ҰБТ: Жие қойылатын сұрақтарға жауаптар

ҰБТ туралы жиі қойылатын сұрақтарға жауап береміз.

ҰБТ-ға өзіңізбен бірге қандай құжаттар алып келу қажет? 

16 жасқа толғандар жеке куәлік/паспорт алып келуі қажет. Егер сіз 16 жасқа толмаған болсаңыз, туу туралы куәлік пен 3х4 фотосуреті бар мектептен берілген анықтама қажет. Құжаттарды Kaspi қосымшасынан цифрлық форматта көрсетуге рұқсат етіледі.

Емтиханға тағы не алып келуге болады?

Қалауыңыз бойынша жабыны жоқ бөтелкедегі су мен шоколад алып келуге рұқсат беріледі. Кез келген түрдегі шпаргалкалар, оқулық материалдар мен электронды құрылғыларды алып кіруге қатаң тыйым салынады. Емтихан барысында тестілеу бағдарламасында калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі және тұздардың ерігіштік кестесі қолжетімді болады. Сонымен қатар, тапсырушылардың ыңғайлылығы үшін бұл кестелердің қағаз нұсқалары да беріледі.

ҰБТ қанша уақытқа созылады?

Тесттің ұзақтығы – 4 сағат (240 минут). Бұл уақыт барлық бөлімдерді орындау үшін арналған. Уақыт әр бөлімге жеке берілмейді, сондықтан оны өзіңіз бақылауыңыз  қажет. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут беріледі.

ҰБТ-да қанша сұрақ болады?

Барлығы 120 сұрақ:

  • Қазақстан тарихы – 20
  • Оқу сауаттылығы – 10
  • Математикалық сауаттылық – 10
  • 2 бейіндік пән бойынша – 40 сұрақтан

ҰБТ-дан қанша балл жинауға болады?

Ең жоғарғы балл – 140.

Шығармашылық мамандықтарға қандай пәндер тапсырылады?

Шығармашылық мамандықтарға түсу үшін үш міндетті пән тапсырылады:

  • Қазақстан тарихы
  • Оқу сауаттылығы
  • Математикалық сауаттылық

Қосымша, талапкерлер таңдаған университетте өтетін шығармашылық емтиханнан өтуі тиіс. Бұл емтихандар жыл сайын шілде айының басынан тамыздың басына дейін өткізіледі. Толығырақ ақпарат пен өтініш беру тәртібін таңдаған ЖОО-ның сайтынан біле аласыз. Назар аударыңыз: мемлекеттік грант конкурсына қатысу үшін тек бір университет пен бір мамандық таңдау қажет.

ҰБТ өткізілуін кім бақылайды?

Емтихан кезінде аудиторияда бақылаушылар болады. Академиялық адалдықты қамтамасыз ету үшін аудиторияда мобильді және радиоэлектронды байланыс сигналдарын бұғаттайтын құрылғылар қолданылады және бейнебақылау жүргізіледі. Тест аяқталғаннан кейін, бейнежазбаларды арнайы комиссия қарап шығады. Егер тыйым салынған заттарды қолдану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталса, талапкердің нәтижелері жойылады.

Тесттен қандай жағдайда шығарып жіберуі мүмкін?

Аудиторияға тыйым салынған заттармен кіруге болмайды, сонымен қатар тыныштық пен тәртіпті сақтау өте маңызды.

Тестілеу кезінде тыйым салынады:

  • басқа талапкерлермен сөйлесуге немесе көмектесуге
  • рұқсатсыз орын ауыстыруға
  • аудиториядан рұқсатсыз шығуға немесе 10 минуттан артық аудиторияның сыртында болуға
  • қағаздармен алмасуға немесе оларды алып шығуға
  • шулауға
  • техниканы әдейі бұзу

Ережелерді бұзған жағдайда талапкер аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылады.

ҰБТ-ға апелляцияны  қалай беруге болады? 

Егер тест кезінде сұрақта мазмұндық қате байқалса (мысалы, дұрыс жауаптың болмауы, бірнеше дұрыс жауап, дұрыс емес құрастырылған сұрақ), сіз апелляцияға бере аласыз. Бірақ апелляция беру тек тест аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде жүзеге асырылады.

ҰБТ нәтижелері қайда жарияланады?

Нәтижелер тестілеу аяқталғаннан кейін Ұлттық тестілеу орталығының сайтындағы жеке кабинетте қолжетімді болады. Апелляцияға өтініш берген жағдайда, сертификат нәтижелері апелляция қаралған соң қолжетімді болады.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз