Мектеп түлектері мұқтаж отбасыларға баспана сыйлауда дәстүрге айналдырған

Желіде мектеп бітірген түлектердің көп жыл өткен соң мұқтаж отбасыларға баспана сыйлауы игі дәстүрге айналғаны талқыланып жатыр. Желі қолданушысы Шолпан Мамбетбаеваның айтуынша, Қазақстанның кейбір ауылдарында мектеп түлектері мұқтаж отбасыларға үй сыйлауды дәстүрге айналдырған. Youth.kz қай өңірлерде осы қайырымдылық шарасы іске асқанын анықтап көрді.

Сыныптастар мұқтаж отбасыға үй сатып беруді дәстүрге айналдырған

Автордың Threads-те жазуынша, мектепті бітіргендер 10, 20, 30 жылдық кездесулерінде міндетті түрде мұқтаж бір отбасыға үй сыйлап қуантады.

«Менің туған ауылым – Қазақстанның оңтүстігіндегі Вановка ауылында соңғы 8 жылдан бері тамаша дәстүр қалыптасқан. Мектепті бітіргендер 10, 20, 30 жылдық кездесулерінде жай ғана бас қосып қоймай, ақша жинап, ауылдағы мұқтаж отбасыға үй сатып беруді дәстүрге айналдырған. Биыл менің інім мектеп бітіргеніне 20 жыл толуын атап өтті. Олардың сыныбы жөндеуі жасалған, жиһазы қойылған, тұруға толық дайын үйді үш баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған анаға сыйлады. Балаларының біріне балалар церебралды сал ауруы (ДЦП) диагнозы қойылған, ал өзі жуырда инсульт алған. Бұл отбасы шынымен де көмекке мұқтаж еді», – дейді ол.

Шолпан Мамбетбаева екінші ағасының сыныбы осы игі дәстүрдің бастамашысы болғанын айтады.

«Сегіз жыл бұрын олар мектеп бітірудің мерейтойын әдеттегідей тойлаудың орнына, біреудің өмірін жақсы жаққа өзгертетін игі іс жасауды ұйғарған. Ал біз мектепті олардан екі жыл бұрын бітірген едік. Сол кезде біздің сынып та қаражат жинап, ауылдағы мешіттің құрылысына үлес қосқан болатын.

Бірақ баспанаға аса мұқтаж отбасыға үй сыйлау идеясы – меніңше, өте әсерлі әрі үлкен жүректен шыққан дәстүр. Шынымды айтсам, осындай оқиғаларды естіген сайын бойымды ерекше сезім билейді», – дейді желі қолданушысы.

Түлектер марқұм сыныптасының отбасына баспана сыйлаған

Игі бастамаға мұрындық болғандар Арыс қаласы «Сәкен Сейфуллин» мектебінің 1995-2006 жылдар аралығында білім алған түлектері екен. Әлеуметтік желідегі видеодан марқұм сыныптасының артында екі қыз, бір ұлы қалғанын көруге болады. 

Желі қолданушылары жақсылық жасаған түлектерге алғыстарын жаудыруда.

«Ақшаны ысырап қылмай, ең қажет дүниеге жинапсыңдар», «Берекелі  баспана болсын», «Арыстың жігіттері мықты», «Жаңа шаңырақта тек той болсын», «Жақсылықтарыңыз еселенсін», «Міне осындай тренд жасау керек», «Нағыз достар екен» деп жазды желідегілер. 

Сонымен қатар, түлектер бір қауым жұртқа ас берген.

Көпбалалы жалғызбасты анаға баспана сыйлады

Шардара ауданы әкімінің ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Шардара қаласындағы Қ.Аманжолов атындағы жалпы орта мектепте 2023-2024 оқу жылының аяқталуына байланысты «Мың алғыс саған ,мектебім!» тақырыбында салтанатты жиын өткізілген.

Мектепке арнайы қонақ ретінде 10 жылдық мектеп бітіруші түлектер келіп өздерінің ізгі тілектерін, ұстаздарға деген құрметін білдірді.

Сондай-ақ, 10 жыл бұрын мектеп бітірген түлектер мектептеріне арнап өздерінің игі істерін жасап, көпбалалы жалғызбасты ана, Төменгі тоғай елдімекенінің тұрғыны Ибрагимова Гүлмираға 4 бөлмелі пәтердің кілтін сыйға тартып, қайырымдылық іс жасады.

Үлгілі іс жасаған түлектерге көпбалалы ана мен тұрғындар алғыстарын жаудырды.

Жалғыз өзі екі бала тәрбиелеп отырған сыныптасына баспана сыйлады

Маңғыстау облысында мектеп бітіргендеріне биыл 20 жыл болған түлектер сыныптасына ерекше сый жасады. Олар жалғыз өзі екі баланы тәрбиелеп отырған сыныптасына баспана сыйлаған, деп хабарлайды Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығы.

Қоғамдық коммуникация орталығының Facebook-тегі мәліметінше, Жаңаөзен қаласына қарасты Теңге ауылындағы №14 жалпы білім беретін мектептің 2006 жылғы түлектері мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуына орай ерекше қайырымдылық шарасын ұйымдастырған.

25 мамыр күні өткен салтанатты кездесуде түлектер сыныптасы Қарлығаш Аяповаға толық жабдықталған баспананың кілтін табыстаған.

«Қарлығаш Аяпова – екі бала тәрбиелеп отырған, оның ішінде ерекше қажеттілігі бар бала бағып отырған жалғызбасты ана. Осы уақытқа дейін жеке баспанасыз жүрген отбасы үшін бұл сый үлкен қолдау мен шынайы қамқорлықтың айқын көрінісі болды. Түлектер игі іске жұмыла атсалысып, ауызбіршілік пен достықтың, адамгершілік пен жанашырлықтың жарқын үлгісін көрсетті», – делінген хабарламада.

Көпшілік түлектердің бұл бастамасына жоғары баға берген.

Осындай игі шаралар Қазақстанның түкпір-түкпірінде болып жатыр. Бұл қазақтың қашанда жалғысбасты ана, мұқтаж отбасылар мен қиындыққа тап болған жандарға қол ұшын созып, қайырымдылық жасайтынын, сауапты іске бейім екенін көрсетеді. Мектеп түлектері қанша жылдан кейін өзгенің қуанышын өздерінікінен жоғары қойса керек. Тіпті кейбір жерлерде бұл игі іс дәстүрге айналған. Сауапты іс жер-жерде жалғасып келеді. 

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз