Хаттама бойынша Боқаев пен Ахмедьяров жеңген: Бірақ неге олар депутат болған жоқ?

Парламент сайлауының өткеніне бір ай болды. Жеңіске жеткен мәжіліс депутаттары жұмысын бастап кетті. Бірақ оларды тәуелсіз кандидаттар легитимсіз деп отыр. Біз Алматыдағы №4 сайлау округінің кандидаты Санжар Боқаев пен БҚО-дағы №14 округ кандидаты Лұқпан Ахмедьяровқа берілген дауыстарды санап жатқан «Жария» қоғамдық бірлестігінің өкілімен сөйлестік.

*12 сәуірде Лұқпан Ахмедьяров 15 тәулікке қамалды. Қазір ол «9 сәуір күні митингіге қатысқаны үшін» түрмеде отыр. Сондықтан біз №14 округ бойынша хаттамалар нәтижесін «Жария» қоғамдық бірлестігінен сұрадық. 

Санжар Боқаев неге ресми қорытындымен келіспейді?

Санжар Боқаев өз округі бойынша 202 учаскенің 180-нен хаттама жинаған. Сонда оның қолында №4 округтің шамамен 90% нәтижесі бар. Хаттамаларды мына сілтеме арқылы көре аласыз: https://cloud.mail.ru/public/tUxN/2xPQh32WM. Оның нәтижесінде Санжар Боқаевтың 7640 дауыс жинағаны, ал оның басты қарсыласы Ерлан Стамбековке 5942 адам дауыс бергені белгілі болды. Қалған дауыстар басқа кандидаттарға берілген. Бірақ ресми деректер бойынша, Стамбеков 15930, ал Боқаев 11660 дауыс жинаған. 

Санжар Боқаев жинаған хатталамалардың нәтижесін мына кестеден көруге болады: https://docs.google.com/spreadsheets/u/0/d/1ZLIpGExbzIWH7j9gyJ_QnW8-ysmX6Ws-aDHP9icH9QA/htmlview

Боқаев қарсылығын қалай білдіріп жатыр?

«Сайлаудың нәтижесіне келіспей аудандық әкімшілік сотқа бардық. Ол бізді тыңдамай қойды. Одан кейін қалылық сотқа, сосын жоғарғы сотқа бардық. Олар да біздің арызды қабылдамады. Меніңше, бұл – әділетсіздік. Олар заңды бұзып отыр. Жетпей тұрған 20 хаттаманы Орталық сайлау комиссиясынан сұрадық, алайда ешқандай жауап жоқ. Сондықтан біз ОСК-ның жұмысын “Мемлекеттік органның әрекетсіздігі” деп тағы да сотқа бардық. Оны да сот қабылдамады. Енді біз халықаралық деңгейдегі сотқа жүгінеміз. Ол жерде жеңісіміз мойындалады деп үміттенемін», — дейді Боқаев. 

Сот жүзінде жеңісті дәлелдеу не үшін маңызды?

«Шынымды айтсам мен Қазақстанның сотына сеніп отырған жоқпын. Сондықтан халықаралық сотқа жүгінеміз әрі жеңіске жетеміз деп ойлаймын. Заңгерлердің айтуынша, оны дәлелдеу үшін кемінде екі жыл керек. Бірақ қанша уақыт қажет болса да шындықты дәлелдеуді мақсат еттім. Себебі бізге сеніп, келіп, дауыс берген адамдардың таңдауын бұрмалағанға қарсымын. Депутат болғым келетіндіктен емес, халықтың дауысын қорғаймын деген ниетпен күресіп жатырмын. Негізі халықаралық сот біздің шынымен жеңгенімізді мойындаса да, Қазақстан оның үкімін орындауға міндетті емес. Менің басты мақсатым қазіргі сайлау жүйесінің әділетсіз екенін халыққа көрсетіп, сайлаушылардың дауысын қорғау. Олай істемесек, халықтың сенімінен айырыламыз, келесі сайлауда дауыс берушілердің саны бұдан да төмен болады», — дейді Санжар. 

Келесі сайлауға қатысасыз ба? Жоспарларыңыз қандай? 

«Кімнің шын мәнінде жеңгеніннен тек Алматы емес, бүкіл Қазақстан хабардар. Қазір депутат боп кеткен Стамбеков мырза да жақсы біледі. Өздерінің лигитимсіз билік екенін де түсінеді. Алдағы уақытта болатын сайлауларға қатысамыз. Өйткені халықтың мүддесін ескеру керек, ренжіп қатыспай қойған дұрыс емес. Әділдік үшін билікпен тартысуға дайынбыз», — дейді Санжар. 

Батыс Қазақстан бойынша №14 сайлау округінде жағдай қандай?

