Оразалы Ержановтың 4 жылға бас бостандығы шектелді

Алматы қаласының Алмалы аудандық соты заңгер, «Elge Qaitaru» қоғамдық қорының жетекшісі Оразалы Ержановты 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесті. 

Үкім

Ulysmedia.kz хабарлауынша, Алматы қаласының Алмалы аудандық сотының судьясы Руслан Мұратбеков заңгер, «Elge Qaitaru» қоғамдық қорының жетекшісі Оразалы Ержановты Қылмыстық кодекстің 150-бабының 2-бөлігі («Сайлау құқықтарын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссиясының жұмысына кедергі жасау») бойынша кінәлі деп таныды.

Сот үкімімен Ержанов 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесіліп, пробациялық бақылауға алынды. Сонымен қатар сот оған 5 жыл бойы қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салды.

Айта кетейік, сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы Жәнібек Мамытов дәл осындай жаза тағайындауды сұраған болатын.

Үкім жарияланғаннан кейін Оразалы Ержанов сот шешімімен келіспейтінін мәлімдеп, оған апелляциялық шағым түсіретінін айтты.

«Сот үкімімен келіспейміз, алдағы уақытта апелляциялық шағым береміз», – деді ол журналистерге.

Ержанов: «Өзіме тағылған айыпты мойындамаймын»

Оразалы Ержанов соттағы соңғы сөзінде өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Жаңа Конституцияға қатысты референдумға «ақылды бойкот» жариялауға шақыру қылмыс болып саналмайды.

«Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ. Мен бас кесетін қылмыс жасаған жоқпын», – деді ол.

Сондай-ақ Ержанов бұл істі сөз бостандығымен байланыстырды.

«Бүгін мені ғана емес, сөз бостандығы мен қолданыстағы Конституцияның 20-бабын да соттап жатыр», – деді ол соңғы сөзінде.

Қандай айып тағылған

Айыптау актісіне сәйкес, Оразалы Ержановқа Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 150-бабының 2-бөлігі («Сайлау құқықтарын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссиясының жұмысына кедергі жасау») бойынша айып тағылған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, қылмыстық істің қозғалуына оның Жаңа Конституцияға байланысты 2026 жылғы 15 наурызда өткен референдум қарсаңында Facebook әлеуметтік желісінде жариялаған жазбалары негіз болған.

Айыптау актісінде Ержановтың 2026 жылғы 12 ақпанда Алматы қаласында отырып, Facebook желісіндегі жеке парақшасында азаматтарды eGov қосымшасы арқылы референдумға «ақылды бойкот» жариялауға шақырғаны көрсетілген.

Сондай-ақ, айыптау тарабының мәліметінше, ол жазбасында берілген сілтеме арқылы азаматтарды Орталық сайлау комиссиясына Қазақстанда референдум өткізуден бас тарту туралы өтініш жолдауға үндеген.

Бұдан бөлек, Ержанов 2026 жылғы 15 наурызда Түркістан қаласында Конституция жобасын талқылауға арналған құрылтай өткізуді ұсынған. Айыптау тарабы мұның ресми республикалық референдум өтетін күнмен тұспа-тұс келгеніне назар аударды.

Айыптау актісінде Оразалы Ержановтың Facebook желісінде жариялаған жазбаларының бірінде Жаңа Конституция жобасының кіріспесінде көрсетілген «заң мен тәртіп» қағидатын нацистік Германиядағы басқару тәсілімен салыстырғаны да айтылған.

Ержанов қалай ұсталды?

Оразалы Ержанов биыл ақпан айының соңында ұсталды. Алдымен оның үйінде тінту жүргізіліп, кейін белсенді 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынған.

5 наурызда Алматы қаласының соты оған қатысты екі айға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді.

Ал 16 наурызда Жаңа Конституция бойынша республикалық референдум өткен күннің ертесінде сот шешімімен Ержанов тергеу изоляторынан босатылып, үйқамаққа ауыстырылды.

Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, дауыс беруге қатысқан азаматтардың 87,15 пайызы Жаңа Конституция жобасын қолдаған. Ал 9,83 пайызы оған қарсы дауыс берген.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз