Бұның бәрі Қазақстанға Ресейдің ішкі губернияларынан қаншама адам толассыз келіп қоныстанып жатқан кезде болып отыр.
Демек, ерлердің көзін құртса, қорғансыз әйелдер, қарттар мен балалар ғана қалады. Ерлер бар кездің өзінде олардың жерін аяусыз тартып алып отырса, енді бұларды жерден оп-оңай-ақ аластатуға, осылайша, жерді отарлауға болады. Түсінесіз бе, ерлерді құртады да, бұл жерге басқа ұлт өкілдерін әкеліп орналастырады.
Осының бәрі жиналып келіп, бір күні бас көтеруге алып келді. Алайда, алашордалықтар бұның соңы немен аяқталатынын жақсы білді. Бұған жарты жыл қалғанда Райымжан Марсеков жазған мақалаларында соғыс болып жатқанын, ерте ме кеш пе ресурстар қажет болатынын, сол кезде патшаның өзі Қазақстаннан көмек сұрайтынын айтқан болатын. Қазір казачество сияқты атты әскерлер отрядын жасақтап, осы мәселені көтерейік деген еді ол, бірақ оның бұл өтінішін ешкім естімеді, Мемлекеттік думада қазақтар болмағандықтан, бұл жағдай туралы оларға ешкім жеткізе алмады. Атты әскерді кереметтей етіп дайындап шығаруға болғанымен, оған көңіл бөлген адам болмады.
Енді міне, қазақтар керек болғанда оларды фронтқа жібергілері келеді. Бірақ оларға қару беруден қорықты. Себебі. Олар отар халық, жабайы, жауынгер. Бірақ, окоп қазуға жіберуге болады. Қаруға келсек, ол өзі жеке әңгіме. Оған қалай тыйым салды және т.б. мәселелер толып жатыр.
Көзі ашық қазақтар не істейді: олар адамдарды бұған қарсы шықпауға шақырады, мен бұны дұрыс шешім деп ойлаймын. Біріншіден, атты болса да, қарусыз қазақтар пулеметпен жасақталған тұрақты армияға қарсы шыға алмайды. Оларды құртып жібереді. Ал, халықты сақтау керек. Екінші, бұның артықшылығы да жоқ емес: олардың ойынша, бұл қазақтар үшін басқа жерлерді, олардың қалай дамып жатқанын, не өзекті екенін, темір жол, жарық деген не, ол елдің көркеюіне қалай үлес қосады дегенді көруіне мүмкіндік береді.
Өйткені, дәл осы кезде модернизациялау процессі ісе асып жатқан еді. Алайда, 19-ғасырдың соңындағы Қазақстан бұлардың бәрін жаңартуға келгенде және идея тұрғысынан Ресейден 20 жылға артта қалған болатын.
Алашордалықтар бұдан артықшылық көруге тырысты. Олар қазақтардың Қазақстаннан шығып, оның не екенін көріп келгенін, ол жақтан жаңа, еркін, ашық идеялар алып қайтқанын қалады. Олар ел-жер көріп, дүниенің қалай өзгеріп жатқанын, жершарының қаншалықты үлкен екенін білер. Ал олар болса қазақ даласынан аттап, басқа жаққа аяқ басып көрмеген.
Қысқасы, оларға ешкім құлақ аспады. Олар солдат алу ісін әзірге тоқтата тұруды, өздерінің түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, халыққа оның не үшін қажет екенін түсіндіргілері келетінін айтқан болатын. Өкініштісі, оларды ешкім тыңдамады, ол аздай, тізім жасап, асыра сілтеп, адамдарды шақыра бастады. Сөйтіп көтеріліс басталды.
Көтерілісті басқаннан кейін, халықтың көпшілігі Қытайға қашты. Кейбірі жолда өлді, олардың малын ұрлап әкетті, тіпті, тірі қалу үшін балаларын сатқандар да болды. Баланы тамақ бар кез келген жерде сата берді, себебі, олар баланы сатып алған адамның балаға тамақ бергенін, осылайша, оның тірі қалғанын қалады. Осылайша, оңтүстіктің шаруашылығы күйреді. Бұның бәрі кедейлікке алып келді. Бұдан казактар да, станицалар да зардап шекті.
Торғайға келер болсақ, онда көтерілісті аяғына дейін басып-жанши алмады. Көтерілісшілер Бетбақдалаға кетіп, бас сауғалады. Бұл араға жету оңай болмағандықтан, олар онда 1917 жылдың ақпаныны дейін болады. Бұл кезде Ресейде ақпан көтерілісі болып, билікке уақытша үкімет келген болатын.
Бұл кезде оқыған қазақтар, олар әсіресе Қазақстанның оңтүстігі мен Түркістанда көп болатын, патша жарлығының заңсыздығы мәселесін көтере бастайды. Олар жарлықтың заңсыз екенін, орыстар қазақтарды шақыра алмайтынын дәлелдеп береді. Қанды қырғындарды зерттеп, биліктің кінәсін дәлелдеп беру үшін уақытша үкімет комиссия құрады.
Тынышпаевадамдарды аман алып қалу үшін ақша жинауға кіріседі. Ол жол бойы адамдардың өлігі толып жатқанын, Қытайға қашып кеткендерді қайтару керегін алға тартады. Оларды қайтарады, енді оларды орналастыру қажет болады. Бұл 17-18 жылдар еді.
Революциялық түрлі оқиғалар орын алады. Азаматтық соғыс болды. Осындай аласапыран кезде Алаш партиясы, одан кейін Алаш автономиясы құрылады. Алашордалықтар оның қандай болуы керегін анықтап алғысы келеді. Олар колония, яғни отар болғысы келмейді. Балама ретінде не бар? Әрине, автономия құру.
Алашордалықтар Ресей империясы құрамында автономия алғысы келді дейтіндер бар. Бірақ бұл автономия емес, тәуелсіз мемлекет болатын. Толықтай тәуелсіздік алу оңай дүние емес. Өйткені, қазақтарда шекарасын күзететін шекара әскері болмады, ел ішінді түрлі институттар болмады. Ал, автономия құруға жеткілікті адам капиталы бізде бар еді. Айтайын дегенім, логистика, сауда, білім беру, заң, халық милициясы және т.б. мәселелерді шешумен айналыса алатын адамдарды табуға болатын. Мұндай ресурстар жинақталған, жұмыс істейтін білімді адамдар жеткілікті. Алайда, ол үшін бір-бірін мойындауы керек. Айтпақшы, Ресей империясына қарасты көптеген ұлттық субъектілер дәл осы 17-18 жылдары тәуелсіздігін, өздерінің автономды ел болғанын жариялаған болатын. Сөйтіп, азаматтық соғыс басталады. Алашордалықтар КОМУЧпен келіссөздер жүргізе бастайды. Ал бұл – уақытша үкіметті қуып жібергеннен кейінгі келесі кезең. Ары қарай не істеу керегі шешілетін құрылтайға дейін Комуч күте тұрар деп ойлаған болатын. Ал құрылтай 17-жылдың соңында болуы керек-тін. Алайда, қазан төңкерісі болып, олар құрылтай өткізе алмады.
