Әскери қақтығыс кезінде жаңалықты қалай оқу керек?
7 сәуір күні «Россия 24» арнасы «украиналық фейкті әшкерелейтін» сюжет шығарып, «әскери форма киген екі украиналықтың манекенді скочпен орап, оны кейін өлік ретінде көрсетпек болып жатқанын» айтты.
Мұндай ақпаратты қалай тексеруге болады?
Біріншіден, google-дың кеңейтілген іздеу жүйесі немесе TinEye қосымшасы арқылы фото және видеоның басқа да басылымдарда жарияланғанын анықтап алыңыз. Ол басылымдарда не айтылғанын қарап көріңіз. Сол фото немесе видеодан көше, қала атаулары секілді детальдарды да іздеп, артынша Гугл карта көмегімен оның бар-жоғын, шын өмірде қалай көренетіндігін қарап алыңыз. Біз жоғарыда аталған манекен биіктен құлауды модельдеу үшін сериалға дайындалғанын анықтадық. Бұл туралы режиссер Надежда Колобаева өзінің Facebook парақшасында мәлімдеп, сол процестің басқа қырынан түсірілген фотосы мен видеоларын жариялады. Сонымен қатар, түсірілім болған жерді табу қиын емес. Бұл — Всеволожск қаласындағы Ленинградская көшесі 9/8. Түсірілім алаңынан үйдің нөмірі де көрініп тұр: 5-кіреберіс.
Екіншіден, сенімді бірнеше сайтта дәл сол тақырыпқа қатысты қандай мәлімет барын қарап, салыстырып алғаныңыз жөн. Бір ғана дереккөзбен шектелу дұрыс емес.
Үшіншіден, жалған сюжеттерге жасалған журналисттік зерттеулерді оқыған жөн. Мысалы, «Россия 24» арнасындағы манекен туралы сюжет жойылған, алайда журналистер пропагандалық видеоны жүктеп үлгерген. Нақты айтсақ, TJournal бейненің федералды арнаға «Антифейк» жалған-фактчекиң телеграм-каналынан қалай түскенінің ықтимал нұсқасын баяндайды. Мұндай материалдарды оқып, фактчекинг үрдісін үйрене аласыз.
Төртіншіден, дезинформация таратушылар соғыс кезінде адамдардың эмоциясына әсер етіп, манипуляция жасағысы келетінін естен шығармаңыз. Сондықтан сөздердің реңіне, жаңалықта айтылатын сын есімдерге, өшпенділік тіліне назар аударыңыз. Кейде адам өзіне ұнаған, естігісі келген хабарға жылдам сеніп, еш тексермей бөлісе жөнеледі. Оған жоғарыдағы «танкіге дәрет сындырған» баланың фотосы дәлел. Барынша ұстамды болып, эмоцияға емес, ақыл-ойға басымдық беріңіз.
Сонымен қатар, ақпарат таратуда сенімді саналатын сайттарды тауып алып, соларды оқыңыз. Бұл ретте ресейлік пропагандалық басылымдар дезинформацияны көп тарататынын естен шығармаңыз.
Бастысы, сыни ойлауды ұмытпаңыз.