Референдум кезіндегі сіздің құқықтарыңыз
Референдум - халық өміріндегі маңызды саяси оқиғалардың бірі. Конституцияға енгізілген түзетулерді мұқият зерттеп, содан кейін өз бетінше шешім қабылдау өте маңызды: дауыс бересіз бе немесе қатыспайсыз ба, реформаларды қолдайсыз ба немесе оларға қарсысыз ба. Youth.kz референдум кезінде азаматтарға қандай құқықтар берілетінін және дауыс беру барысында нелерге рұқсат етілетінін түсіндіреді.
Не рұқсат етілген?
Референдумға қатысу құқығы
Қазақстан Республикасының 18 жасқа толған әрбір азаматы референдумға қатысып, дауыс беруге құқылы.
Бұл құқық Қазақстан Республикасының Конституциясының 33-бабының 2-тармағымен кепілдендірілген. Онда азаматтардың мемлекеттік істерді басқаруға қатысуға және республикалық референдумға қатысуға құқығы бар екені көрсетілген. Яғни, азаматқа тіркелген жері бойынша сайлау учаскесіне кіруге тыйым салуға, жұмыс орнында дауыс беруге кедергі келтіруге және оның дауыс беру құқығын қандай да бір жолмен шектеуге жол берілмейді.
Құпия дауыс беру құқығы
Референдум өткізу жалпыға бірдей, тең және тікелей сайлау құқығы негізінде құпия дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Бұл қағида «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңының 4-бабының 2-тармағында бекітілген.
Ешкім сізден толтырылған бюллетеньді көрсетуді талап ете алмайды. Сонымен қатар, сіздің қалай дауыс бергеніңізді бақылауға немесе дауыс беру барысын фотоға және видеоға түсіруге де жол берілмейді.
Бұл құқық сайлау учаскесінде де қамтамасыз етілуі тиіс: дауыс беру кабиналары азаматтың таңдау құпиясын толық сақтайтындай етіп арнайы орналастырылуы керек. Кабиналарда бөгде адамдардың болуы немесе дауыс берушінің таңдауын көруге мүмкіндік беретін жағдайлардың болуына жол берілмейді.
Егер бұл талаптар сақталмаса, сіз учаскелік референдум комиссиясының мүшелеріне жүгініп, заңбұзушылықты жоюды талап ете аласыз. Қажет болған жағдайда бақылаушыларға хабарлап немесе жоғары тұрған сайлау комиссиясына шағым түсіруге құқығыңыз бар.
Еркін таңдау жасау құқығы
Әр азамат өз еркімен және ешқандай қысымсыз дауыс береді. Бұл норма Қазақстан Республикасының «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңының 5-бабында бекітілген.
Заң бойынша азаматты белгілі бір шешімді қолдауға немесе керісінше дауыс беруге мәжбүрлеуге, қорқытуға, қысым көрсетуге қатаң тыйым салынады.
Мұндай әрекеттер референдумға қатысу құқығын жүзеге асыруға кедергі келтіру болып саналады және «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 36-бабына сәйкес жауапкершілікке әкеледі.
Ақпарат алу құқығы
Азаматтар референдумға шығарылған мәселе туралы толық әрі шынайы ақпарат алуға құқылы. Бұл Қазақстан Республикасының «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңының 7-бабында бекітілген. Сіз референдумға шығарылған мәселенің мазмұнымен, түрлі сарапшылардың пікірлерімен таныса аласыз.
Бақылау жасау құқығы
Референдумның ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз ету үшін дауыс беру процесін бақылаушылар қадағалай алады. Бақылау жасау құқығы Қазақстанда нақты «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 20-бабында бекітілген. Референдум кезінде дауыс беру процедурасы дәл осы заңның нормалары бойынша ұйымдастырылады.
Бақылаушылар қатарында:
- қоғамдық ұйымдардың өкілдері;
- саяси ұйымдардың өкілдері;
- халықаралық бақылаушылар.
Олардың мақсаты - дауыс беру процесінің заң талаптарына сәйкес өтуін бақылау.
Егер сіздің құқықтарыңыз бұзылса
Референдум барысында заң бұзушылық байқасаңыз, сіз жүгіне аласыз:
- Жас сайлаушылар лигасының
+7 708 800 45 04 (WhatsApp) нөміріне;
- Учаскелік немесе аумақтық сайлау комиссиясына;
- Сот органдарына;
- Бақылаушыларға немесе бұқаралық ақпарат құралдарына.