Қысқасы, алашордалықтар Комучпен, тәуелсіздігін жариялаған сібір обылыстарымен келіссөз жүргізе берді. Сібір Ресейден бөлініп, тәуелсіз ел болғысы келді. Бұдан басқа Дутов, Аненков, Колчак сияқты ақ гвардияшылар да болды. Колчакпен де келіссөздер жүргізілді. Қазақтар мынадай ұсыныс айтады: біз сендерді большевиктерге қарсы күресте қолдаймыз, оның есесіне, сендер біздің автономияны мойындайсыңдар. Бірақ, Колчак оған келіспейді.
Қазақтар обылыстағылармен де сөйлесіп, оларға мынадай ұсыныс айтады: бір-біріміздің автономиямызды мойындайық та, Сібірдегі большевиктерді Оралдан ары қуып тастайық. Сол кезде Башқұртстан да, Татарстан да болады. Большевиктерді қуып тастайтындықтан, Оралдың бізге қарасты аумағы отарлықтан босайды. Алайда, обылыстағылар ақтардың билікке келуін күтіп созып жүріп алады. Ақтар келсе олар қазақтарға «жоқ, біз сендердің тәуелсіздіктеріңді мойындамаймыз» деп айтар еді. Сөйте тұра, олар өздері автономия алғысы келді.
Бұрынғы отар елдердің тәуелсіздігін ешкім де мойындағысы келмеді. Ал Ленин, естеріңізде болса, былай деген болатын: Әр ұлт өзін-өзі билеуге құқылы. «Большевиктерді қолдаңдар, сіздерге біз өздеріңізді билеуге мүмкіндік береміз. Сіздер тәуелсіз ел боласыздар. Әрине, оның ақылдылығында шек жоқ, оны бәрі қолдады.
Алашордалықтар большевиктер тактикасына қарсы болса да, автономия, тәуелсіздік, империя немесе кеңес одағы құрамындағы республика сияқты стратегиялық тұрғыдан аса маңызды, болашағынан үміт күттіретін міндет үшін олар большевиктердің айтқанымен келіседі. Бастысы, шекрасын белгілеп, отарлықтан босау еді. Осындай маңызды істі атқару керек.
Қалай болса да, автономиялық билік – ол орыс колониалдық әкімшілігі емес. Бұл – қазақ билігі, халықпен қазақша сөйлесетін қазақ шенеуніктері, қазақ соты, қазақ мектебі. Бұл, әрине, орыс империясының құрамында болғанға қарағанда айтарлықтай алға жылжу еді.
Бұның немен біткенін біз білеміз. Айтпақшы, 20-жылдары, жаңа экономикалық саясаттың (ЖЭС - НЭП) алғашқы жылдары, жаңа экономикалық саясатта, алашордалықтардың білімінің арқасында өте көп мәселе көтерілді. ЖЭСтен кейін, ел аяғынан тұрып, адамдар жақсы өмір сүре бастаған кезде большевиктер қорқа бастады. Өйткені, жағдайы жақсы, материалдық тұрғыдан басқаға тәуелді емес халық азаматтық құқықты талап етуі мүмкін. Ал, бұл өте қауіпті.
Большевиктер қазақтардың аяғынан тік тұруын неге қаламады? Қайтып өмір сүрсе, сөйтіп өмір сүрсін. Қазақтардың көбісі, 85%-ы, қазір де кедей. Еуропалық стандартқа сай кедейлік шегіне көз салсақ, онда біз өте кедейміз. Ал бізде жақсы өмір сүруге мүмкіндік бар. Қазақстанда отырып, 2000 доллар айлық алуға болады. Ал олар болса, 70 немесе 75 мың теңге ғана алады. Бірақ, билікке ол керек емес. Өйткені, тәуелсіз халық құқықтары туралы сұрақтар қоя бастайды.
Бұл енді басқа мәселе. Большевиктер былай ойлайды: помещиктер сияқты орта шаруа біреулер пайда болады да, құқықтарын талап етіп, мүдделерін қорғай бастайды. Ал оларға алашордалықтар да, басқа зиялылар да, білімді адамдар да керек емес. Сөйтіп, большевиктер өз саясатын жүргізе бастайды: ұжымдастыру, экспроприация, қазақтарды күштеп отырықтандыру жақындап қалады. Алашордалықтар жауға, қарсыласқа айналып шыға келеді. Өйткені олар еш ғылыми негізі жоқ бұл саясатты сынайды. Және бұны істеуге болмайды, экономикалық тұрғыдан қандай да бір нәрсені өсіру мүмкін емес, даланың бұл бөлігі мал өсіруге ғана қолайлы, одан сүт өнімдерін, жүн алуға болады дегенді ғылыми дәлелге сүйене отырып, дәлелдеп береді. Қалай дәлелдесе де, большевиктер оларға құлақ аспайды. Одан кейін экспроприация, отырықтандыру, ұжымдастыру басталады. Ал оның ашарлықыпен аяқталғанын бәріміз білеміз.
Алғашқы ашаршылық 20-жылдардың басында болды. 30-жылғы ашаршылық кезінде қазақтардың көбі өліп, миллиондаған қазақ Қытайға, Монғолияға және Түркияға көшіп кетті. Аздаған бөлігі Ресейдің кей аудандарында қалып қойды. Ең сорақысы, ашаршылық ұлт ретінде қазақтардың сағын сындырып кетті.
Ұжымдастыру басталған кезде оның немен аяқталатыны бәріне түсінікті болды. Қазақтар оны жақсы түсінді: кең ауқымды, отыз шақты көтеріліс болды, далада әр түрлі бас көтеру орын алды, сарбаздар кеңес өкіметі мен оның саясатына қарсы бас көтере бастады. Олар мынадай талап қойды: малымызды тартып алмасын, алғандарын қайтарып берсін, діни көзқарасына қарай қудаламасын, байларға тимесін, күштеп отырықтандыруды, колхоз құруды тоқтатсын. Кеңес үкіметі де тып-тыныш өмір сүре берер еді. Яғни қазақтар өмір мен өлім мәселесін көтерді.
Бұған тағы да құлақ аспады. Ал бұның ақыры не болды? Халықтың тең жартысы қырылып, азғантай бөлігі басқа жаққа көшіп кеткеннен кейін, сарбаздар да жоқ болды. Осыдан болып, қазақтар қарулы қақтығысқа бармайтын болды. Барса, оларды жазалайды. Кеңес одағы, осылайша, өздерінің бір халықты түгелдей қырып жіберуден тайынбайтынын көрсетті. Халықтың бір жартысын жойып жіберсе де,екінші жартысы бар. Осы кезде қазақтар демін ішке тартып, үнсіз қалады. Өйткені олар өздерін сақтап қалуы керек. Балалары тірі қалуы үшін, ұлт ретінде жойылып кетпес үшін оларға үнсіз, бәріне төзіп, бағынуға тура келді.
Мұнда атақты адамдар мен зиялылар қайда қалды деген сұрақ туындайды. Оларды ит жеккенге айдады, ақындарды қуғын-сүргінге ұшыратты, жер аударды. 30-жылдардың басында барлық дерлік танымал алашордалықтар жер аударылған болатын. Кейбірін атты.
Тірі қалғандардың кейбірі 35- және 36- жылдары қайтып келе бастады. Келгеннен кейін, 37-38 жылдары олар саяси қуғын-сүргінге ұшырайды.
Қырық мыңнан астамы тұтқындалды. Олардың 25 мыңы атылды. Мен бұл процесті қазақ ұлтын қыру деп атар едім.
