Трамптың уәделері орындалып жатыр ма?

Жаңа президент Трамп не істеді?

20 қаңтарда Дональд Трамп Америка Құрама Штаттарының 47-ші президенті атанды. Дональд Трамптың саяси мансабы кезінде берген кейбір уәделері көбінесе сынға алынып жатады. Бұл жолы ол АҚШ-тың экономикасын, миграция мәселелерін және қауіпсіздігін нығайту қажеттігін алға тартты. Оның басты ұраны «Make America Great Again, Again!» (Америка қайтадан ұлы болсын, тағы да!) болды. Инаугурацияда сөйлеген сөзінде ол билікке келуімен «Американың құлдырауы аяқталатынын» және 2025 жылдың 20 қаңтары Америка Құрама Штаттарының «азаттық күні» болатынын мәлімдеді. Сондай-ақ үкімет қолдайтын әртүрлілік бағдарламаларын тоқтатуға уәде берді және АҚШ-тың ресми саясаты тек екі жынысты: еркек пен әйелді мойындайтынын айтты.


Содан кейін ол Ақ үйге оралып, 2021 жылғы 6 қаңтардағы Капитолийдегі тәртіпсіздік кезінде тұтқындалған барлық 1600 адамға кешірім беру, ТикТокқа тыйым салуды уақытша тоқтату және АҚШ-тың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығуы туралы бұйрықтарға қол қойды. Ол сондай-ақ негізгі конституциялық түзетуді қайта қарастырып, өзінің әкімшілігіне АҚШ-та туған мигранттардың балаларына азаматтық беруді тоқтатуды тапсырды. 

Трамптың екінші президенттік кезеңіндегі көпшіліктің назарында тұрған уәде ол: Украина мен Ресей арасындағы соғысты 24 сағат ішінде тоқтату

Дональд Трамп сайлауалды үгіт-насихатында Украинадағы соғысты 24 сағат ішінде тоқтатынын айтты, кейінірек бұл 100 күн болып өзгеріп, Трамптың Украина бойынша арнайы өкілі Кит Келлог 20 қаңтарда ұлықтау рәсімінен кейін 100 күн ішінде бұл соғысты тоқтатудың шешімін табуға тырысатынын айтты.  Осы жылдың басында журналистердің осы жайында қойған сұрағына «Алты ай ішінде шешіледі деп үміттенемін» - деп, жауап қайтарды. 

Трамптың бірінші президенттік кезіндегі уәделері орындалып па еді, жоқ па? 


Оңтүстік шекараға қабырға салу

Трамптың ең әйгілі және даулы уәделерінің бірі — Мексикамен шекараға қабырға салу болды. Ол бұл қабырғаның заңсыз иммиграция мен есірткі тасымалын тоқтататынын мәлімдеді. Бірақ Трамп Мексиканы осы қабырғаны қаржыландыруға міндеттеді, ал Мексика үкіметі бұл талапқа қарсы болды. Қабырға құрылысына қаражатты бөлу мәселесі шешілмеді, уәде толық орындалмады. 2017 жылдың 25 қаңтарында Трамп әкімшілігі шекара қауіпсіздігін күшейту және заңсыз иммиграцияны тоқтату мақсатында бірнеше бұйрықтарға қол қойды. Ол бұйрықтардың бірі шекара бойына қабырға салу туралы болды. Алайда, Мексика үкіметі қабырға құрылысының шығындарын төлеуден бас тартты. АҚШ үкіметі қабырға құрылысына қажетті қаржыны табу үшін түрлі көздерді қарастырды, оның ішінде Пентагонның қорғаныс бюджетінен қаражатты қайта бөлу сияқты шаралар болды. Бұл шаралар АҚШ үкіметінің 2018-2019 жылдардағы 35 күндік shutdown-ға әкеліп соқты. Бұл кезеңде АҚШ үкіметі жұмысын тоқтатып, көптеген мемлекеттік қызметкерлер жұмыссыз қалды және АҚШ тарихындағы ең ұзақ үкіметтік тоқтау болып саналады.  Дональд Трамптың Мексика шекарасына қабырға салу және оның қаржыландыруы туралы ресми мәлімдемелерін АҚШ Президентінің ресми сайты арқылы табуға болады. 


«Affordable Care Act»  жобасын жою 

Дональд Трамп өзінің президенттік кезеңінде АҚШ-тағы денсаулық сақтау жүйесін реформалауды және «Affordable Care Act» (ACA) немесе «Obamacare» жобасын жоюды өзінің негізгі саяси мақсаттарының бірі ретінде көрсетті. Ол Obamacare-ды оның жоғары шығындарымен, міндетті сақтандыруға байланысты мәселелерімен және жеке тұлғалар үшін денсаулық сақтандыру нарығында қиындықтар туғызуда деп сынға алды. Трамп 2016 жылы президенттікке кандидат болып тұрған кезде Obamacare-ды толығымен жоюға уәде берді. Оның айтуынша, заң денсаулық сақтау шығындарын арттырған, оған қоса жүйенің тиімсіздігін алға тартқан болатын. 2017 жылы АҚШ Конгресінде ACA-ны өзгерту немесе толық жою үшін бірнеше заң жобалары ұсынылды. Бірақ сенатта ұсыныстардың бірде-бірі толық түрде қабылданбады.

2017 жылы қабылданған салық реформасы (Tax Cuts and Jobs Act) аясында Трамптың әкімшілігі ACA бойынша жеке тұлғаларға сақтандыру сатып алмау үшін салынатын айыппұлды алып тастады. Бұл өзгеріс ACA-ның негізгі шарттарының бірі болып табылатын, сақтандыруды сатып алуға міндеттілікті әлсіретті. 2020 жылы АҚШ Жоғарғы Соты ACA-ны жоюдан бас тартып, заңды сақтап қалды. Қорыта айтқанда, Трамп ACA-ны жоюға белсенді түрде тырысты, бірақ оның іс-әрекеттері толық нәтиже берген жоқ, өйткені заңды толық жоюға Конгресстегі және сот жүйесіндегі қарсыластары кедергі келтірді.

Израиль елшілігін Иерусалимге көшіру

Трамп Израильдегі АҚШ елшілігін Тель-Авивтен Иерусалимге көшіру туралы уәде берді. 2018 жылы бұл уәде орындалды, бірақ бұл шешім әлемде, әсіресе Палестина мен Таяу Шығыс елдерінде үлкен наразылық тудырды. Бұл қадам Израиль-Палестина қақтығысы мәселесінде теңгерімсіз көзқарас ретінде бағаланды. Дональд Трамп 2017 жылы АҚШ президенті болып сайланғаннан кейін Израильдің астанасы ретінде Иерусалимді мойындау және АҚШ елшілігін осы қалаға көшіру туралы шешім қабылдады. Бұл қадам халықаралық деңгейде үлкен дау-дамай туғызды, өйткені Иерусалимнің мәртебесі Палестина мен Израиль арасындағы ұзақ мерзімді қақтығыстың негізгі мәселелерінің бірі болып табылады. 

Дональд Трамптың уәделері мен пікірлері көптеген сыншылар тарапынан «ақылға қонымсыз» деп бағаланады. Оның кейбір уәделері шынымен орындалғанымен, кейбірі орындалмай қалып жатады. Алайда, Трамптың үкімет басындағы ерекше риторикасы мен саяси шешімдері - АҚШ-тың ішкі саясаты мен халықаралық қатынастарында терең із қалдыратыны сөзсіз. 

 

 

Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»