Алып қашу: дәстүр ме, әлде миф пе?
Бүгінгі таңда қалыңдық ұрлау зорлық-зомбылықпен және сынған тағдырлармен байланыстырылады, бірақ бір кездері алып қашудың мүлде басқа мағынасы болған. Тарихи тұрғыдан бұл ұрлық емес, қандай да бір себеппен дәстүрлі түрде үйленуге мүмкіндігі болмаған екі ғашықтың некемен қауышу үшін қашып кетуі болған.
Тарихи тамырлар
Алып қашудың бастауы адатқа - көшпенділердің жазылмаған ережелер жүйесіне барып тіреледі. Ол ислам құқығын (шариғатты) толықтырып, даланың нақты қажеттіліктерін бейнелеген. Кейін бұл қағидалар Тәуке ханның заңдар жинағы - «Жеті Жарғының» негізін құрады. Жеті жарғыны XIX ғасырда А. И. Левшин егжей-тегжейлі сипаттаған.
«Басқа біреудің әйелін (сұралғанын) оның келісімінсіз алып қашқан өлім жазасына немесе залалды өтеуге тартылады, ал егер алып қашу әйелдің келісімімен болса, онда алып қашқан адам күйеуіне немесе оның отбасына қалың төлеп, әйелді өзінде қалдыра алады. Әйелге қорлық көрсеткен адам одан кешірім сұрауға міндетті, ал егер ол кешірмесе, абырой төлеуі керек», – деп жазған ол.
Дала заңдары өз еркімен қашуды және зорлықпен жасалған әрекетті айқын ажыратқан. Егер қыздың келісімінсіз алып қашу болса, жаза қатаң болған: зорлау немесе ұрлау адам өлтіруге теңестіріліп, өлім жазасымен немесе құн төлеумен жазаланған (қан құны).
Осындай қағида шариғатта да бар. «Сахих әл-Бухари» жинағындағы хадисте (№ 5136) былай делінеді: «Әйелдің пікірін сұрамай, оны күйеуге бермеңдер, және қыздың рұқсатын алмай, оны күйеуге бермеңдер».
Бұл хадис шариғаттың әйелдің келісімінсіз жасалған некені жарамсыз деп санайтынын көрсетеді. Демек, зорлықпен жасалған алып қашу ешқашан көшпенділердің құқықтық немесе діни жүйесінде «заңдылық» болып есептелмеген.
Аңыз – ерікті одақтың көрінісі
Алып қашудың бастапқы мағынасын түсінуге Айша-Бибі мен Қарахан батыр туралы аңыз көмектеседі. Бір нұсқа бойынша, жігіт пен қыз бір-бірін сүйген, бірақ олардың қосылуына Айшаның әкесі қарсы болған. Сонда Қарахан оны алып қашады, алайда Таразға бара жатқан жолда қызды жылан шағып алады. Қарахан өліп бара жатқан Айшамен неке қиюға үлгереді, ол неке бірнеше минутқа ғана созылады. Сүйіктісінің құрметіне батыр оның бейітіне күмбез тұрғызуға бұйырып, өзі қайтыс болған соң қабірінің Айшаның мазарына қарап тұратындай етіп жерлеуді өсиет еткен.
Осылайша Айша-Бибі туралы аңыз алып қашудың бастапқыда тыйымдарға қарсы шыққан екі жүректің таңдауын және махаббатын бейнелегенін, зорлық-зомбылық емес екенін көрсетеді.
Кеңестік бетбұрыс
Қалыңдық ұрлау ешқашан дәстүр немесе әдет болған емес. Керісінше, алып қашу - дәстүрлі некені қию мен қыз ұзату, беташар сияқты ғұрыптарды орындаудың «айналма жолы» болған. Ал ұғымның бұрмалануы мен бетбұрыс XX ғасырда, кеңес өкіметі «феодалдық сарқыншақтармен» белсенді күресе бастаған кезде орын алды. Дәстүрлі тойлар мен ғұрыптарға тыйым салынды, ал оларды өткізгені үшін қуғын-сүргінге ұшырау қаупі болды:
«Адамдар қызды қалай ұзатуды, қалай үйленуді білмей қалды. Бір жағынан, қоғамда зорлық-зомбылық деңгейі жоғары болды, екінші жағынан, үйлену салттарына тыйым салынды. Сондықтан көп жағдайда үлкендер балаларға: қашыңдар, өздерің үйленіп алғандай боламыз, қалың төлемейміз, той рәсімдері болмайды, - дейтін. Міне, сол кезде осы “алып қашу” кең тарай бастады», - дейді зерттеуші Зира Наурызбаева.
«Бұрынғы теріс ұғымдарға жол жоқ! Әйел де - адам!» – дейді «Құмдағы ақ күн» (1970 ж.) фильмінің кейіпкері.
Зира Наурызбаева атап өткендей, «кеңес дәуірінде билік Азия мен Кавказ халықтарын жиі «экзотикалық» тұрғыда көрсетуге тырысты - жабайы, дөрекі және өздерінің құқықтық нормаларынан айырылған етіп бейнеледі».
Насихат бұл «артта қалғандық» бейнесін қолдап, күшейтті, осылайша социализмнің «азат ету миссиясының» қажеттілігін көрсетуге тырысты. Бұл клишелерді бұқаралық мәдениет те бекітті. Мысалы, культке айналған «Құмдағы ақ күн» (1970 ж.) фильмінде Орта Азия тұрғындары деспот әрі қатыгез етіп бейнеленген, ал тәртіпті тек «өркениетті» қызыл әскерлер орнатады.
Кейін мұндай бейнелер әзіл нысанына айналды: мысалы, «Наша Russia» (2006–2011 жж.) скетч-шоуында Равшан мен Джамшут кейіпкерлері «надан мигранттардың» жинақталған бейнесіне айналып, «жабайылық» пен «екінші сорттылық» туралы стереотипті одан әрі нығайтты.
Дәл осындай нарративтердің ықпалымен қазақтарда қалыңдық ұрлау - «ежелгі дәстүр» деген миф пайда болды, ал тарихи деректер керісінше көрсетеді: далада қызды келісімінсіз алып қашу ауыр қылмыс болып саналатын.