Тарихи ескерткіштер, мәдениетке, салт-дәстүрге, құндылыққа қатысы бардың бәрі, қандай да мәдени мәнге ие дүниелер жойылды. Тек қаншама жылғы ашаршылықты бастан өткерген, жаны жаралы халық қана қалды. Адамдардың көзі өлікке үйренді. Олар бірінің етін бірі жеді. Баланың етін пісіріп жеді. Қаншама травма, қараңызшы.
Осындай жан жарасынан айыға алмай жатқан кезде тағы бір пәлеге ұрынды. Яғни, отарлау саясаты ұзақ уақыт бойы жүргізілді. 38-жыл шығып, саяси қуғын-сүргін басталды. Ал, 39-жылы екінші дүниежүзілік соғыс басталды. Халықтарды депортациялау, эвакуация бұлармен қатар іске асырылды.
Депортацияланған халықтың да өз жан жарасы бар. Яғни, Қазақстан – жан жарасына ұшырағандардың мекені. Бұған кәрістер де ұшырады. Кәрістердің басқа жерге көшіру процессі қалай жүргізілгенін айтқанда, жыламай тыңдау мүмкін емес. Жеке бас тазалығына аса мұқият қарайтын вагон толы шығыс әйелдері вагон ішінде түзге отыра алмады. Пойыз анда-санда тоқтаған кезде олар вагоннан шығатын. Вагон қайтып орнынан қозғала бастағанда, кәрі, жас әйелдер оған қайтып міну үшін пойыздың артынан жүгіретін. Үлгермесе оларды сол жерде қалтырып, кете береді. Аялдама ма, иен дала ма, қызық емес. Олар сонда қалып өлетін. Ал, олардың жақындары ештеме де істей алмады. Олар анасы немесе әжесі арттарынан жүгіріп келе жатқанын көрсе де, жете алмай қалған кезде ештеме істей алмайтын. Мұндай трагедия, айта берсеңіз, өте көп.
Шешендіктердің, қырым татарларының және басқа да ұлт өкілдерінің трагедиясы да бұдан асып түспесе кем түскен жоқ. Мұндай ауыр жағдайды бастан өткерген орыстар да аз емес. 20-30 жылдар аралығында мүлкі тәркіленген кулактар да Сібірге және Орта Азияға, соның ішінде Қазақстанға бет алған болатын. Менің бір орыс танысым бар, оның ата-бабасы дәл осы кезде Қазақстанға қоныс аударған. Кейбірі сәл ертерек, Столлыпин реформасы кезінде келген. Содан бері қаншама ұрпақ осында өмірсүріп келеді.
Мен орыстарға былай деймін: ештеме етпейді, кешікпей жеті аталарыңды санай бастайсыңдар. Әбден орнықтыңдар, кешікпей жетінші ұрпақ осында дүниеге келеді.
Кулак ретінде ата-анасының мүлкі Украинада, Ресейде тәркіленіп, 30- жылдардың басында Қарағанды обылысына жер аударылған отбасыларын білемін. Олар ашаршылықтың не екенін көрді. Өздері де оны бастан өткерді. Олар өздерімен бірге әдемілеп, кестелеп тігілген дастархандарын ала келді. Қолдарынан қандай да бір іс келетін. Оның бәрін олар тамаққа айырбастады. Әйтпегенде олар да аштықтан өлер еді. Отбасыларының көбі қырылып қалды. Мұғалімім бізге мынадай оқиғаны айтып берген еді: Оның отбасы үлкен болатын. Анасы осындай дастархандарды алып, әр жерге барып тамаққа айырбастайтын. Отбасы оны тамақтың бәрін өзің жеп қойма деп ұрсады екен. Кей отбасында баласы барып бірдемесін тамаққа айырбастайды да, шыдамай оны өзі жеп алатын. Қалғандары аштықтан бұратылып, өледі. Мұғалімнің анасы өте қатал болыпты. Ол дүниесін бір бөлке нанға айырбастап, оны кішкене ғып бөледі. Осылай ол бәр баласын аман алып қалыпты.
Демек, отбасын сақтап қалу үшін өте қатал болу керек болған. Бұл кезде баласынан айырылмаған отбасы өте аз. Олар әр ұлтта да болды. Соғыс кезінде де өмір сүру оңай болған жоқ. Бәрінің де фронт үшін, жеңіс үшін екені айтпай-ақ түсінікті еді.
Бұл – депортацияланған халықтар трагедиясы. Қазақтардың жан жарасы туралы айтқан кезде, бұл аса маңызды, бізге құлақ асқанын қалаймыз дегенді мен үнемі айтып келемін. Иә, қазақтардың сөзіне құлақ асыңдаршы: біз осылай өмір сүрдік, біз осылай жан сақтадық. Бізге, міне, кеңес одағы сендерге мынадай нәрсе салып берген деген кезде біз оларға таразының бір басында салған дүниелерің, екінші басында халықтың жартысы ғана тұрған кезде қандай фабрика, қандай завод туралы сөз болуы мүмкін дейміз. Сіз менен нені таңдар едіңіз деп сұрасаңыз, пайдасы миллион есе көп болса да, мен әрең тірі қалған халықты таңдар едім. Өйткені басқаша болғанда бүгін біз 70 миллионға жеткен болар едік. Ол кезде завод да, фабрика да болар еді.
Модернизация ол кезде бәр елде болды: Жапонияда, Түркияда, түркітілдес елдерде де. Біз бұл кезеңді бәрібір бастан өткерер едік. Бірақ санымыз екі есе көп болар еді.
Қазақтың жан жарасы туралы айтқан кезде мен былай деймін: бұнымен бәрі бітпейді. Басқа ұлттарға да қараңызшы, олардың да өз жан жарасы бар. Әркім де бұл ауыр кезеңді бастан өткерген. Шешендердің, қырым татарларының, кәрістердің, орыстар мен поляктардың басынан не өткергенін біз білмейміз. Өйткені оларда да сөйлеу құқығы жоқ. Олар өз жан жарасы туралы ашық айта алмайды. Қай жерде бұл туралы ашық айтып жатыр? Мысалы, қырым татарларының немесе волга немістерінің отбасы туралы кинолар немесе хабарлар бар ма?
Бұл аса маңызды. Бұл басқа адамның дауысы. Біз бұған құлақ асуымыз керек. Бұны формалды түрде істей салуға болмайды. Өйткені, олардың бастан өткергендерін естіген кезде біз катарсисті бастан бірге өткереміз. Немістермен, орыстар немесе шешендермен бірге қайғырып, көзге жас аламыз. Түсініп отырсыз ба? Біз олардың трагедияларын олармен бірге бастан өткереміз. Күндердің бір күні осы этнос өкілдерімен кездесе қалсақ, оларды өзімізге бұрынғыдан жақын тартамыз, өйткені, бұл халықтың да, олардың ата-әжелерінің де біз сияқты қиындықты бастан өткергенін білеміз. Әрине, ортақ ауыртпашылық та адамды жақындатады.
Қазақтар өз қайғысы туралы айтып жатыр, ал сендер бөлініп отырсыңдар, сендер үшін орыстардың бәрі кінәлі сияқты дегенде ешкім ешкімді кінәлап отырмағанын түсіну керек. Біз жанымызды жегідей жеп жатқан осы жегі құрттан арылу үшін ішіміздегіні шығарғымыз келеді. Іштегі қайғыны басып тастауға болмайды. Оны бір рет болса да сыртқа шығару керек. Бізге құлақ асып, түсініп көрсінші. Осыдан кейін, қазақ жоқтау айтып жатқан кезде оның неге жылап жатқанын бәрі түсінетін болады. Біз де басқаларды осылайша тыңдай білуіміз керек.
Осыдан кейін, деректі фильмдер немесе эностардың сұқбатын көрсек, біз бір-бірімізді бұрынғыдан жақсы түсіне бастаймыз. Ал, ортамыздағы байланыс жеке адамдар, көршілер, әріптестер, сыныптастар арасындағы достыққа ғана бағынышты болып қалмайды. Қазір біз тек осыған ғана сүйеніп келеміз.
Украиндық деген кезде есіме украиндық сыныптастарым түседі. Жаныңа жақын, түсінікті. Менің ондай әріптестерім де, көршілерім де бар. Кей қазақтар әріптестері немесе сыныптастары басқа ұлт өкілдері болса, олармен араласпайды. Немесе олар үшін орыстар айдалада, қалада жүретін сияқты. Ал, киноның көмегімен олар басқа елдің жан жарасын түсінгенде ғана ол жанында тұрған шешенді халық трагедиясын айтып берген кинодағы қарт адаммен байланыстырып қабылдай бастайды.
Түсінесіз бе, бұның бәрі қарым-қатынас жасаудың мүлде басқа деңгейі. Оның бәрі эмпатия, қабылдау, көздің жасы, катарсис арқылы іске асады. Бұны да деколонизация деуге болады. Бұл бірлікке, ортақ, азаматтық ұлт құруға бастайтын қадам. Осылайша, жан азабын тыңдай отырып, оған қол жеткіземіз.
Келесі кезеңде, қазақ мектептері жабыла бастады. Бұл 40- жылдар. Қазақстанның ерте ғасыр тарихы мен Кенесары хан туралы жазғаны үшін жазған Бекмахановты соттады. Өйткені, ол бостандық үшін қозғалыс туралы айтты, ал оны қабылдау мүмкін емес еді, себебі ол Ресейден құтылу деп есептелді. Қысқасы, оны 25 жылға соттап, жер аударды.
Кейіннен зиялылар қарсылығы деуге болатын кезең келді. 60-жылдарда өмір сүрген жазушылар, мысалы Көшпенділерді, Алтын Орданы жазған Есенберлин кітаптарының бәрін қырқысып жүріп әрең шығартты. Қазақ зиялылары бұл романның шығатынын білді. Кітап баспадан шыққан кезде, оны алу үшін ұзын-сонар кезекке тұрды. Яғни ол ыстық бәліш сияқты тез сатылып кетті. Алтын Орданы жазған кезде, бұны да баспадан шығару үшін оның Мәскеуге баруына тура келді. Қаншама еңбегінің арқасында, қазақ тарихы туралы сөз болғанда ол ұлт намысын, ұлт мақтанышын биікке көтере алды. Оның айтқандары мектеп оқулығында болмағандықтан, кішкентай, жұқа брошюркаға қазақ тарихы, ерте дәуір, темір дәуірі, Ресейге өз еркімен қосылу сияқты тақырыптарды басып, мектепке ұсынды.
Сақтар, ғұндар орта ғасыр, түрік қағанаты, қазақ хандығы, алтын орда туралы ештеме айтылмады. Қысқасы, қазақтар ат үстінде шауып жүрді де, Ресейге қосыла салды.
86-жыл. Бұны да антиколониалдық көтеріліс деуге болады. Ресми тұрғыдан қарасақ, бұл да колониалдық тәжірибе. Метрополияның губернатор Колбинді сайлауы. Қазір де оның қалай ұйымдастырылғаны, қандай құралдарға сүйенгені маңызды емес. Іс жүзінде оған өте көп жас қарсы болды. Оларды маргиналдар деуге болмайды. Бұлар алматының маңдайалды жоғары оқу орындарында оқып жатқан, әскерде болып келген көзі ашық жастар болатын. Олар біреудің арбауына еріп, қосақ арасында кеткен ақылсыздар емес. Олар көшеге колониалдық тәжірибеге, Мәскеу саясатына қарсы екенін айту үшін шықты.
Бұл – қазақ тілін, қазақ мәдениетін, жалпы қазаққа қатысы бардың бәрін кемсіту еді. Сол кезде автобуста бара жатып, қазақша сөйлесеңіз, бізге не деп былдырлап тұрсыңдар дейтін. Оның ақыры немен аяқталғанын біз білеміз: қазақтарды тағы да ұлтшыл деп айыптады.
Дәл осындай айыптау ниетімен еңбек ұжымдарында қазақтардың іс-әрекетін қарастыра бастады. Қазақтар сондай жаман, кеңес одағында өмір сүргісі келмейді, қазақ болып не тындырайын деп отырсыңдар?
Бір-екі жылдан кейін кеңес одағы ыдырады. Осы кезде екі деколониалдық қозғалыс орын алды: Неведа-Семей және Желтоқсан. Екеуін де идеологиялық тұрғыдан тез-ақ баса салды. Онымен Назарбаев айналысты.
Желтоқсандықтарға былай деді: міне, қазақ тілі керек дедіңдер ғой? Міне тәуелсіздік, бәрі бар, бәрі тыныш. Неведа-Семей, сендерге не керек еді? Атом бомбасын жарма дедіңдер ғой? Жарғамыз жоқ. Енді сабаларыңа түсіңдер. Ал бұның артында шешілуі қажет қаншама мәселе тұрған еді.
Сүлейменовты Парижге, ЮНЕСКО-ға жіберді. Бәрі керемет, бәрі жақсы. Енді Назарбаев өз саясатын іске асыра алады: алдымен экономика, тек содан кейін ғана саясат.
Осылайша, елді тонау басталды. 90- жылдардан әрең-әрең аман шыққан ел оппозицияның тәуелсіз парламент керек дегеніне құлақ аспады. Екімыңыншы жылдары, мұнай бағасы шарықтап тұрған кезде адамдар бизнеспен айналыса бастады. Олар аяқтарынан тұрғанша екі мың оныншы жыл шықты. Жерге қатысты шерулер. Кенет, оларды біреу бастан қойып қалғандай, олар айналасына көз сала бастады. Назарбаев елді түгелдей жекешелендіріп алған. Біз тағы да біреуге тәуелдіміз. Бізге Кедендік одақты, ОДКБ-ны таңып жатыр. Украина соғысы басталды.
Осылайша, күнімізді әрең көріп жүріп, есімізді жиған кезде Назарбаевтың бізді тағы да біреуге тәуелді етіп қойғанын көрдік.
Біз мұндай мәселелерге келгенде аса қырағылық танытуымыз керек еді. Өкінішке орай, зиялылардың ойына ондай сұрақ келмеді. Жазушыларға, тарихшыларға кейде таң қалам. Олар қаншама жыл бойы кеңес мектебінің шырмауында болған. Әлі де солай. Айтқанымдай, процесс төменнен жоғарыға қарай жүріледі.
Сонымен қандай қорытындыға келдік десеңіз, деколонизация процессі, ол алдымен сананы деколонизациялау, өзекті мәселеге айналып келе жатыр. 90-жылдары ол қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуді, қазақ мектептерін қалпына келтіруді талап ету ретінде көрініс тапты. Жаңа ғана айтып өткенімдей, бұл – төменнен жоғарыға қарай жүретін процесс.
