Қайрат Рысқұлбековтың: неге ол Қазақстандағы өзгерістердің символына айналды?

13 наурыз – Қайрат Рысқұлбековтың туған күні. Ол Желтоқсан оқиғасы кезінде ерлік пен қайсарлықтың символына айналып, тәуелсіздікке ұмтылған халықтың жадында мәңгі қалды. Биыл бұл күндер тағы бір тарихи параллельді еске салады: Қазақстан Конституциясы күнін 15 наурызға көшіру туралы шешім қоғамдағы өзгерістер кезеңін өткен күрес жолымен іштей байланыстырып тұрғандай. Youth.kz оның есімі неліктен азаттықты аңсаған халықтың жарқын символына айналғанын баяндайды.

Желтоқсан оқиғасының басталуы

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы – Қазақстан тарихындағы бетбұрыс кезеңдердің бірі. Сол жылы Мәскеудің шешімімен Қазақстан Компартиясының басшысы қызметінен Дінмұхамед Қонаев алынып, оның орнына республикаға мүлде қатысы жоқ Геннадий Колбин тағайындалды.

Бұл шешім көптеген адамдардың наразылығын тудырып, Алматының орталық алаңына мыңдаған студент пен жастардың жиналуына себеп болды. Алайда бейбіт шеруді күшпен тарату басталып, көптеген адамдар қудалауға ұшырады.

Қайрат Рысқұлбековтың батылдығы

Желтоқсан оқиғасы қатысушыларының арасында Қайрат Рысқұлбековтың есімі ерекше аталады. Ол сол кезде алаңға шыққан қазақ жастарының өкілі ретінде әділетсіздікке қарсы азаматтық ұстаным танытып, ерлігі мен қайсарлығы арқылы халық жадында қалды.

«Алаңға мен Қонаевты да, басқаны да қорғауға емес, қазақ қыздарын шашынан сүйреп, ұрып жатыр деген соң бардым», – деп кейін сотта ол өзінің алаңға не үшін барғанын түсіндірген.

Ауыр тағдыр

Желтоқсаннан кейін көптеген қатысушылар қудаланып, сотталды. Қайрат Рысқұлбековке ауыр айып тағылып, бастапқыда өлім жазасына кесілген. Кейін бұл жаза ұзақ мерзімді түрме жазасына ауыстырылған еді.

Алайда 1988 жылы ол түрмеде қайтыс болды. Оның өлімі қоғамда үлкен резонанс туғызған. Сол кездегі үкімет Рысқұлбеков өз-өзіне қол жұмсады деп мәлімдегенімен, оның өлімі туралы қарама-қайшы мәліметтер әлі де көп. 

Тәуелсіздіктен кейінгі жаңа бағалау 

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Желтоқсан оқиғасына тарихи баға беріліп, Қайрат Рысқұлбековтың ерлігі ресми түрде мойындалды. 1996 жылы оған Халық қаһарманы атағы берілген.

Бүгінде оның есімі мектептерге, көшелерге қойылған. Ал Желтоқсан көтерілісі Қазақстанның тәуелсіздікке апарған маңызды кезеңдерінің бірі ретінде оқытылуда.

«Қайрат жақсы оқыды. Ол өте тәрбиелі, сыпайы әрі еңбекқор еді. Оның бойында ішкі бір күш бар екенін сезуге болатын. Әсіресе қыздарға ерекше жылы әрі қамқорлықпен қарайтын», – деп Қайраттың сынып жетекшісі, мұғалімі Даркен Бакировна Бакирова Kazpravda.kz басылымына берген сұхбатында айтып берді.

«Емен бұтақтары»

1992 жылы Қайрат Рысқұлбеков жазған өлеңдері негізінде “Емен бұтақтары” атты жинақ басылып шыққан. Өлеңдері оның ішкі дүниесіндегі күйзелісті, ақындық шешендігі мен сөзге өткірлігін көрсетеді.

Ауылда жақсы екен ғой салған әнім,
Қу тағдыр татырды ғой түрме дәмін.

Қайдағы пәлеқорлар жала жауып,

Жазықсыз қылмыскер боп кетті сәнім. 

(Түрме)

Қош болыңдар, ағайын-туыс бәрің де,
Қош болыңдар, жасыңыз да, кәрің де.

Қараңғылық баста тұрмас қашан да,

Бостандықта кездесеміз әлі де…

(Кездесеміз әлі де)

Неге ол өзгерістердің символына айналды?

Қайрат Рысқұлбековтың тұлғасы бірнеше себепке байланысты Қазақстандағы өзгерістердің символына айналды. Айта кететін болсақ: жас бала болса да, тоталитарлық жүйеге қарсы шықты; әділетсіздік орнап жатқанына қарамастан, ол қайсарлық пен жоғары ар-намыс көрсете білді; өмірі қысқа болса да, оның есімі халық жадында еркіндікке деген ұмтылыстың белгісі ретінде сақталып қалды. 

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз