«Өзін қабылдау, ата-ана мен бала қарым-қатынасы, жеке шекара»: психологиялық подкастар топтамасы
10 қазан – Дүниежүзілік ментал денсаулық күні. Осыған орай біз психология жайлы подкастарды іздеп, психологиялық подкастардың бірі – Азаттық радиосының «Жаншипа» жобасының үш эпизодын тыңдап, талдап көрдік. Онда психотерапевт мамандар мен журналист Руслан Меделбек бала мен ата-ана қарым-қатынасы, жеке шекара, өзін тану мен ішкі тепе-теңдік туралы сөйлеседі.
Эпизод: «Ата-анам ішеді, шаршадым». Эмоционалды есеймеген ата-ана балаларын қалай қинайды?
Психологияда ішкіллікке салынған ата-аналардың балалары (ACОA) деген термин бар. Бұл синдром алғаш 1970 жылы АҚШ-та қолданыла бастады, бірақ медицинада дәлелденбеген. «Safe Passage: Recovery for Adult Children of Alcoholics» кітабының авторы Стефани Браунның айтуынша, мұндай отбасыда маскүнемдік бар болғанымен, көбіне ата-аналар мұны жоққа шығарады.
Жаншипа подкастының осы эпизодында психолог Гүлзат Қанат мұндай отбасыда бала өзіне отбасының жетекші рөлін алады дейді. Психологияда бұл құбылыс парентификация деп аталады – яғни, бала мен ата-ананың рөлдері ауысып кетеді. Бала ата-анасын жалғыз қалдырудан қорқып, олардың әрекеттері үшін ұялып, жауапкершілікті өз мойнына алады. Ал ата-ана өз әрекетінің жауапкершілігін баласына артады. Мысалы әкесі ішетін отбасыда «Әкеңнің сиқы мынау, енді үйдің тірегі сенсің», «Сенің осы қылығыңнан іштім» деп айтады. Нәтижесінде бала психикасы ұзақ уақыт бойы осы ұят, кінә сезімдерінен ажырай алмайды.
«Бала өзін құнсыздандырғанға, абыройының төгілуіне үйреніп қалғандықтан өзіне сенуі қиын болады. Бір істі аяғына жеткізе алмайды. Себебі бала кезде бүгін әкем не анам ішіп келе ме, дұрыс ұйықтай аламыз ба, сыртта ұйықтаймыз ба, ішіп келіп үйден қуып шыға ма деп алаңдап жүреді. Бұлай алаңдаған балада тұрақтылық болмайды», – дейді психолог «Жаншипа» подкастында.
Эпизод: «Өзімді жек көремін. Түрім ұнамайды. Не істеймін? Адамның өзін жақсы көруі һәм қабылдауы»
Пекин университетінің зерттеуіне сәйкес, 10-15 жас аралығындағы 14 776 респонденттен алынған сауалнама нәтижелері ата-ананың мейірімі мен жылы қарым-қатынасы баланың өзін-өзі бағалауы мен сеніміне айтарлықтай әсер ететінін көрсеткен. Зерттеушілердің пікірінше, ата-ананың эмоционалды қолдауы мен қабылдауы баланың өзін жақсы көру қабілетіне ықпал етеді. Подкаста адам өзін жақсы көруі үшін ата-ананың қолдауының маңызды екені айтылады. Психолог Мөлдір Тоғжанның айтуынша, ата-ана баланың мықты және әлсіз тұсын теңдей қабылдаса, бұл балаға қателіктен қорықпай, керісінше, өсудің бір қадамы қып көруге көмектеседі.
«Бала ата-анасына керек екенін сезініп, махаббатпен өсуі керек. Кейін есейе келе ақырындап шектеулер қойып, жауапкершілікті үйретеміз. Оның жақсы жағына ден қойып, соны көп айтуымыз керек. Ал минусын көп айтсақ, ол өзін қабылдамай өседі», – дейді ол.
«Баланы зорлық-зомбылықтан қалай қорғау үшін жеке шекараны көрсетудің маңызы қандай?»
UNISEF-тің ата-аналарға арналған нұсқаулығына сәйкес, балаға тәрбие берудің төрт стилі бар: қорқыту мен бағындыруға негізделген «авторитар» стиль, ата-ана шектен тыс еркіндік беріп, тәртібін қадағаламайтын «бетімен жіберу» стилі, немқұрайлы қатынасқа сүйенген «кіріспеу» стилі және баланы жеке тұлға ретінде көріп, махаббат пен мейірім бар «беделге негізделген» стилі. Ұйымның 2017 жылы жүргізген әлеуметтік сауалнамасында қатысушылардың 67%-ы үйде балаларды тәртіпке салу үшін «зорлық пен авторитар» стильді қолданатынын айтқан. Баланы өзге адамдардың зорлығынан қорғаудың ең тиімді жолы – оның сізге сенімін қалыптастыру. Эпизод психологы Әсем Байбасарованың айтуынша, авторитар тәрбие кезінде бала ата-анасына сенім білдірмей, бойындағы өзгерістер жайлы ашық айта алмайды. Соның салдарынан ата-ана баласының зорлық жағдайына тап болғанын дер кезінде біле алмауы мүмкін. Мұндай сенімсіздік көбіне баланың жеке шекарасының жүйеді түрде бұзулуынан туындайды. Психологтың сөзінше, балаға тамақты күштеп жегізудің өзі – оның жеке шекарасын бұзу, ал бұған еті үйренген бала, кейін өзгелерге «жоқ» дей алмайтын күйге түседі.