Негізгі қауіптің қайдан келетінін, алдымен нені жоғалтатынымызды, бұл бірегейлігіміз, тіл мен мәдениет, жартысынан астамы жойылған адам саны, осыны түсінген халық алдымен көп бала туу, көпбалалы отбасы, қазақ тілінде білім беру, мәдениетті жаңғырту сияқты мәселелерді алға тарта бастады.
Айтпақшы, мәдениетті, әдебиет пен музыканы қайта қалпына келтіру өте ұзақ уақыт бойы іске асты. Аударма мектебін ашу да оңайға түспеді. Мұндай шешуді қажет ететін мәселе өте көп. Оның сан қырлы процесс екенін біз білеміз, сондықтан да ол ұзақ іске асатын шығар, алайда, ерте бастағанда, бүгін әлдеқайда жеңілірек болар ма еді?
Деколонизация процессі – ерікті түрде іске асады. Адамды мәжбүрлі түрде деколонизациялау мүмкін емес. Ол өзі мұны түсініп, қабылдап, колониалдылықтың салдарын көре білуі керек. Түрлі этнос өкілдерін деколонизацияның колонизациядан жақсы екенін, кеңестік идеологиямен бірге өмір сүргенше басқа елдермен бірге демократиялық тұрғыдан, еркін даму керегін, айтуға көндіру керек.
- 86-жыл деп айтып кеттіңіз. Осы көтерілісті, Ресейдің кеңестік тарихы ұлтшылдар көтерілісі деп сипаттап, қазақ ұлтшылдары біздің кеңестік идеологияны сатып кетті деп айыптайды. Мынандай бір нәрсеге назарыңызды аударғым келеді: Ресей тарапы ұлтшыл деп ұдайы кінәлаумен келеді. Оны бір елдімекенннің атауын өзгертер кезде тағы да естідік. Халқымыздың бірегейлігін арттырғымыз келген кезде осындай ауыр айып үнемі алдымыздан шығып отырады. Ол не, неге оны қате дейміз?
- Иә, расында да бұл тіркесті ұдайы естіп келеміз. Ұлтшылдықты, априори, жаман нәрсе немесе қылмыс ретінде айыптап келеді. Ұрлық жасауды, адам өлтіруді, ұлтшылдықты үлкен күнә сияқты көреді.
Бұл қайдан пайда болды? Неге мұндай жағымсыз коннотация пайда болды?Ол сонау алашордалықтар Қазақ автономиясын қорғап қалғысы келген 20-30-жылдары пайда болған. Олар автономиялық республиканың мүддесін қорғағысы келді. Бірақ оларды қазақ буржуаздық ұлтшылдары деп айыптайды. Неге? Өйткені, олардың ауызын жабу керек. Алашордалықтар үшін ұлтшылдық деген не? Олар бәрі нашар демеді. Олар жерді, мәдениет пен тілді, қазақ бірегейлігін, оның дінін сақтау керек деді. Яғни, олар ұлтты құрайтын құрамдас бөліктер туралы айтты. Мүмкін, олар ұлттық құндылық туралы болғандықтан, оны ұлтшылдық деуге болар.
Ал, большевиктер үшін ұлтқа қатыстының бәрі қауіпті еді. Өйткені ол түрі ұлттың өздік санасына, өздерін белгілі бір кеңестік ортадан бөліп алып, қарастыруға бағытталды.
Дәл осы себепке байланысты, «ұлтшылдық» ұғымына осындай жағымсыз коннотация беріледі. Дәл осыдан болып, алашордалықтарды айыптап, соттап жатқан кезде, ұлтшылдық ұғымы айыптауды қажет ететін танымал тақырыпқа айналды. Оны неге буржуаздық дейді? Олар кеңес өкіметін буржуаздық демократиямен салыстырды. Буржуаздық қоғам болса, буржуаздық ұлтшылдық та болады.
Бұл терминді талдап, қарастырсақ, ұлтшылдық деп ұлтына, мәдениетіне, тіліне деген патриоттық сезімді айтатынын байқаймыз. Ұлтшылдық пен шовинизмді қатар қойған кезде, қатты таң қалам. Неге?
Қарапайымнан бастайық.
Ұлтшылдық – іштей орын алады. Ол адамның халқына, тілі мен мәдениетіне деген көзқарасы. Әр адамның өз тілін жақсы көруі қалыпты құбылыс. Демек, ұлтшылдық – қалыпты, дұрыс сезім. Шовинизм — сырттай көрініс табады. Ол – басқа ұлтқа, мәдениет пен тілге деген көзқарас.
Ұлтшылдықтан шовинизмнің айырмашылығы, ол мүлде басқа бағытта іске асады. Ол басқа мәдениетке, басқа халыққа, басқа тілге деген көзқарас. Бұл көзқарас – жағымсыз. Темек, ұлтшылдық пен шовинизмнің табиғаты бір-біріне ұқсамайды. Мысалы жасыл мен ыстықты салыстыра алмйсыз ғой? Түсінесіз бе?
Басқа халыққа деген көзқарас туралы айту керек болса, шыдамдылық, толеранттылық, мүдде, ашықтық немесе басқа мәдениет пен тілге қатысты шовинизм туралы айтуға болады.
Ал, қазақтар басқа ұлттарға қалай қарайды?
Олардың көзқарасы өте жақсы. Ол кеңестік интернационализм бізді солай үйреткенімен байланысты емес. Бұл – көшпенділер философиясы мен дүниетанымына тән қасиеттер. Бірегейлігіміздің көшпенділерге тән ерекшелігі бар. Бұл жаңа нәрсені қабылдай білу. Бұл – басқа діндерге құрмет білдіру. Бұл жаңа нәрсені үйрену. Бұл – қыстау мен жайлаудың ар жағында жатқан басқа әлемге деген қызығушылық. Түсіндіңіз бе? Бұл жаңа байланыс тапсам деген қалау, талпыныс. Түсінесіз бе?
Ұлтшылдық туралы айтсаң – сен ұлтшылсың. Іштей, түпсанамызда ұлтшылдық дегенді егер сен қазақтың бірдемесін жақсы көрсең, сен онша жақсы адам емессің, сен мысалы, орыстарды жақсы көрмейсің деген сөз деп қабылдаймыз. Қазақтың дүниесін қазақ жақсы көреді деу, ол құймақтан бас тартады деген сөз емес қой? Ол құймақты да жақсы көреді. Куксиді де жақсы көреді. Олардың бірі екіншісіне кедергі келтірмейді, демек, оларды салыстырудың қажеті жоқ.
Өз мәдениетіңді сүйе отырып, басқа да көптеген мәдениетпен танысуға болады. Өз мәдениетін бағалайтын адам ғана басқа мәдениетті бағалай алады деп ойлаймын. Неге екенін білесіз бе? Өйткені өз мәдениеті, ұлты, жері, тілі өзі үшін қаншалықты қымбат екенін түсінген адам, басқа адам үшін де оның мәдениеті, ұлты мен тілі қымбат екенін ұғады. Анасын, отанын сүйетін адам, басқаның да өз анасын сүйетінін біледі. Түсінесіз бе?
Ұлтшыл деп тек алашордалықтарды ғана кінәлаған жоқ. Өзіміз айтып кеткен Бекмахановқа да, Есенберлинге де осындай кінә тағылған: қазақтың қаражүзді ұлтшылдығы. 86 жылдары оны солай атайтын.
Айтыңызшы, ағылшын тілін жақсы көретін ағылшынды неге ер, патриот дейміз? Ана тілін сүйген француз да солай. Қытайлар қытай тілін жақсы көреді – керемет. Ал қазаққа келгенде, ол – ұлтшыл. Түсіндіңіз бе?
Осылайша, ұлтшылдықты қалыпты құбылыс ретінде қабылдау керек. Бұл бірінші.
Екінші, колониалдық ұлтшылдық деген ұғым бар. Ұлтшылдық алашордалықтарда болмағанда, олар өзімен өзі, экономикалық мәселелермен айналысып жүре берер еді. Колониалдық ұлтшылдық – ашық көрініс табатын, шектен шыққан, мәдениетің мен тіліді кемсітуге қарсы жауап ретінде көрініс табатын құбылыс. Яғни бұл қарсылық танытатын күш. Ол – қысымға, кемсітуге, басқа, басымдыққа ие мәдениетті күшпен таңуға берілген жауап. Сол кезде, колониалдық ұлтшылдық қорғаныс реакциясына ие болып шыға келеді. Бұл қалыпты реакция.
- Адам үшін колониалдылықтың қандай белгілері бар екендігі туралы тағы да айтсақ. Қоғамымызда, бұл әсіресе империализм гені бойында әлі де бар орыстар мен орыстілділер үшін аса маңызды. Қалай және қандай маркерлердің көмегімен адам өзінде империализмнің, колониализмнің сипаттары бар екенін байқай алады? Ол мінез-құлықта, тілде, іс-әрекетте қалай көрініс табады?
- Иә, оны империялық көңіл-күйден немесе колониалдық мінез-құлықтан байқауға болады. Дәл осы туралы қазір айтып бергім келеді. Оның қалай көрініс табатынына қараңыздар.
Отарлау процессі1991-жылы аяқталды. Соған қарамастан, колониалдық сана сақталып қалды. Ол әлі де көрініс тауып келеді. Оны тілден байқауға болады. Бұл ой. Ол тіл арқылы көрініс табады. Қалай жетсе де, біз оны көреміз. Оны адамның іс-әрекетінен байқауға болар. Бірақ тіл арқылы ол тез арада айқын болады. Ал, империялық, колониялық ойға келсек, онда бұрынғы империялық, колониялық идеологияға деген тәуелдікті байқаймыз. Мысалы, қала атаулары.
Қала атын өзгертсе де, біз ескі атаумен атаймыз. Отаршылық кезіндегідей. Бұл біздің мәдениетімізге қалай қарайтынымыздың көрінісі.
Немесе мысалы, бұрынғы метрополия мәдениетімен салыстырғанда, төл мәдениетімізді біз жарымжан деп есептейміз.
Екі маңызды нәрсеге тап болған кезде біз үнемі айтылып келе жатқан бір нәрселерге көңіл бөлуіміз керек:
- бұл сізге иерархиялық құрылымды таңғаннан кейін пайда болатын иерархиялық құрылыс: биік – аласа, жақсы – жаман, биігірек, жақсырақ, жақсы дамыған, жақсы дамымаған. Осы тәуелділікті сізге таңғаннан кейін, сіз онда бірдеменің дұрыс емес екенін байқайсыз. Неге сізге қатысты мұндай айла-шарғыға барды, неге мен тәуелді болуым керек.
- екінші, бинарлық оппозиция. Яғни дұрыс-дұрыс емес, өркениетті – жабайы, жақсы-жаман, прогрессивті-артта қалған. Бұған тап болған кезде біз бірдеменің дұрыс емес екенін байқаймыз. Ол туралы сөйлесіп, иә, орыс мәдениеті, мысалы, ұлы, керемет дей бастаймыз. Неге ұлы орыс әдебиеті? Ағылшын және жапон әдебиеттері одан бір де кем емес. Тіпті қытай әдебиеті одан да ұлы және көне. Қазақ мәдениеті де ұлы. Өйткені, оларда опера мен балет жоқ болса да, өзіне тән музыкалық өнері, ән өнері бар. Яғни біз басқа да мысал келтіре аламыз. Әр мәдениет өзінше бірегей. Әр мәдениет – адамзат өркениетінің құнды қазынасы. Әр мәдениетті сақтау керек. Мұнда ұлы немесе ұлы емес деген жоқ. Өйткені, ән өнерін операмен салыстыруға болмайды. Олардың әрқайсысы да маңызды және құнды. Түсіндіңіз ғой?
Енді империялық деген ұғымға келсек. Бұл туралы қаншама талас болды десеңізші. Мысалы, ағылшын колонияларында деколонизация басталған кезде, Англия мұндай саясат жүргізу дұрыс емес екенін түсінді. Ол отарландыру дұрыс емес екенін мойындады. Деколонизация процессі ұзақ уақыт жүргізіліп, метрополияның өзін, Англияның өзін шарпып өтті. Бұлар көркем әдебиетті қайта қарау, қайта бағалау бойынша академиялық зерттеулер. Бізге келер болсақ, посткеңестік республикаларда, бұл сөзді сондай жек көрем, бәрі, патша кезінде де, кеңес дәуірінде де отарға айналған.
Бұрынғы метрополия Ресей бұл процесті қолдағысы келмейді. Ол бұған қарсы, ол бәрін қайта қосып, қайтадан кеңес одағын құрғысы келеді.
- Англияның мұндай қадамға баруына не түрткі болды?
- Халықтың қарсылығы, Ганди қозғалысы, сонымен қатар, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Англия прогрессивті жолды таңдады. Отарлаушы держава болып қала беру мүдделер қақтығысына алып келеді. Бірақ, Англия бұған аса қапа болмады. Алайда, Ресей отарынан, империя мәртебесіненайырылуды неге трагедия ретінде қабылдады? Онда басқа да отар елдері бар ғой?
Англия империялық рухтан, империялық мінез-құлықтан ажырау үшін 20-30 жылын жұмсады. Соған қарамастан олар дұрыс жолды таңдады. Ал, екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі әуе соғысында олар фашистерді жеңді. Осы соғыстан кейін, қаншама шикізат пен байлықпен қанымдап отырған отар елдерді көз алдыңызға елестету экономикалық тұрғыдан да, былай да қиын еді. Олар Еуропа құрығының солтүстік-батысындағы кішкентай аралда күндерін әрең көре бастады.
Олар өздеріне Ресей қоймаған екі сұрақты қойды: британдық және ағылшындық деген не? Екі ұғым. Британдық дегеніміз, Британ империясы басталған кезде, яғни отарландыру үшін жаулап алу, жабайы халықтарды өркениетке тарту сезімімен өзін басқалардан жоғары сезіну сияқты ағылшын болмысына енген барлық нәрсе. Мұның бәрі империялық. Ағылшындық дегеніміз, ағылшындардың төл дәстүрі, ағылшын әдет-ғұрыптары, өмір сүру салты, ағылшын пейзажы, ағылшын ауылы. Бұның бәрі норман басқыншылығынан бастап, отарлағанға дейінгіағылшын мәдениетінде көрініс тапты.
Осылайша, олар сәл де болса өздерінің бірегейлігін тазалап, империялық вирустан босау үшін және ағылшындық деген бірдеме жасау үшін осы екі ұғымды талдай бастайды. Бұған өте көп уақыт кетеді. Содан кейін олар отар елдеріне қаншалықты залал әкелгендерін түсіне бастайды. Иә, олардың есігі отар елдер халқына ашық болды, олардың көбі келіп білім алды. Постколониалдық зерттеулер жүргізілуде. Ол Англияда қарқынды түрде іске асырылып жатыр. Олар ағылшын әдебиетінің корпусын қайта қарастырып, Киплинг пен Конрадтағыдай нәсілшілдікті байқады. Алайда, бұл олар төл әдебитетінен бас тартты деген сөз емес. Бұл – империялық және нәсілшілдік көзқарас ашық суреттелген мәтіндерді мектепте оқытпайды деген сөз. Иә, бір дәуір мұрасы ретінде оны кәсіби филологтар зерттегенімен, мектепте оқытпайды. Бала түсінігі енді ғана қалыптаса бастаған кезде нәсілшілдік генін ары қарай таратпау үшін солай істеп отыр.
Енді Ресейге келсек. Ресей өз еркімен бұл жолды таңдап алмады. Ол әлі де бұрынғы отар елдерінен айырылғанына қайғырып отыр. Олар өздерінің орысшылдығы немесе империяшылдығы туралы ойлап отырған жоқ. Оның бәрі алда. Кейбір жеке еңбектерді атап өтуге болады: Пушкин үйінің бір зерттеушісі бар, қателеспесем фамилиясы Веролайнер немесе бұл псевдоним болуы мүмкін, есімде жоқ, дәл қазір айта алмаймын. Ол да Ұлы Петр дәуірінен бастап зерттеу жүргізіп, Бірінші Петр неміс, еуропа мәдениетін күшпен таңу арқылы орыстарды оларға тән қасиеттен, мәдениеттен айырғанын қарастырғысы келеді. Бұл мысалы, сақалын алу, бұл да орыстарға тән қасиеттен, бірегейліктен айырады. Сондықтан, орыстар да өз бастарынан өткен трагедия мен жан жарақаты туралы ойлануы керек. Оларда славяншыл, ағылшыншыл және батысшыл көзқарас та болды. Ол 19-ғасырды толығымен қамтыды, талқылаулар болды, содан кейін крепостнойлық құқық аяқталып, модернизация, кеңес одағы пайда болды. Бұлар да орыстарды айналып өтпеді. Одан кейін кулак деп мүлкін тәркілеу, олар да гулаг жүйесін бастан кешірді. Айта берсе көп.
Жарақат үстіне жарақат алды. Орыстар осының бәрін зерттеуі керек, түсінесіз бе? Неге мұндай тұрақсыздық орын алады? Неге олар бірдеме істеуіміз керек, басқаларды басып алуымыз керек деп ойлайды? Олар бір сәт тоқтап, біз кімбіз, жерімізде қалай өмір сүрсек болады деп ойламайды?
Бір насихаттың шырмауынан шықпай жатып, олар екіншісінің құрығына түседі. Бір идеологиядан екіншісіне тап болады. Тоқтап, ойланатын кез келді.
Мен орыс зиялылары дәл осы мәселемен айналысуы керек деп ойлаймын. Осылардың бәрін бастаған кезде мен кез келген ресейлік империялық көзқараста деп ойладым. Өйткені, Орта Азиядан келген мигранттарға олар қалай қарайтынын көріп жүрміз. Сөйтіп, олар нәсілшіл, шовинистер деп ойладым. Орыс мәдениетінде, киносы мен әдебиетінде ақындар мен жазушылар өте көп. Олар неге халқының көзін ашпайды? Неге олар 21 ғасырда нәсілшіл, шовинист болу үлкен күнә, қорлық, ақымақтық, жиіркенішті екенін айтпайды? Қалай бұған жол беруге болады?
Украинамен соғыс басталған кезде орыс зиялылары мен либералдарының осы империялдық синдромға бейім екенін көрдік. Олар қазір басқа жаққа көшіп кеткен деп естиміз. Иә, олар РЕсейдің Украинаға деген агрессиясының заңсыз екенін мойындайды, бірақ ол тек Украинаға қарсы соғысқа қатысты. Қырым мәселесінде, Буча мен Ирпень басталғанда, олар осыншалық шығын әкелсе бізге Қырым керек емес деді. Қырымның оларға тиесілі емес екенін мойындады. Украинаның тәуелсіз ел екенін мойындауға қарсы емес. Бірақ, басқаларға келгенде олардың империялық көзқарасы еш өзгермеген, сол қалпы.
Өздерінің қаншалықты оңбаған, жеккөрінішті екенін түсіну үшін РЕсей сонда бәрімен соғысып, барған жерін Буча мен Ирпеньге айналдыруы керек пе? Сондықтан да мен кез келген ресейлік – шовинист деген тоқтамға келдім. Өйткені, әр нәрсеге мән үстеп, халық санасын жаңғыртуы керек зиялылардың өзі осы империялық синдромға шалдыққан, олар да басқаларға мұрнын шүйіре қарайды. Бұл кім? Башқұрлар ма? Фу, Башқұртстан, Ресейден бөлінем дей ме, қалжыңдарың шығар?
Олар осылайша мазақ қылады, түсінесіз бе? Олар әлі де басқа ұлттарға бостандық беруге дайын емес. Олар өздерін либералдармыз, демократтармыз деп атайды. Олар Ресейді Путиннен азат ету керек дейді. Жақсы, сіздер демократиялық мемлекет құрдыңыздар делік. Империялық Ресей мен либералдық демократиялық құндылықтар қалай тоғысады деп ойлайсыздар? Өздеріңіз қалай еркін боламыз деп ойлайсыздар? Метрополия бола тұрып, колониалдық жағдайды сақтап қалса, онда жүзден астам этнос бар, олар қалай бір-бірімен сыйысып өмір сүреді? Бұл нағыз когнитивтік диссонанс. Біз либералмыз, біз демократпыз. Біз мыналарға бостандық бермейміз. Бұлай дей салу өте оңай. Бірінші, империялық синдром. Екінші, онда ресейдің алтын диірмені тоқтап, бай Башқұртстаннан, Татарстаннан, Саха мен Тувадан, Сібірден ресурс ала алмай қалады. Мәселенің қайда жатқанын түсіндіңіз бе?
Ресей зиялылары мен жазушылары бұл туралы ойлануы керек. Журналистер өздерінің кімге айналғанын түсінуі керек. Шульмандардың бәрі. Олардың бәрі украина ақпарат саласына белсенді ат салысып келе жатқандықтан, мен оларды өте көп тыңдадым. Ал, украина жаңалықтарын екі жыл бойы тыңдап келеміз.
Мен бұған дейін оларды мүлде білмедім, өйткені, 25 жыл бойы теледидар көрмеймін. Ресей күнтәртібінен мүлде алыс болдым. Оларды украина ютуб арнасы арқылы танып білдім. Басында тыңдап отырған кезде олар украинаны қолдайтын сияқты көрінген. Алайда, жүре келе, олардың шынайы келбетін көргендей болдым. Олар империалистер. Ол туралы айтудың да қажеті жоқ. Оларды тыңдағым да келмейді.
