Депутаттарға қалай сауал жолдай аламыз?

Қоғамда әртүрлі проблемалар болады: Көшелердің уақытылы жөнделмеуі, су не жылудың болмай қалуы, мектеп бағдарламасының олқылықтары, қымбатшылық, құқық бұзушылық. Олардың бәрін бірінші кезекте әкімдік не министрліктер шешуі керек. Алайда биліктің жұмысы халықты қанағаттандырмаса, кез келген адам депутатқа сауал жолдап, проблемаға назар аударта алады. 

Бүгінгі материалда біз депутаттармен байланысу амалдарын жазып, құқық қорғаушы Юрий Гусаковтан мәслихат, мәжіліс, сенат депутаттарына сауал жолдауда нені ескеру керек екенін білдік. 

Алдымен депутатқа жолдайтын сауал деген не, соған түсінік берейік. Сауал — шағым емес, биліктің қандай да бір іс-әрекетіне түсінік беруді сұрайтын өтініш. Сондықтан депутатқа сауал жолдағанда барынша жан-жақты ақпарат алып, адресатты анықтап алған жөн. 

Депутатқа қандай жолмен сауал жолдай аламыз?

Алдымен қай депутатқа сауал жолдайтыныңызды анықтап алыңыз. Егер мәжілістегі депутатқа болса, www.parlam.kz/ru/mazhilis/General/Deputats сілтемесі бойынша өтесіз. Мәжілістегі қай депутатпен байланысқыңыз келетінін таңдайсыз, биографиясы шығады. Әрі қарай жеке парақшасына өту деген батырманы бассаңыз, сауал толтыратын бет шығады. Онда барлық қажет мәліметті толтырып, қосымша құжаттар болса, тіркеп, сауалды жазып жібересіз. 

Сенат депутатына сауал жіберу үшін  www.senate.parlam.kz/ru-RU/feedback/index сілтемесіне өтсеңіз, бірден сауал парақшасына тап боласыз. Алғаш жолда қай депутатқа сауал жолдайтыныңызды таңдаған соң жеке мәліметтеріңізді енгізіп, сауалыңызды жазасыз. Қосымша құжаттар болса, бекітіп, ЭЦҚ-мен қол қоясыз. 

Ал мәслихат депутаттарына халықты қабылдау сағаттарында сұрақ қоя аласыз. Мәслихат депутаттарының қабылдау сағаттарын жергілікті мәслихат сайтынан табуға болады. 

«Депутатқа сауалды кәдімгі жазбаша түрде поштамен жолдауға да болады. Мысалы, Астана қаласы, Мәңгілік ел даңғылы 2 деп адресті жазып, әрі қарай сауалды қай депутатқа жолдайтыныңызды жазасыз да поштадан жібересіз. Бұл — сіздің сауал жібергеніңізді дәлелдеу үшін ең тиімді жол. Себебі депутат штабы хатты алғанын хабарлайды, содан сауалыңызды кімнің қашан қарай бастағанын біле аласыз. Бұл кері байланыс сауалды қарау үдерісін бекітіп, заңды уақытта жауап келмеген жағдайда келесі сауалды жіберуге септігін тигізеді. Заң бойынша депутаттар азаматтардың сауалына бір айдың ішінде жауап беруі тиіс. Егер сізге нақты үдеріс мерзімі маңызды болса, депутатқа сауалды жазбаша түрде  пошта арқылы жіберген тиімді» — дейді Юрий Гусаков.

Сенат, мәжіліс, мәслихат депутаттары: Кімге қандай сауал жібере аламыз?

Гусаковтың айтуынша, мұнда бәрі проблеманың деңгейіне байланысты. Егер адам заң шығарушы органға (билікке) көше деңгейінде сауал жолдағысы келсе, онда әрине, аудандық мәслихатқа жүгінеді. Мысалы, үйіңіздің жанындағы жол, аудандағы құрылыс, кептеліс мәселелерін мәслихат депутаттары қарастырады. Проблема бірнеше көшені қамтыса, ол қалалық мәслихатқа қатысты. Қалада су тоқтап қалуы, кей аудандардың жаяу жүргіншіге ыңғайсыз болуы сияқты мәселені қалалық мәслихат шешеді. Ал ормандардың өртенуі, магистральді жолдардың жөндеуі сияқты еліміздің бірнеше аймағына тараған проблема болса, мәжіліс депутаттарына сауал жолдайсыз. Сондай-ақ бюджет, жекеленген бағдарламаларды, ведомстволарды қаржыландыру, мемлекеттік атқарушы органдарға жүгіну секілді республикалық деңгейдегі сауалдарды мәжіліс қарайды. Ал сенат депутаттары көбіне сыртқы саясат, бірінші не екінші дәрежелі заң қабылдау, заң жобасын құру жұмыстарына қатысты аса маңызды проблемалармен жұмыс істейтіндіктен оларға сауал көп жолдай бермейміз. Сондықтан сауал жолдамас бұрыс органдардың құзіреті мен деңгейін түсініп алыңыз» — дейді Гусаков. 

Депутатқа кім сауал жолдай алады? 

Қазақстан Республикасының кез келген азаматшасы не азаматы депутатқа сауал жолдай алады. Жас ерекшелігіне талап жоқ. 

Депутаттарға сауал жолдай білу қаншалықты маңызды?

«Менің тәжірибем бойынша, адамның проблемасын айтатын соңғы инстанциясы — депутат. Бірінші инстанция — жергілікті атқарушы билік (әкімдік) және проблемамен айналысатын мемлекеттік орган (министрліктер, ведомстволар, полиция). Егер сіздің сауалыңыздан кейін олар ешқандай іс-шара қолданбаса, онда сотқа не прокуратураға шағымдану керек. Одан кейінгі инстанцияға, яғни депутатқа сол кезде жазуға болады. Ал біреуге қандай да бір бағдарлама бюджетінің мәселелері қызық болса, онда әрине, мәслихат деңгейіне сауал жолдап, жергілікті атқарушы билікті тексеруін сұрай аласыз» — дейді Гусаков. 

Депутаттық сауал деген не? 

Депутаттар да өз кезегінде сауал жолдай алады. Депутаттық сауал — депутаттың мемлекеттік органдарға немесе лауазымды адамдарға қандай да бір мәліметтер беруді талап ете отырып, ресми өтініш жасауы. Депутаттық сауалға халықтан келген сауалдар негіз болуы мүмкін. Мысалы, сіздің ауылда не аймақта су тасқыны болса, сіз депутатқа сауал жолдап, оның назарын бұл проблемаға аударасыз. Депутат сауалыңыздың негізінде су тасқынымен кешенді күрестің қалай жүріп жатқанын премьер-министрдің орынбасарларына немесе Ішкі істер министрлігіне сауал жолдап біле алады. 

Сондықтан Қазақстан азаматшасы не азаматы ретінде сауатты сауал жолдай алсаңыз, қоғамның жақсара түсуіне атсалысуыңыз мүмкін. 

Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»