Психикалық денсаулық – жалпыға бірдей адам құқығы
10 қазан – Дүниежүзілік психикалық денсаулық күні. Мұны 1992 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен Дүниежүзілік психикалық денсаулық федерациясы белгіледі. Мақсаты – психикалық денсаулық мәселелерін еске түсіру және оны нығайтуға қоғамның күш-жігерін жұмылдыру.
Психикалық денсаулыққа не жатады?
Психикалық денсаулық – адамға күйзелісті жеңуге, өз мүмкіндіктерін іске асыруға, оқуда және жұмыста табысқа жетуге, қоғамға үлес қосуға мүмкіндік беретін психикалық салауаттылық жағдайы. Бұл денсаулық пен әл-ауқаттың ажырамас бөлігі. Ол жеке және ұжымдық шешім қабылдау, қарым-қатынас құру қабілеттерінің негізі.
Психикалық ауытқуларға мазасыз ауытқу, депрессия, биполярлық бұзылыс, посттравмалы стрессті бұзылулар (ПТСБ), шизофрения, тамақтану бұзылыстары және орталық жүйке жүйесінің зақымдануы жатады.
Суицид статистикасы
Wisevoter дерегіне сүйенсек, әлем бойынша жыл сайын суицидтен 700 000 адам өледі. Оның себебі экономикалық, әлеуметтік, мәдениеттік және психологиялық факторларға байланысты. Дүниежүзі бойынша суицид деңгейіне тоқталсақ, Қазақстан 178 елдің ішінде 19-орында тұр. Елімізде әрбір 100 000 адамның 17.6-сы өзіне қол жұмсайды. Ал алғашқы үштікке Лесото, Гаяна және Эсватини кіреді.
Өз-өзіне қол жұмсау – 15-29 жас аралығындағы өлім-жітім себептері ішінде төртінші орында.
Депрессия
Депрессия – бүкіләлемдік психикалық денсаулық мәселесі. ДДСҰ-ның дерегі бойынша депрессияға күллі әлемнің 3,8%-ы шалдыққан. Олардың саны шамамен 280 миллион адам. Еркектерге қарағанда әйелдер арасында депрессия 50%-ға көбірек тараған. Ал өмірге бала әкелген әйелдердің 10%-ы депрессияға ұшырайды.
Депрессияға ең көп ұшыраған елдерге Греция, Испания және Португалия жатады. Ал Қазақстан 194 мемлекет арасынан 101-орында тұр.
Мазасыз ауытқулар
Әлемдегі әрбір сегіз адамның бірі психикалық ауытқумен өмір сүреді. Ал мазасыздық ауытқуына дүниежүзінің 4%-ы шалдыққан. 2019 жылы олардың саны 301 миллион адамды құраған.
Қазақстанның жағдайы
Психикалық аурулар ел халқының 1%-да байқалады. Бұл – 195 779 адам. Олардың ең көбіне (40%) «психикалық дамуы тежелген» диагнозы қойылған. 58 мың адамда органикалық психикалық бұзылыстар бар. 44 мың 321 қазақстандықта шизофрения анықталған.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, психикалық ауытқулары бар адамдардың басым көпшілігі Түркістан және Қарағанды облыстарында тұрады.
World Mental Health day 2023
Биылғы тақырып – «Психикалық денсаулық – жалпыға бірдей адам құқығы». Психикалық саулық жалпыға бірдей адам құқығы ретінде WFMH-ның (World Federation for Mental Health) 1948 жылғы қағидатына сәйкес келеді. Бұл науқан психикалық денсаулықты адам құқықтарының төңірегінде қарастыруды мақсат етеді. Жаһандық науқан жеке тұлғаларды, қауымдастықтарды, мекемелерді және бүкіл әлем бойынша мүдделі тараптарды психикалық саулықты және оның адам құқықтарымен қиылысуын кеңінен насихаттауды күшейтуге бағытталған.