Олар бірдеме айтқысы келеді, бірақ көңілім қатты қалды. Осылайша мен, орыс халқы, қарапайын ресейлік дұрыс болуы үшін, бұл құндылықтарды алдымен орыс зиялылары, қоғамдық пікір көшбасшылары, жазушылар мен суретшілер, сарапшылар қабылдауы керек екенін түсіндім.
Ондай адамдар бар болса да өте аз. Жалпы, олардың бәрі империалистер. Бұл өте қорқынышты. Сондықтан да олар Ресейді азат еткілері немесе Ресей дамысын демократиялық елдердей болдырғысы келмейді. Мен бұлар ақ эмигранттардың, ақ гвардияшылардың тарихын қайталап отыр дегенді үнемі жазып келемін. Олар большевизмге бірге қарсы күресіп, содан кейін әркім өз жөніне кетсін де, автономия құрайық деген алашордалықтарды тыңдағысы келмеді. Ақырында отар елдерден де, Ресейдің өзінен де айырылды. Большевизм де, тоталитаризм де, екінші дүниежүзілік соғыс та, концлагер де, гулаг та болды.
Орыс эмиграциясы қазір тура сол жолды қайталап отыр. Олар біреу келіп Путин мен оның жүйесін құлатқанын, орыс либералдарына билікті бергенін күтіп отыр. Қолына билік тигеннен кейін олар нағыз федерация құрып, отаршылдыққа ден қояды. Олар, әрине бәрін басқаша жасайды. Алайда, тұрмыстық деңгейде басқаларды қорлай беретін кез келген шовинист ресейлікті қайда жібересіз?
Оларды империялық санадан арылту үшін, олардың ойын өзгерту үшін 20-30 жыл керек екенін не істейсіз? Ең бастысы, олар өздері шетелде өмір сүріп жатқан кезде, украиндықтар бұның құнын жаны мен қанымен төлейді деп ойлап отыр.
Бір жыл бұрын біз тирания мен путин жүйесінен босату, отар елдерге бостандық беру туралы мәселе туындай қалса орыс эмиграциясы ұлттық республикаларға өтініш білдіруі керек деген едік. Сонда ғана олар бір ортақ идея астына жиналады.
20-жылдары ақ гвардия бұлай істемеді. Олай істеген жағдайда орыс эмиграция өз Ресейлеріне қол жеткізер еді: Бұл Московия немесе Алтын диірмен болар еді. Оның қалай аталатыны маңызды емес. Бірақ олар жеке мемлекетте, шамалары келгенше кереметтей демократиялық мемлекет құрар еді. Басқаларға да мүмкіндік беріп, өз мемлекетін дамытар еді. Бірақ олар бұнымен келіскілері келмейді – отарлауға деген, үлкен аумаққа иелік етіп, бақыласақ деген қалау бар. Бұл жер, Донбасс, Қырым оларға не үшін керек? Өз жері қаңырап, ештеме салынбай бос жатқанда, үлкен жерге иелік етіп олар қайтпекші? Мен осыны түсіне алмаймын. Қаншама өмір себепсізден себепсіз қиылып жатыр.
Қысқасы, ресейліктер ауру, олар бір сәт кідіріп, өздері туралы, жерлері мен халқы, ары қарай қалай өмір сүру керектігі, келер ұрпақты қалай тәрбиелеу керектігі туралы ойлауы керек. Оны алдымен орыс зиялылары ойлауы керек. Олардың да Ұлы Петр кезінен бері келе жатқан өз проблемалары, трагедиясы, жан жарасы бар шығар.
- Деколонизацияға қанша уақыт кетеді деп ойлайсыз? Біз толықтай деколонизацияландық деп немесе олардан толықтай босап, еркін болдық айту үшін бізге қанша уақыт керек? Басқа елдер бұған қанша уақыт жұмсады? Алдымызда не күтіп тұр?
- Бұл – көп қырлы процесс. Ол он жыл, жүз жыл жалғасуы, бір немесе 3-5 ұрпақты қамтуы мүмкін.
50-60 жылдары тәуелсіздік алған елдердің көбі әлі де толықтай деколонизациялана қойған жоқ. Бұл олар баяу қозғалады дегенді білдірмейді. Олар қолдан жасалған кедергілерге тап болып отыр. Мысалы, Арабияның шығысындағы Африка елдерінде бәрі керемет емес. Өйткені бұрынғы метрополиялар өз ықпалын әлі де сақтап қалуға тырысуда.
Әйтпегенде, әрине, қаласаңыз, бар күш-жігеріңізді жұмсасаңыз, 20-30 жыл ішінде деколонизация процессін аяқтап тастауға болады. Бірақ бұл не деген сөз? Бұл ең алдымен білім. Бір ұрпақ аясында ғана, Қазақстанда тұрып жатқан барлық этносты біріктіретін ортақ азаматтық ұлт құруға болады. Ол үшін ортақ құндылықтарымыз, бір-бірімізге ұқсамайтынымызға, дініміз, теріміздің түсі, түрлі ұлттық мейрамдар бар екеніне қарамастан, бәріміз үшін ортақ, маңызды құндылық болуы керек. Қаласақ, бұлардың бәрін іске асыруға болады.
Алайда, бұрынғы метрополия тарапынан қысым мен күштеп таңу белсенді түрде жүрігізіліп жатқанда оны іске асыру оңайға түспейді. Билік басындағылар метрополияға саяси тұрғыдан тәуелді болып тұрған кезде оны істеу қиын. Мұндайда, оны істеуге көп уақыт кетеді. Оның қаншалықты нәтижелі болатанына түрлі факторлар әсер етеді. Мысалы: экономикалық, саяси тәуелділіктен, іс жүзінде Ресейден қашан құтыламыз.
Қысқасы, бұл өте қиын.
Менің ойымша, түрлі елдерде, түрлі республикаларда бұл түрліше іске асады. Мысалы, Әзірбайжан одан тез сытылып шықты. Грузия саяси тұрғыдан тәуелді болса да, рухани тұрғыдан еркін. Украина, көріп отырғанымыздай, қанға бөгіп жатыр. Балтық елдері аяғына тез тұрып кетті. Бірақ онда отарлағанға дейінгі процесс басқаша өрбіді. Өйткені, оларды отарлаған жоқ, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін басып алды. Олар кеңес одағына басқыншылар ретінде қарады. Олардың жері босатылды. Бірақ, осы аралықта ол жерлерге өте көп ресейліктер қоныс теуіп үлгерді. Бұл әлі күнге дейін қақтығыстарға арқау болып келеді.
Яғни бұл әр елде әрқалай болады. Оған түрлі факторлар әсер етеді. Қазақстанда ол қалай болуы мүмкін? Біздің билік ол туралы жапқан ауыздарын ашқылары келмесе де, халық оны белсенді түрде талқылап келеді. Олардың ішінде қазақтан басқалары да бар. Бұл мәселеге келгенде бізде бәрі де өте белсенді.
Мысалы мен осы туралы жазам, кәрістер мен орыстар маған өз ойларын айтады. Осылай кете береді. Демек, бұл мәселе бізде талқылау, талдау тақырыбына айналып, онда адамдар ойы мен күмәндарын бөліседі. Ненің радикалды, ненің артық екенін, не басқалардың жанына жара салуы мүмкін екенін бірге талқылап, қоғамдағы тірегімізді немесе басқа бірдемені құртып алмай, деколонизациялау жолын бірлесе отырып таңдау аса маңызды. Бұның ортақ, азаматтық ұлт құруда маңызы өте зор.