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Батыс Қазақстан яғни №14 сайлау округінде тәуелсіз кандидат Лұқпан Ахмедьяров 46 172 дауыс жинаған, ал Абзал Құспанға 126 784 адам дауыс берген. Қалған кандидаттардың жинаған дауысы 16 мыңнан аспайды. 

«Жария» қоғамдық бірлестігінің аймақтық менеджері Мұрат Байдекеновтың мәліметінше, Орал қаласы бойынша барлық учаскенің 106 хаттамасы бар.  Нәтижесінде Орал қаласында Лұқпан Ахмедьяров 12 294 дауыс жинап, бірінші тұр. Ал қазіргі мәжіліс депутаты Абзал Құспан 6862 дауыс жинаған. 

«Жария» қоғамдық бірлестігінің хаттамаларға жасаған мотиторингін мына сілтеме бойынша көре аласыз: https://docs.google.com/spreadsheets/d/1M_tFJc2ymZeB2wUaqM0bAJt21N1rljev/edit?usp=sharing&ouid=109861487798958284637&rtpof=true&sd=true 

«Біз Шыңғырлау, Бөрлі мен Ақсай аудандарындағы учаскелердің бәрінің дерлік нәтижесін қарап шықтық. Бұл аймақтардағы учаскеге бақылаушыларымыздың мәліметінше, мысалы 100 адам келсе, ресми мәліметтер бұл учаскелердің әрқайсысы 300 адамнан дауыс жинағанын айтып отыр. Яғни дауыс бергендердің саны көбейтілген. Сондықтан біз аудандарда комиссияның манипуляция жасағанын байқадық. Әрине, барлық учаскені бақылаушыларымыз қамти алмады, оның үстіне комиссия кей бақылаушыларымызды елемеген де», — дейді Мұрат. 

Сайлау кезіндегі заңбұзушылыққа қалай қарсылық білдірдіңіз?

Сайлаудан кейін комиссияның жәшікті төңкергенде жерге түскен бюллетеньдерге үстелдің асындағы заңсыз бюллетеньді қосып жатырған видеосы тараған еді. Бұл — Батыс Қазақстандағы Ақсай қаласының №161 учаскеcінде болған жағдай. Видеоны көрген Лұқпан Ахмедьяров прокуратураға заңбұзушылықты айтып, шағымданған. Алайда оған полиция подполковнигі комиссияның дүрбелең кезінде қылмыстық ойларсыз шатасып, қолданылмаған бюллетеньдермен араластырып алғанын айтып, істі есептен шығарғанын жеткізген. Ол туралы мына сілтемеде жазылған: https://www.instagram.com/p/Cq3BXK5spSW/ 

«Мұның бәріне біз емес, қылмыскер болған комиссия мен ОСК және құық қорғау органдары сияқты сыбайластары кінәлі. Бұл елдегі үлкен қылмыстық топ десек те болады. Осындай қылмысты әр сайлау сайын көретін едік, бірақ бұл жолы мұндай резонанс мемлекетің барлық жерінде болды», — дейді Мұрат. 

Неге аудандарда нәтижелер бұрмаланды деп ойлайсыз?

«Қазір мәжілісте отырған Абзал Құспанның жаппай сандар манипуцляциясының нәтижесінде депутат болды дей аламын. Себебі ауылдарда дауыс бергендердің саны тым көп. Абзал Құспанды таңдағандар да өте көп, ал Лұқпанға тым аз адам дауыс береген. Тіпті аса танымал емес кандидаттардың өзі Лұқпаннан көп дауыс жинаған. Бұл — ойға сыйымсыз нәтиже. Себебі Лұқпан Ахмедьяровты облыс халқы жақсы таниды.  Ал Абзал Құспанды Батыс Қазақстанның қазақтілді бөлігінің бірең-сараңы ғана біледі. 

Біз сайлаудан кейін Лұқпан екеуіміз Бөрлі ауданындағы Қанай ауылына бардық. Барлық үйді аралап, кімнің қай кандидатқа дауыс бергенін сұрадық. Ауылдағы 159 адам Лұқпанды таңдаған, Абзал Құспанды білетін екі-ақ адамды кездестірдік. Басқа аудан орталықтарында жағдай осындай деп ойлаймыз», — дейді Мұрат. 

«Әрине, 30 жыл бойы халықты билік алдап келгесін, қазір адамдар дауыс беруге бармайды. Бұл — толықтай біздің “элитаның” кінәсі. Содан дауыстар ұрланып, нәтиже бұрмаланады. Сайлауда депутат емес, партия емес, президент те емес, сенаторлар да емес, дауыс берушілердің бірінші орында. Мұны халық түсінуі керек. Біз осылайша өзімізге қызмет ететін адамдарды таңдаймыз. Егер кеше сайланған депутаттар үндеместен бір орында отыра берсе, дауыс жинап, оны орнынан алып тастай аламыз. Осыны халық білуі керек», — дейді Мұрат. 

Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»