Адамның табиғи бейнесі туралы хоррор жанындағы картиналар
Адамзаттың қолына шексіз билік берілсе, одан не күтуге болады? Ал, билікке бағыну керек болса, ішкі ұстанымына қайшы бұйрықты бұлжытпай орындай ала ма? Адамның болмысы мен жаратылысын зерттеу психолог мамандар үшін ғана емес, кинорежиссерлер үшін де қызық тақырып. Youth.kz адамзатқа жасалған тәжірибе туралы хоррор фильмдер үштігін ұсынады.
Эксперимент
Хоррор фильмдер түсірумен ерекшеленетін белгілі режисер Грег МакЛиннің фильмі. Кеңседе қызметкерлеріне жасалған әлеуметтік эксперимент туралы психологиялық триллер. Колумбиядағы көпқабатты кеңсенің ішіне 83 адам қамалып қалады. Оларды белгісіз дауыс басқарып, бұйрық бере бастайды. Дауыстың нұсқауларын бұлжытпай орындаған жанның аман қалу мүмкіндігі жоғары. Алғашқы тапсырма әр қызметкер өзін қатты қорқытқан әріптесін өлтіру болатын. Әріптестер басында есеңгіреп қалады. Атқарушы директор Барри Норрис (Тони Голдуин) бәрін сабырға шақырып, жағдайды реттеуге тырысады. Алайда, үрей үдей түседі, өйткені көп ұзамай әріптестер арасында кісі өлімі көбейеді.
Экспериментатор
Режиссер Майкл Алмерейдің «Экспериментатор» фильмі тарихи деректерге негізделген. Америкалық әлеуметтік психолог Стенли Милграм 1961 жылы адамдарға айрықша эксперимент жасайды. «Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде «Холокост» сияқты қорқынышты қылмысқа барған неміс солдаты шынымен қатыгез болды ма, әлде ішкі ұстанымына қайшы бұйрықты орындауға мәжбүр болды ма?» деген сауалға жауап іздеді. Ал, фильм психология тақырыбын ғана емес, жалпы өмірдегі құндылықтар туралы ойлануға мүмкіндік береді. Ал, тәжірибе нәтижесін білгіңіз келсе, картинаны көргеніңіз абзал.
Стэнфорд түрмесіндегі эксперимент
Бұл фильм де болған оқиға негізінде түсірілген. Америкалық психолог Филипп Зимбард өткен ғасырда жүргізген эсперимент нәтижесінде психологияда «Люцифер эффектісі» деген ұғым пайда болды. Осы оқиға негізінде 2015 жылы Кайл Патрик Альварес психологиялық драма түсірген. Бұл тек хоррор жанрындағы фильм емес, адам қолына билік берілсе адамшылықтан адасуы мүмкін бе, психологиялық тұрғыда сау адам қай кезде қатыгезге айналады деген сауалға жауап іздеп, ойға жетелейтін картина. Фильм 70 ж.ж. Стэнфорд университеті қабырғасында болған оқиғаны шынайы суреттейді. Көрерменді бірден баурап алатын картина ретінде сыншылардың жоғары бағасын алған.